Архив за месяц: Февраль 2025
Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері
Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.
2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.
Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілді. Шарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.
АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.
Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.
Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.
Қазақстанның Су дипломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан астам өзендер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.
2024 жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.
Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 6-шы отырысын өткізу маңызды болды. Саммит қорытындысы бойынша «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025-2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.
Бұдан басқа Қазақстан қақтығыстарды реттеуде делдал бола отырып, халықаралық дипломатияда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Астана процесі аясында біз Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер алаңын ұсындық. Қазақстан негізгі қатысушыларды біріктіреді және ымыралық шешімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ ел өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы ұсыныс жасады, бұл профилактикалық дипломатия механизмдерін дамытудағы маңызды қадам болады.
Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.
Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі
ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алматов Ғалымжан Бауыржанұлы, журналистерді жинап баспасөз мәслихатын өткізген еді. Баспасөз мәслихатынан кейін БАҚ өкілдеріне Департаменттің ұлағатты ұстаздарға арналған “Ұлт келбеті – ұстаздар” атты галереямен таныстырды.
-Галерея педагог беделін насихаттап, келер ұрпаққа өнеге қалдыру мақсатында жасалған дейді Ғалымжан Бауыржанұлы
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНА МЕМЛЕКЕТТІК АТТЕСТАТТАУ ЖҮРГІЗІЛГЕН
«Облыстағы 441 білім беру ұйымында қайта мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Оның ішінде, 407 мекеменің білім беру қызметі – мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттық талаптарына сәйкес келіп, қайта аттестатталды. Сондай-ақ, 89 мектептің білім беру қызметімен айналысатын мемлекеттік лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, департаментке 2024 жылдың есебі бойынша, «Е-Өтініш» порталы арқылы 328 өтініш түскен. Оның ішінде, 45 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған. Оларға 39 нұсқама беріліп, 12 әкімшілік іс қозғалды»- деді спикер.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 4 ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАТАЛДЫ
«Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен былтыр 4 қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде «Charoit», «Eoulus», «Chia-Tai», «Q-Net» қаржылық пирамидаларының жұмысы тоқтатылды. Қылмыстық іс 25 күдіктіге қатысты болды. Нәтижесінде 1 000-нан аса жәбірленушілерден 400 млн теңге жымқырған. Бүгінде департамент тарапынан «Datamain Ai», «Асар баспана», «Chia-Tai» қаржылық пирамидаларына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы 36 желілік саябақта қаржылық пирамидалардың тізімі жасақталған QR-кодтар орнатылды. Сонымен қатар, интернет желісінен 1 500 алаяқтық чат бұғатталған. Қазіргі таңда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен бірге қаржы пирамидаларынан сақ болу, қаржылық сауаттылықты арттыру, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мектептер мен жоғарғы оқу орындарында тұрақты түрде дәрістер өткізілуде. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын орындарда үнемі қаржы пирамидаларының қауіптілігі жөнінде мәліметтер таратылуда»,- деді спикер.
Күршім көпірі іске қосылғаннан кейін төрт айдан соң: Шығыс Қазақстан дамуының жаңа кезеңі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін елдегі ең ұзын көпір жұмыс істеуде. Жоба өңірдегі көлік байланысының көпжылдық мәселесін шешуге бағытталған.
«Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты»,- деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі таңда Күршімдегі көпір Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын Өскемен қаласымен байланыстыра отырып, көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Алғашқы төрт айда көпір арқылы 170 мыңға жуық автомобиль өткен. Яғни, күн сайын 1,5 мыңға жуық көлік көпірді пайдаланады. Бұған дейін аймақ тұрғындары 500 шақырымға дейін айналма жол жүруге мәжбүр болғанын айта кеткен жөн. Бұл жол жүру уақыты мен көлік шығынын едәуір арттырды.
Көпірдің құрылысын Шығыс Қазақстан облысындағы отандық компания жүзеге асырды. Бұл өңірде жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, жергілікті ресурстарды, мамандарды тартуға мүмкіндік берді.
Жоба озық инженерлік технологияларды қолдану арқылы және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды.
Көпірдің жалпы ұзындығы – 1316 метрді, ені – 12,2 метрді құрайды. Бір жағында жаяу жүргіншілер жолағы салынған. Қысқы кезеңде конструкцияны қорғау үшін тіректердің әрқайсысында зақымданбайтын арнайы мұз кескіштер орнатылған.
Сонымен қатар су бетінен көпірге дейінгі қашықтық 18 метрді құрайды. Бұл навигация кезеңінде кемелердің көпірдің астынан кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірде 102 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 62-сі көпірдің жоғарғы бөлігінде, 40-ы көпір асты аймағында орналасқан. Камералар онлайн режимінде жұмыс істейді, бұл жолдың жағдайын үнемі бақылауды қамтамасыз етеді.
Өңір тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасы мәселесін шешкенін айтады. Аталған көпір азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, тауарлардың қозғалысын жеделдетіп, халықтың барлық қажетті қызметтері мен қажеттіліктеріне қол жеткізілді.
Күршімдегі көпір – жай ғана құрылыс емес, барлық өңір үшін жаңа үдеріс пен жаңа мүмкіндіктердің символы іспеттес.
Жергілікті тұрғын Айбар Еріков атап өткендей, көпір «үлкен әлемге ашылған есік» болды:
«Қыста Бұқтырма су қоймасының арғы жағына өту үшін қалың мұздың қатуын күткеніміз есімде. Енді біз бұл туралы ойламаймыз! Көлікке отырасың – арғы жағадан шығасың. Біз үшін бұл көпір үлкен әлемге ашылған есік сияқты. Қалаға бару әлдеқайда жеңіл, жылдам және қауіпсіз».
Шағын кәсіп иесі Айнаш Оразбаева өңірдегі сауда жандана түскенін мәлімдейді:
«Бұрын бізге тауарларды жеткізу нағыз квест болатын: жазда – паром, қыста – мұз үстімен, ал маусымнан тыс уақытта ештеңе әкелмейтін. Енді тауарлар үзіліссіз жеткізіліп, дүкендердегі ассортимент өсті, бағалар тұрақталды. Көпір арқылы жұмыс істеу әлде қайда оңай, ал адамдардың өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасалды».
Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Мұрат Рамазанов жолды және жолдағы уақытты үнемдеу туралы айтып берді:
«Егер бұрын маған Бұқтырма су қоймасын айналып өту үшін қосымша 500 шақырым жүру керек болатын. Себебі мен табиғатымнан экстремалды жақсы көрмеймін және көлігімнің салмағымен мұздың беріктігін тексергім келмеді. Енді мен көпірден өтіп бара жатырмын. Бұл жанар майды ғана емес, уақытты да үнемдеп, жүйкенің де шаршамауына үлкен мүмкіндік».
Күршімдегі көпір Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, тұтастай алғанда елдің көлік-логистикалық саласының дамуына оң әсерін тигізіп, логистикалық бағыттарды жақсартып, шекара маңындағы елдермен үздіксіз байланыстарды қамтамасыз етті. Сондай-ақ көпір аймақтың туристік әлеуетін арттырып, өңірдегі және Бұқтырма су қоймасының көркем көрінісін тамашалауға мүмкіндік берері сөзсіз
КЕНТАУДА ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТАНУ ТУРАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артып келеді. Соңғы уақыттарда қаламызда алданып қалған тұрғындардың көбеймесе азаймай тұрғаны алаңдатуда. Бүгінгі шараның да маңыздылығы тұрғындарды толықтай ақпараттандыру, алаяқтарға алданбай, сақ жүруге шақыру», деді қала әкімі.
