АПВ — ға қарсы вакцинацияны ұйымдастыру туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Жетісай ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мен аудандық аурухана дәрігерлері аймақтағы бірқатар мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарда және денсаулық сақтау мекемелерінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациянының маңыздылығы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай маңызды кездесудің бірі «Алпамыс батыр» жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылды. Яғни, мамандар мекеме психологы мен педагогтарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бас санитариялық дәрігерінің «2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 » Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу туралы» қаулысы негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізді.

Адам папиллома вирусы – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. Адам папиллома вирусы сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. Адам папиллома вирусын жұқтырған кезде пайда болатын аурулар: Жыныс сүйелдерінің пайда болуы; Тыныс алу жолдарының папилломатозының дамуы; Ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы. Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. Адам папиллома вирусы адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені адам папиллома вирусы инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді.

Ал, оның жұғу жолдарына тоқталсақ. Адам папиллома вирусы тұрмыстық байланыс, жыныстық қатынас және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады. Негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас. Әдетте, адам папиллома вирусы алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдары да анықталған. Мысалы, вертикалды жолы – адам папиллома вирусы жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туылған нәрестеге жұғуы мүмкін.

« — Жоғары онкогендік қауіпті адам папиллома вирусын жұқтыру ол жұқтыратын жасушаларда өзгерістер (обыралды зақымданулар) тудыруы және обырды тудыруы мүмкін. Адам папиллома вирусына жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары біздің әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 600-ден астам әйел қайтыс болады. Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялардың арасында 2-ші орында тұр. Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинациялау. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруына байланысты екендігі ғылыми дәлелденген. Обыралды аурулар сирек симптомдармен бірге жүретіндіктен, адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жүргізілген болса да жатыр мойны обырына үнемі скрининг жүргізу маңызды.» — дейді мамандар.

Дәрігерлер профилактикалық егулерден кейін аз уақыттың ішінде организмнің жеңіл реакциясы болуы мүмкін екенін ескертеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде адам папиллома вирусына қарсы вакциналардың 270 миллион дозасын қолдану жағымсыз реакциялар тудырмады. Қарсы көрсетілімдерге келетін болсақ, өндірушінің нұсқауларына сәйкес адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны енгізуге келесі қарсы көрсетілімдер анықталды. Біріншісі әсер етуші заттарға немесе вакцина құрамына кіретін кез келген қосалқы заттарға жоғары сезімталдық, одан кейін вакцинаны алдыңғы енгізуге анамнезінде анафилактикалық реакция, сондай-ақ жіті инфекциялық ауру немесе орташа немесе ауыр дәрежедегі созылмалы аурудың өршуі, дене температурасының 38 °С жоғары көтерілуі, сонымен қатар 9 жасқа дейінгі балалар, яғни вакцинаны қолдану 9 жасқа дейінгі балаларда зерделенбеген.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау үшін төрт валентті вакцина қолданылады. Жалпы, адам папиллома вирусы қарсы вакциналарда тірі вирустар жоқ, қарсы вакцинаның құрамында иммунды белсенді ететін жекелеген вирус ақуыздары пайдаланылады, вакцина ауру тудырмайды. Бүкіл әлемде адам папиллома вирусына қарсы алты вакцина қолданылады. Олардың барлығы жиі жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына жоғары қауіпті 16 және 18 типтерінен қорғайды.

« — Көп жағдайда адам папиллома вирусы инфекциясын емдеудің қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдардың 90%-інің иммунитеті екі жыл ішінде инфекциямен өздігінен күреседі. Алайда жыныстық қатынаста жаңа серіктес пайда болса, АПВ қайтадан жұғуы мүмкін, сондықтан сақтану әрдайым маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, адам папиллома вирусы – «өте қу». Адам папиллома вирусы түрлерінің көбінде симптомдары байқалмайды және вирус денсаулыққа еш кесірін тигізбеуі мүмкін. Сол үшін тұрақты түрде скринингтен өтіп отыру керек. Адам папиллома вирусы инфекциясының 100-ден астам серотипі бар, оның 15-і қатерлі ісікке себеп болып жатады. Жоғарыда атап өткеніміздей, адам папиллома вирусы серотиптерінің көпшілігі 1-2 жыл ішінде өздігінен жазылып кетеді, ал қатерлі ісік тудыруы мүмкін серотиптер ағзада көпке дейін сақталып, қатерлі ауруларға себеп болуы ықтимал. Онкогенді адам папиллома вирусы – инфекцияның қатерлі ісік пайда болуы мүмкін түрі. Онкогенді емес адам папиллома вирусы – бұл инфекцияның қатерлі ісік тудырмайтын түрі. Дегенмен оның салдарынан адам терісіне түрлі формадағы сүйел шығуы мүмкін.» — дейді дәрігерлер.

Жатыр мойны обырын анықтайтын скрининг – дені сау әйелдерді тексеруге арналған бағдарлама. Акушер-гинеколог дәрігерлердің сөзінше, көпшілігі скрининг тек басталып кеткен қатерлі ісік ауруын анықтай алады деп ойлайды, алайда бұл – қате пікір. Дәл осы анализ арқылы нормадан ауытқыған жасушаларды (жатыр мойны дисплазиясы немесе басқаша айтқанда, қатерлі ісіктің бастамасы) анықтауға болады. Бұл дер кезінде анықталса, оны емдеуге болады және қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Өйткені жатыр мойны обыры бірден емес, ондаған жылдар бойы дамиды. Қазақстанда жатыр мойны обырының ұлттық скрининг бағдарламасы бар және 30-70 жас аралығындағы әйелдің бәрі төрт жыл сайын тегін тексеруден өте алады. Cкринингке 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жастағы әйелдер шақырылады. Скринингтен өту үшін өзіңіз тіркелген емханаға хабарласуыңыз керек, онда арнайы щетка көмегімен әйелдің жатыр мойнынан жағынды алады, содан кейін оны зертханаға жібереді. Бұл ауырсындырмай жасалатын процедура және оның ұзақтығы 5 минуттан аспайды. Талдау нәтижелері шамамен бірнеше апта ішінде дайын болады. Дәрігер тұрақты скрининг кезінде жатыр мойнының сол кездегі күйін тексереді және бұл жатыр мойны обырының асқынып кетпеуі үшін дер кезінде емдеуді бастауға көмектеседі. 30 жасқа дейінгі әйелдер де жатыр мойны обырының бар-жоғын тексере алады. Алайда бұл мемлекет тарапынан төленбейді. Кейбір елде бұл тексеруді 21 жастан бастау туралы бастама көтерілген. 21-25 жаста тек цитологиялық анализден (ПАП-тест) өту ұсынылады, ал 25 жастан асқанда АПВ сынамасын қосуға болады.

Жатыр мойны қатерлі ісігі – жатыр мойнының эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Бұл дерт қазақстандық әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі. Жатыр мойны ісігі әдетте өте баяу дамиды. Адамда қатерлі ісік пайда болғанға дейін оның жатыр мойнының жасушалары бірқатар өзгеріске ұшырайды. Жасушалар қалыпты жағдайдан өзгеріске ұшыраса, бұл «дисплазия» деп аталады. Жатыр мойны қатерлігі ісігі дүниежүзі бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші тұр. Мысалы, 2020 жылы дүниежүзінде шамамен 604 000 науқаста жатыр мойны қатерлі ісігі болса, оның 342 000-і ауру салдарынан қайтыс болған. Сонымен қатар тек 2013 жылдан бері Қазақстанда жатыр мойны ісігі 4 359 әйелдің өліміне себеп болған.

Қазіргі таңда адам папиллома вирусына қарсы екпе 130-дан астам елде қолданылады. Ал оның ішіндегі 86 мемлекетте екпе тек қыздарға емес, ұлдарға да салынады. Себебі инфекция ұлдардың да жыныс мүшесі, анус, ауыз, жұтқыншақ, көмей қатерлі ісіктеріне шалдығуына себеп болуы ықтимал. АПВ вакцинасы көбіне 9-14 жаста салынады.

« — Адам папиллома вирусы көпшілігі ойлайтындай жыныстық жолмен ғана емес, жай ғана адам денесімен тығыз қатынас кезінде де жұғуы мүмкін. Ал осы күні Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация қажет екеніне көзіміз жетіп отыр және бұл бағытта жүйелі жұмыстар басталып кетті. Бұл екпені, ең дұрысы, жыныстық өмір басталғанға дейін салу керек. Неге десеңіз, статистика адам шошырлық — дүниежүзінде әрбір жетінші адам қатерлі ісіктен өледі. Бұл ЖИТС, туберкулез және безгектен көз жұмғандардан да көп. Хаттама бойынша вакцинация 9 жастан 12 жасқа дейін жүргізіледі. Вакцинация үшін бұл жастың таңдалуының басты себебі – вакцина алғашқы жыныстық қатынасқа дейін салынуы керек. Вакцина тегін салынады, бірақ ата-анасының келісімі керек. Егер ата-анасы балаға екпе салуға рұқсат бермесе, қыз кәмелет жасына толғанда, екпені өзі салдыра алады», — дейді мамандар.

Уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстанның энергия тұтынуына әсер еткен жоқ

Баршаға мәлім, елдегі электр энергиясын тұтыну халықтың күнделікті өмір тіршілігімен тікелей байланысты. Ең жоғары жүктемелер таңертеңгі және кешкі сағаттарда, тұрмыстық тұтыну деңгейінің жандануына кезінде болады.

Бұған дейін жүргізілген уақытты бір сағатқа артқа ауыстыру электр жүйесінің жұмысында ешқандай үзіліс немесе тұтынушыларға шектеулер тудырмады. Ең жоғары жүктемелер сол деңгейде қалды, жалғыз өзгеріс кешкі ең жоғары тұтынудың ертерек басталуы болды. Дегенмен, бұл өсім таңертең тұтынудың төмендеуімен өтелді.

2023 және 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі мәліметтерді талдау электр энергиясын тұтынудың 4%-ға тұрақты өсуін көрсетеді. Бұл өсім уақыт белдеулерінің өзгеруіне байланысты емес, халықтың және жалпы ел экономикасының тұтынуының табиғи өсуіне байланысты.

Мысалы, әкімшілік уақыт бір сағатқа артқа жылжытылмаған ЕЭС Батыс аймағында тұтыну өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға өсті.

Сонымен қатар, электр энергиясының бірыңғай сатып алушы механизмі енгізілгеннен кейін көршілес елдерден электр энергиясының импорты өсті, өйткені ең жоғары сағаттарда тапшылықты жабу үшін көрші елдерден электр энергиясының жоспарлы ағындарын ұйымдастыру мүмкін болды және электр энергиясын тасымалдауға мүмкіндік берді. Жоспарланған кезеңдерге сәйкес республикадағы барлық ірі электр станцияларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу.

ҚР Энергетика министрлігі

СОЗАҚ АУДАННЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМДАР АЙҚЫНДАЛДЫ

Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессия отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков және аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жүргізіп, күн тәртібінде сегіз мәселе қаралды. Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды шаралар талқыланды. Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, жыл соңына дейін атқарылатын істер жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Айта кетейік, Созақ ауданында жыл соңына дейін аймаққа қажетті жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар жеткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, “Созақ сәулет” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына LONKING доңғалақты тиегіш, Shacman 6×4 аударғыш жүк машинасы, DongFeng негізіндегі ассенизатор, Шынжыр табанды Shantui бульдозер, КАМАЗ 65115 аралас жол машинасы (суару, жуу, қар тазалағыш), сондай-ақ КАМАЗ-43253 қоқыс тасығыш және CAMAZ 53605 артқы жүк көлігі мен тиегіш экскаватор алынбақ. Бұл жаңашылдықтар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға және коммуналдық қызметтерді тиімді көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, барлық 12 кент және ауылдық округтерге Беларус-922,3 маркалы тракторлар жүк салғыш және жетегімен қоса жеткізіліп, “Шолаққорған-Су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қажетті JCB 3CX маркалы тиегіш экскаватор, жүк көтергіш машина мен тазартқыш ассенизатор машинасы да алынатын болады. Сонымен қатар, тасымалдауға арналған Газел Next автокөлігі мен тізбекті экскаватор да ауданның шаруашылық жұмыстарына қолдау көрсететін болады.

Жалпы, Созақ ауданын кешенді дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында да бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бірқатар ауылдық округтерде жабық үлгідегі кіші футбол алаңы мен мал тоғытуға арналған нысандар салу үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп, 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамту жұмысы да қолға алынып отыр.

