ОРТА АЗИЯ ЕЛДЕРІ КҮШ БІРІКТІРУІ ТИІС

Бүгінде Орталық Азия елдерінде электр энергиясының тапшылығы сезіледі. Мәселе қыста гидроэлектростанциялардың жұмысы тоқтаған кезде күшейе түседі. Ал, бұл өңірдегі елдер бұл міндетті бірлескен күш-жігермен шешуі тиіс, деп есептейді зерттеу бастамалары орталығының директоры Бақтиер Эргашев.

«Шешімдердің бірі — атом энергетикасын дамыту. Осының арқасында Орталық Азия өңірінің мемлекеттері ұзақ мерзімді перспективада өздерін сенімді энергия көзімен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, жаңа өндірістерді іске қосуды жолға қоюға мүмкіндік тумақ.

Естеріңізге сала кетейін, Өзбекстанда алғашқы атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Ол Джизак облысында Тузқан көлінің жанында салынады.

Қошқаров Раимжан Саттарович — Түркістан қалалық өзбек этно мәдени бірлестігінің төрағасы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 МЫҢНАН АСТАМ МЕКТЕП ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 1 041 мектеп, 21 интернат ұйымы және 1 425 балабақша асханамен, буфетпен қамтамасыз етілген. Осы нысандардың асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы, балаларға таратылатын тамақтардың дайындалу технологиясы, сапасы мен қауіпсіздігі нормативті-құқықтық актілерге сәйкес болуы қажет. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов брифингте мәлімдеді.

«Білім беру нысандарындағы тамақтың сапасы, қауіпсіздігі, дайындалуы, жиһаздармен жабдықталуы, қызметкерлердің медициналық бақылаудан уақытылы өтуі, нысанның санитарлық-гигиеналық, техникалық жағдайын мүлтіксіз орындау — мектеп директорлары мен асханаларды жалға алып қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлердің міндеті. Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру — бұл үлкен жауапкершілік»,- деді спикер.

Сондай-ақ, Нұрбек Садықбекұлы білім беру және тәрбиелеу нысандарындағы бірыңғай ас мәзірін Түркістан облыстық білім басқармасымен бекітілетінін жеткізді. Жалпы ас мәзірі әзірленетін кезде балалардың жас санаты, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімі екендігіне мән беріледі. Сонымен қатар, мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде және келесі екі-үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмеуі керек.

ҚАЗАҚСТАНДА АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес басым бағыт болып табылады. Сондықтан біздің еліміз 2016 жылы Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға міндеттеме алды. ҚР Президенті де өз Жолдауында басты міндеттердің бірі – 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу екенін атап өтті. Бұл Қазақстанға көмір электр станцияларын баламалы энергетикаға ауыстыруға келіп саяды.

Бүгінде әлемдегі ең дұрыс жарық қуаты атом энергетикасы болып саналады. «Қазақстанда атом өнеркәсібі жақсы дамыған, — дейді бұл турасында «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин киелі қалаға келген бір сапарында. — Өткен жылдан бастап біз Қытай нарығына ұсынатын отын шығарамыз. Ядролық отынымызбен олардың реакторы жақсы жұмыс істей бастады».

2009 жылдан бастап Қазақстан уран қорынан әлемде бірінші, ал табиғи уранның барланған қорлары бойынша екінші орында тұр. Энергия тасымалдаушылар бойынша бірінші орында тұрмыз. Бүгінгі таңда бұл біздің негізгі энергия тасымалдаушымыз болып отыр. Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бүгінгі таңда өте өзекті мәселе екенінің бұл жарқын дәлелі.

Бекжігіт Сердәлі — композитор, ҚХА мүшесі, ғалым-педагог, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры

АЭС-ТІҢ ЕҢ НЕГІЗГІ ЕКІ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Сарапшылардың пікірінше, атом электр станциясының пайда болуы атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазір елдің энергетикасы көмір отынын кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар, ғалымдар атом электр станциясы энергия өндіру қарқынын арттырып қана қоймай, оның құнын төмендетеді деп санайды.

— Атом электр станциясы, біріншіден, экологиялық таза. Екіншіден, ол 100 жыл бойы электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл ең негізгі екі артықшылық. Әрине, жұмыс үздіксіз болған кезде өзіндік құны ең төмен болады, — деп атап өтті Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

Әзіретбергенұлы Жарылқасын — «Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

АЭС САЛУҒА ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖЕТЕДІ МЕ?

Жақында Алматы қаласында бір топ ғалымдар АЭС салудың пайдасы мен зияны жайында пікір алмасып, жиын өткізіпті. Кездесуде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин былай деп пікір білдіріпті:

«Жасыл экономиканың бір тармағы – АЭС. Себебі, қазір елімізде ғана емес, әлемде декорбанизация процесі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бізде көмір энергетикасы басымдыққа ие болып келді. Оның да құрылғылары ескірген, тозған. Жаңа құрылыс нысанын салудың да өз қиындығы бар. Оған қомақты қаражат керек. Көгілдір отынға да шектеу бар. Сондықтан бізде АЭС салудан басқа нұсқа жоқ», – дейді ғалым.
Сонымен қатар, Тимур мырза елімізде аталған саланы игеруге білікті мамандар да, қаржылық ақуал да жеткілікті екенін айтты. Шын мәнінде, бүгінде АЭС салу қажеттілігі басым. Бұл үлкен жоба. Еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық сенімділігін арттырады.

