ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,7 МЛН АЗАМАТ МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ САҚТАНДЫРЫЛҒАН

Бұл туралы брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

«Түркістан облысы бойынша 2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы Қор арқылы ТМККК мен МӘМС аясында келген бюджет көлемі– 235,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, МӘМС пакетіне — 117,7 млрд теңге, ТМККК пакетіне – 118,2 млрд теңге. Жалпы өткен жылы облыс тұрғындарына 184 медициналық ұйым қызмет көрсетті. Оның 141-і жекеменшік мекеме. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 1,7 млн тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Атап өтерлігі, МӘМС қаржысы есебінен стационарлық медициналық көмекке – 35,5 млрд теңге, консультативті–диагностикалық қызметтерге– 15 млрд теңге, жоғары технологиялық оталарға – 978,2 млн теңге, медициналық оңалтуға–7,6 млрд теңге, стоматологиялық қызметтерге – 4,8 млрд теңге, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,8 млрд теңге жұмсалған. Сондай-ақ, тұрғындар бейінді мамандардың күнделікті қабылдауы, түрлі анализдер мен КТ, МРТ сияқты диагностикалық қызметтерді алды. Мәселен, өткен жылы өңір халқы құны 2,5 млрд теңге тұратын 151 мың МРТ және КТ қызметін алған»,- дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Спикердің сөзінше, облыста МӘМС есебінен жүйесінде сақтандырылған азаматтарға оталар тегін жасалады. Оның ішінде, 4,2 млрд теңгеге 3 мыңнан астам кардиохирургиялық операция, 2,3 млрд теңгеге 1000-нан астам нейрохирургиялық ота, 419,8 млн теңгеге 1000-ға жуық лор бейіні бойынша ота мен электромагнитті есту аппараты орнатылған. Сонымен қатар, 235,6 млн теңгеге 100-ден астам тізе және шат буындарын ауыстыру отасын, 916,8 млн теңгеге 1000-нан астам тамыр және нейротамыр отасын, 80,4 млн теңгеге 16 рет бүйрек және бауыр трансплантациясы жасалды. Бір отаның құны шамамен 5-10 млн теңгені құрайды.

ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ЧЕМПИОНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жетісай ауданының спортсүйер азаматтары классикалық белбеу күресінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Әлем чемпионы Біржан Шаймерденге құрмет көрсетіп, ағайын-туыстары тұлпар мінгізді. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, алдағы дүбірлі додаларда жеңіс тіледі.
Шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, чемпионның ағайын-туыстары мен ел ағалары қатысты.
Шаймерден Біржан Ыдырысұлы 1996 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Жетісай қаласындағы «Ю.Гагарин» атындағы мектеп табалдырығын аттап, 2008-2010 жылдары Астана қаласындағы «Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында, 2010-2013 жылдары аралығында Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күрес бөлімінде аға жаттықытушы Қанат Сүлейменовтың қол астында жаттыққан. 2014-2018 жылдары Астана қаласындағы «С.Сейфуллин» атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде оқыған.
Спорттық мансабында Біржан Ыдырысұлы 2015 жылы грек-рим күресінен ҚР универсиадасының қола жүлдегері, белбеу күресінен ҚР 7 дүркін чемпионы, 2020 жылы Иран елінің Тегеран қаласында өткен Иран ұлттық күресінен Әлем чемпионы, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен белбеу күресінен Гран-при турнирігің қола жүлдегері, Краснодар қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдегері, 2024 жылы Ресей Федерациясының Казань қаласында өткен Белбеу күресі турнирінде Әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарының иегері. ҚР Спорт және Туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың жарлығымен өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Спорт – тек дене шынықтыру мен белгілі бір нормативті орындайтын сала ғана емес, сонымен қатар, тәрбие құралы. Жастарды төзімділікке, табандылыққа, достық қарым-қатынасқа, алдына қойған мақсаттарына жете білуге дағдыландыратын күш. Бүгінгі сенің жеткен жетістіктерің үлкендер үшін мақтаныш болса, ізіңнен ерген інілерің үшін үлгі» деген аудан басшысы спортшы мен атасы Шаймерден ақсақалға сый-сияпат жасады.