Жетісай ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мен аудандық аурухана дәрігерлері аймақтағы бірқатар мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарда және денсаулық сақтау мекемелерінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациянының маңыздылығы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай маңызды кездесудің бірі «Алпамыс батыр» жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылды. Яғни, мамандар мекеме психологы мен педагогтарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бас санитариялық дәрігерінің «2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 » Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу туралы» қаулысы негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізді.
Адам папиллома вирусы – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. Адам папиллома вирусы сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. Адам папиллома вирусын жұқтырған кезде пайда болатын аурулар: Жыныс сүйелдерінің пайда болуы; Тыныс алу жолдарының папилломатозының дамуы; Ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы. Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. Адам папиллома вирусы адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені адам папиллома вирусы инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді.
Ал, оның жұғу жолдарына тоқталсақ. Адам папиллома вирусы тұрмыстық байланыс, жыныстық қатынас және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады. Негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас. Әдетте, адам папиллома вирусы алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдары да анықталған. Мысалы, вертикалды жолы – адам папиллома вирусы жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туылған нәрестеге жұғуы мүмкін.
« — Жоғары онкогендік қауіпті адам папиллома вирусын жұқтыру ол жұқтыратын жасушаларда өзгерістер (обыралды зақымданулар) тудыруы және обырды тудыруы мүмкін. Адам папиллома вирусына жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары біздің әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 600-ден астам әйел қайтыс болады. Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялардың арасында 2-ші орында тұр. Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинациялау. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруына байланысты екендігі ғылыми дәлелденген. Обыралды аурулар сирек симптомдармен бірге жүретіндіктен, адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жүргізілген болса да жатыр мойны обырына үнемі скрининг жүргізу маңызды.» — дейді мамандар.
Дәрігерлер профилактикалық егулерден кейін аз уақыттың ішінде организмнің жеңіл реакциясы болуы мүмкін екенін ескертеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде адам папиллома вирусына қарсы вакциналардың 270 миллион дозасын қолдану жағымсыз реакциялар тудырмады. Қарсы көрсетілімдерге келетін болсақ, өндірушінің нұсқауларына сәйкес адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны енгізуге келесі қарсы көрсетілімдер анықталды. Біріншісі әсер етуші заттарға немесе вакцина құрамына кіретін кез келген қосалқы заттарға жоғары сезімталдық, одан кейін вакцинаны алдыңғы енгізуге анамнезінде анафилактикалық реакция, сондай-ақ жіті инфекциялық ауру немесе орташа немесе ауыр дәрежедегі созылмалы аурудың өршуі, дене температурасының 38 °С жоғары көтерілуі, сонымен қатар 9 жасқа дейінгі балалар, яғни вакцинаны қолдану 9 жасқа дейінгі балаларда зерделенбеген.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау үшін төрт валентті вакцина қолданылады. Жалпы, адам папиллома вирусы қарсы вакциналарда тірі вирустар жоқ, қарсы вакцинаның құрамында иммунды белсенді ететін жекелеген вирус ақуыздары пайдаланылады, вакцина ауру тудырмайды. Бүкіл әлемде адам папиллома вирусына қарсы алты вакцина қолданылады. Олардың барлығы жиі жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына жоғары қауіпті 16 және 18 типтерінен қорғайды.
« — Көп жағдайда адам папиллома вирусы инфекциясын емдеудің қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдардың 90%-інің иммунитеті екі жыл ішінде инфекциямен өздігінен күреседі. Алайда жыныстық қатынаста жаңа серіктес пайда болса, АПВ қайтадан жұғуы мүмкін, сондықтан сақтану әрдайым маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, адам папиллома вирусы – «өте қу». Адам папиллома вирусы түрлерінің көбінде симптомдары байқалмайды және вирус денсаулыққа еш кесірін тигізбеуі мүмкін. Сол үшін тұрақты түрде скринингтен өтіп отыру керек. Адам папиллома вирусы инфекциясының 100-ден астам серотипі бар, оның 15-і қатерлі ісікке себеп болып жатады. Жоғарыда атап өткеніміздей, адам папиллома вирусы серотиптерінің көпшілігі 1-2 жыл ішінде өздігінен жазылып кетеді, ал қатерлі ісік тудыруы мүмкін серотиптер ағзада көпке дейін сақталып, қатерлі ауруларға себеп болуы ықтимал. Онкогенді адам папиллома вирусы – инфекцияның қатерлі ісік пайда болуы мүмкін түрі. Онкогенді емес адам папиллома вирусы – бұл инфекцияның қатерлі ісік тудырмайтын түрі. Дегенмен оның салдарынан адам терісіне түрлі формадағы сүйел шығуы мүмкін.» — дейді дәрігерлер.
