6 қазан – бүкіл Қазақстан бойынша Референдум өтеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Түркістан облысына іссапармен келіп, Оқушылар сарайындағы референдум учаскесінің жұмысымен танысты.
Одан бөлек, іссапар барысында Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында «Республикалық референдумды дайындау мен өткізу мәселелері» тақырыбында кеңес өткізіп, референдумға дайындық жөнінде тиісті мемлекеттік органдардың басшыларының есебін тындады. Кеңесте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов модераторлық етті.
Жиын барысында Түркістан облысы бойынша Аймақтық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев өңірдегі дайындық жұмыстары туралы баяндады.
– Бүгінде референдум учаскелері референдум өткізуге дайын. Учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген. Сайлаушыларға шақыру билеттері, есептен шығару талондары әзірленген. Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне ыңғайлы болу үшін кабиналары жаңартылды, сайлаушыларды хабардар ету мақсатындағы қағаздар, республикалық референдум заңы жазылған парақтар, сайлау бойынша ережелер жазылған парақшалар таратылуда, – деді Аңсар Өсербаев.
Атап өтейік, республикалық референдумға облыс бойынша жалпы саны 6 351 комиссия мүшесі тартылған. Комиссия мүшелерінің 90 пайызы түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар. Сондай-ақ облыста жалпы 945 сайлау учаскесі бар. Бүгінгі таңда өңірдегі барлық аудан, қалаларда «сенім телефондары», облыста «109-бірыңғай» call-орталық жұмыс істеуде. Облыс әкімдігінің ресми интернет ресурстарында «Өз референдум учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды.
Республикалық референдум қарсаңында референдум комиссиялары толық оқытылды.