Оқу бағдарламасы «Таза Қазақстан» құндылықтарымен толықтырылуда

ҚР Оқу-ағарту министрлігі елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық сипат алған «Таза Қазақстан» идеясын білім беру жүйесіне енгізу бағытында кешенді жұмыстарды бастады. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңесте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.

Министр бұл бағытта «Таза Қазақстан» бастамасы тұлға тәрбиесімен ұштастырылып, білім мазмұны жаңа құндылықтармен толықтырылатынын жеткізді. Жаңартылған оқу бағдарламаларына экологиялық мәдениет пен тұрақты даму мазмұны енгізілді. Жаратылыстану, физика, химия, биология, география, тіл мен әдебиет, адам және қоғам, технология және өнер пәндерінде экологиялық мәселелер, табиғатты қорғау, энергияны үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы зерттеу дағдылары кеңейтілді. Бұл өзгерістер оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын мінез-құлықты қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді.

«Біз бүгінде білім саласында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Оның негізінде – Заң мен Тәртіп, Еңбек адамы және «Таза Қазақстан» идеясы жүзеге асырылады. Үш идея қоғамды топтастыруға жұмыс жасайды. Ең алдымен, жаңа мазмұн сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта мектеп және мектептен тыс шаралар арқылы бұрынғыдан кең форматта жүзеге асырылады», – деді еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Министрлікпен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында алты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жастар арасында «Таза Қазақстан» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылды. Тұжырымдама аясындағы кешенді жұмыстарға оқушылармен бірге ата-аналар да белсенді түрде тартылуда.

Бүгінде «Жасыл балабақша» жобасымен 186 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектептерде 125 мыңнан астам оқушыны қамтыған 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» белсенді қызмет атқаруда. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, азаматтық жауапкершілікті арттыруға арналған 40 мыңнан астам баланы қамтитын жас натуралистер мен жас туристер станциялары бар.

Расында тазалық – тәрбиенің бастауы екені бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысының бастамасы мен аталған бағдарламадағы басым бағыттарға  Түркістан облысының және қаласының білім ордалары әрдайым қолдау танытып келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында белсенді түрде тазалық жұмыстары мен сенбіліктерді ұйымдастыруда.

Атап айтар болсақ, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі еліміздің мерейлі мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізді. Іс-шараға білім мекемесінің ер азаматтары белсене қатысты. Аталған акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін насихаттау және қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыру.

« – Осындай экологиялық бағыттағы игі істер туған жерге деген құрметті күшейтіп, қоғамдық белсенділік пен азаматтық жауапкершілікті нақты әрекеттер арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Тазалық – елдік сана мен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Таза Қазақстан – жарқын болашақтың кепілі!» – дейді мектеп ұжымы.

Сонымен қатар, Түркістан қаласының білім бөлімінің 08.12.2025 жылғы №41-03/4500 хатына сәйкес «№31 бастауыш мектеп-балабақша»  кешені коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2025 жылдың 20 желтоқсанда «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акция аясында сенбілік тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік жұмыстарына мектеп-балабақша қызметкерлері белсенділік танытып, өз үлестерін қосып, жауапкершілік таныта білді. Сенбілік арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру,ортақ іске жұмыла отырып,балалар үшін қолайлы әрі салауатты орта жасау басты назарда болды. Таза орта-сапалы тәрбие мен берекелі ұжымның негізі.

Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы тек экологиялық акция ретінде ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағытына айналып келеді. Соған орай білім беру саласында да үлкен өзгерістер жасалып, оқу-тәрбие бағдарламалары «Таза Қазақстан» құндылықтарымен жүйелі түрде толықтырылуда. Бұл жұмыстың басты мақсаты балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық сезімін тәрбиелеу, туған жерге жауапкершілікпен қарауды үйрету және тазалық, тәртіп, ұқыптылық құндылықтарын санаға сіңіру.

Бұл бағдарлама аясында қоршаған ортаны қорғау, экология, су мен жер ресурстарын сақтау, тазалық мәдениеті жөніндегі мазмұн кеңейтіліп енгізілуде. Мектептерде «Таза сынып – таза мектеп», «Жас эколог», «Менің таза аулам – менің жауапкершілігім» сияқты жобалар да іске асырылады деп жоспарланған. Экологиялық сананы қалыптастыру бағытында оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызы түсіндіріледі. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптау мәдениеті үйретіледі жіне су мен энергияны үнемдеу, туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыру бойынша насихат жүргізіледі. Бұл – тек мектеп қабырғасындағы жұмыс емес, өмірлік дағды қалыптастыруға бағытталған тұрақты тәрбие.

Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы тек акция емес, ұлттық құндылыққа айналуы тиіс идея. Оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер арқылы жалаң ұрандар емес, нақты тәрбиелік нәтижеге қол жеткізуге болады. Экологиялық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі зор, елінің болашағын ойлайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу –ортақ міндет болып табылады. Таза ойлы ұрпақ – Таза Қазақстанның негізі!

 

Білім ордалары – экологиялық тәрбиенің орталығы

Елімізде жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы – табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл игі іске еліміздің әр өңіріндегі білім беру ұйымдары – мектептер, колледждер мен оқу орындары – белсенді атсалысып, үлгі болатын деңгейде еңбек етіп келеді.

Мектеп – тек білім беретін орын емес, жас ұрпақты тәрбиелейтін, жауапкершілікке баулитын орта. Осы акция аясында білім ұйымдары сенбіліктер ұйымдастырып, мектеп аумағын, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалап және жас көшеттер егіп, көгалдандыру жұмыстарын да жүргізді. Сонымен қатар экология, табиғат қорғау жөнінде түсіндіру шараларын өткізді. Бұл жұмыстар оқушылардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті, табиғатқа жанашырлықты қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау білдірген Түркістан қаласында орналасқан білім ордалары да аптаның әр сенбісінде тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтар болсақ, Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Хамза атындағы N2 жалпы білім беретін мектебінде 2025 жылдың 20 желтоқсан күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, аталған шараға мектеп ұжымы, кіші қызметкерлер белсене қатысып, мектеп ауласын жапырақтар мен қоқыстан тазартып, тәртіпке келтірді.

Сенбіліктің басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті көбейту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және ұжымдық жауапкершілікті арттыру болды.

«- Мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, мектебіміздің тазалығы мен көркіне ортақ жауапкершілікті арттыра түседі.Таза табиғат-денсаулық негізі.Өз қаламыздың, білім ордамыздың табиғатын көркейтуге үлесімізді қосайық! Сенбілікке атсалысқан ерікті ұстаздар және кіші қызметкерлерге белсенділігі мен табиғатқа деген жанашырлығы үшін алғыс айтамыз!!» – дейді білім ордасының басшылығы.

Сонымен қатар, Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты «Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 20 желтоқсан күні «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында мектеп аумағында сенбілік тазалық жұмыстарын өткізді. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Мектеп ұжымы және кіші қызметкерлер де сенбілікке белсене атсалысты.

Сондай-ақ, шахардағы “Әл-Фараби атындағы N10 жалпы білім беретін мектебінде де “Таза Қазақстан” экологиялық жобасы аясында әр аптаның сенбісінде тазалық жұмыстары жүргізіледі. Кезекті тазалық шарасында мектеп қызметкерлері ғимараттың ауласы мен жақын орналасқан көшелерді қоқыстардан тазартты. Мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері қоршаған ортаның ластанбай таза болуына өз үлестерін қосты.  Сенбілік — бұл қоғам болып жиналып, қоршаған ортаны тазалау, абаттандыру үшін өткізілетін ерікті еңбек күні. Мақсаты — тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру.

Одан бөлек, бұл күні «М.Маметова атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Түркістан қалалық білім бөлімінің 08.12.2025 жылғы №41-03/4500 санды хатын басшылыққа ала отырып,«Таза Қазақстан» акциясы аясында мектеп ауласына ұжым мүшелері сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Сенбілік барысында қоқыстардан, ағаш жапырақтары мен шөптерден таратылды.

Аталған акцияға  Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы да өз үлесін қосты. Іс-шара барысында оқу ордасының ауласы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ағаштардың түскен жапырақтары жиналды. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бұл игі іске ұжым мүшелері белсене атсалысты. Тазалық пен жауапкершілікті басты құндылық ретінде ұстанған барша әріптестерге мектеп басшылығы шынайы алғыстарын білдірді.

Тазылық жұмыстарына кейде өз еріктерімен оқушылар да белсенді түрде атсалысады. Бұл қуантарлық нәтиже, себебі акция кезінде оқушылар таза орта үшін өз еркімен еңбек етеді, жасөспірімдер қоғамдық жауапкершілікті сезінді, “тазалық – әркімнен басталады” деген түсінік нығайды және  ұжымдық еңбек, ұйымшылдық, бірлік арта түседі. Осылайша балалардың табиғатты қорғауға деген көзқарасы өзгеріп, экологиялық мәдениет деңгейі жаңа сатыға көтерілді.

Бұл тұста мұғалімдер мен ата-аналардың қолдауы да ерекше. Олар ұйымдастырушылық жұмыстарды үйлестіріп, балаларға үлгі көрсетеді. Түсіндірме, насихат шараларын да жүргізеді.Осының нәтижесінде “Таза Қазақстан” акциясы тек науқандық емес, үздіксіз жалғасатын игі дәстүрге айналып келеді.

“Таза Қазақстан” акциясына білім ордаларының қосқан үлесі – мемлекет бастамасына жасалған қолдау ғана емес, болашақ ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыру жолындағы үлкен қадам. Табиғатты аялаған ұрпақ – елдің ертеңі. Сондықтан білім ұйымдарының белсенді еңбегі – еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне қосылған нақты үлес деп толық айтуға болады.

«АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ» ҚОРЫҒЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Туризм – өңірдің экономикасын нығайтып, әлеуметтік-мәдени дамуына серпін беретін маңызды сала. Түркістан облысы табиғи байлығы мол, көрікті таулы және тарихи-мәдени мұрасы терең аймақ болғандықтан, туризмді дамытуға үлкен мүмкіндікке ие.Өңірде осы саланы дамыту үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Түркістан облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекрациялық мақсатта 30 туристік соқпақ пен маршруттар құрылған. Соның бірі – «Ақсу-Жабағылы» қорығы.

Қорық аумағында 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл соқпақтар арқылы таулардың әсем табиғатын, өсімдіктер дүниесін тамашалап қана қоймай, жабайы жан-жануарлармен жиі ұшырасуға болады. Атап айтқанда, жабайы шошқа, Сібір тауешкісі, Түркістан сілеусіні сияқты тағы басқа аңдар осы қорық аумағында мекен етеді. Сондай-ақ мұнда сирек кездесетін жануарлар – Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау ешкісі, Тянь-шань және Қаратау арқарлары және қар барысын кездестіруге болады.

1926 жылы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. 2026 жылы қорыққа 100 жыл толады.

Мамандардың айтуынша, қорықтың фаунасы мен флорасы 2457 өсімдік пен жануардан тұрады. Қорықта құстардың 267 түрі, сүтқоректілердің 52 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 32 түрі, қосмекендердің 267 түрі кездеседі. Мұнда қорғауды қажет ететін жануарлар мен құстардың сирек түрлері кездесетін болғандықтан оларды қорғап, табиғи қалыпта сақтау мақсатында күзет инспекторлары қызмет етуде. Қорық аумағын 28 мемлекеттік инспектор күзетеді. Атап айтсақ, 1 күзет қызметінің бастығы, 1 өрт сөндіру станциясының басшысы, 11 жедел топ мемлекеттік инспекторы бар. Сондай-ақ 1 байланыс инженері, 2 бас орманшы, 12 кордон инспекторы жұмыс істейді. Қорықта сұғанақтықпен күресу мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.

Сондай-ақ қорық кеңсесінде жабайы аң-құстарға арналған музей орналасқан. Өткен жылы қорық 2500 турист қабылдаған. Елімізден бөлек өзге шетелдерден туристер келген. Бүгінгі таңда Жабағылы ауылында қорықтың 10 адамға арналған қонақүйі мен жеке кәсіпкерлердің қонақүйлері жұмыс істейді. Әсіресе, жаз айларында туристердің саны артады. Негізі, қорық аумағында туризм саласы дамыса, ең алдымен өңір экономикасына тікелей пайда әкеледі. Жаңа жұмыс орындары ашылады, қызмет көрсету сапасы жақсарады, шағын және орта бизнес өркендейді. Қонақ үйлер, демалыс орындары, қоғамдық тамақтану орындары, көлік және сервистік қызмет түрлері дами түседі. Бұл – халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың нақты жолы.

Табиғи туризм, экотуризм бағыттарының дамуы да маңызды. Ақсу–Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі сияқты бірегей табиғи аймақтар экотуризмді жандандыруға зор мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, туризм Түркістан облысы үшін тек экономикалық емес, әлеуметтік, мәдени және рухани тұрғыдан да маңызды сала. Бұл бағытты жүйелі түрде дамытып, инфрақұрылымды нығайту, сервистік қызмет сапасын арттыру – өңірдің болашағы мен беделін өсіретін басты міндеттердің бірі.

Таза Қазақстан – әрбірімізден басталатын үлкен міндет

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі түрде тазалық жұмыстары және сенбілік іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Оған зиялы қауым өкілдері де, мемлекеттік қызметшілер де, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен шахардың тұрғындары да белсенді түрде атсалысып келеді. Президент бастамасын жақсылыққа балайтын жандардың пікірі де қазіргі Түркістанның өркендеуімен үндеседі.

