Жұмысшы мамандықтары жылы: техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланды

Үкіметте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарды қолдау шараларын қабылдануда. 

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы Банкі «Наурыз жұмыскер»  жаңа бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланып, жұмысшы мамандарды баспанамен қамту мәселесі шешілді.

Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтиды.

Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр.

Өтінімдерді қабылдаудың басталуы 2025 жылдың 17 наурызына жоспарланған. «Наурыз жұмыскер» қазірдің өзінде белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болмақ.

Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.

Сондай-ақ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейтін болады, бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін білдіреді.

«Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.  Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер құюшылар ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді», — деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУА РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖОЛДАРҒА БЕКЕТТЕР ҚОЙЫЛДЫ

Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қанат Ракишев мәлімдеді.
«Түркістан облысында қыс мезгіліндегі түрлі апаттардың алдын алу бойынша көлік қозғалысын тоқтату үшін уақытша бекеттер қойылды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдарға 5 бекет қойылып, 28 қызметкер мен 8 қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Ал, облыстық маңызы бар жолдарға 2 бекет қойылып, 8 қызметкер мен 4 қызметтік автокөлік тартылды. 21 қаңтардан бері Түркістан облысы полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері республикалық манызы бар «Шымкент–Тараз» автожолында тәулік бойы қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, қазіргі таңда облыстан Тараз қаласы бағытындағы жолдар да толық жабық. Оның ішінде, «Машат», «Шақпақ баба» асуы, Түлкібас және Сайрам аудандарында ішкі жолдарда полиция органдарының 28 қызметкері жолдарды жабу бойынша жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, Бәйдібек және Созақ аудандарындағы ішкі жолдар жабылған. Ауа-райының жақсаруына дейін тұрғындарды көлікпен алыс жолға шығудан бас тартуға шақырамыз»,- деді Қанат Жұмаханұлы.
Брифингке қатысқан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұрлыбек Рахымбердиевтің сөзінше, автожолдарда апатты жағдайларды болдырмау мақсатында 40 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жолдарды қардан тазарту үшін 192 бірлік техника жұмыс атқаруда.
«Қазіргі таңда ауа-райының нашарлауына байланысты Созақ ауданындағы жолдарда қалып қойған 3 жүк автокөлігінен 2 адам, Төлеби ауданындағы жолдарда қалып қойған 2 жеңіл автокөліктен 7 адам құтқарылды. Бүгінде облыс аумағында қажет болған жағдайда қолданылатын 2 трассалық медициналық-құтқару пункті бар. Сонымен бірге, 11 стационарлық жылыту пункті дайындалып, 8 жылжымалы жылыту бекеті вахталық автобустардың негізінде жасақталды»,- деді Нұрлыбек Шерахметұлы.
Сонымен қатар, брифингте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау капитаны Жасұлан Айнабек биыл өңірде 22 өрт оқиғасы орын алғандығын айтты. Олардың ішінде қайтыс болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Ал, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үйлерде қазіргі кезге дейін 134 өрт тіркеліп, 3 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапқан. 2025 жыл басталғалы улы газдан улану жағдайы тіркелмеген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
________