Жеңісбек Мәуленқұлов — Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы

Түлкібас ауданының орталық базарында кәсіпкерлермен кездесу өтті

Бүгін «Көкірек» базары аумағындағы кәсіпкерлермен кездесу барысында мемлекет басшысының атом энергиясын бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің ар жағында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әлауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жақтарын халыққа түсіндіру жұмыстары жұргізілді.

Өйткені электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін мамандар ескертумен келеді. Сондықтан бұл тұйықтан шығудың бірден-бір жолы атом энергетикасының әлеуетін пайдалану болмақ. Іс-шара барысында 50-60 кәсіпкерге жеке-жеке түсіндірілді.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Түркістан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір активімен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Штаб АЭС салу жөніндегі республикалық референдум қарсаңында осы тарихи оқиғаның маңызы туралы азаматтармен ашық әңгімелесу үшін өңірге арнайы келгенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы түркістандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді.

«Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. Біз әр қадамды нық басып, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Түпкі мақсат – оны әр азамат, әр отбасы сезінуге тиіс», – деді ол.

Ерлан Қошанов электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады.

Бұдан әрі Штаб мүшелері облыстық ауруханада денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.

Осы күні Халықтық штаб мүшелері Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылына барды. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері жылыжай салуға поляк инвесторларын тартқан Сайрам ауданының шаруалары туралы айтып, олар көкөніс өндірісін толық қуатта іске қоса алмағанын мәлімдеді. Бұған себеп – тұрғын үйлердің өзіне әрең жетіп тұрған әлсіз қосалқы станция. Штаб мүшелері барлық аграрлық кәсіпорындарды тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, Штаб мүшелері Кентау қаласында ЖЭО-5 ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған бұл жылу энергетика торабы 15 мыңға жуық адамды қамтып отыр. Халықтық штаб мүшелері барлық коммуналдық кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуінің және оларды тұрақты электр энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ АЙЛЫҒЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында 15-тамыз бен 5-қазан аралығында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері өрт қауіпсіздігі айлығы шарасын жүргізуде. Бұл мақсатта аудан-қалаларда арнайы жұмысшы топтар құрылған. Олар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтауды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы брифингте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді.

«2023-2024 жылғы жылыту маусымында облыс көлемінде 201 өрт тіркелді. Материалдық шығын — 286 млн. 577 мың теңгені құрады. Орын алған өрттің 53%-ы тұрғын үй секторында орын алып отыр. Өрттің басым бөлігі — электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу, оның ішінде электр сымдарының тозуы себебінен туындауда. Осы орайда басқарма тарапынан есепке алынған 26 380 тұрғын үй тексерілді. Өрт қауіпсіздігі айлығы соңына дейін тұрғын үйлер толық араланып, үгіт-насихат жұмыстары аясында өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілетін болады. Одан бөлек, қызыл жалынның алдын алу мақсатында облыс аумағындағы билбордтарға арнайы бейнероликтер қойылды. Сонымен қатар, БАҚ арқылы да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде»-деді спикер.

Сауран ауданының шаруалары жаңа әдіспен өнімдерін еселеп, азаматтарды жұмыспен қамтуда

Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.

Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар, өзгелерге үлгі көрсетті. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жайқалып өскен жаңа алқаптарды аралады. Сауран ауданының шаруалары қытайлық диқандармен кеңесе отырып, жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, шаруа иесі жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып, ауыл әлеуетінің артуына септігін тигізуде.

«– Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімімен бірге жергілікті бизнесмендер жиналып, Қытайға бардық. Сонда сол жақтың фермерлерімен сөйлескен болатынбыз. Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таң қалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Алып – қашпа әңгімелердің бос сөз екеніне көзіміз жетті. Қазақстанда рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Бәрі заңды. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын артырамыз деген ойдамыз. Сонымен қатар, жергілікті азаматтарды да жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы жоспарлар да жетерлік»– деді шаруашылық иесі Қанат Көшербаев.

Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.

Сонымен қатар көрші ауданда шетелдік инвестор мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлауда. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын екті. Егістікте жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ал қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Түркістан облысының өнерпаздары Астана төрінде

10 қыркүйек күні Астана қаласындағы Этноауылда Түркістан облысы өнерпаздарының мәдени-концерттік бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз:

сағат 11:00-16:00 аралығында Отырар халық театрының ұлттық салт-дәстүр қойылымдарынан көрініс (күнделікті)

сағат 11:00-16:00 аралығында «Арша» тобының дәстүрлі ән шашуы

сағат 12:00-де «Шаңырақ» этно шатырында «Дала сазы» концертінде Түркістан облысының «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.

сағат 14:00-де Ақмола, Түркістан облыстары мен Ұлытау айтыскерлері сайысқа түседі. Облыс құрамасында «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Нұрмахан Жақыпбек және Нұрдәулет Өмірбеков бар.

сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасы аясында Түркістан облысы өнерпаздарының гала-концерті өтеді. Кеш қонағы – Маржан Арапбаева.

Күні бойы Түркістан облысының қолөнер шеберлерінің өнімдері көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынылады. Үш бірдей киіз үйде өңірдің мәдени-туристік әлеуеті кеңінен таныстырылады.

Айта кетейік, Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. 8 мен 13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысуда. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Түркістан облысынан «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылып, түркістандық керуен елордаға аттанған болатын.

Ал, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.

«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.