НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУАЛАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында Атакент кентінде орналасқан «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-де болып, атқарылған жұмыстар және жоспарымен танысты. Шаруақожалық төрағаларымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Қазақ ғылыми-зерттеу институтының меншігіндегі «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің мақсаты – мақта саласын дамытуда кең көлемде ғылыми-техникалық қызмет көрсетіп, мақтаны, бақша дақылдарын және көп жылдық шөптерді қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашу. Мұнда 54 қызметкер бар. Ғалымдары тарапынан 115 кітаптар, монографиялар, ұсыныс кітапшалар, әдістемелік нұсқаулықтар мен ғылыми еңбектер жинақтары жарық көрді. 2000-2025 жылдардағы зерттеулердің нәтижесінде тәжірибе станциясы селекционерлері бәсекеге қабілетті 13 жаңа мақта сортын шығарды. Отандық мақта сорттары облысымыздағы мақта егісінің 55-60%-ын құрайды.
Тәжірибе станциясы ғимаратында өңір басшысы шаруа қожалық төрағаларымен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын талқылады. Шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде кәсіп иелері отандық мақта сорттарынан шит дайындау үшін мемлекеттік қолдаулар көрсету, «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында берілетін несие, арнайы техника алу сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, қарастырылған мүмкіндіктер туралы баяндады. Биыл «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы арқылы отандық «Мақтаарал-4011», «Мақтаарал-5027» сорттарының бірінші және екінші репродукциялы тұқымдарының 50%-ы, элита тұқымдарының 70%-ы субсидияланады.
– Бүгінде Үкімет тарапынан тұқым шаруашылығына бірқатар бағдарлама арқылы қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, техника мен жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның жартысын өтеуге мүмкіндік қарастырылған. Одан бөлек, минералды тыңайтқыштар мен зиянды организмдерге қарсы қолданылатын преператтарды алуға қолдау көрсетілмек. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай мен «Кең Дала» бағдарламасының аясында кредиттік ресурстар қарастырылған. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бері жүзеге асырылуда. Тиімділігі мол, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы аудандағы Ақ алтын елді мекенінде өткен жылы іске қосылған «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауытының жұмысын бақылады. Индустриалды аймақта орналасқан жобаның жалпы құны – 2,5 млрд. теңге. Өндірілген өнімнің 80 %-ы Тәжікстан, Қырғызстан, Чехия, Қытай елдеріне экспортталуда. Мұнда 60 адам қызмет етеді. Зауыт соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Жылына 60 мың тонна мақта талшығын қайта өңдейтін зауытта жиым-терім науқаны кезінде 70-ке жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Өткен жылы кәсіпорын 15 мың тонна мақта қабылдаған.
Осы күні Нұралхан Көшеров Мақтаарал аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа ғимаратында болды. 1984 жылы соғылған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға тапсырылған. Екі қабатты ғимараттың жалпы алаңы – 335 шаршы метр.

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты.
Осы бағытта Түркістан облысының Сайрам ауданында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлініп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында 2023 жылы іске қосылған «OZGE» спорт кешеніне арнайы барды. Аталған нысан жеке кәсіпкер тарапынан салынып, 450 млн. теңге инвестиция тартқан. Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, кіші футбол, гимнастика, жүзу, бокс және үстел теннисі сияқты спорт түріне баулуға барлық жағдай жасалған. Қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталған. 351 адам аталған спорт түрлерімен айналысады.
Манкент ауылдық округінде жаңа типтік үлгідегі үш тілде оқытылатын 1200 орындық Әл-Фараби жалпы орта жекеменшік мектебі орналасқан. Жекеменшік мектеп 2022 жылы жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов тарапынан салынған. Қазіргі таңда білім ордасында қазақ, орыс және өзбек тілдерінде білім береді. Аталған білім нысанына табан тіреген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мектеп басшылығы және ұстаздармен кездесті.
Сонымен қатар Ақсу ауылындағы «Рахмет» медиа-студиясына барып, жұмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары медиа-студияны жаңа деңгейге көтеру, рухани-мәдени бағытта жаңа жобалар әзірлеу керектігін жеткізді.
Одан соң, аудандағы діни саланың жағдайын талқылау мақсатында «Дәулет баба» мешітінде дін саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында діни қызметкерлер өзекті сауалдарын қойды және аудан аумағындағы діни жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан білім ұясында болды. Жауаптылармен және мердігермен кездескен Ертай Алтаев маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуі облыс әкімінің қатаң бақылауында екендігін айтып, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. 600 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Білім ошағы осы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАПТАЛДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Сайрам ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Ең алдымен Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жобасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қарабұлақ ауылында қазіргі таңда 53 мыңнан астам халық бар. Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, мәселені түбегейлі шешу проблемасы тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген болатын.
Бүгінгі таңда «Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, су резервуарларының қоршау, су ұңғысын қазу және су құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен іске асырылғаннан кейін ауыл тұрғындары ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған сапары барысында Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандарындағы құқық қоғау органдарының қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда өңірлердегі саяси қоғамдық ахуалдың жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер пысықталды. Жиында өзекті мәселерді шешу, оларды алдын алу бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Мұнан соң Ертай Кенжебекұлы Қарабұлақ ауылының мәдениет үйінде болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. 1977 жылы салынған ауылдық мәдениет үйінің тозығы жетіп, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Жауаптыларға ғимарат құрылысы үшін сметалық құжаттамаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Ауданға жасаған жұмыс сапары Қарабұлақ ауылында орналасқан №41 Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінде жалғасып, мектептің ахуалы ортаға салынды. 1968 жылы 904 оқушы орынға арналып салынған мектепте бүгінде 1 428 оқушы білім алуда. Мектептің тозығы жетуіне байланысты техникалық қорытынды алынған. Егер ескі ғимарат бұзылса орын тапшылығымен 3 ауысымға өту қаупі туындайды.
Бұл мәселені шешу мақсатында мектепке қосымша 500 орындық оқу корпусын салу үшін сметалық құжат әзірленген. Облыс әкімінің орынбасары мәселені арнайы хаттамаға түсіріп, бақылауға алынатынын жеткізді.

ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар мен мүгедектігі бар адамдар қатысты. Жәрмеңкелерде «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» сынды бағдарламалар арқылы бос вакансиялар ұсынылды.

Бұл шара әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіби бейімделуіне ықпал етуді көздейді. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы толық ақпараттар алды. Нәтижесінде жәрмеңкелерге 529 жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, 2318 тұрғын жәрмеңкеге келіп, 1205 адамға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, облыста 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 38 рет ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Осы жұмыстардың аясында 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.

Түркістанға Ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Сенатының екі оқылымында талқыланып, мақұлданды.

Маңызды құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Енді Түркістан еліміздің мәдени-рухани астанасы мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ заң жобасы шаһарды туристік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Басты мақсат — ғасырдан-ғасырға сақталып келе жатқан ескерткіштерді қорғауға алу және ұрпаққа жеткізу. Бұл бойынша археологиялық резерват құрылады.
Түркістан қала әкімдігі мен мәслихатына 44 түрлі жаңа өкілеттіктер беріледі. Арнайы сәулет жоспарлары әзірленеді. Қаланың дизайн коды дайындалады. Туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру жұмыстары жанданады. Осы заң шеңберінде Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүргізіліп жатқан зерттеулер 3 жылды қамтыды. Биыл аяқталады. Қорытындысына қарай тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс атқарамыз.
Отырыс барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң қолданысқа енгеннен кейін оны кең ауқымда іске асыру қажеттілігіне айрықша тоқталды. Түркістанның рухани мазмұнына ерекше мән беріп, елге танытуда тың бағытта белсенді әрекетке көшу керектігін атап айтты. Талқылау кезеңінде депутаттарды алаңдатқан сұрақтарға вице-министрлермен бірге жұмысшы топтың мүшесі әрі облыс әкімдігінің өкілі ретінде жауап бердім.
Түркістанға ресми мәртебе берілуі тек символикалық атаумен шектелмейді. Шаһар ежелден білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің ордасы болған. Енді жаңа заманның ағымына сай әлеуметтік-экономикалық, туристік, мәдени-рухани бағыттарда таныла түсетін болады. Осы орайда Түркістан жұртшылығына мәртебелі міндет пен ерекше жауапкершілік жүгі артылып отыр.
@ Түрістан облысы әкімінің орынбасары –  Бейсенбай Тәжібаев 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІСТЕГІ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАР АЗАЙҒАН

Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысымен 45 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген. 2023 жылы мұндай жағдай 51-ге жеткен болатын. Өткен жылы тіркелген оқыс жағдайлар нәтижесінде 55 адам зардап шексе, 8 адам қайтыс болған. Бұл жайында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш брифингте мәлімдеді.

 

 

“Жоғарыда аталған өндірістік жарақаттар бойынша жұмыс берушілерге қылмыстық іс қозғау үшін 40 іс-құжат құқық қорғау органдарына жолданды. Құқық қорғау органдарынан алынған ақпаратқа сәйкес, 18 іс қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Қалған 22 іс бойынша жұмыстар жалғасуда. Департаменттің 2024 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша азаматтардан жолданған 1 454 арыз-шағымның 987-не жауап берілсе, қалған 192 арыз-шағым өз дәлелін таппаған. Сондай-ақ, заңға сәйкес келмеуіне және арызды кері қайтарып алуына байланысты 275 іс тоқтатылған. Арыз-шағымдардың 70%-ы мемлекеттік органдарға қатысты түссе, 30%-ы жеке сектордан түскен. Оның ішінде, білім беру саласына – 64%, денсаулық сақтау саласына – 10%, мемлекеттік мекемелерге – 7%, әлеуметтік салаға – 4%, өзге салаларға 15%-ы тиесілі”, – деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, облыс көлемінде департамент тарапынан 228 тексеру жүргізіліп, 363 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 347 әкімшілік хаттама бойынша 31 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 30 млн теңгесі өндірілген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық және аудандық кеңес мүшелерімен кездесіп, жаңа салық реформасын талқылады.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер жайын айтып, оның бизнеске ықпалын саралады.

«BNK Group LTD» ЖШС бас директоры Ниязалы Бейсенбаев Қазақстанда қосылған құн салығының 20%-ға көтерілуінің агроөнеркәсіп кешен өндірушілеріне ықтимал әсеріне тоқталды.

«ҚҚС мөлшерлемесінің 20%-ға өсуі шағын және орта бизнеске айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан Үкіметке кейбір басым салалар үшін дифференциалды салық мөлшерлемесін енгізу, табысы төмен кәсіпорындарға уақытша салықтық демалыс беру және көлеңкелі экономикамен күресу шараларын күшейту мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл кәсіпкерлер мен тұтынушыларға келетін теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Ал, «Қуаныш» ЖШС-нің директоры Инара Намазбаева ҚҚС мөлшерлемесінің артуы мемлекеттік бюджетке түсетін кірісті көбейткенімен, оның ұзақ мерзімді салдарына назар аудару қажет екенін жеткізді.

«Жоғары ҚҚС экономикалық белсенділікті төмендетіп, елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсер етуі мүмкін. ҚҚС шегінің төмендеуі кәсіпкерлерді қосымша салық жүктемесіне ұшыратады. Салдарынан тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы әбден мүмкін», – деді спикер.

Кәсіпкерлердің айтуынша, салық саясатындағы кез келген өзгеріс бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс.

Кездесу барысында бизнес өкілдері салықтық жүктеменің артуына байланысты алаңдаушылықтарын білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Ал, Ұлттық экономика министрлігі өкілдері барлық пікірлер мен ұсыныстардың назарға алынатынын мәлімдеді.

САУРАН: ШОРНАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ БЕЛСЕНДІЛЕРІМЕН ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінде этносаралық татулықты насихаттау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сауран аудандық аумақтық басқармалар үйінің мәжіліс залында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Сауран аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды. Ауыл белсенділері Шорнақ ауылдық округінде этносаралық ахуал тұрақты екендігін айта келе, ауылдағы өзекті мәселелерді филиал басшысы Арсылан Раматуллаевпен бірге талқылады.

Шорнақта өткен кездесуде ел бірлігін нығайту төңірегінде ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Бұл ретте, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес Әскерлерінің Шығарылғанына 36 жыл толуына орай баскетболдан мектепшілік жарыс ұйымдастырылды.

№2 жалпы білім беретін мектебінде Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес Әскерлерінің Шығарылғанына 36 жыл толуына орай баскетболдан мектепшілік жарыс ұйымдастырылды.

Жарыстың мақсаты:
жастар арасында патриоттық тәрбие беру; баскетбол ойынын насихаттау;
оқушылардың спорттық шеберлігін арттыру. Жарысқа 5-8 сынып оқушыларынан құралған 4 команда қатысты.

Жарыс 2 кезеңнен тұрды:
1. Топтық кезең: Әр команда бір-бірімен ойнап, жеңімпаздар анықталды.
2. Финалдық кезең: Үшінші орын үшін және бірінші орын үшін тартысты кездесулер өтті.
Жарыс жоғары деңгейде өтті, оқушылар белсенді түрде қатысып, жеңіс үшін бар күшін салды. Жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар табысталды.

Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес Әскерлерінің шығарылғанына 36 жыл толуына орай өткізілген баскетбол жарысы жастар арасында патриоттық сезімді нығайтуға және спортты насихаттауға бағытталған маңызды шара болды. Бұл жарыс келешекте дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады.

CАУРАН: ОРАҢҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА,ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округінде этносаралық татулықты насихаттау Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Сауран аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев, Ораңғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандықұлы,мәслихат депутаты Абдулрашид Жусупов,қоғамдық медиатор Гүлнара Өстемірқызы және ауыл тұрғындары қатысты.Кездесу барысында этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды. Ауыл тұрғындары Ораңғай ауылдық округінде этносаралық ахуал тұрақты екендігін айта келе, ауылдағы өзекті мәселелерді филиал басшысы Арсылан Раматуллаевпен бірге талқылады.

Ораңғайда өткен кездесуде ел бірлігін нығайту төңірегінде ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Бұл ретте, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды