Жетісай аудандық полиция бөлімінде қызметкерлердің рухани-адамгершілік бағыттағы көзқарасын нығайту мақсатында идеологиялық сабақ ұйымдастырылды.Жиынның мақсаты құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру және тәртіп сақшылары мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ заң үстемдігін түсіндіре отырып, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыруды насихаттау болды.
« – Заң мен тәртіп деген түсінікті тереңінен түсіну үшін рухани адамгершіліктің болуы маңызды. Мемлекет басшысы заңның үстемдігі дегеніміз тек шара көру емес, халыққа нақты заңнамаларды түсіндіре отырып, жақсы қарым-қатынасты қалыптастыру екенін атап өткен болатын. Яғни қоғамды тәртіп бұзушылықтан аулақ болуға шақыру бағытында полицейлердің қызметі маңызды екенін атап өткен жөн. Тәртіп сақшысы қоғамның айнасы іспетті. Полицейлердің әрбір іс-әрекеттері өзгелерге үлгі болуы керек. Заңды сақтау қаталдықпен ғана жүзеге асырылмайды. Кейбір мәселелерде түсіністік таныту, адамгершілік пен ауызбіршілікті ұстану елдің ынтымағы мен бірлігіне әсер ететінін ұмытпаған абзал. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сауатты әрі білікті болса, азаматтардың оған деген сенімі де арта түседі. Екі ара түсініспеушіліктің көбі, дау-дамайға ұласып, кейде мемлекеттік органдарға, полицейлерге сын пікірлердің туындауына дейін сақтырып жатады. Сондықтан арнайы органдарға сенімді арттыру үшін тәртіп сақшылары біліктілікпен қатар, рухани бай түсінікте болуы маңызды.» – деді Жетісай аудандық полция бөлімінің басшылық құрамы.
Дәріс кезінде тәртіп сақшыларына ел бірлігі, отансүйгіштік және қызметтік міндеттерді адал атқару арқылы халық сенімін ақтау сынды тақырыптар кеңінен түсіндірілді. Мұндай шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Түркістан облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтті.
Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаттары және күн тәртібіне байланысты шақырылған облыстық басқарма басшылары қатысты. Тұрақты комиссияның отырысын комиссияның төрағасы Алмас Салимов ашып жүргізді.
Комиссия отырысында облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері, Түркістан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі, «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №14/180-VІII шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, Алмас Алтайұлының төрағалығымен өткен жиында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін сайлау, Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерісті келісу, Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің дербес құрамын бекіту, Түркістан облыстық мәслихатының кейбір шешімдерін жою туралы, Кентау қаласының кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер толыққанды қаралды.
Түркістан облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Алмас Алтайұлы, күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігі жан-жақты қаралды. Қажеттілігіне қарай, зерделенгенін де атап өтті.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тұрақты комиссия мүшелері өз ұсыныстарын айтып, мәселелерді сессия қарауына енгізуді ұсынды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэймен ресми кездесу өткізді. Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысқан бұл компания Түркістан өңірінде де ірі инвестициялық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр. Кездесу барысында тараптар өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Атап айтқанда, Түркістан қаласының Шығыс айналма жолы мен Өзбекстан Республикасы шекарасынан Шардара–Арыс бағытындағы жол құрылысы жобалары бойынша келіссөздер жүргізілді. Бұл көлік дәлізі — халықаралық транзиттік бағыттар желісін кеңейтіп, өңірлік логистикалық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ көрші елдермен экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін айтып, өңірге келген инвесторлар мен кәсіпкерлерге нақты қолдаулар көрсетіліп жатқанын атап өтті.
– Түркістан облысына қош келдіңіздер! Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық және жан-жақты стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшыларының сындарлы ұстанымы мен ұзақ мерзімді ынтымақтастығының нәтижесінде өңірлік деңгейдегі ықпалдастықты кеңейтуге қолайлы жағдай жасалды. Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, көлік-логистика саласында зор әлеуеті бар стратегиялық өңір. Өзбекстан шекарасынан Шардара мен Арысқа дейінгі жол құрылысы халықаралық транзиттің дамуына серпін береді. Біз бұл жобаның іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің жарқын үлгісіне айналатынына сенеміз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ, кездесу барысында Түркістан облысында құрылыс материалдары зауытын салу бойынша жобаның алғышарттары мен іске асыру кезеңдері талқыланды. China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. – 2015 жылы құрылған, жарғылық капиталы 300 миллион юаньды құрайтын, Орталық Азия аумағында мамандандырылған инвестициялық-құрылыс қызметімен айналысатын компания. Негізгі қызмет бағыттары – көлік, энергетика, химия өнеркәсібі және инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларды іске асыру. Елімізде бірқатар ірі жобалалардың іске асуына атсалысып келеді.
23-маусым Қазақстан полициясы күні. Мереке қарсаңында Жетісай аудандық полиция бөлімінде ашық есік күні аясында жасөспірімдерге экскурсия ұйымдастырылды. Жазғы демалыста жүрген оқушыларға құқық қорғау саласының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік берілді. Ең алдымен балаларды жылы жүзбен қарсы алған тәрбие және кадр жұмысы тобының аға инспекторы Өскенбай Болатұлы. Ол жасөспірімдерге полиция бөлімінің жұмысымен, қызмет бағыттарымен және бөлімде жұмыс істейтін мамандармен жан-жақты таныстырып, қызықты мәліметтер ұсынды. Бұл іс-шараның мақсаты келешек ұрпақтың санасына әділеттілік пен адалдықты сіңіре отырып, құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақыру және «нөлдік төзімділік» саясатын, «Заң және тәртіп» топтастырылған нарративті, «Қауіпсіз қоғам» жобасын, құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыру болып табылады.
« – Біздің Жетісай аудандық полиция бөлімінде штат бойынша 218 қызметкер, ерікті Жетісай жалдамалы құрам, атестатталған 211 жеке құрам жұмыс атқарады. Осы 211 жеке ішінде 65 учаскелік полиция қызметкерлері бар. Тергеу саласында 10 қызметкер, креминалдық полиция қызмет саласында 10 қызметкер және тағы да басқа салалар бойынша тәртіп сақшылары өз жұмыстарын атқаруда. Жетісай ауданының қоғамдық қауіпсіздігін, тынштығын сақтауға 48 арнайы автокөлік берілген. Полиция қызметінің ерекшелігі нақты жұмыс уақытымен шектелмейді. Тәртіп сақшылары керек кезінде тәулік бойы да қызмет атқарады. Біз үшін күн мен түннің, мерекелік күндер мен демалыстың айырмашылығы жоқ. Қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтап дер кезінде әрекет ету күнделікті жұмысымыздың негізі. Бөлімімізде кезекшілік тәртіп толық сақталған, әр қызметкердің өз бағыты мен міндеті бар. Олар нақты жоспарларға сәйкес жұмыс атқарады.» – деді Жетісай аудандық полиция бөлімінің тәрбие және кадр жұмысы тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Өскенбай Болатұлы.
Экскурсия барысында ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі уақытша ұстау изоляторына бару болды. Бұл қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасады деген азаматтар уақытша қамауға алынатын арнайы бөлім. Жетісай аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерік Өсербаев балаларға изолятордың ішкі тәртібімен, қауіпсіздік шараларымен және ондағы бақылау жүйелерімен таныстырды.
«-Уақытша ұстау изоляторында қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты ішінде күдіктілер немесе қамауда отырған азаматтар жоқ. Алайда жұмыстардың аяқталуына аз уақыт қалды. Бүгін жасөспірімдерге қандай мекеме ішіндегі барлық талаптар мен ережелер таныстырылып, бұл изолятордың кімдерге арналғаны бойынша ақпараттар берілді. Уақытша ұстау изоляторының алаңына келген балаларға күдікті тұлғаны қалай ораналастыру, киімдерін толық тексеру процесі, күдіктілердің жеке заттары қойылатын арнайы қойма, заң жүзінде жеке тінту жүргізілетіні және қандай орындарға жайғасатынын көрсеттік. Күніне 2 сағат серуен алаңына шығатынын айттық. Егер азаматтардың ішінде біреулері науқастанып қалған жаңдайда емдеу бөліміне жеткізілетінін және медициналық көмектер көрсетілетінін де айттық. Жұқпалы ауру немесе басқада дерттері бар адамдар болуы мүмкін. Ол жағдайды кейде жеке азаматтардың өздері де білмеуі мүмкін. Ондай анықталған жағдайда немесе алғашқы келген кезінде олар арнайы карантиндік бөлмеге жайғастырылады. Яғни басқа күдіктілермен бірге отырмайды. Карантиндік орында үш тәулік болады. Әр жағдайда әр түрлі шешімдер болуы мүмкін, біреулері үй қамаққа жіберіледі. Біреулері Шымкент қаласындағы ТИ-69 мекемесіне арнайы этаппен жіберіледі. Бұл жерге бізге тек тергеудің қаулысымен немесе соттың қаулысымен ғана қамауда ұстап отырамыз.» – деді, Жетісай аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерік Өсербаев.
Аралау барысында жасөспірімдер өздерін қызықтырған сауалдарға жауаптарын алды. Олар мекемеде полиция қызметкерлеріне қандайда бір қауіп төнбес үшін қолданылатынын шаралар және ішкі тәртіп жайында сұрады. Уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерік Өсербаев мекемеде кезекші полицейлер бар екендігін және барлығы бейнебақылаумен қамтамасыз етілгенін, поста тұратын тәртіп сақшылары арнайы қорған жабдықтарымен, қорғану үшін қолданылатын көзді ашытқыш газбен қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, күдікті тәртіп сақшысына қауіп төндірген жағдайда қосымша дабыл батырмалары бар екенін айтты.
Полицейлер бұл бөлімшені көрсету арқылы жасөспірімдерге қылмыстың салдарын және заң алдындағы жауапкершілікті тереңірек түсіндірді. Бұл тәрбиелік маңызы зор іс-шара. Сондай-ақ, балаларға жедел криминалистикалық тобының жұмыс барысы көрсетілді.
« – Бұл жедел криминалистикалық тобына жеткізілген азаматтардан қол ізін алу заманауи құрылғылармен жүзеге асырылады. Бұрынғыдай бояу арқылы емес, сканерленген түрде алынады. Адамдардың жеке мәліметтерін, осы құрылғының көмегімен қорға енгіземіз. Қол іздерін алып болған соң, олардың түр бейнесін базаға енгізу мақсатында суретке түсіреміз. Айта кетейік, барлық азаматтардың қол іздері бір біріне ұқсамайды. Қол іздерінің 17 түрлі белгілері бар. Әлемдегі 5 млрд. адамдардың да қол ізі бір біріне сәйкес келмейді. Қылмыскерді анықтау жолында криминалистикалық топтың маңыздылығы өте жоғары. Оқиға орнына шыққан кезде криминалистің қолданатын барлық жабдықтары бізде толық қамтамасыз етілген. Яғни, арнайы қобдишада айғақ заттарды алуға, анықтауға көмек беретін құрылғылар болады.» – деді мамандар.
Оқушылар бұл жұмыстарға да өте қатты қызығушылық танытты. Сонымен қатар, арнайы жабдықтармен жақынырақ танысып, қолдану тәсілдерін де түсінді. Бастысы бұл күні полиция қызметкерлерімен ашық сұқбаттар жүргізілді. Көпшілігі экскурсиядан ерекше әсер алғанын айтты. Жасөспірімдер аралау барысында қару жарақтармен де танысты. Олардың қолдану тәртібі мен қызмет барысындағы маңызы жайында айтылды.
