Төлеби ауданына қарасты Алатау ауыл округі бүгінде туризм саласында қарқынды дамып, өңірдегі ең белсенді әрі әлеуеті жоғары ауылдардың біріне айналып отыр. Ауыл аумағында қазіргі таңда 200-ден астам демалыс орны жұмыс істейді.
Ежелден тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы мен егіншілік болса, бүгінде туризм ауыл экономикасының маңызды әрі табысты саласына айналды. Еңбекқор ауыл халқының арқасында Алатау округі қысы-жазы демалушылар үзілмейтін, сұранысы жоғары туристік аймаққа айналып отыр. Ірі кәсіпкерлерге тиесілі жекеменшік демалыс орындарының Төлеби ауданына тіркелуі нәтижесінде Алатау округінің бюджетіне түсетін салық көлемі де жыл сайын артып келеді.Бұл туралы Алатау ауыл округінің жас әрі іскер әкімі Айсұлтан Ділдәбаев мәлімдеді.
« – Төлеби ауданының Алатау ауылдық округі бүгінде туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі саналады. Ауылдық округ аумағында екі жүзге жуық демалыс орындары мен туристік нысандар жұмыс істейді.Өзіндік табиғатымен ерекшеленген аймақтарымызда экологиялық туризмнің де аяқ алысы жаман емес. Бұл орындар өңір экономикасының дамуына, туристер ағымының артуына және инфрақұрылымның жақсаруына айтарлықтай үлес қосуда. Ең қуантатыны – аталған демалыс орындарында жергілікті тұрғындардың көпшілігі еңбек етеді. Бұл өз кезегінде ауыл азаматтарының тұрақты табыс табуына, жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік тұрмысының жақсаруына үлкен мүмкіндік беріп отыр.Туризм саласының дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету сапасының артуына, ауыл экономикасының жандануына, өңірдің танымалдығының артуына ықпал етуде.» – дейді Алатау ауыл округінің әкімі Айсұлтан Ділдәбаев.
Алатау ауылдық округіндегі жобалар мен жаңа бастамалар – «жергілікті тұрғын – жергілікті экономикаға үлес қосушы күш» қағидатын нақты дәлелдеп отырған жарқын мысал. Бүгінде округте 9 241 тұрғын, 1 554 тұрғын үй бар. Елді мекенде инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ауыл аумағында өндірістік зауыт жұмыс істеп тұр, ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы кәсіпорында тұрақты еңбекпен қамтылған.
« – Ауылдағы өндіріс ошағы – тұрақты жұмыстың кепілі. Ауыл аумағында қазіргі таңда өндірістік зауыт тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорын өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы зауытта тұрақты жұмыспен қамтылған. Көптеген отбасының табыс көзі осы өндіріс ошағына байланысты, ал тұрақты жұмыс – тұрақты тұрмыс деген сөз. Бұл ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң әсер етіп отыр. Өндірістің дамуы халықтың әл-ауқатының көтерілуіне және жастардың ауылдан көшпей, осында еңбек етуіне, жергілікті инфрақұрылымның жандануына мүмкіндік беруде.» – дейді ауыл әкімі.
Биыл округте ауыз су жүйесі толықтай тартылып, бірқатар көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауылдың тазалығына жауапты арнайы техникалар бар, көшелердің көркі мен тазалығына ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов, Ақтоғай және Шалқар көшелеріне асфальт төселді. Бұған дейін бұл көшелерде қиыршық тас қана төселіп, тұрғындар үшін айтарлықтай қолайсыздық туғызған еді. Қазіргі таңда жолдардың сапасы жақсарып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға қолайлы жағдай жасалды.
« – Инфрақұрылым жаңарып, ауыл келбеті жақсаруда. Биыл ауылдық округте тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауыз су жүйесі толықтай тартылып, халықты сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамту мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар, бірқатар көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, автомобиль қатынасы жақсарып, ауылішілік инфрақұрылым жаңа деңгейге көтерілді. Тазалық – тәртіп пен мәдениеттің көрсеткіші. Осы бағытта округте арнайы тазалық техникалары мен қызмет көрсететін мекемелер жұмыс істейді. Көшелердің көркіне, тазалығына, көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше көңіл бөлініп, ауылдың сыртқы бейнесі айтарлықтай жақсарды. Бұл жұмыстардың барлығы – халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жүйелі саясаттың жемісі. Алдағы уақытта да ауылды көркейту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғасын таба береді.» – деген Айсұлтан Ділдәбаев Алатау ауыл округінде жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылатынын атап өтті.
