ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ел Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керектігін тапсырған болатын. Осы ретте Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы өнеркәсіп саласында құны 30,8 млрд. теңге болатын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 390 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Тарқата айтсақ, ауданда «Асылбастау» ЖШС тарапынан «Суды автоматтандыру» және «Сүт өнімдерін өндіру» жобалары жүзеге асырылып, 15 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, ауданда биыл «БИЛОЛ» ЖК «Болат шарларының өндірісі» қолға алынып, 45 адам жұмыспен қамтылады деп көзделген. Сондай-ақ, «Masha Allah Rolling Metal Industris» компаниясы» «Алюминий қалдықтарын өңдеу» жобасын қолға алып, 50 адамға жұмыс беріледі. «Nise constructions» компаниясы тарапынан да «Бұрғылау қондырғыларын жасап шығару» іске асып, 10 адамға жұмыс беріледі.

Одан бөлек, ауданда «Al Riaz» ЖШС мекемесі «Тұздан емдік мүсіндер жасап шығару» жобасы қолға алынып, 10 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Smart Re Energy» ЖШС тарапынан «Гидротурбина шығаратын завод» жобасы іске асып, 15 адам жұмысқа қабылданады. OOO «GOLD STAR OIL» компаниясы тарапынан және Өзбекстан мемлекетінің иинвесторлары есебінен «Шифер зауытын салу» жобасы жүзеге асырылып, 20 адам жұмыспен қамтылмақ.

КЕНТАУДА АУЫЛ КӨШЕЛЕРІНЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛІП ЖАТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр.

Осы ретте Түркістан облысына қарасты, Кентау қаласындағы ауыл округ көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Мәселен, Байылдыр ауылындағы 2,3 шақырымды құрайтын айналма жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов құрылыс барысын бақылап, мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында қалаға қарасты Қарнақ және Байылдыр ауылдарында 14,3 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, 2,27 шақырымды құрайтын 4 көшеге аяқ жол салу көзделген. Бүгінде Қарнақ ауылындағы 10,2 шақырымды құрайтын 11 көшеге және Құсшы ата елді мекеніндегі 3,6 шақырымды құрайтын 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан өзге, Байылдыр ауылындағы 1,6 шақырымды құрайтын 2 көшеге асфальт жабындысы төселген. Қалған 0,7 шақырымды құрайтын 2 көшенің аяқ жолдары және 0,8 шақырымды құрайтын 4 көшенің жөндеу жұмыстары 2025 жылға өтпелі.