ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Кездесуде облыста жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Облыс әкімі өңірді дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығында терең өңдеу саласын дамыту, индустриалды аймақтарда өндірісті өркендетуге мүмкіндіктер мол. Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс орындарын көбейтуге мүдделіміз, – деді Нұралхан Көшеров.
«Qingdao Wanlin» компаниясының басшысы Яньтао Ли инвесторларға қолайлы мүмкіндік жасаған облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, жаңа жобаларымен таныстырды. Сонымен бірге арнайы келген инвесторлармен таныстырып, олар да Түркістан облысында өндірісті дамыту бағытындағы жобаларға атсалысатындарын жеткізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар салу, үй жануарларына арналған жем шығару кәсіпорнын ашу, өндіріс орындарын ашу, туризм бойынша Орталық Азиядағы ең үлкен аквапарктердің бірін салу және өзге де жобаларды ұсынды. Бұл бастамалар толық зерделеніп, тиімділігіне қарай жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 11 ай нәтижесімен негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция бағытталып, өсім 123%-ды құрады Жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды. Былтыр 11 айда 44 жоба іске қосылып, 6 637 жұмыс орны ашылды.

ІІМ: Өткен жылы іздеуде жүрген 1600-ге жуық қылмыскер ұсталды

2025 жылы халықаралық ынтымақтастық белсенді түрде дамыды. Қазақстан аумағынан тыс жерлерде соттан бой тасалап жүрген 156 қылмыскер ұсталды. Сонымен қатар ел аумағында ТМД елдері мен алыс шет мемлекеттердің сұрауы бойынша іздеуде болған 639 адам қолға түсті.

Бұл мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен жедел ақпарат алмасудың тиімділігін айқын көрсетеді. Ішкі істер министрлігі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Қылмыскерлерді іздестіру және ұстау — ведомство қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. 2025 жылы түрлі қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 1 600-ден астам адам ұсталды.

Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2025 жылы жоғалған деп есептелген 20 мыңнан астам адамның жүрген жері анықталды, олардың 6 мыңнан астамы — балалар.