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ АРДАГЕРЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір ардагерлерімен жүздесіп, маңызды мәселелер бойынша ашық сұхбаттасты. Аймақты дамыту бағытында зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлері мен кеңестерін тыңдады. Кездесуді Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ашып, жүргізіп отырды.
Ашық диалог алаңында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, қоғам қайраткері, белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, әдебиет зерттеушісі, профессор Құлбек Ергөбек, республикалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам Хашимжанов сөз алып, ел тұтастығын сақтау, өңір әлеуетін арттыру жайында ой қозғады. Өңірдің өзекті мәселелерін, ұрпақ тәрбиесі жөнінде келелі пікірлер айтты.
Ел ағаларының ұсыныстарын тыңдаған аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
– Халқымызда «Батаменен ел көгерер» деген сөз бар. Мемлекет басшысы жауапты қызметке тағайындаған соң бірінші кезекте ел ағаларының ой-пікірлерін білуді жөн санадым. Туып-өскен Түркістан өңіріне қызмет ету – мен үшін үлкен жауапкершілік пен перзенттік парыз. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемді, білімімді пайдаланып, Түркістан облысын дамытуға күш саламын. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге сіздермен бірлесіп жұмыс істейміз деп сенемін. Президентіміз бен Үкіметтің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауымыз қажет. Ел бірлігін сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз мол. Біз Түркістанды дамытуда сіздердің тәжірибелеріңізге арқа сүйеп, қызмет етеміз. Жаңа бастамалар жемісін беріп, Түркістан облысы барлық жағынан дамыған аймаққа айнала берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Жиын соңында Еңбек ардагері Сексенбай Тұрысбекұлы бата беріп, ел тізгінін қолға алған басшыға сәттілік тіледі.
Келелі ойлар мен ұсыныстар айтылған жиын салтанатты шараға жалғасты.

РЕТТЕУДІҢ ЖАҢА ТЕТІГІ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫН ТӨМЕНДЕТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Қазақстанда ТМККК, МӘМС шеңберінде ем алатын пациенттерді қамтамасыз ету үшін  және дәріханалардың бөлшек сауда желісінде сатылатын препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейтін дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігі жұмыс істейтін болады, деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингі барысында.

Дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету құралдарының бірі бұрын дәрі-дәрмектің құнына енгізілген қосымша шығыстарды алып тастау болады: маркетинг (30%-ға дейін), көлік (15%-ға дейін) және сапаны бағалау шығындары.

Үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарау нәтижесінде оларды қолдану шегі айтарлықтай төмендеді: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде олар 20%-ға дейін, көтерме сату үшін – 25%-ға дейін, ал бөлшек сауда үшін – 30%-ға дейін (бұрын 55%-бен салыстырғанда).

Реттеу, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларының жаңа редакциясында генериктерге бағаны бастапқы дәрілік зат бағасынан 30 %-ға төмендету көзделген.

Егер бастапқы препарат нарықта болмаған жағдайда, отандық аналогтың шекті құны импортталатын дәрілердің орташа бағасынан аспауға тиіс. Мұндай саясат бәсекелестікті ынталандыруға және барлық тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ете отырып, отандық өндірушілер үшін жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Жүйенің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық порталдармен, атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен интеграция енгізілетін болады. Бұл шара дәріханалардың кедендік декларациялары мен кассалық чектерінің деректерін мониторингтеу арқылы дәрілік заттардың бағасын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, референттік елдердің тізімі қайта қаралды: 16-ның орнына Түркия, Ресей, Польша, Беларусь және басқалары сияқты экономикалық жағынан салыстырмалы 10 мемлекет кіреді. Бұл әлемдік тәжірибені ескере отырып, бағаларды дәлірек және өзекті талдауға мүмкіндік береді.

Ержан Нұрлыбаев атап өткендей, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заңнамалық бастамалардың негізгі міндеті – бұл дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін тежеуге, нарықтың ашықтығы мен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін баға белгілеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру.

Вице-министр сондай-ақ фармацевтикалық нарықта дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі монополияға қарсы органмен бірлесіп, Жол картасы шеңберінде көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңімен реттеу жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын еске салды. Осылайша, 2023 жылы бәсекелестік ортаға рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 302 атауы, ал 2024 жылы – рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 952 атауы шығарылды.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаны реттеу, қалыптастыру қағидаларына тиісті өзгерістер (бұдан әрі – Қағидалар) қазірдің өзінде ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25 желтоқсандағы № 110 бұйрығымен бекітілген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ МЕН «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Биыл да Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоспар бойынша өңірде күнделікті өткізілетін 7263 сенбілік іс-шарасы бекітілді. Бұл жұмыстарға тұрғындар мен кәсіпкерлер де тартылып, тазалық жұмыстары білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, дін нысандарында күшейтілмек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында атқаралып жатқан жұмыстарды баяндап, жоспарлармен бөлісті. Қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктері және Облыстық кіріс департаменті тарапынан кәсіпкерлік нысандарының және іргелес жатқан аумақтарды таза ұстау бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық тұжырымдамасына сәйкес, барлық сала бойынша жеке жол картасы әзірленуде.

Бүгінгі таңда «телеграмм бот» платформасына 885 өтінім түскен. Оның ішінде, 866 өтінім орындалған болса, қалған өтінімдер орындалу барысында. 2024-2025 жылдары жолдарды қысқы күтіп ұстау үшін 4 мың шақырымға жуық жолға 121 арнайы техника, 259 жұмысшы жұмылдырылып, 4 мың текше метрден астам құм, 600 тоннаға жуық тұз қолданылуда.

Мәжілісте Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Аймақта 29 мектептің құрылысы басталған. Оның 13-і тапсырылды. Қалған 16-сы биыл ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Тапсырылатын 16 мектептің 12-сінің шатыры жабылып, ішкі әрлеу, инженерлік инфрақұрылым тарту және сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары 60% орындалған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Жайлы мектеп» жобасын уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруды, жұмысты жандандыруды тапсырды. Аталған мәселелер қатаң бақылауға алынған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында мақта нарығына экспорттық тәуелділікті жою, тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген болатын. Жол картасына сәйкес, өңірде 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 14 мың жұмыс орны ашылып, жыл сайын салық түсімі 26,2 млрд теңге құрайтын болады деп жоспарланған. Аталған жоспардың орындалу барысы облыс әкімдігінде арнайы талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мақта кластерін дамытудың маңызына тоқталып, жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Мақта кластеріне қатысты жоспарды тағы да нақтылап, қарап шығыңыздар. Келісілген инвесторлармен байланысты үзбей, жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіңіздер. Мақта кластерін дамыту көзделіп отырған аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары жұмысты күшейтуі тиіс. Екіншіден, мақта алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізуде өңірде ашылған кәсіпорындар тартылуы қажет, – деген Нұралхан Көшеров мақта кластерін қалыптастыруға арналған жобалардың инфрақұрылымын тарту, ұйымдастыру жұмыстарын кешіктірген әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плалов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Сауран, Ордабасы, Шардара аудандарында бір-бірден және Мақтаарал мен Жетісайда кәсіпорыннан құру жоспарланған. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау көпсалалы нысанының құрылысы басталды. Жаңа қытай технологиясымен 1,2 мың гектарға мақта егілді. Технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік берді.

2025 жылы облыс бойынша мақта дақылын 135 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Оның ішінде: дәстүрлі тәсілмен – 85 мың гектар, жаңа технологиямен 50 мың гектарға мақта егілмек.

ТҮРКІСТАНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Ауқымда шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары қатысты.

«Киелі шаһарымыздың тазалығына ат салысқан әрбір азаматқа алғысым шексіз. Түркілердің рухани астанасына айналған Түркістанымыздың гүлденуі қала тұрғындарының біріге еңбек етуіне тікелей байланысты. Бүгінгі жалпыхалықтық тазалық жұмыстары нәтижесінде өңірге ат басын бұрып, қонақ болушылар саны да арта түспек. Себебі, қаланың көркі зәулім сарайлары ғана емес, тазалығына да тікелей байланысты»- деді шаһар басшысы.

Тазалық жұмыстарына қатысушылар саябақтар мен алаңдарды, арық-атыздар мен көшелерді қоқыстардан тазартты. Сенбілік белсенділері әрбір қала тұрғыны «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін ұғынып, әрбір адам өз ауласын таза ұстау қажеттігін айтты.

«Біз секілді ерікті жастар қаламыздың көркеюіне үлес қосуға қашанда дайын. Замандастарымды игі істен қашпай, өзіміз мекен екен киелі шаһардың тазалығына ұқыптылықпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға барымызды салуымыз керек»-деп пікір білдірді ерікті жастардың көшін бастаған Дәурен Тілеухан.

Шараға 500-ге тарта түркістандықтар қатысып, 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Қоқыстар арнайы полигондарға жеткізілді. Сенбілік жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылыр тұрмақ.

ТҮРКІСТАН: ЕЛ БІРЛІГІН НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен елдің ынтымағын нығайту, отаншылдықты дәріптеу, этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасарлары, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ-нің филиал басшылары мен қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Жиында медиация саласындағы жұмыстарды жетілдіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын өткізу жайы талқыланды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық мәселелердің алдын алу бойынша баяндама жасап, алдағы жоспарларды пысықтады. Одан кейін облыс аумағындағы медиация саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенованың баяндамасы тыңдалды.

Семинар-кеңесте атап өтілгендей, ҚХА-ның 30 жылдығына орай өңірде қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің жылдық жоспарларында белгіленген 400-ден астам іс-шара өткізу көзделген.

Басқосуда қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шараларды атқару керектігі баса айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, халықты игі істерге жұмылдыру қажет екенін жеткізді. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс екеніне тоқталды.

Жиын қорытындысына сай өзекті мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне жұмысты күшейту тапсырылды.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАП, ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты түрде жалғасуда. Қабылдауға келген тұрғындардың мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге көтерілген әрбір мәселені зерделеп, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Онда көтерілген мәселелердің бірі сол мезетте шешімін тапса, бірінің шешілуіне уақыт қажет.
Жеке қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларынан және Созақ, Сайрам, Келес, Сарыағаш аудандарының азаматтары келді. Олар сан түрлі мәселе көтерді. Қабылдау барысында жұмыс сұраған азаматтарға жұмыс ұсынылды, денсаулығына байланысты көмек сұрағандарға тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар жер телімін алу, жануарлардың құқығын қорғау, өтемақы алу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру жайы қозғалып, ауыл шаруашылығы саласына байланысты ұсыныстар айтылды.
Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аймақ басшысы кез келген көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, шешілуі өз бақылауында болатынын айтты.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 6 ЖЫЛДА 14 МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған бағдарламалар үлкен қолдауға ие болып келеді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тұрғын үй сертификаттары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде.
– Тұрғын үймен қамту өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында 14 161 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде, коммуналдық тұрғын үймен 7 567 отбасы, ал «7-20-25» және «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы 6 594 отбасы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жерде динамикаға қарайтын болсақ жылына шамамен коммуналдық тұрғын үй қорынан және түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы 2 200-ге жуық пәтер табысталуда. Өткен жылдың өзінде 1 174 коммуналдық тұрғын үймен және 977 ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Одан бөлек, мемлекеттік қолдау арқылы азаматтар ипотекалық баспана алу мүмкіндігін жеңілдетіп, алғашқы жарнаны төлеу мәселесін де тиімді шешуге мүмкіндік алады. Тұрғын үй сертификаттары — бұл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) осы сертификаттардың мөлшерін және оларды алу шарттарын анықтайды. Осылайша, әр өңірдің тұрғындары өз жергілікті бюджетіне сәйкес тұрғын үй сертификаттарын ала алады.
Тұрғын үй кезегінің айқын болуы үшін тұрақты түрде түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы 3 818 азамат, ал 2024 жылы 4 599 азамат тұрғын үй кезегінен белгілі бір сәйкессіздіктердің анықталуымен шығарылған. Тұрғын үй кезегі толық электронды форматта жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтар үй кезегін «кезекте.кз» порталы арқылы кез келген уақытта көре алады.
Мониторинг жұмыстарының барысында көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, субсидия алып жатқан 5 мыңнан астам отбасыдан кемшіліктер анықталып, келісімшарттары қайта қалпына келтіру мүмкіндігінсіз тоқтатылды.
Айта кетейік, тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар өз кезегінен тыс пәтер алмайды немесе өзге адамның орнына өтініш бере алмайды. Заң талаптарына сәйкес, әр азамат өз кезегін күтіп, әділ негізде пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар тұрғындардың сенімін арттырып, кезектің әділ түрде өтуін қамтамасыз етеді.