ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОЛЛЕДЖДЕРІНЕ 15 МЫҢНАН АСТАМ ГРАНТ БӨЛІНІП, СТУДЕНТТЕРДІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ КӨБЕЙДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау керек екенін айтты. Бұл ретте Түркістан облысында сапалы кадрларды даярлау үшін студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған. 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлем артты. 1 айға 1 студентке орта есеппен 33 943 теңге қарастырылған.
– Студенттердің шәкіртақысы 2024 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 50 пайызға көтерілді. Яғни, 43 575 теңгеге жетті, ал үздік оқитын білім алушыларға 50 110 теңге беріледі. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім алушылар үшін 56 646 теңге қаралған. Мүгедектерге берілетін жеңілдіктерге келсек, көз бен құлақ диагноздары барлар үшін шәкіртақының 75% қосымша көмек ретінде беріледі. Бұл – студенттерді әлеуметтік қолдаудың ең басты жаңалығы. Сондай-ақ жылына 2 рет әр жетім балаға 200 мыңнан теңгеден астам қаржы киім-кешектерге арнайы бөлінеді. Студенттер үшін жол жүру ақысы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Жылына екі рет әр балаға 8 мың теңгеге жуық қаржы жолақы ретінде беріледі, – дейді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Түркістан облысында 43 колледжде 5 701 студент тегін жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін күнделікті бір реттік ыстық тамақтануға 734 теңге, орта есеппен 1 айға 14 680 теңге беріледі. Студенттерге салауаттылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық көмектер де қарастырылған.
Айта кетерлігі, өңірдің экономикалық басым салаларына кадрлар даярлауда облыста 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымды жұмыс істеуде. Оның 28-і – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік. Тегін кәсіптік білім беру гранттары саны жыл сайын артып келеді. 2023-2024 оқу жылында 15 350 мемлекеттік тапсырыспен орын бөлінсе, биылғы оқу жылында 15 525 грант қарастырылған. Бұл 100 % межеге жетіп, толық қамтамасыз етілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 70,9 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару міндетін жүктегені белгілі. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жандандырыңыздар. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерді қайтару ісі жүйелі түрде жүргізілсін. Космомониторинг нәтижелерін де назарға алып, сараптаған жөн. Мониторинг, зерделеу, халыққа түсіндіру жұмыстары тоқтамауы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстағы барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген. 2024 жылға облыс бойынша 60,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Есепті мерзімде 70,9 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Өңірде 2023 жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жайылым тапшылығы төмендеп, 2024 жылы 608 мың гектарды құрады.

ТӨЛЕБИЛІК ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Төлеби ауданы мен Шымкент қаласының шекарасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезекшілігінде жүрген қызметкерлер жергілікті азаматтан көше бойында кәмелет жасқа толмаған қыздың есінен танып қалғанын байқап, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін дереу қалалық ауруханаға жеткізіп беруін сұранған.
Хабарламаны қабылдаған полиция қызметкерлері, полиция аға лейтенанты Асылбек Мырзахметов, полиция капитандары Абзал Рахматуллаев және Мадияр Сенгирбаев жасөспірім қызды шұғыл түрде ауруханаға жеткізу жұмыстарын атқарды. Полиция қызметкерлері оқиға орнынан жасөспірімді жедел ауруханаға жеткізу мақсатында жол қозғалысын реттеп, арнайы көліктің кедергісіз жылжуын қамтамасыз етсе, Мырзахметов басқарған көліктің ішінде Рахматуллаев ауруханаға дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп отырды.
Қысқа уақытта жасөспірім қыз ауруханаға жеткізіліп, қажетті емдік шараларын қабылдады
Әкесі қызына көмек көрсетуге септігін тигізген Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің кәсіби әрекеттеріне алғысын білдірді.