Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация сапар барысында шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық ірі компаниялармен екіжақты кездесулер өткізеді, сондай-ақ бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойылады. Бұл келісімдер өңір экономикасын дамытуға, инвестициялық әріптестікті нығайтуға, заманауи өндіріс ошақтарын ашу арқылы өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Аймақ басшысы кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырады.
Облыс әкімі бастаған делегация жұмыс сапарының алғашқы күні Қытай елінің астанасы Бейжіңде бірқатар инвесторлармен кездесті. Олардың басым бөлігімен Түркістан облысында бірлескен жобалалар басталып кеткен. Іскерлік кездесу барысында тараптар энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын жан-жақты талқылады.
Осы елдің ірі сауда және инвестициялық, логистикалық компаниясының басшылығымен кездескен облыс әкімі бастаған делегация осы салада бірлесе жұмыс істеуге қатысты бірқатар жобаларды талқылады. Мекеме басшыларымен бірлескен кәсіпорындар ашып, әртүрлі салаларда бастамаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу барысы талқыланды. Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласында қалдықсыз өндіріске қатысты жоба барысы талқыланды. Мал терісі, сүйегі, мүйізі, ішек-қарын сияқты терең өңдеуге түскен қалдықсыз өндіріс нәтижесінде кәдеге жаратар өнім шығаруға бағытталған бизнес жобаны жүзеге асыру жолдары қаралды. Жоба Түркістан облысының кәсіпкерлері тарапынан қолдау тапты.
Облыс әкімі сондай-ақ тәулігіне 100 тонна қоқыс қалдықтарын өңдейтін ҚХР-ң жетекші компанияларының бірінің басшылығымен кездесті. 200-ден астам толық циклды зауыт салған компания қалдықтарды энергияларға айналдыратын технологиямен эко-индустриалды парктерді дамытуға инвестиция салатын әлемдегі ең ірі кешендердің бірі. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы екені анық. Нұралхан Көшеров келіссөздер барысында қоқысты кәдеге жаратудың жаңа жолдары жасақталған кәсіпорынды бірлескен жоба бастауға шақырды.
Сондай-ақ Түркістан облысында қызылшие өсіру және жемісті қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру бойынша компания басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Инвесторалармен Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы зор әлеуетті ескере отырып, Түркістан облысында шие өсіру және өңдеу бойынша заманауи агропарк құруға бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру барысы талқыланды. Компания шие өсіру, жеміс өңдеу мен өндірістік тізбекті басқарудың заманауи технологияларымен жабдықталған. Түркістан облысында қызылшие ағашының көлемі 100 гектардан асады. Өткен жылы 1,5 тонна өнім жиналды. Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту, бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстарына күш салынды. Жеміс ағаштарына мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Кездесуде мақта өсіру, иіру және тоқыма өндірісін ұйымдастыру бойынша жүзеге аса бастаған жоба талқыланды. Айта кетейік, Сауран ауданында Түркістан облысының шаруаларымен бірлескен жоба былтырдан бері жүзеге аса бастаған. Шаруалар тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, су үнемдеп, өнімді артығымен алып жатыр. Бұл бастама ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті қатар дамытуды көздейді.
Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында жаңа тәсілмен мақта егілуде. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады. Кездесуде аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
– Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді,– деді Нұралхан Көшеров.
Расын да, Төлеби ауданы туризм саласы бойынша бірінші орында тұруы керек. Оған барлық жағдай бар деуге болады. Сұлу табиғаты мен таза ауасы бар, көрікті орындары жеткілікті. Осы бағыттағы жұмыстарды мамандар барынша зерделеп, нақты іс-шараларды атқарып жатыр. Аудан үшінші мегаполис Шымкент қаласына да жақын орналасқан. Өндірісті, сауданы дамытуға да қолайлы. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды болып есептеледі. Бұл бағытта, жалпы Төлеби ауданының өңірлік өнім көлемі де жыл санап арта түсуде. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 млрд. теңгеден 115 млрд. теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 млрд. теңгеден 15 млрд. теңгеге, сауда көлемін 28 млрд. теңгеден 84 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 млрд. теңгеден 154 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ.
2025-2030 жылдар аралығында құны 144 млрд. теңге болатын 73 жобаны іске асырып, 1193 адамды жұмыспен қамтамасыз ету межесі қойылған. Инвестициялық жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салаларында жүзеге асырылады. Өнеркәсіп саласында құны 38,2 млрд. теңге болатын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 392 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында құны 22,3 млрд. теңге болатын 20 жобаны іске асырып, 268 адамды жұмыспен қамту межеленген. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнім көлемі 154 млрд. теңгеге немесе 2,5 есеге артады. Сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары ашылып, балық шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша, тамшылатып, жаңбырлатып суару, өнім сақтау қоймасы, ет өңдейтін цехтар, құс шаруашылығы және жеміс-жидек өсіру цехы жобаларын жүзеге асыру көзделген. 2024 – 2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге артады деп болжануда.
Табиғаты әсем аймақта жеке кәсіпкерлер есебінен демалыс орындарын көбейту жұмыстары да қарқын алған. Осы тұста айта кетейік, өткен жылы Төлеби ауданында жеке кәсіпкер Сакен Сәрсенов жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Киелітас ауылдық округінде орналасқан құны 350 млн теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж, 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектар. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Эко туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында, оның ішінде таулы аймақтағы Төлеби ауданында эко туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Айта кетейік, соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40%-ға өскен. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық туризмге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын экотуристер саны 2 миллион адам болса, жетсе, олардың саны соңғы көрсеткіштер бойынша 2,8 миллионға көбейіп, 40%-ға артқан. Ал 2023 жылы экотуристер саны 2,4 миллион адам болған, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі. Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық саябақ тұрақты туризм қағидаттарына сай инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Туристердің жайлы демалысы үшін визит-орталықтар, кемпингтер, глэмпингтер және өзге де нысандар салынып жатыр. Кейінгі жылдары тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға берілген. Олар ақпараттық жүйелермен, бағыттар көрсетілген навигациямен және негізгі инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл орталықтар келушілерге табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы маршруттар мен қорғалатын аумақта жүру ережелері жөнінде ақпарат ұсынады. Экотуризмді дамыту – табиғи мұраны сақтауға, елдің туристік әлеуетін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосады.
Бұл бағытта Төлеби ауданының әкімдігі экотуризмді дамытудың жолдарын пысықтап, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастыруда. Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте, Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі. Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі. Бүгінде парк аумағының рекреациялық аймақтарында туризм саласын дамыту жолдары басты назарда. Мекеме басшысы парктың 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналатынын, аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылғанын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасын табады.
Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Өлкеміздің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларына өте бай өлке. Сондай-ақ, елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналды.
Тарихы шежіреге бай аудан таулы аймақта орналасқандықтан, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 200 нысанға жуықтайды.
Ауданда жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» құрылысы жүргізілген. Курорт аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және тағы басқа нысандар жоспарланып, жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туризм саласындағы ауқымды жоба жылына 120 000 жуық демалушы қабылдай алады. Жоба айналасында туристерге қызмет көрсететін бірнеше нысандар ашылып, жалпы 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жоба бойынша шаңғы трассасы биіктігі 1880-3155 метр (Шымбұлақ 2260-3163метр), трассасының жалпы ұзындығы – 33,4 шақырым болады.
Бұған дейін Төлеби ауданында құны 1,2 млрд теңгеге 4 туристік нысан ашылды. Аталған салаға көптеп инвестиция тарту үшін және дамыту мақсатында Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының егжей-тегжейлі даму жоспары әзірленген. 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Ауданның туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Ауасы таза, табиғаты керемет, тауы, бұлағы бар ауданның болашағы жарқын болары сөзсіз. 2030 жылдарға дейін туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жалпы Түркістан облысында туризмді дамытуда жаңа идеялар мен тәсілдер қолданылып жатыр. Өңірде туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің басты назарында. Өңір басшысы әр аймақтың туристік мүмкіндігін толық пайдалану маңызды екенін айтып келеді. Аймақ басшысы туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар толық орындалуы тиіс екенін және облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруды тапсыруда.
Ал, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған.
Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр. Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады. Олардың қатарында Төлеби ауданының мүмкіндіктерін пайдаланып, табиғатты әсем аймақтағы демалыс орындарының санын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басты назарда.
Елімізде 2025 жылғы көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Биылғы егіс жұмыстары диқандар үшін жаңа жағдайда өтті. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, жаңа тәсілдер енгізді. Осы жылдан бастап шаруалар үшін жеңілдетілген несиелер 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қолжетімді болды. Бұған дейін мұндай қаржыландыру наурыз айында – егіс науқаны басталған сәтте ғана қолжетімді болатын. Жаңа тәртіп шаруаларға қажетті ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік қолдау шараларының, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында көктемгі егіс жұмыстары агротехникалық мерзімдерге сәйкес атқарылды. Бұл тәсіл негізгі дала жұмыстарын уақытынан бұрын орындауға, стратегиялық маңызы жоғары дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға және материалдық-техникалық базаны тиімді жаңғыртуға мүмкіндік берді. Осылайша, ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамытуға және мол өнім алуға берік негіз қаланды.
Аталған шолу материалында дала жұмыстарының жүргізілу қарқыны, пайдаланылған егіс алқаптарының көлемі, негізгі астық егетін өңірлердегі серпін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуінің негізгі көрсеткіштері бойынша өзекті ақпарат ұсынылған.
Әртараптандыру мен тиімділікке басымдық
2025 жылғы көктемгі егіс науқаны елімізде жер өңдеу тәсілдерінің өзгеруі жағдайында өтті. Негізгі назар ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мен монодақылдарға тәуелділікті азайтуға аударылды. 6 маусымдағы мәліметке сәйкес, 23,7 млн гектар немесе жоспарланған көлемнің 100%-ы егілді.
Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық тәуекелдерге бейімдеуге ғана емес, сондай-ақ ғылыми негізделген ауыспалы егіс нормаларына сүйене отырып, нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, сұранысқа ие дақылдар алқаптары ұлғайды:
майлы дақылдар – 3,4 млн гектар (өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн гектарға артық);
мал азығы дақылдары – 3,3 млн гектар (плюс 114 мың гектар);
дәндік жүгері – 167,5 мың гектар;
көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар дақылдар бойынша да оң динамика байқалды: картоп алқаптары 83,4 мың гектарды құрады – бұл өткен маусыммен салыстырғанда 11,3 мың гектарға артық.
Сонымен қатар ресурсты көп қажет ететін әрі баға құбылуына сезімтал дақылдардың – бидай, күріш және мақтаның – егіс көлемі қысқарып келеді. Мәселен, бидай алқабы 13 млн гектарды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 187 мың гектарға азайды.
Осылайша, егіс көлемін әртараптандыру стратегиясы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамытуға серпін беріп отыр.
Тұқым қоры бойынша айтқанда, 2025 жылғы егіс науқанына республика бойынша 2,3 млн тонна тұқым дайындалды. Бұл егіншілердің егіс науқанына уақтылы және ресурс тапшылығынсыз шығуына мүмкіндік берді.
Бүгінде елімізде сапалы тұқым өндіру және өткізу саласында маманданған 246 субъект аттестатталған. Олардың ішінде 28 шаруашылық – түпнұсқа тұқым, 82-сі – элиталық тұқым, ал 136-сі – І, ІІ және ІІІ репродукциялы тұқым өндірумен айналысады. Бұған қосымша, 129 ұйымға импорттық тұқымдарды өткізуге рұқсат берілген.
Сапалы тұқым материалдарының қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан тұқым сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу түрінде қолдау шарасы іске асырылуда. Тұқым шаруашылығының санатына және репродукция деңгейіне қарай, мемлекет тұқым құнының 50%-дан 70%-ға дейінгі бөлігін субсидиялайды.
Еліміздің негізгі астықты өңірлеріндегі егіс науқанының барысы
Елімізде дәстүрлі түрде негізгі астықты өңірлерге Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі көбіне осы өңірлердегі нәтижелерге байланысты болғандықтан, бұл аймақтарға ерекше назар аударылады.
Ақмола облысы егіс науқанын алғашқылардың бірі болып мерзімінен бұрын аяқтап, елдегі жетекші аграрлық өңір мәртебесін тағы бір мәрте растады. Өткен жылы осы кезеңде жұмыстардың небәрі 60%-ы орындалса, биыл облыс жоспарланған мерзімнен үш апта бұрын тапсырманы толық орындады.
Жалпы егістік көлемі 5,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63 мың гектарға артық. Ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы және барлық қажетті ресурстардың жұмылдырылуы көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай және оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берді.
Маусымға дайындық қыс мезгілінде басталды: ауқымды қар тоқтату жұмыстары жүргізілді, ал көктемде – ылғал сақтау және 2 млн гектардан астам жер өңделді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Жұмысқа заманауи егіс кешендерін қоса алғанда, шамамен 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылды, бұл жұмыстың тиімділігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етті.
Мемлекеттік қолдаудың да рөлі зор болды. 770-тен астам шаруашылық 100 млрд теңгеден астам сомаға несие алды, ал егіс жұмыстары үшін 76 мың тоннадан астам дизель отыны төмендетілген бағамен бөлінді.
Егіс құрылымында стратегиялық маңызы бар дақылдардың үлесі артты: дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,6 млн гектарға егілді, ал майлы дақылдар алқабы 430 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 161 мың гектарға артты. Сонымен қатар мал азығы, көкөніс және картоп егілетін алқаптар да кеңейтілді.
Қостанай облысының диқандары да егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл өңірде 5 млн гектардан астам алқапқа егін егу жоспарланған. Майлы және әлеуметтік маңызы бар дақылдар, сондай-ақ мал азығы дақылдарының үлесі айтарлықтай артты.
Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 755 мың гектарға дейін ұлғайып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-дан аса көп. Картоп алқабы екі есе артып, 7 мың гектарды, ал қарақұмық екі есе артып – 21 мың гектарды құрады. Өңірде егіс науқаны толық аяқталды.
Егіншілерді қолдау мақсатында өңірде «Кең Дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бастама аясында жергілікті шаруа қожалықтары «СПК Тобыл» АҚ арқылы 20 млрд теңгеден астам және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 21 млрд теңгеден астам несие алды. Сондай-ақ шаруалар ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу бағдарламасын пайдаланып, 4 млрд теңгеден астам қаражат тартты.
Өңірдегі басты басымдықтардың бірі – техниканы жаңарту. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруалар 12 млрд теңгеден астам сомаға 385 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға келісімшарт жасасты. 2024 жылы өңір шаруашылықтары 173 трактор және 97 комбайн алды.
Солтүстік Қазақстан облысында қардың ерте еруі және көктемде температураның тұрақты жоғарылауы егіс науқанының уақтылы басталуына қолайлы ауа райы жағдайын қамтамасыз етті.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 4,4 млн гектарды құрайды. Дәстүрлі негізгі дақыл – дәнді дақылдар: 3,3 млн гектар. Майлы дақылдар алқабы 760 мың гектарға дейін ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда 85,8 мың гектарға артты. Бұл өсім күнбағыс (+24,6 мың га), зығыр (+47,9 мың га) және рапс (+16,3 мың га) алқаптарының кеңеюі есебінен қамтамасыз етілді. Мал азығы дақылдарына 392 мың гектар, картопқа – 8 мың гектар, көкөністерге – 1,3 мың гектар бөлінді.
Өңірде егіс жұмыстары сәуір айының соңында басталып, агротехникалық талаптарға сай және уақытында жүргізілді. Соның арқасында өңір бұршақ және майлы дақылдарды себуді алғашқы болып бастаған аймақтардың қатарына енді.
Егіс жұмыстарының толық орындалуы және диқандардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі
Қазіргі уақытта дәнді-бұршақты дақылдарды егу толық көлемде аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Егіншілердің иелігінде 470 мың тонна сапалы тұқым бар, оның ішінде 52,6 мың тоннасы — элиталық тұқым. Сорт жаңарту деңгейі 11,2 пайызды құрап отыр. Минералды тыңайтқыштар 317,1 мың тонна көлемінде шартқа отырғызылған, бұл егісті сапалы агротехникалық өңдеуден өткізуге мүмкіндік береді.
Дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техника паркі толық қамтамасыз етілген. Егіс жұмыстарына 12,3 мың трактор тартылған, оның ішінде 4 мыңнан астамы — жоғары өнімді техника. Сонымен қатар 13,7 мың дән себетін техника мен 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмыс істеуде. Техникалық дайындық деңгейі 100 пайызды құрайды.
Шаруалар 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, оның литрі 254 теңге болып белгіленген. Бұл нарықтық бағадан (311 теңге/литр) едәуір төмен.
Егіс жұмыстарының уақтылы әрі сапалы жүргізілуінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шешуші рөл атқаруда. «Кең Дала 1» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында шаруалар 92,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізді. Оның ішінде 37 млрд теңге «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бағытталды. Ал «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 14,4 млрд теңге бөлініп, 442 техника бірлігі қаржыландырылды. Сонымен қатар форвардтық сатып алу тетігі аясында қосымша 7,4 млрд теңге қаражат бөлінді.
Егіс және жинау науқандарын қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау
Жыл сайын отандық шаруалар үшін жеңілдетілген қаржыландырудың жеткіліксіздігі өзекті мәселе болып келді. 2023 жылы республикалық бюджет қаражатынан бөлінген қаржы есебінен «Кең дала» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 140 млрд теңге сомасына 3 615 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылып, 3,6 млн гектар егіс алқабы жеңілдетілген қаржыландырумен қамтылды.
Алайда қолжетімді несиенің жеткіліксіздігінен көптеген шаруа агротехнологиялық талаптарды толық сақтай алмады, сапалы тұқымдар мен жеткілікті минералды тыңайтқыштар сатып алмаған, өсімдіктерді қорғау шаралары төмен деңгейде жүргізілді, ал бірқатары ескірген техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Мәселенің түпкі себебі – саланы бұрынғыдай тікелей мемлекеттік қаржыландыруға негіздеу арқылы бюджет несиелерінің жетіспеушілігіне байланысты болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеңілдетілген несие қаражатына қолжетімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Өткен жылы осы бағыттағы тәсілдер түбегейлі қайта қаралды.
Осылайша, коммерциялық қаражат пен қаржы құралдарын біріктіру есебінен 2024 жылы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 еседен астам артты. Несие беру көлемінің ұлғаюы нарықтық құралдарды, атап айтқанда, облигациялық қарыздарды тарту және олардың купондық сыйақыларын субсидиялау есебінен мүмкін болды. Бұл механизмді іске асыру үшін 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 60 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар шаруаларға жылдық 5% мөлшеріндегі “таза” жеңілдетілген несиені барынша қысқа мерзімде жеткізу міндеті қойылды.
2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 700 млрд теңге бөлінді. Егіншілер техника сатып алуға және оны жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік алуы үшін тағы 250 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қаржыландыруға бағытталды.
Бұл қаражат әрбір шаруашылыққа нақты жетуі үшін алты бағыттан тұратын тарату жүйесі құрылды. Олардың қатарында:
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ,
екінші деңгейлі банктер,
микроқаржы ұйымдары,
өңірлік инвестициялық орталықтар,
несие серіктестіктері,
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) бар.
Бұл ретте еліміздегі АӨК тарихында алғаш рет егіс науқанын жеңілдетілген қаржыландыру 2024 жылғы желтоқсаннан басталғанын атап өткен жөн. Бұл 2025 жылғы науқанды ерте қаржыландыру бастамасының арқасында мүмкін болды.
Осылайша, Үкімет қолдауының арқасында қысқа мерзім ішінде шаруаларға тек «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар мен несие серіктестіктері арқылы ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да тікелей қаржыландыру жолымен қолжетімділік қамтамасыз етілді.
Көктемгі егіс және жинау жұмыстары кезінде кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі көзделген. Бұл тетік несие сомасының 85%-ына дейінгі бөлігін кепілдендіруге мүмкіндік берді.
Өтінімдер қабылдана бастаған сәттен бастап жалпы сомасы 493,5 млрд теңгеге 7407 өтінім қабылданды. Оның ішінде 6988 өтінім мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл 7,3 млн гектар егіс жұмыстарына дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Кепілдік базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін «Даму» қоры арқылы шағын және жаңа бастаған фермерлердің қаржыға қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 166,5 млрд теңгеге 1134 кепілдік беріліп, берілген несиелердің жиынтық көлемі 195,9 млрд теңгені құрады.
Жеңілдетілген қаржыландыру аясындағы өндірушілерді қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – бұл лизинг. Саланы сапалы техникамен жаңартпай, оның әлеуетін арттыру мүмкін емес. Осы мақсатта 2024 жылы 120 млрд теңге көлеміндегі қаражат «КазАгроФинанс» желісі бойынша «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасын іске асыруға қайта бағытталды.
Мұнда атап өтерлік жайт, бұған дейінгі жылдары КАФ қаржыландыруының жалпы көлемі жылына 170–175 млрд теңге шамасында болып, оның 90%-ы жылдық 20–22% коммерциялық мөлшерлеме бойынша ұсынылатын. Мұндай жоғары пайыздық сыйақы көптеген шаруалар үшін қолжетімсіз болатын. 2024 жылы шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен ең қажетті отандық техника түрлерін сатып алуға жағдай жасалды. Бұл отандық машина жасау саласының дамуына оң әсерін тигізуде.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 870 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 4 320 бірлік ең қажетті отандық техника сатып алды.
Сондай-ақ шаруаларды қолдаудың қосымша шарасы ретінде өсімдік шаруашылығы өнімдері мен отандық шикізаттың өткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз етуге арналған 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру мәселесі шешімін тапты. Аталған бағыт бойынша 2024 жылы қаржыландыру көлемі 35 млрд теңгені құрады. 2025 жылы бұл мақсатқа 40 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Негізгі құралдардың қатарында – инвестициялық субсидиялар, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы бар. Бұл тетіктер шаруаларға заманауи техниканы анағұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.
Ең маңызды ынталандыру құралы – инвестициялық субсидиялау бағдарламасы, оның шеңберінде шаруаларға сатып алынған техниканың құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (оның басымдық деңгейіне қарай). Қосымша қолдау ретінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған: басым техникалар үшін – 6%-ға дейін, қалған түрлер үшін – 15%-ға дейін. Бұдан бөлек, фермерлерге жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы белсенді түрде дамып келеді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдеу құралдары тіркелген. 2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрап, 2023 жылғы 4,5%-дан айтарлықтай асып түсті. 2025 жылға жоспарланған көрсеткіш – 6,5%. Жалпы алғанда, техника паркін технологиялық тұрғыдан заманауи деңгейде ұстау үшін жаңарту деңгейін 8–10%-ға жеткізу қажет.
Министрлік 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техника лизингінің жеңілдетілген бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделуде.
Қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары машинно-трактор паркін жедел жаңартуда жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл – нақты көрсеткіштермен дәлелденеді: егер 2017 жылы 8,5 мың бірлік техника ғана сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 22,1 мыңға жетіп, 2,5 есеге артты.
Әсіресе, «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы шеңберінде айтарлықтай ілгерілеу байқалады: 2025 жылы бөлінген 250 млрд теңге шамамен 6 мың бірлік техника сатып алуға мүмкіндік береді. 24 ақпаннан бастап (өтінімдер қабылдана бастаған күннен) «ҚазАгроФинанс» АҚ-ға 129,2 млрд теңге сомасына 3 555 өтінім келіп түсті. Қазіргі уақытта жалпы құны 85,7 млрд теңге болатын 4 580 техника бірлігін жеткізуге 2 400 келісімшарт жасалды.
Заманауи егіс кешендері биылғы егіс науқанында белсенді түрде қолданылуда – 5,6 мың бірлік техника дәнді дақылдар егісінің 70%-ын қамтып отыр. Бұл John Deere, CLASS, RSM сынды жетекші әлемдік брендтердің техникасы, олар дәл егіншіліктің GPS, автопилот, тұқымдарды дәл себу, тыңайтқыш пен гербицид енгізу жүйелерімен жабдықталған.
Егіс науқанының табысты өтуіндегі маңызды фактор – жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) үздіксіз қамтамасыз ету. 2025 жылы егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді (2024 жылы – 376,4 мың тонна). Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шамамен 17 мың өтінім қабылданды. Мемлекеттік реттеу шараларының арқасында дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 254 теңгені құрады, бұл АЖС-тердегі нарықтық бағадан (301–307 тг/л) 15–20% төмен.
Министрлік тарапынан өңірлерге отын жөнелтуді күнделікті бақылау жүзеге асырылуда: жоспарланған 368,8 мың тоннаның 339 мың тоннасы (92%) төленіп, 308 мың тоннасы (84%) жөнелтілді.
Мемлекет тарапынан қабылданған шаралар машинно-трактор паркін жаңарту мен шаруаларды ЖЖМ-мен қамтамасыз етуде нақты нәтижелер беріп, АӨК-тің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасады.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы егіс науқаны еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамуындағы жаңа кезеңнің айқын көрінісіне айналды. Мемлекет басшысының бастамалары мен Үкіметтің жүйелі жұмысының арқасында егіншілер алғаш рет маусым басталмай тұрып-ақ жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Мемлекеттік қолдау тетіктеріне енгізілген түбегейлі өзгерістер көмегімен тек көмек көрсету ауқымы мен тиімділігі кеңейіп қана қоймай, алдыңғы жылдарға тән басты мәселелер – айналым қаражатының жетіспеушілігі мен далалық жұмыстардың кеш басталуы – шешімін тапты. Бұл өз кезегінде науқанды дер кезінде жүргізуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары сапалы егін егуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде тек нақты ұйымдастыру мен жоғары қарқын ғана емес, сонымен қатар орнықты әрі әртараптандырылған егіншілікке көшу бағытында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Осылайша, сапалы өнім алуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға берік негіз қаланды.