ТҮРКІСТАН: «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНА» ОРАЙ «БІР КОЛЛЕДЖ – БІР ӨНІМ» ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілді. Өңірлік жоспар 7 бағыт, 64 қадамнан тұрады. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.

«Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу аясында салалық басқармалар, аудандық және қалалық әкімдіктер мен техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының бірлескен жұмыстары жүзеге асырылмақ. Жалпы облыста 50 колледж жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі көпсалалы колледждер. Оның ішінде, ауылшаруашылық саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм саласы мамандарын – 3, ал құрылыс саласы бойынша мамандарды – облыстағы 11 колледж даярлайды. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 студент білім алып жатыр. Сондай-ақ, 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны 16 100-ді құрайды. 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс болса, оның ішінде 8 678-і – жұмысшы мамандықтар. Ал, 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған, оның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Бір колледж-бір өнім» деп аталатын жобаны енгізе отырып, 5 колледждің базасында цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысын жүргізудеміз. Білікті жұмысшы маман дайындаудың жолы – дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Бүгінгі таңда 35 колледжде дуалды оқыту жүйесімен 64 мамандық бойынша 10 353 білім алушы қамтылған»,- деді спикер.

Айгүл Ерғалиқызының сөзінше, биыл «Мамандықтар атласы» даярланады. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысы негізінде жаңа мамандықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Оның ішінде лифт және эскалатор, жылжымайтын мүлікті басқару, ет және ет өнімдерін өндіру, агрохимия, пилотсыз ұшу аппараттары, мақта шитін өңдеу және жіп иіру, вагон жөндеу слесары, жасыл энергетика, гидротехникалық құрылыс мамандықтары бар.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың сөзінше, өңірде еңбекке қабілетті 850 мың адам бар. Оның ішінде, 200 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, бекітілген ұлттық кәсіби классификаторда 1 270 мамандық тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері енгізілген.

«2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 074 жұмыс орнын ашу көзделуде. «Еңбек» бағытындағы бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орны мен 32 448 субсидияланған жұмыс орны бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, облыста биыл 125 инвестициялық жоба негізінде 2004 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу үшін жеке инвесторлармен меморандумдар түзіліп жатыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы 32 448 адамды уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау жоспарлануда»,- деді спикер.

Айта кетейік, облыста биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен өндіріс орындарында ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Аталған жәрмеңкелерде 350-ге жуық жұмыс берушілерден 1500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылуда. Бос жұмыс орындарының 57 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА 13 МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

2025 жылғы 19 ақпан күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларға тоқталып өтті. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Құрмет грамотасын табыстады.
Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 13 мәселе қаралды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Түркістан облысындағы кеден бекеттерінің жұмысы және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өзекті мәселелері туралы, облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндамалар жасалды.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы мен Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы басшыларының есептері тыңдалды. Депутаттар пікірлерін білдіріп, шешім жобаларына өз ұсыныстарын енгізді.
Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі «Түркістан облысының басқару схемасына» өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша шешім қабылданды. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Бүгінгі мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер облыстың дамуына оң әсерін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында стратегиялық жоспарлар жасау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту, агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді ұлғайту, салық-бюджет саясатын реформалау, денсаулық сақтау және білім беру саласын одан әрі дамытуды тапсырды. Бюджет қаражатын қатаң үнемдеп, нақты елге қажет жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Біз экономиканы әртараптандыру, кіріс көздерін ұлғайту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық беріп жатырмыз. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарын жандандырдық. Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Облыста атаулы жылды атап өту бойынша арнайы іс-шара жоспары әзірленді. Өңірдегі колледждер кәсіпорындармен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлауға белсене атсалысады. Облыста салынған зауыттар мен фабрикаларда өзіміздің жастар, тұрғындар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан өндіріске қажетті арнайы мамандарды, жұмысшыларды даярлау бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл бастамаға депутаттар да атсалысып, өз үлестерін қосуы керек. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы Мәжіліс пен Сенаттан қолдау тауып, Президентке қол қоюға ұсынылды. Бұл – Түркістан қаласын ғана емес, тұтас өңірді дамуға жетелейтін маңызды құжат. Түркістанды дамыту – тарихқа деген құрмет. Өңір дамуы үшін ел бастаған азаматтар ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі, ел мерекелі болады. Сондықтан алға қойған мақсаттар мен міндеттерді бірлесіп орындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 1 МЛН ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙДІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ ЖОСПАРЛАНУДА

Түркістан облысында жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында халықты тұрғын үймен қамтамсыз ету, тұрғын үй қоры мәселелері кеңінен сараланып, көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйі талқыланды.
Аймақ басшысы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету механизмін жетілдіруді, баспана кезегіндегі заңсыздықтарға жол бермеуді қатаң ескертті.
– Басты мақсат – қаржы мүмкіндігіне қарай халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жаңа механизм қарастыруды, өңірлік бағдарлама аясында ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Баспана шын мұқтаж отбасыларға берілу керек. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсау – басты міндет. Сондықтан мониторинг жұмыстарын күшейту қажет. Тиімсіз жобаларды қаржыландырмай, қаржыны тұрғындар үшін қажетті жобаларға бағыттаған жөн. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін реттеу, жөндеу жұмыстарын жүйелеңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, тұрғын үй кезегі туралы есеп берді. Оның баяндауынша, бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 67 400-ден астам адам тұр. Одан бөлек, кезекте тұрған азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 17 062 адам үй кезегінен шығарылды.
Өңірде қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, 2018-2024 жылдар аралығында үй кезегінде тұрған 7766 азамат коммуналдық тұрғын үйлермен қамтылды. Одан бөлек, 11 500-ге жуық азамат ипотекалық тұрғын үй алған. Ал, өткен жылы 1 млн 153 800 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды.
Жергілікті әкімдіктер тарапынан тұрғын үй алуға басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Былтыр тұрғын үй сертификаттарына жергілікті бюджеттен 40,5 млн теңге қаржы қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 20 млн теңге, Отырар және Төлеби аудандарында 5 млн теңгеден, Сайрам ауданында 7,5 млн теңге, Сауранда 3 млн теңге жергілікті бюджеттен тұрғын үй алуға бөлінген. Бұл сертификат ипотекалық баспана алу үшін 10 % алғашқы жарнасын мемлекет тарапынан төлеуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үйді жалдау ақысының 50 %-ын субсидиялау тетіктері енгізілген. Белгіленген шарттарға сәйкес, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мен көпбалалы отбасылар тұрғын үй субсидиясын ала алады. Бүгінгі таңда субсидия алушылардың саны 2 407 отбасыны құрайды. Қаржыны мақсатты пайдалану бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, субсидия алушылардың деңгейі 61 %-ға төмендеді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Айта кетейік, биыл жалпы көлемі 1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінің қоғамдық қабылдау алаңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындарды жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
Әкім орынбасарымен бетпе-бет кездесуге Сайрам, Жетісай, Келес, Ордабасы аудандарының тұрғындары арнайы келді. Шағымдар мен ұсыныстардың басым бөлігі мәдениет, спорт және ақпараттық салаларға қатысты болды. Атап айтқанда, БАҚ-қа қатысты ұсыныстар және мемлекеттік тапсырыс мәселелері бойынша өтініштер, облыстың құрметті азаматы мәртебесін беру, «Еңбек ардагері» төсбелгісін алу, мәдениет саласын дамыту, ауылдық шалғай жерге клуб салу, қоғамдық ұйым жұмыстарын жандандыру, асық ойынын Наурыз мерекесінде дәріптеу, футбол спортын дамыту жобалары ұсынылды.
«Тұрғындардың арыз-шағымы назардан тыс қалмайды» деген облыс әкімінің орынбасары жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Жауапты басшыларға мәселелерді зерделеп, шешуді тапсырды. Өтініштер бақылауға алынды.

Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері

Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.

2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілдіШарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.

АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.

Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.

Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.

Қазақстанның Су дипломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан астам өзендер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.

2024 жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.

Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 6-шы отырысын өткізу маңызды болды. Саммит қорытындысы бойынша «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025-2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Бұдан басқа Қазақстан қақтығыстарды реттеуде делдал бола отырып, халықаралық дипломатияда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Астана процесі аясында біз Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер алаңын ұсындық. Қазақстан негізгі қатысушыларды біріктіреді және ымыралық шешімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ ел өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы ұсыныс жасады, бұл профилактикалық дипломатия механизмдерін дамытудағы маңызды қадам болады.

Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.

Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі