ТӘРТІП ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ.

«Қазығұрт», «Қапланбек», «Бауыржан Қонысбаев» және «Атамекен» – бұл жай ғана кеден бекеттері емес, Қазақстан экономикасының шекарадағы стратегиялық тіректері. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кеден бекеттерінде анықталған кемшіліктерді назарға алып, 16 ақпан күні осы салаға жауапты мекеме басшыларының баяндамасын Түркістан қаласында өтетін тұрақты комиссия отырысында тыңдайтын болады. Осыған орай, аталған мәселені зерттеу және дайындау бойынша Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтің Өкімімен уақытша депутаттық комиссия құрылды.

Комиссия төрағасы – облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков. Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясының мүшелері – Дулат Әбіш, Инара Намазбаева, Алтынсары Үмбетәлиев, Бекжан Айтқұлов, Нұржан Жамалбеков, Жәнібек Сүлейменов, Ержан Үсентаев шекаралық кеден бекеттерін аралап, өткізу жүйесінің жұмысымен, жаңғырту барысымен және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.

 

Қазіргі таңда Түркістан облысының аумағында барлығы 8 кеден бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде бірқатары жаңғыртудан өтіп, заманауи техникалық құралдармен және цифрлық жүйелермен жабдықталған.

«Қазығұрт» – транзитке серпін берген қақпа. Кеден бекеті 2025 жылдың 12 желтоқсанында қайта іске қосылған. Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған уақытша комиссия мүшелері алдымен жаңғыртудан өткен аталмыш бекетте болды. Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды дәлізде орналасқан бұл нысан бүгінде өңір экономикасының тірегіне айналып отыр.

Жаңғырту нәтижесінде бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейіп, жүк көліктеріне арналған жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін артты. Заманауи сканерлеу, радиациялық бақылау және автоматтандырылған тіркеу жүйелері енгізілген.

Өткізу қабілеті тәулігіне 250 көліктен 1 000 жүк көлігіне дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2025 жылдың 11 айында экспорт көлемі 57 пайызға өсіп, бекет арқылы өткен жүк ағыны айтарлықтай артқан.

Депутаттар «Қазығұрт» кеден бекетіндегі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеу себептерін нақтылап, нысан ішіндегі анықталған олқылықтарды мердігер мекеме қайта қалпына келтіріп жатқанын жеткізді.

Қазақстанның оңтүстік қақпасына айналған «Қапланбек» кеден бекеті – адам мен көлік ағыны ең тығыз нысандардың бірі. Жаңғыртудан кейін бекет тәулігіне 50 мыңға дейін жолаушы қабылдай алатын заманауи хабқа айналды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 10 мың адамды құраған.

Түркістан облыстық мәслихатының бір топ депутаты бекетке арнайы барып, жаңғырту жұмыстарының сапасын және шекарадан өту барысын бақылады. Бүгінде барлық рәсімдер толық цифрландырылып, «Бір терезе» қағидаты енгізілген.


«– Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін шекарадан өту уақыты 5 минуттан, ал жеңіл көліктер үшін 10 минуттан аспайды. 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап қайта жұмысын бастаған бекет халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, өңірдегі туристік және экономикалық қозғалысқа тың серпін беріп отыр. Дегенмен облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге өзекті мәселелерді де басты назарға алып отырмыз. Яғни, кеден бекетіндегі ашықтық пен адамдарға қызмет көрсету сапасының жоғарғы деңгейде болуы маңызды. Сондықтан сала мамандарына бірқатар ұсыныстар да жолдадық.» — деді уақытша депутаттық комиссия төрағасы Мағауия Тұрысбеков.

«Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекеті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі. Ташкент облысындағы «Яллама» бекетімен түйісетін бұл өткел екі ел арасындағы сауда-саттық пен транзиттік тасымалдың негізгі буынына айналған.

Ауқымды реконструкциядан кейін автомобиль жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылып, бақылау-өткізу рәсімдері жеделдетілді. Қазіргі таңда бекет арқылы тәулігіне 1000-ға жуық көлік шекарадан өте алады.

Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Атамекен» кеден бекеті – жаңғырту мен цифрландырудың жарқын үлгісі. 2023 жылдан бастап енгізілген инновациялық шешімдер нәтижесінде өткізу қабілеті 300-ден 500 автокөлікке дейін артты.

Электронды кезек, автоматтандырылған рәсімдер және 6 жолақты қозғалыс жүйесі кептелістерді азайтып, шекарадан өту уақытын 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта мұнда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы мен «Атамекен – Дарбаза» теміржол желісінің іске қосылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын еселей түспек.

ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢЕС ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІН КӨРСЕТЕТІН БОЛАДЫ

Мен өз басым егемендік алғаннан бергі Конституциялық өзгерістердің бәрін саралап шықтым. Әр өзгеріс пен толықтырулардың уақыт талабына сай орны бар. 2022жылғы Конституциямызда 9 бөлім , 99 бап болса, Жаңа жобада 11 бөлім 95 бап. Менің бүгін тоқталғым келетін жаңа Конституция жобасындағы VI бөлімдегі халықтың құлағына жағымды естілген Қазақстан Халық Кеңесі деп аталатын 70-ші және 71 баптар. Құлаққа жағымды дейтін себебім, халық әркезде билікке ойын жеткізгісі келеді, мәселенің шешілуін қалайды, биліктен кері байланыс күтеді. Халық Кеңесі ұғымының ұтымды тұсы дәл осы жүрекке жетуден басталады. Жүрекке жетсе әрине көңілге үміт ұялайды, нәтижеге қол жеткізілсе халық пен билік арасында сенім орнығып, билік пен арадағы алшақтық азайады.
Енді мен аздап өткенге шолу жасағым келіп отыр. Шынтуайттап келгенде Халықтық Кеңес шетелдік тәжірибе көрсеткен тиімді институт. Францияның «Азаматтық конвенциялар» жүйесі арқылы жинақталған ұсыныстар мемлекеттік шешімдерге негіз болды, Германияда қоғаммен кеңесу-міндетті процесс болып қалыптасқан. Швеция,Норвегия, Финляндияда мемлекеттік реформалар міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтеді,ал Ұлыбританияда ірі реформа пікірталас ашық жүргізілу арқылы ұсыныстар жинақталады. Бұндай халықпен кеңесу басқару мәдениетінің бір бөлігіне айналып, халықтың сенімі мен тұрақтылықтың артуына жақсы ықпал етеді. КСРО Жоғары Кеңесінің формалды жұмыс жасағаны бәрімізге аян. Жоғарғы Кеңесте небір мықтылар болды соған қарамастан заң қабылдайтын өкілетті билік құрамына сауыншылар не болмаса завод, фабрика жұмысшылары да сайланды. Әрине, еңбек адамын қадірлеген дұрыс, алайда олардың заң нормаларын сол кездерде талқылауға ой мүмкіндігі қаншалықты жете қойды екен?! Ал, егемендік алғаннан кейінгі елімізде құрылған Жоғарғы Кеңес Егемендік декларациясын және тәуелсіздік туралы заң мен 1993 жылғы бастапқы Конституциямызды қабылдағанмен, қабылданған Конституция ескі кеңес дәуірінің сарқыншақтығынан арыла алмай тәуелсіз елдің даму сұранысына толық жауап бере алмады. Содан барып 1995 жылғы Конституциямыз қабылданды. Өмір сынап сияқты. Ел, заман сұранысы да дәл сондай көз ілеспей өзгеруде. Осыған дейін Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі 2022 жылғы 33 бапқа референдум арқылы өзгеріс енген Конституция. Ал, бүгінгі талқылап отырған жаңа Конституция жобасындағы жоғарыда айтып кеткен 70-ші баптағы Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Құрамы 126 адамнан құралатын Халық Кеңесі , этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттар мен қоғамдық кеңес арқылы қоғамдық ұйымдардан тұрады,ал құрамын қалыптастыру тәртібі , өкілеттілігі , қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады, жоғарғы органы сессия болып табылады, сессия кемінде жылына бір рет шақырылатын болады. Төрағаларды Президенттің өзі тағайындайды. 71 бапқа келсек, Халықтық Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтықты нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар, Құрылтайға заң жобаларын енгізеді, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Қазақстан Халық Кеңесі халықтың сөзін ең бірінші еститін, оны билікке , заң шығарушы органға нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ашық алаң. Бұл құрылым қағаз жүзінде емес шынайы халықпен қоян-қолтық пікірлесіп өмірде жұмыс жасайтын алаң болады. Халық өз пікірінің, ұсыныстарының ескерілгенін көргенде әрине реформаны қолдайды. Келешекте Халық Кеңесі ел дамуына оң әсер ете алатын, стратегиялық шешімдердің дүниеге келуіне ықпал ететін институтқа айналады. Халық Кеңесі жөніндегі әлемдік тәжірибеге сүйенсек біз бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз, өйткені Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы берілуі құрылымның саяси үдерістерге қатысуын барынша ілгерілетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай Халық Кеңесі құзіретіне Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының міндеттері өтетін болады. Халық Кеңесі жаңадан құрылатын мемлекеттік орган болады Кеңес өңірлерден түскен ұсыныстар мен пікірлерді жинақтап қана қоймай сараптап, басты бағыт басымдықтарымызды, негізгі жалпыұлттық күн тәртібіне енетін құндылықтарымыздың биліктің құлағына жеткізіп, мемлекеттік саясаттың оң қалыптасуына- ықпал етеді. Халық Кеңесі халықтың үнін естіп қана қоймай оның шешілуіне ықпалы зор құрылым болады, ал заң шығару құқығы жаңа Парламент -Құрылтайдың еншісінде қалатын болады. Жалпы айтқанда, Конституцияның жаңа жобасы бойынша Кеңестің құрылуы Қазақстанның жаңа басқару мәдениетіне қадам басқанының белгісі. Халық Кеңесі батыл нақты ой орталығына айналған тұста шын мәнінде саяси жүйе күшейе түсетін болады. Сонымен қатар, Кеңес маңызды идеологиялық құжаттарды түсіндірумен, насихаттаумен айналысатын болады. Енді тағы бір айта кететін мәселе жүйелі түрде Халық Кеңесінің жақсы жұмыс жасауы Кеңестің құрамының салмақтылығына байланысты, неғұрлым сөзі өтімді танымал тұлғалар енген сайын сапалы жұмыс болатыны сөзсіз. Менің ойымша бәріне «Сіздікі дұрыс» деушілер Кеңес мүшелігі қатарында болмауы тиіс. Кеңестің мықтылығы сапалы ойлы азаматтар құрамында болуына байланысты. Халық Кеңесі әлемдік және дәстүрлі діндер сьезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзіретіне кіреді» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Кеңес ел азаматтарынының үмітін үкілейтін билікке жеткізетін, шешімін табуға ықпал ететін құрылым, Әділетті Қазақстанды құрудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеологиясының тамызығы. ал Конституциялық реформа- саяси жүйенің жаңғыруы.

ЖАНТӨРЕЕВА КАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕҚЫЗЫ
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының облыстық жетекшісі

Түркістан: Заңсыз ағаш кескендер айыппұл арқалайды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2027 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағына 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыс әкімдіктері Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп орман өсіру және орманды қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарларды бекітті. Бұл бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуіл ормандарын кесуге тыйым салу туралы» бұйрығына сәйкес, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл ормандарында кесудің барлық түрлеріне толықтай тыйым салынған.
Осыған байланысты өңірде заңсыз ағаш кесудің алдын алу және орман қорын сақтау бағытындағы бақылау жұмыстары күшейтілген. Атап айтқанда, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі заңсыз ағаш кесуге қарсы кешенді іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.