Жатыр мойны обырын анықтайтын скрининг – дені сау әйелдерді тексеруге арналған бағдарлама. Акушер-гинеколог дәрігерлердің сөзінше, көпшілігі скрининг тек басталып кеткен қатерлі ісік ауруын анықтай алады деп ойлайды, алайда бұл – қате пікір. Дәл осы анализ арқылы нормадан ауытқыған жасушаларды (жатыр мойны дисплазиясы немесе басқаша айтқанда, қатерлі ісіктің бастамасы) анықтауға болады. Бұл дер кезінде анықталса, оны емдеуге болады және қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Өйткені жатыр мойны обыры бірден емес, ондаған жылдар бойы дамиды. Қазақстанда жатыр мойны обырының ұлттық скрининг бағдарламасы бар және 30-70 жас аралығындағы әйелдің бәрі төрт жыл сайын тегін тексеруден өте алады. Cкринингке 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жастағы әйелдер шақырылады. Скринингтен өту үшін өзіңіз тіркелген емханаға хабарласуыңыз керек, онда арнайы щетка көмегімен әйелдің жатыр мойнынан жағынды алады, содан кейін оны зертханаға жібереді. Бұл ауырсындырмай жасалатын процедура және оның ұзақтығы 5 минуттан аспайды. Талдау нәтижелері шамамен бірнеше апта ішінде дайын болады. Дәрігер тұрақты скрининг кезінде жатыр мойнының сол кездегі күйін тексереді және бұл жатыр мойны обырының асқынып кетпеуі үшін дер кезінде емдеуді бастауға көмектеседі. 30 жасқа дейінгі әйелдер де жатыр мойны обырының бар-жоғын тексере алады. Алайда бұл мемлекет тарапынан төленбейді. Кейбір елде бұл тексеруді 21 жастан бастау туралы бастама көтерілген. 21-25 жаста тек цитологиялық анализден (ПАП-тест) өту ұсынылады, ал 25 жастан асқанда АПВ сынамасын қосуға болады.
Жатыр мойны қатерлі ісігі – жатыр мойнының эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Бұл дерт қазақстандық әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі. Жатыр мойны ісігі әдетте өте баяу дамиды. Адамда қатерлі ісік пайда болғанға дейін оның жатыр мойнының жасушалары бірқатар өзгеріске ұшырайды. Жасушалар қалыпты жағдайдан өзгеріске ұшыраса, бұл «дисплазия» деп аталады. Жатыр мойны қатерлігі ісігі дүниежүзі бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші тұр. Мысалы, 2020 жылы дүниежүзінде шамамен 604 000 науқаста жатыр мойны қатерлі ісігі болса, оның 342 000-і ауру салдарынан қайтыс болған. Сонымен қатар тек 2013 жылдан бері Қазақстанда жатыр мойны ісігі 4 359 әйелдің өліміне себеп болған.
Қазіргі таңда адам папиллома вирусына қарсы екпе 130-дан астам елде қолданылады. Ал оның ішіндегі 86 мемлекетте екпе тек қыздарға емес, ұлдарға да салынады. Себебі инфекция ұлдардың да жыныс мүшесі, анус, ауыз, жұтқыншақ, көмей қатерлі ісіктеріне шалдығуына себеп болуы ықтимал. АПВ вакцинасы көбіне 9-14 жаста салынады.
« — Адам папиллома вирусы көпшілігі ойлайтындай жыныстық жолмен ғана емес, жай ғана адам денесімен тығыз қатынас кезінде де жұғуы мүмкін. Ал осы күні Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация қажет екеніне көзіміз жетіп отыр және бұл бағытта жүйелі жұмыстар басталып кетті. Бұл екпені, ең дұрысы, жыныстық өмір басталғанға дейін салу керек. Неге десеңіз, статистика адам шошырлық — дүниежүзінде әрбір жетінші адам қатерлі ісіктен өледі. Бұл ЖИТС, туберкулез және безгектен көз жұмғандардан да көп. Хаттама бойынша вакцинация 9 жастан 12 жасқа дейін жүргізіледі. Вакцинация үшін бұл жастың таңдалуының басты себебі – вакцина алғашқы жыныстық қатынасқа дейін салынуы керек. Вакцина тегін салынады, бірақ ата-анасының келісімі керек. Егер ата-анасы балаға екпе салуға рұқсат бермесе, қыз кәмелет жасына толғанда, екпені өзі салдыра алады», — дейді мамандар.