Қазіргі таңда рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажеттігі күн тәртібіндегі мәселелер қатарында. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
« – Төлеби ауданы — экотуризмді дамытуға зор әлеуеті бар өңір. Табиғи ресурстар, өсіп келе жатқан туристік көрсеткіштер, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары мен әлеуметтік-экономикалық пайда бұл бағыттың болашағы жарқын екендігін көрсетеді. Аудандағы экотуризм экожүйені сақтай отырып, жергілікті қоғам үшін табыс пен даму мүмкіндігін арттыра алады. Бұл аймақ экологиялық туризмді дамытуға аса қолайлы ғана емес, Қазақстандағы экотуризм орталықтарының біріне айналу мүмкіндігі жоғары аумақ ретінде бағалануда. Соңғы жылдары ауданда табиғатты қорғау мен туризмді үйлестіре отырып дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдары Төлеби ауданына келетін туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Әсіресе, таулы және экологиялық бағыттағы демалысқа қызығушылық жоғары. Ауданда туризм саласынан түсетін табыс аймақ экономикасына оң ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде.» – дейді, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов.
Соңғы жылдар аралығында Төлеби ауданына шамамен 50 мыңға жуық турист келіп, оларға 662,4 млн теңгеге қызмет көрсетілгені белгілі. Бұл көрсеткіш туризм саласының экономикаға белсенді әсер етіп жатқанын көрсетеді. Облыс әкімдігінің деректері бойынша туризм саласында инвестициялар да артып келеді: демалыс орындары мен туристік инфрақұрылымдар саны ұлғайып, ауданға келушілер саны өсуде. Өңірдегі таулы, қыратты алқаптар, өзен-көлдер мен тау бөктеріндегі иірімді жолдар, түрлі биіктікте орналасқан табиғи ландшафттар аудандағы табиғатты зерттеуге, серуендеуге және фотосессияларға таптырмас орындар қатарында. Бұл табиғи ресурстар экологиялық экскурсиялар мен жаяу серуен маршрутарын ұйымдастыруға өте қолайлы.
Қазіргі таңда экотуризмді дамыту үшін Төлеби ауданының әкімдігі мен туризм ұйымдары бірқатар маңызды қадамдар жасап жатыр. Атап айтар болсақ, жергілікті билік пен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ауылдық қауымдастықтарға негізделген экотуризмді дамыту бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Жоспарланған жобада табиғи парк аумақтарында туристік бағыттар мен рекреациялық аймақтарды кеңейту, жол салу және инфрақұрылымды жақсарту сынды бағыттар көрсетілген. Одан бөлек ауданның басқа да ауылдық жерлерінде жолдардың жөнделуі, орналастыру орындарының санының артуы сияқты жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар келушілерді тартуға және қызмет көрсету деңгейін жақсартуға бағытталған. Мысалы, 2025 жылға дейінгі жоспарда туризм саласында құны 4,5 млрд теңге болатын 10 жоба іске қосылып, туристер санын 55 000-ға жеткізу көзделген. Бұл экономикалық көрсеткіштің одан әрі өсуіне мүмкіндік береді.
«-Экотуризм – тек саяхат емес, табиғатты сақтау мәдениетін қалыптастыратын, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрететін маңызды бағыт. Төлеби ауданы аумағында орналасқан «Сайрам–Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, таулы аймақтар, таза өзен-көлдер, ерекше флора мен фауна – экотуризмнің негізгі базасы болып табылады. Ұлттық парктің бір бөлігі рекреациялық және туристік мақсатта пайдалануға берілген. Туристер үшін арнайы соқпақтар, демалыс алаңдары, табиғатты бақылауға арналған алаңшалар жұмыс істейді. Бұл табиғатты бүлдірмей тамашалауға жағдай жасайды. Төлеби ауданының табиғи келбеті – оның ең үлкен артықшылығы. Мұнда тау шатқалдары мен жасыл алқаптар, мөлдір бұлақтар мен өзендер, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі орналасқан. Бұл ресурстар тек туристерді тартумен шектелмей, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен экологиялық білім беруге де зор мүмкіндік береді. Экотуристік бағыттарда табиғатты тану экскурсиялары, жаяу серуендеу, тау туризмі, фото-туризм, балалар мен жастарға арналған экологиялық білім беру жобаларын дамытуға болады.» – дейді, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері.
Экотуризмді дамыту тек табиғи ресурспен шектелмейді, оған қолайлы жағдай жасау да маңызды. Осы мақсатта ауданда туристік бағыттарды белгілеу және қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, демалыс орындарын, қонақ үйлерді, эко-лагерьлерді көбейту мен жолдарды жақсарту, бағыттаушы ақпараттық тақталар орнату, сонымен қатар экологиялық талаптарды күшейту және табиғатты қорғауды тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындарды туризм саласына тарту, ауыл шаруашылығымен қатар сервистік қызмет түрлерін дамытуға жағдай жасалуда. Бұл ауылдардың да экономикасына қосымша табыс көзі болып саналады.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы экотуризмді дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие. Табиғи байлықтар мен қорық аймақтары, өсіп отырған туристік көрсеткіштер және өңірлік билік тарапынан қолдау экотуризмнің дами түсуіне мүмкіндік береді. Ал, Төлеби ауданы экотуризмді дамытуға барлық табиғи, географиялық және әлеуметтік мүмкіндігі бар өңір. Табиғатты сақтай отырып, туризмді дамыту – аймақтың болашағына салынған инвестиция. Экотуризмнің дамуы өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, табиғи байлықты қорғауға, жас ұрпаққа экологиялық жауапкершілік қалыптастыруға зор үлес қосады.
