ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал ет импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын мәлімдеген болатын. Осы орайда Президент Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы ет экспорттайтын ірі елге айналуына толық әлеуеті бар екенін атап өтті. Бұл міндет ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамытуға бағытталған нақты жобалар арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аталған тапсырма аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында 20 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Жоба жеке инвестордың бастамасымен жүзеге аспақ. Кәсіпкер 20 гектар жерге 8 млрд теңге инвестиция құйып, заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды көздейді. Жобада қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуын болдырмайтын экологиялық қауіпсіз шешімдер қарастырылған.

Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы да назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берді.

Кездесу кезінде тұрғындар ауылішілік инфрақұрылымды жаңарту, мектеп пен мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі:

– Ауылда кәсіпкерлік дамыса, салық түсімі артады. Салық көлемінің өсуі – ауыл бюджетінің ұлғаюына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде жол салынып, мектеп пен мәдениет нысандары бой көтереді. Сондықтан біз кәсіпкерлікті қолдауға мүдделіміз. Мұндай жобалар ауылдың дамуына нақты серпін береді, – деп атап өтті.


Сондай-ақ жайылымдық жерлер мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын түсіндірді. Сонымен қатар кәсіп бастауды көздеген жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетіні айтылды.

Инвестор өз кезегінде бордақылау алаңының санитарлық-қорғау аймағы, экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды өңдеу жүйесі және иіс шығармайтын заманауи технологиялардың қолданылуы жөнінде толық ақпарат берді. Жоба іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Жалпы, бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, аудан экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

ПАРЛАМЕНТТІ ҚҰРЫЛТАЙ ДЕП АТАУДЫ ҰСЫНУ РУХТЫ ТЕРБЕТТІ.

Ақ күріштің отаны саналған Қызылорданың төрінде өткен Құрылтайда бұған дейін өткен төрт Құрылтайдағы айтылған ұсыныстардың орындалу нәтижелеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір шолу жасап барып, негізгі бағдарларға тоқталды.

Қызылордадағы Құрылтайдан жұртшылық көп жаңалық күтті. Ең бастысы Конституцияға енетін өзгерістерді білгіміз келетінімізді жасыра алмаймыз, оның ішінде бір палаталы Парламент мәселесі әрине асыға күттік. 2022 жылғы Бүкілхалықтық референдумда Конституциямыздың 33 бабы жаңарды,оған дауыс бердік. Енді уақыт бір орында тұрмайды, әлемде геосаяси жағдай тұрақсыз, сондықтан елдің қарқындап дамып, тәуелсіздігімізге нұқсан келмей, нығайа түсуі үшін заң шығарушы биліктегі депутаттарымыздың саяси жігерлілігі, жан-жақты мықтылығы, біліктілігі, тәжірибелі болуы қажет екеніне көз жетті

Ата заңға енетін өзгерістердің ауқымы кеңдігін ескере отырып Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия, Халықтық кеңес құру туралы Жарлық шығаратынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы комиссия жұмысының қорытындысы бойынша бүкілхалықтық референдум өту уақытын белгілейтінін айтты. Тиімді өзгерістер әркезде дамудың кілті. Саяси жүйенің жаңғыруы, мемлекет мүддесін қорғайтын, халықтың қамын ойлайтын әділ билік, баршаға бірдей тең көзқарас қашанда тұрақтылықтың арқауы.

Мемлекет басшысының Құрылтайда Конституциямызға Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат тұтып оған жетуді енгізу туралы акцент беруі шынайы патриотизмнің көрінісі .Халық бағзы заманнан-ақ ащы да болса шындықты етіне жақын санайды. Парламенттегі Президент квотасының алынып тастау ұсынысы бұл Президенттің айқын әділ ұстанымы,өзіне сенімділігі, кәсіби Парламенттің жасақталуына берілген жаңа мүмкіндік.

Мемлекет басшысының сөзінің бірден-бір өзіме ой салған тұсы патриотизм мәселесі болды. Патриотизм туралы көп айтуға болады, оның тірелер тұсы қані? Кешегі кеңес дәуірінде ұрандатқан жалаң патриотизм болды бәріміз мойындаймыз. Ол кезде де отаншылдық, елжандылық ,мәдени ортаға, туған жерге сүйіспеншілік терминдері болды, бірақ олар интернационализммен астарласып жатты, еңбек адамын қадірлеу де болды, еңбек адамдары Жоғары Кеңесте де отырды, бірақ одан пайда шамалы болды. Маманның аты маман,”тауық сойса да қасапшы сойсын “деген.Патриотизм бүгінде жаңа сипатқа ие болуда, адамгершілік, патриоттық сананы қалыптастыру, бойыңдағы ақыл мен білімді ел игілігіне жұмсау. Бүгінде патриотизм психологиялық саяси-әлеуметтік ортада қалыптасатын құбылыс- терең сана. Сондықтан өскен ортасы қандай екен деп сұрап жататыны қазақтың жәй емес. Әсіресе жасанды интеллект дамыған дәуірде әрбір қазақстандықтың жүрек дүрсілінің Отан деп соғуы алынбайтын қамал, көшпейтін бақ. Қазақстандық бірлік пен межелі тірліктің үндестік табуы патриоттық иммунитеттің мықтылығында. Ал, Мемлекет басшысының Құрылтайда Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынуы руханиятқа деген құрметтің биігі, елжандылықтың сұлтаны болды.

“AMANAT “ партиясы филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары,облыстық мәслихат депутаты,облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі