ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР КӘСІПКЕРЛІККЕ ТЫҢ СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданына жұмыс сапары аясында жаңа өндірістік аймақтардың құрылысымен танысты. Инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды алаңдар кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндік туғызып отыр. 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.

– Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция, – деді Нұралхан Көшеров.

Сапар аясында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағына барды. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындары – 600-ден асады.

10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жұмыс орындары – 170. Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Ал «ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелтуде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктілігін арттыруда. Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.

Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар – аймақтағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашуда. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етуде.

Интернет алаяқтықпен күрес – уақыт талабы

Қазіргі қоғамда цифрлық технологияның қарқынды дамуына байланысты интернет желісінде жасалатын қылмыстардың түрі де көбеюде. Әсіресе, интернет алаяқтық деректері күн сайын артып келеді. Осыған орай Ордабасы ауданының полицейлері интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Яғни жедел уәкілдер Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен кездесу өткізіп, «Интернет алаяқтықтан сақ болыңыз!» тақырыбында ақпарат берді. Азаматтарға тақырыпқа сай фотосуреттер таратылып, ақпараттық тақтайшаларға ескерту парақтары ілінді.

Айта кетейік, қазіргі таңда азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстардың ең көп тараған түрі. Аталған қылмыс түрімен күресу елімізде және бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында алаяқтық қылмыстарға қарсы нақты шаралар қабылдау керек екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа насихат жұмыстары да жүргізіліп келеді.

Бүгінде аймақта интернет алаяқтықтың үш түрі кеңінен таралған. Яғни, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады, интернет-дүкендердің атын жамылып алаяқтық жасайды, жалған инвестициялық жобаларға қатыстыру арқылы азаматтарды қаржысынан айырады. Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер де бар. Бүгінгі таңда, әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 130 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН.

Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 млрд теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы жаңа индустриалды аймақтардың құрылысымен танысты. Атап айтқанда, Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде өндіріс алаңдары салынуда. 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

Тек Иассы ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаңның өзінде 24 жоба іске қосылуға дайын. Аумағы 9 гектар болатын бұл алаңда жиһаз өндірісі, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілері, тігін шеберханалары, қағаз өнімдері цехы сынды кәсіпорындар жұмысын бастайды. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, жаңадан 600-ден астам жұмыс орны ашылады.

– Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Жалпы, Түркістан облысының 2025 жылғы қаңтар-мамырда өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,8% көп. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 15,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 14,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда – 17% өсті, ал сумен жабдықтауда, қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда, ластануды жою жөніндегі қызметте 0,5% кеміді.

2025 жылғы қаңтар-мамырда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 192085,6 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 106,4% құрады. Жүк айналымының көлемі 11703,5 млн. ткм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 123% құрады. Жолаушы айналымы 650,8 млн. жкм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 113,9% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117433,8 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 146,6% құрады. 2025 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 25,5% артып, 306,1 мың шаршы метрді құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 387838,2 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 151,1% құрады.

Тіркелген заңды тұлғалар саны 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 19270 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 5,5% өсті, оның ішінде 250 адамнан жоғары қызметкерлері барлар 101 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 17743 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 17092 бірлік құрады. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 15383 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3% өсті. 2025 жылғы қаңтар-мамырда бөлшек сауда көлемі 131737,6 млн. теңгені құрады немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16% артық. Ал, көтерме сауда көлемі 136271 млн. теңгені құрады немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 267,3% құрады.

Алдын ала деректер бойынша 2025 жылғы қаңтар-сәуірде ЕАЭО елдерімен өзара сауда 182,2 млн. АҚШ долларын құрап, 2024 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 43,6% көбейді, оның ішінде экспорт –70,2 млн. АҚШ долларын (7,7% көбейді), импорт –112 млн. АҚШ долларын құрады (81,5% көбейді).

ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ АРНАЙЫ ОРГАНДАРҒА СЕНІМДІ АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДА РУХАНИ ДӘРІС ӨТКІЗІЛДІ

Жетісай аудандық полиция бөлімінде қызметкерлердің рухани-адамгершілік бағыттағы көзқарасын нығайту мақсатында идеологиялық сабақ ұйымдастырылды.Жиынның мақсаты құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру және тәртіп сақшылары мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ заң үстемдігін түсіндіре отырып, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыруды насихаттау болды.

« – Заң мен тәртіп деген түсінікті тереңінен түсіну үшін рухани адамгершіліктің болуы маңызды. Мемлекет басшысы заңның үстемдігі дегеніміз тек шара көру емес, халыққа нақты заңнамаларды түсіндіре отырып, жақсы қарым-қатынасты қалыптастыру екенін атап өткен болатын. Яғни қоғамды тәртіп бұзушылықтан аулақ болуға шақыру бағытында полицейлердің қызметі маңызды екенін атап өткен жөн. Тәртіп сақшысы қоғамның айнасы іспетті. Полицейлердің әрбір іс-әрекеттері өзгелерге үлгі болуы керек. Заңды сақтау қаталдықпен ғана жүзеге асырылмайды. Кейбір мәселелерде түсіністік таныту, адамгершілік пен ауызбіршілікті ұстану елдің ынтымағы мен бірлігіне әсер ететінін ұмытпаған абзал. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сауатты әрі білікті болса, азаматтардың оған деген сенімі де арта түседі. Екі ара түсініспеушіліктің көбі, дау-дамайға ұласып, кейде мемлекеттік органдарға, полицейлерге сын пікірлердің туындауына дейін сақтырып жатады. Сондықтан арнайы органдарға сенімді арттыру үшін тәртіп сақшылары біліктілікпен қатар, рухани бай түсінікте болуы маңызды.» – деді Жетісай аудандық полция бөлімінің басшылық құрамы.

Дәріс кезінде тәртіп сақшыларына ел бірлігі, отансүйгіштік және қызметтік міндеттерді адал атқару арқылы халық сенімін ақтау сынды тақырыптар кеңінен түсіндірілді. Мұндай шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.