« — Біздің басты мақсатымыз – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескере отырып, тиімді шешімдер қабылдау, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті басқарудың тиімділігін күшейту. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескеріп, бірге даму жолында аянбай еңбек етеміз. Алдағы уақытта да сіздермен бірге ауданымызды өркендетуге бағытталған жұмыстарды жалғастыратын боламыз.» – деді, Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы өз сөзінде.

Сондай-ақ білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін аудандық мәслихаттың депутаты Қарлығаш Нышанбайқызын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапаттап, құрмет көрсетті.

Сессияның күн тәртібіне ұсынылған негізгі мәселелер арасында 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет пен Созақ ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту сынды бірнеше шешімдерге өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Оған қоса, терроризмге қарсы, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі, есірткі бизнесімен күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты комиссия құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Аудандық мәслихат депутаттары сессияда қаралған мәселелер бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жұмыс барысы жан-жақты талқыланды. Барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар айқындалды. Сессия соңында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

«БАЛАНЫҢ БАҚЫТТЫ МЕКЕНІ – ОТБАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

«Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында Ұлттық бала асырап алу агенттігі ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы ақпарат беріп, пікір алмасу. Қазіргі таңда заң жобасы Мәжілістің жұмыс тобында қарастырылуда.
Жиынға жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру саласындағы алдағы жаңалықтарды талқылауға білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыспен қамту басқармаларының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері қатысты.

Сегіз жылдың ішінде Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1966 бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды. Олардың 253-і Реабилитация жобасындағы диагнозы бар балалар және ол отбасыларға атаулы материалдық көмек, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту түрінде қолдау көрсетілуде.
Алайда 4200-ге жуық бала әлі де ата-анасын интернаттық мекемелерде күтуде. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер, ағайындылар және диагнозы бар балалар.
Дөңгелек үстелге қатысушылар белсенділік танытып, кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын әр қырынан қарастырды. Отбасыларға төленетін ақы, ата-ананың жұмысы мен пайда болуы мүмкін мәселелер талқыланды. Кәсіби қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу, баланың құқығы қызу талқыланды. Қойылған сауалға «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының басшысы, Рахметова Фарида: «Әлеуметтік қызметкерлер мен қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын ұлғайту — балалардың құқықтарының сақталуын бақылауды жақсартуға, өтініштерге жедел ден қоюға, асырап алушы отбасыларға қажетті көмек пен қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», — деп жауап берді.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдарға Кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығы мен мәні егжей-тегжейлі баяндалды.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАҒАНДАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕ ТҮСТІ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасын ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі әзірленді. Әкімдердің жұмысын бағалау барысында ауданда ұйымдастырылған сенбіліктің тұрғындардың қатысуы, сенбілікке тартылған техника саны, Полиция департаменті тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау, «Birge – taza Qazaqstan!» ақпараттық жүйесіне түскен өтінімдер бойынша кері байланыс орнату, тұрғын үйлердің және кәсіпкерлік нысандарының іргелес аумақтарының тазалығына мониторинг жүргізу сияқты критерийлер басшылыққа алынды. Бағдарламаны ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингісі туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аппарат жиынында баяндады.

Дархан Сатыбалды қоқыс үйінділері жиі пайда болатын аумақтарға жергілікті полиция күштерін тарта отырып, рейдтік жұмыстарын жүргізуді, қоқыс тастамау жөнінде белгілер орнатуды және үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыстар облыс көлемінде күнделікті өткізілуде. Нақтырақ атқанда, қазіргі таңда облыста жалпы 712 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 мыңға жуық хаттама толтырылып 305,7 млн теңгеге айыппұл салынды. Абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 60 902 жеке тұрғын үй мен 29 954 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 1 381 ескерту беріліп және 647 айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, көппәтерлі 120 тұрғын үйдің сыртқы келбеттерін ретке келтіріліп жаиыр. Оның ішінде, 81 тұрғын үйдің сыртқы келбеті ретке келтірілді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады. Қазіргі уақытта елді мекендерді көгалдандыру бойынша 467 535 түп ағаш отырғызылатын орындар белгіленіп, тиісті жұмыс жүргізілуде.

Айта кетейік, қазан айындағы көрсеткіштер бойынша бағдарламаны ұйымдастыруда Түркістан облысы елімізде ең үздік деп танылды.