Іс-шаралар аясында орман алқаптарында рейдтік тексерулер ұйымдастырылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мекеме мамандары жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, орман байлығын қорғаудың маңыздылығын және заңсыз ағаш кесудің экологияға тигізетін зиянын кеңінен түсіндіруде. Заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, әкімшілік айыппұл салынады.

«Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ азаматтарды табиғатты қорғауға бейжай қарамауға, заң талаптарын сақтауға және орман қорын қорғауға бірлесіп атсалысуға шақырады. Сондай-ақ жергілікті орман қоры аумағына шекаралас ауылдар мен елді мекен тұрғындары арасында заңсыз ағаш кесудің алдын алу мақсатында үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, үнпарақтар таратылуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері 65 рет рейдттік шаралар жүргізілді.Бұл іс шара алдағы уақыттардада жалғасын табады.

Конституциялық реформа – әділ қоғамға бастар жол

Ел болашағы үшін жасалып отырған ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін берері анық.

Әрине, аталған реформаларды жүзеге асыру – жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз.

Осыған байланысты, қоғамдағы ұсыныстарды сараптап, қорытындылау  және нақты өзгерістер жобасын дайындау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссия құрылды.

Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, өңірлердің мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандармен толықтырылды.

Жалпы, Конституция нормаларының шамамен  86 пайызына өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Жаңа Конституцияның жобасы  30 қаңтарда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, барлық комиссия отырыстары ашық өткізіліп, ресми ақпарат көздерінде тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды.

Сол комиссия отырыстарында талқыланған, жаңа өзгерістерді қысқаша түсіндіріп өтейін.


Конституция преамбуласы туралы

Конституция преамбуласы толығымен  жаңартылып, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам ретінде ұсынылды.

Преамбулада Қазақстанның біртұтас ұлт екенін көрсету, унитарлық құрылымын және аумақтық тұтастығын сақтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да ұсынылды.

Сондай-ақ, табиғатты қорғау, экологияны сақтау, мәдениет пен рухани құндылықтарды, ғылым мен білімді, инновацияларды дамытуКонституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс тапты.

 

«Құрылтай» құру туралы

Заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган «Құрылтай»болып белгіленді. 

Жұмыс тобы ұсыныстар негізінде Құрылтайда 145 депутат болуы тиісдеген шешімге келді. Депутаттарға қойылатын талаптар қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптармен теңестірілді, яғни 25 жастан асу және соңғы 10 жылда Қазақстанда тұрақты тұру қажет. Депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады, бұл Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамамен сәйкес келеді.

Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институттық рөлін күшейтеді және саяси жауапкершілікті арттырады.

Жаңа Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі 5 жылға белгіленді, бұл құрамды жаңартып отыруға және сайлау науқандарының жиілігіне тиімді.

Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі үш оқылымда жүргізілуі ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады, үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді. Заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету үшін Парламент болмаған кезде бұл функция Президентке жүктеледі.

Парламенттегі квоталар бойынша тек әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген.

Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсынысайтылды.  

Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары сот судьяларын сайлау құзыреті де Құрылтай депутаттарына беру ұсынылды.

 

Вице-президент институтын енгізу туралы

Вице-Президентті Құрылтайдың көпшілік дауысы арқылы Президент тағайындайды, ал қызметтен босатуды Президент жүзеге асырады.

Ол Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастардағы мүдделерді білдіріп, Құрылтай, Үкімет және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады, ал оның өкілеттік кезеңінде депутат болуға, басқа ақылы лауазым атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшелігіне жол берілмейді.

Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормаларды алып тастау ұсынылды.


Халық Кеңесін құру бастамасы

Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу және Конституцияда жеке бөлім ашу ұсынылды.

Ол халықтың бірлігін нығайтып, негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларынжалғастырады.

Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастыру көзделген.

Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады.


Президент туралы

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін жаңа өзгеріс бойынша Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өткізіледі.

Қолданыстағы Конституцияда сайлау нақты күнге, яғни желтоқсан айының бірінші жексенбісіне бекітілген. Мұндай норма әртүрлі объективті жағдайларды есепке алуғамүмкіндік бермейді, әрі өкілеттік мерзімінің аяқталуы мен сайлау күні арасындағы мерзімдік айырмашылықтың туындауына әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты Конституцияның 41-бабында Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғандаөткізіледі деп көзделеді.

Сайлау өткізу мерзімі мен тәртібін өзгерту Президенттің ант беру уақытына да тиісті түзетулер енгізуді талап етеді.

Осыған байланысты ант сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап, 1 ай ішінде беріледі. Бұл нормамен де нақты күнтізбелік күннен бас тартылып, ант беру күні сайлау нәтижелері жарияланған күнге байланысты айқындалады.

Президент туыстарының мемлекеттік қызметті атқаруға хақысы жоқ деген бап өзгеріссіз қалады.

Сонымен қатар, қазіргі қолданыстағы Конституциядағы «Қазақстан Республикасы – Президент басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деген норманы нақтылап, жаңа редакцияда «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару үлгісі – Президенттік республика» деп нақты жазу ұсынылды.

 

Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер туралы

Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары және Неке мен отбасы құндылықтары күшейтіледі.

Бұл дегеніміз адамның өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту болып табылады.

 

Сайлау және сайлану құқығы туралы

Ата заңға жемқорларды сайлану құқығынан айыратын норма енгізуқарастырылды.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе сот үкімімен бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлауға және республикалық референдумға қатысуға құқығы болмайды.

Сондай-ақ, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған, сыбайлас жемқорлық немесе құқық бұзушылық жасауда кінәсі сотта дәлелденген азаматтардың да сайлануға құқығы болмайды.

Бұл норма қоғамның талабына сай және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң талаптарды күшейтетін маңызды түзету болып саналады.

Адвокаттардың мәртебесі туралы

Ата заңға адвокаттардың мәртебесін нығайтатын нормалар енетін болады.

Қылмыстық процесте прокурормен тең дәрежедегі тарап ретіндеадвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізіліп отыр.

Бұл азаматтың құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу кепілдіктері, құқық қорғау органдарының ұсталған азаматқа сол сәттің өзінде оның құқықтарын түсіндіру міндеті секілді түйінді сұрақтар қамтылған.

 

Адам капиталы туралы

Жаңа Констиуцияның орталық идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияайқындалып отыр.

Конституцияның жаңа мәтінінде 1-бөлімнің            1-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасы – адам капиталының, білімінің, ғылымының, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» деп жазылған.

Бұл мемлекеттік саясаттағы түбегейлі, маңызды бетбұрыс. Яғни мемлекеттің болашағы қазба байлықтарында емес, білім мен ғылым, адами капитал және азаматтардың жетістігінде дегенді білдіреді.

 

Жеке деректер мен хабарламалар құпиясы туралы

Жаңа Конституцияда жеке деректер мен хабарламалар құпиясы қорғалады.

Конституция жобасында сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне, зияткерлік меншік ұғымына қатысты ережелер ұсынылды.

Яғни, банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және байланыс құралдарындағы өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны ерекше көрсетіліп отыр.

Бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін хабарламаларға да қатысты.

Жалпы, Жаңа Конституция жобасына жоғарыда аталған нормалар енгізілді.

Конституциясының алғашқы жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты.

Сонымен бірге, «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын ережелер қарастырылды.

«Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді.

Ұсынылған өзгерістердің барлығы еліміздің мемлекеттілігі мен саяси жүйесінің нығаюына үлес қосатын маңызды қадам деп ойлаймын.

Сондықтан, осындай ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін баршамыз бірігіп, қолдау білдіріп, болашақ ұрпақ үшін әділ әрі өркениетті қоғам қалыптастыруға атсалысамыз деген сенімдемін.

СЕРЖАН БАЙСБАЕВ – САУРАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