Мәдениет қараткері Ұлжан Мұстафаева:

« – Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Оған, жалпы, облыс көлемінде оған 50 мыңнан аса тұрғын қатысып, 17 мың ағаш көшеті егілді. Экологиялық бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қолдау білдіріп, Түркістандағы «Парасат» саябағы аумағында көшет отырғызды. Аға буын мен зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесіп, аймақты көгалдандыру, жасыл желекті көбейту маңызды екенін жеткізді. -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бәріміз үшін маңызды. Қоршаған орта таза болса, қоғам тазарады. Ағаш егіп, айналаны таза ұстау әрбір тұрғынның міндеті болуы керек. Бүгінгі экологиялық іс-шараде белсенділік танытқан ардагерлерге, жастарға, тазалық мекемесінің қызметкерлеріне, тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. «Парасат» саябағында 120 көшет отырғызылып, жасыл желек аумағы ұлғая түсті. Мен де көрікті қаламыздың тұрғыны және мәдениет қайраткері ретінде белсенділік танытып, қаладағы ардагерлер мен аға буын өкілдері, аналар алқасының мүшелерімен бірге іс-шараға арнайы қатысқан болатынмын. Мақсатым – туған қаланы жайқалтуға үлес қосу. Қаламыздың тазалығы мен көркеюіне себепкер болатын акцияға немеремді де ертіп бардым. Себебі біздің  ұрпағымыз еліміздің болашағы. Олар осындай игі істерді санасына сіңіруі тиіс. Туған жеріне жақсылық жасауды, тазалық мәдениетін білуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар, барша түркістандықтарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына үлес қосуға шақырамын!»

Түркістан қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнұр Жангелдіқызы:

 « – Мен – осы елдің, оның ішінде киелі мекен, мәдени-рухани астанамыз Түркістан қаласының тұрғынымын. Соңғы жылдары туған қаламның қалай жаңарып, өзгеріп, көркейіп жатқанын күн сайын көзіммен көріп келемін. Бұрын қарапайым шаһар болып көрінетін Түркістан бүгінгі таңда әдемі сәулеті бар, заманауи инфрақұрылымы дамыған, таза әрі жайлы қалаға айналды. Бұл – әр тұрғын үшін мақтаныш, әр жүрекке қуаныш. Қайта түлеген Түркістанның жаңа бейнесі,қала көшелерінің кеңейтіліп, абаттандырылуы, аулалардың тәртіпке келтірілуі, демалыс орындарының көбеюі Түркістанның көркін айрықша айшықтады. Жаңа саябақтар, гүлзарлар, жарық шамдармен көмкерілген аллеялар – қаланың ерекше келбетін қалыптастырды. Ең бастысы тазалық – қала мәдениетінің айнасы ғой. Қуантатыны – тек биліктің жұмысы емес, тұрғындардың да сана-сезімі өзгеріп келеді. Адамдар көшеге қоқыс тастамауға, өз аулаларын таза ұстауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға үйреніп жатыр. Мектеп оқушылары, жастар, қоғамдық ұйымдар ұйымдасқан түрде сенбіліктер өткізіп, «Таза қала – ортақ жауапкершілік» деген түсінік қалыптасты. Түркістанның қазіргі көрінісі – осы бірліктің, ұйымшылдықтың нәтижесі.»

Түркістан қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ақерке Айдарқызы:

« – Түркістан тек әсемдігімен ғана емес, рухымен де ерекше. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен тарихи орындар қаланың рухани тынысын сақтап тұр. Ежелгі тарих пен қазіргі заман үйлесім тапқандай. Таза қала – таза сана, тәртіп пен мәдениеттің белгісі екенін Түркістан дәлелдеп отыр. Қарапайым тұрғын ретінде баламыз таза, әдемі қалада өсіп жатқанына, қонақ келгенде ұялмай көрсетер шаһарымыз бар екеніне, күн сайын жаңарып, көркейіп жатқан Түркістанға шын жүректен қуанып, мақтанамыз. Бүгінгі Түркістан – тазалықтың үлгісі, жүйелі еңбектің нәтижесі, келешекке сенім сыйлайтын қала. Таза қала – тек жақсы көрініс емес, ол – мәдениет, тәрбие, жауапкершілік. Осы жолдан таймай, бірге еңбек етсек, Түркістан одан әрі көркейе беретініне сенемін. Әсем Түркістан – баршамыздың ортақ мақтанышымыз!»

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Жарынбек Құлбайымбетов:

« – Соңғы жылдары елімізде көтеріліп жатқан “Таза Қазақстан” бастамасы мен үшін жай ғана акция емес, қоғамдық сананы оятатын, елдің мәдени деңгейін көрсететін үлкен қозғалысқа айналды. Өйткені тазалық – тек аула тазалау емес, ол – тәрбие, жауапкершілік, ұрпаққа деген аманат. Табиғатқа құрмет – болашаққа қамқорлық. Біз табиғаты көркем, кең далалы елде өмір сүріп отырмыз. Бірақ кейде өз қолымызбен табиғатқа зиян келтіріп, қоршаған ортаға салғырт қарап жататынымыз жасырын емес. Жол бойындағы қоқыс, лас өзен, күтімсіз аула – бәрі өз мәдениетіміздің айнасы. Сондықтан “Таза Қазақстан” бастамасы ең алдымен бізді ойландырды. – Біз осындай елде өмір сүргіміз келе ме? – Балаларымызға қандай жер қалдырғымыз келеді? Жауабы анық – таза, көркейген, жайлы Қазақстан! Қуантатыны – халықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Ауылда да, қалада да тұрғындардың бірігіп сенбілік жасауы, мектеп оқушыларының, жастардың белсенділігі, қоғамдық ұйымдардың атсалысуы – үлкен өзгерістің белгісі. Қазіргі кезде  көшелер тазалануда, саябақтар абаттандырылуда, су көздерін қорғау ісі күшейтілуде және қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптасуда. Бұл – науқандық шара емес, тұрақты үрдіске айналуы тиіс дәстүр. Менің ойымша, ең үлкен тазалық – әрбір үйдің, әр адамның жауапкершілігінен басталады. Егер әркім өз ауласын таза ұстаса, көшеге қоқыс тастамаса, табиғатты бүлдірмесе жіне бейжай қарамаса, онда бүкіл елдің келбеті өзгереді. “Меннен не өзгереді?” деген түсінік енді болмауы керек. Себебі үлкен өзгеріс – шағын әрекеттерден басталады. Балаларға қалдыратын ең үлкен мұра біз не деп ойлаймыз? Біз баламызға байлық, дүние қалдырғымыз келеді. Бірақ ең үлкен байлық – таза ауа, таза су, жасыл табиғат. Егер біз бүгін табиғатты қорғамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан “Таза Қазақстан” – тек бүгінгі міндет емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Менің бұл ретте айтарым Таза Қазақстанды билік те, ұйым да, бір адам да жалғыз жасай алмайды. Оны бәріміз бірігіп жасаймыз. Әрқайсымыз өзіміз тұрған жерден бастап үлес қосайық. Тек сонда ғана еліміз шын мәнінде таза, көркейген, жайлы мемлекетке айналады.»

3 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСЫП, 11 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛГЕН СЕНБІЛІК

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» аясында Сарыағаш ауданындағы «Айырылмас» этно-мәдени саябағында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер және еріктілер қатысты.

« — Бүгін бізді біріктіріп тұрған — қоғамның белсенділігі. Әрбір тұрғынның ықыласы мен еңбегі ауданымыздың келбетіне қосылған нақты үлес. Табиғат – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сарыағаш – табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан тазалықты сақтау – өңіріміздің көркін арттыру, болашақ ұрпаққа үлгі болу. Баршаңызды тек сенбіліктерде ғана емес, күнделікті өмірде де тазалыққа мән беруге, қалдықтарды сұрыптауға және қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырамын. Біріккен еңбек қана үлкен нәтижеге жеткізеді. Бүгінгі сенбілік Сарыағаш ауданын одан әрі көркейтіп, жайлы болуына ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға еңбектері үшін алғыс айтамын. Ортақ үйіміз – Қазақстанды таза ұстайық,» — деді облыс басшысының бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Сенбілік барысында 11 мыңға жуық ағаш көшеттері таратылып, қатысушылар тарапынан егілді. Сонымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 1000-ға жуық қап, қолғап, тырма, күрек секілді құрал-жабдықтар берілді. Аудан бойынша 3000-нан астам тұрғын сенбілікке белсене қатысып, қоршаған ортаны абаттандыру мен тазартуға үлес қосты.

Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техникалар жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы және оған қарасты 13 ауылдық округте республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, ішкі көшелер мен қоғамдық орындарда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, арамшөптер шабылды, қураған ағаштардың бұтақтары кесілді. Арық-атыздар тазартылып, саябақтар мен скверлер ретке келтірілді. Жасыл желекті көбейту мақсатында қосымша ағаштар егілді.

Айта кетсек, сенбіліктің негізгі мақсаты — аумақты көгалдандыру, көшелер мен саябақтарды, арықтарды және демалыс орындарын қоқыстан тазарту, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.