« – Мен бүгін полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысып ерекше әсер алдым. Себебі, тәртіп сақшыларының жұмысы жеңіл емес екен. Әр оқиғада сол ортадан табылатын құқық қорғаушылар қоғамдық тәртіпті қалыптастыру жолында еңбек етуде. Қылмыспен күресу үшін батылдық керек. Біз бүгін аралау барысында осыны түсіндік. Сондай-ақ, қару жарақтарды жақыннан көріп, оны қолданудың ережелерімен таныстық. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпараттар алдық және оны қалай хабарлауды білдік.» – деді, оқушы Саят Аманбаев.
« – Аралау барысында бізге барлық қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша шағын сабақтар өткізілді. Полицейлер бізге үйде, көшеде және мектепте өзімізді қалай тәрбиелі етіп ұстау керектігін және құқық бұзушылықтардан аулық болуды түсіндірді. Бұл ақпараттар біз үшін өте пайдалы болды. Экскурсияда тәртіп сақшыларының қоғамдағы рөлін, қаншалықты маңызды екенін білдік. Мұнда келген достарым, сыныптастарым полиция болғысы келетіндерін айтып жатыр. Менде болашақта азаматтарға көмек беретін полиция болғым келеді.» – деді, оқушы Еділ Сұлтанхан.
Міне, осылайша жасөспірімдер полиция қызметінің маңызды әрі жауапты екенін өз көздерімен көріп, түсінді. Олар өз армандарына жету үшін білім алып, тәртіпті болатындарын айтты.
« – Бізді полиция қызметкерлері жылы қарсы алды. Олар бізге полиция бөліміндегі ішкі қызметті, күнделікті атқарып жатқан жұмыстарын көрсетті. Қылмыстар нақты қалай ашылатынын және жедел қоңыраулар қалай жүзеге асырылатынын білдік. Тәртіп сақшыларының арнайы құрылғыларын да көрдік. Маған бүгінгі аралау қатты ұнады.» – деді, оқушы Әбдінұр Алихан.
Полиция бөліміндегі ашық есік күні балалар үшін пайдалы, әрі есте қаларлық тәжірбие болды. Мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырып, келешек ұрпақты әділдік пен адалдыққа тәрбиелеуге, тәртіпке деген құрметті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Полиция қоғам тыныштығының тірегі. Бұл күні полиция қызметкерлеріне оқушылар да алғыстарын жеткізді. Себебі олар тәртіп сақшыларының маңызды жұмыспен айналысатындарын ұғынды. Ерекше мамандық иелеріне деген қызығушылықтары да артып, оларға деген көзқарастары да өзгерді. Шараның мақсаты да жасөспірімдерді отансүйгіштікке, жауапкершілікке, тәртіпке үндеу болатын.
«-Полиция қызметі үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Біз қоғамның тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін күн, түн демей еңбек етеміз, қызмет етеміз. Бұл оңай міндет емес. Алайда отан алдындағы парызымыз болғандықтан абыроймен атқаруға тырысамыз. Полиция қызметкерлерінің әр күні ел алдындағы адал еңбектің көрінісі дегім келеді. Полиция күні тек біз үшін ғана емес, халқымыз үшін де маңызды мереке болып есептеледі. Себебі қауіпсіз қоғам тұрақты даму мен бақытты өмірдің кепілі. Осы мереке қарсаңында әріптестерімізді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Әр шаңырақта тек тыныштық пен татулық болсын деп тілеймін.» – деді, Жетісай аудандық полиция бөлімінің штаб тобының аға инспекторы, полиция капитаны Эльмира Бақытқызы.
Тәртіп сақшыларының әрбір әрекеті өскелең ұрпаққа өнеге, үлгі. Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы қажырлы еңбектері қанашда құрметке лайық.
Өңірдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты екенін анық. Яғни, өндірісі өркендеген, дамыған елдерде ең бірінші жұмыссыздық мәселесі шешімін табады. Бұл бағытта, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Биыл облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде, 83554 орын, яғни 63 пайызы тұрақты жұмыстардың үлесінде. Өңірде 6 айда 66069 азаматты жұмыспен қамту көзделіп, осы күнге дейін 56 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 22 380 азамат – тұрақты, 33 619 азамат субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына орналасты. Жалпы, жұмыспен қамтылғандардың ішінде 20 526 адам немесе 36,7 пайызы – жұмысшы мамандық иелері. Халықты жұмыспен қамту туралы шаралар Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты жүйелі жалғастыруды, бекітілген индикаторларды тиісті деңгейде орындауды тапсырды.
– Біздің басты мақсатымыз – өңір экономикасын көтерумен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Облыстағы орта арнаулы білім беру ұйымдарында еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтар үлесін арттыру қажет. Ең бірінші кезекте біз қажетті жұмысшы мамандықтарын дайындауымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіңіздер. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етіңіздер. Еңбек адамының имиджін көтеру үшін маңызды іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сонымен қатар, жиында халықты жұмыспен қамту шаралары және жаңа жұмыс орындарын құру туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, ел Президентімен бекітілген ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 375 инфрақұрылымдық жоба арқылы 4 074 жұмыс орнын ашу көзделіп, 6 айда 1708 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда 184 жоба аясында 1 653 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 97% орындалды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жеке инвестициялық жобалардың тізбесі де әзірленді. Биыл 125 жеке инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 2004 жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде, 1050 орын – тұрақты, ал 954-і – уақытша. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлік саласында 48 жоба арқылы – 651, агроөнеркәсіп саласында 67 жоба арқылы – 1 195, туризм саласында 10 жоба арқылы 158 жұмыс орны ашылмақ. 6 айдың жоспарымен 401 орын ашу көзделсе, қазіргі уақытта 76 жоба жүзеге асып, 900-ге жуық жұмыс орны құрылды. Қалған 49 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға 22 595 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп, жыл басынан бері 3374 орын ашылды. Сондай-ақ уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адамды жолдау жоспарланған. Бүгінгі таңға 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып, тиісті кезеңнің жоспары 88,4% орындалды. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1 793 мемлекеттік қайтарымсыз грант беру көзделген. Бірінші лек бойынша 862 азамат комиссияның оң қорытындысын алды. Алдағы уақытта мониторинг жұмыстары жүргізіліп, грант алушылардың қаржыны мақсатты пайдалануы қатаң бақылауда болады. Одан бөлек, жеке инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құру индикаторы бойынша биыл 2004 адамды қамту жоспарланып, бүгінгі күнге 898 адам жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері 45 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңке аясында 937 жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын ұсынып, 1 829 адам жұмысқа орналасты.
Жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылған жұмыстар туралы Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова есеп берді. Облыста жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (колледждерде) 75 мамандықпен, оның ішінде 43-і жұмысшы мамандықпен 45 530 студент еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша білім алуда. Оларда дуальді оқыту, модульдік білім беру бағдарламалары енгізілген. 2025-2026 жылдарына колледж студенттеріне 15 500 грант, оның ішінде жұмысшы мамандықтарға 9600 грант бөлінді. 2024-2025 оқу жылында 35 колледжде 171 кәсіпорынмен қамқорлыққа алу бойынша келісімшарт түзілді. Жыл соңына дейін қамқорлыққа қатысатын кәсіпорындар санын 200 дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Төлеби ауданында балаларды жазғы сауықтыруға арналған модульді лагерь ашылды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген қосымша 14 нысанда 7 ауысым бойынша 2 мыңнан астам бала жаз бойы демалмақ. «Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің лагері алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданының 300-ден астам оқушысын қабылдап үлгерді. Барлығы көпбалалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. Халықтың игілігі үшін пайдалануға Халықтың игілігі үшін пайдалануға берілген нысандардың салтанатты лента қию рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келіп қатысып, құттықтауын арнады.
— Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагерь ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагерь салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетті. Осы апта Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері 487 баланы қабылдады. Маусымдық нысандардың құрылысы қолға алынған сәттен басы-қасында жүріп, сапалы іске асырылуын бақыладық. Бүгін жасөспірімдердің бақытты жүздеріне тағы куә болып тұрмыз. Ендігі мақсат — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз! — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Іс-шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Өміртай, аудандық білім бөлімінің басшысының м.а Г.Абилхасова бой көрсетті. Қос ауданның ардагерлері игілікті бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді. «Төлеби нұры» лагерінде 14 модульді нысаннан бөлек, асхана, бассейн, қыздар мен ер балаларға жеке әжетхана мен жуынатын орындар, шатырлар бар. Әр модульді ғимаратта 20 оқушыға арналған жатын орындары қарастырылған. Бәрі жаңа жиһаздармен қамтылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы, қауіпсіздігі, күнделікті бағдарламасы, ойындары мен сайыстары, интеллектуалдық және мәдени шаралары бақылауда.
Жазғы лагерь — тек демалыс орны ғана емес, шығармашылықты ұштайтын, достықты нығайтатын, жаңа қабілеттер мен қызығушылықтарды дамытатын орта. Әлеуметтік теңдікті, патриоттық тәрбиені насихаттайды. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, өнері мен спорттық қабілетін шыңдайды. Көшбасшылық қасиеттерін жетілдіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Балаларды қылмыстан, көшедегі қауіп-қатерден қорғайды. Айта кетейік, Түркістан өңірінде жалпы 43 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру аймақтарында тынығады. 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Жауапты басқармалармен бірлесіп ұйымдастыру жалғасады.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жаңа модульді корпустар іске қосылып, балалар үшін жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру жолында облыс әкімінің қолдауымен үлкен қадам жасалды. Биылғы жазғы маусым балалар үшін ерекше қуанышпен басталды. 487 сарыағаштық оқушы лагерьде демалысын бастап үлгерді. Ең басты жаңалық – лагерь аумағында заман талабына сай модульді корпустардың тұрғызылуы. Жалпы саны 10 модульді үйшік толықтай аяқталып, балалар игілігіне берілді. Әрқайсысы 20 балаға лайықталған бұл корпустар жайлы жатын орынмен, жаңа жиһаздармен, жеке шкафтармен, салқындатқыш және арнайы тазартылған ауызсу құрылғысымен қамтылған. Бұл – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын, заманауи инфрақұрылымға негізделген шешім.
Мұндай форматтағы модульді құрылыстардың артықшылығы – тез құрастырылып, ыңғайлы әрі тиімді пайдалануға берілуінде. Нәтижесінде, бұған дейін 300 балаға ғана қызмет көрсететін лагерь бүгінде бір маусымда 2000-нан астам баланы қабылдай алады. Сонымен қатар балалардың белсенді және қызықты демалысы үшін воркаут алаңы мен бассейн салынды. Лагерь бағдарламасында ойын-сауық, спорттық жарыстар мен шығармашылық үйірмелер қарастырылған. Жазғы маусымда 7 ауысым бойынша 3500-ге жуық бала лагерьде тынығып, жарқын естеліктерге толы демалыс өткізеді деп жоспарлануда. Балалардың алаңсыз демалысы – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал модульді корпустар – сол игілікті істің нақты көрінісі.
Биыл Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қаралды. Осы жылы 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталады. Ал 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Қалған 42 елді мекен шалғай орналасқан, халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында аймақты табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар есебі тыңдалып, өзекті мәселелер сараланды.Өңір басшысы газдандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеді.
– Ең басты мақсат – біздің жеткізген табиғи газды халықтың пайдалануы. Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстарды жүргізу қажет. Газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы газ нысандарына қатысты анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде ретке келтіруді тапсырамын, – деген Нұралхан Оралбайұлы кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.
Жиында өңір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев есеп берді. Оның мәліметінше, облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен жабдықталу көрсеткіші 62,4% құрады. Оның ішінде, Түркістан облысында 85,5% халық немесе 563 елді мекен (69,7%) табиғи газбен қамтылып, өңірлер арасында 8 орында тұр.
Өткен жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы іске асырылды. Соның ішінде, 70 нысанның құрылысы аяқталып, 45 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болды. Бүгінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында табиғи газбен қамту деңгейі төмен. Ал, Созақ ауданы мүлдем газдалмаған. Қазіргі уақытта Созақ аудандағы АГТС мен елді мекендегі нысан құрылысы толығымен аяқталып, қосылу нүктесі Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны болғандықтан, жоба құрылысының аяқталуы күтілуде.
Сонымен қатар Түркістан қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газға сұраныс артуда. Қолданыстағы қуаттылығы 100,0 мың м3/сағ құрайтын №15 «Түркістан» АГТС-і жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қаланың табиғи газ қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша АГТС орнатуымен айналма газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда жобаның газ құбыры трассасының топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, мүдделі органдармен келісілуде. Жиын барысында жоспарлау, жоба әзірлеу бағытындағы кемшіліктер айтылып, тиімсіз жобалар ортаға салынды. Газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі талқыланып, шешу жолдары қаралды.
Облыс көлемінде 2018-2024 жылдар аралығында табиғи газбен қамту мақсатында 115 нысанның құрылысы аяқталды. Газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетіп, қамту деңгейі 69,7%-ды құрады. Нәтижесінде «көгілдір отынға» 1,8 млн. адам қол жеткізді. Биыл қосымша 45 елді мекенді газға қосып, қамту деңгейін 75,3%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар 1 ғасырға жуық тарихы бар Кентау жылу орталығы 85 пайызға тозған болатын. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды. 2025-2027 жылдар аралығында мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы газ турбиналы станцияның құрылысын жүргізу көзделуде.
Инвестиция көлемі – 148 млрд. теңге. Жоба арқылы 240 Мвт электр, 160 Гкал/сағ жылу қуаты өндіріледі.Биыл облыс аумағында 64 табиғи газ нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 38 нысанның құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, 34 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде жалпы табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 597-ге жетіп, қамту деңгейі 73,9%-ды құрамақ.Облыста жалпы электр энергиясына қажеттілік – 320 МВт, оның ішінде 80% сыртқы көздерден тасымалданады. Елді мекендердің 98% орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты электр энергиясын өзге де қуат көздерінен, яғни күн сәулесі панелі, дизелдьді генераторлардан алады.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бұл нысандар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және тұрғындардың әлеуметтік, мәдени, спорттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында салынды. Аудандағы Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық мәдениет үйі бой көтерді. Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйі қажетті техникалық жабдықтармен қамтылып, шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге толықтай бейімделген. Сонымен қатар ғимарат ішінде ауыл тұрғындарына арналған кітапхана қарастырылған.
Осы күні Алғабас ауылдық округіне қарасты Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Жобаны «Real Story Invest» ЖШС іске асырды. Спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Нысандар ауыл тұрғындары мен жастардың шығармашылық қабілетін, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Бұл нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, Төлеби ауданына қарасты Ханарық елді мекенінде стратегиялық маңызы бар жаңа көпір ел игілігіне берілді. Құрылысы 2018 жылы басталғанымен, мердігер мекеменің салғыртығынан құрылысы ұзаққа созылған нысанның ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ермек Сұлтанқұлов арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарға жүрекжарды лебізін білдіріп, көпірдің маңыздылығына тоқталды.
–Ханарық елді мекеніндегі көптен күткен, көпір құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру үшін жиналып отырмыз. «Бұл көпір – тек өткел емес, сенім көпірі, бірлік пен татулықтың символы. Нысан ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің дамуына оң әсер етеді деп сенеміз, – деген Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Облыстық бюджет есебінен бөлінген қаржыға ұзындығы 42 метр, ені 10 метр көпірдің құрылысын мердігер мекеме «АВС Group KZ» ЖШС жүргізді. Көпір Ханарық елді мекеніндегі 250 тұрғын үй мен 2 мыңға жуық азаматқа арналған.
Сондай-ақ, Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында коммуналдық салаға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсатта Отырар ауданына көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру үшін жаңа техникалар жеткізілді. Жаңа техникаларды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы коммуналдық қызмет саласының мамандарына табыстап, тұрғындарының өмір сапасы мен аудан тазалығын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Өткен жылдан бері елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы біздің ауданымызда да кең көлемде өткізіліп келеді. Бүгін қосылған жаңа техникалар – бұл облыс әкімдігі тарапынан берілген материалдық көмек қана емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы маңызды бастама. Бұл – ауданымыздың көркеюіне, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған үлкен қолдау деп білемін», деді.
Сондай-ақ шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қоғамдық кеңесі мен ардагерлер кеңесінің төрағалары Нұржан Дайрабаев пен Бектібай Арзықұлов техникалар тазалық жұмыстары мен коммуналдық қызметтерінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі. «Отырар – 2050» мекемесі бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде ауданды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мекеме тарапынан аймақтағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорнының балансына алынған тракторлар, қоқыс тасығыш сияқты жаңа үлгідегі техникалар мен тиегіш экскаватор аудан тазалығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды атқаруда оң септігін тигізеді.
Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Киелі шаһарда халықаралық «Voice of Turan – 2025»қазақ әндері фестивалі басталды. Фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және шетелден келген өзге де меймандар қатысты.
«Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Конкурс қатысушылары таныстырған бейнеролик көрсетілді. Биылғы ән додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртсан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис және Индонезия елдерінен кәсіби әншілер қатысып жатыр.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан фестиваль мақсаты – қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Сонымен қатар Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды таныта түсу.
Айта кетейік, 21 маусым күні фестиваль қатысушылары қазақ әндерін орындаудан бақ сынайды. Сонымен қатар еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров, Ерген Айтымбетов бар. Фестиваль қонақтары ретінде Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков және португалиялық әнші Лара Алейшо өнер көрсетеді.
Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасарының м.а М.Қожатайұлы, Департамент қызметкерлеріне жалпы жиналыс өткізді. Жиналыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді және Әдеп кодексінің нормаларының сақтау керектігін атап өтті.
Бұдан бөлек, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға қатысуды болдырмау бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасау қағидаларын, келісім жасау тәртібі туралы және сыбайлас жемқорлық тауекелдеріне, ішкі талдау жүргізу туралы қағидалары, кәде-сыйларды алудан бас тарту мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
« – Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. – деді Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасарының м.а М.Қожатайұлы,
Лудомания ойыны – жастармен ересектер арасындағы құмар ойындарға тәуелділік мәселелесі – қазіргі таңда өзекті болып отыр.Лудомания – ессіздік, ойынға құмарлық. Ойынға құмар жастар қолдарындағы соңғы ақшасын тігіп, үлкен қаражат көтерем деп сенеді. Алайда, ұтылып қалған соң, еңселері түсіп, өзін қоғамнан алшақтатып жібереді.Құмар ойыны- адам өмірінде басым роль ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкеледі.Құмар ойынның шырмауына түскен адамдарда түрлі ойлар жүреді. Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан. Құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелді адамдардың ішінде бар ақшаларын ұтылған соң таныс-тамырынан қарыз алып, несиеге батып, үйіндегі дүниелерін сатып, ақыры, қылмысқа баратындары аз емес. Сондықтан мамандар мен қызметкерлерге оның салдары мен кері әсерлері түсіндірілді.