Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының, «Жұбановтар әуені» байқауының жеңімпазы «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің,Алаш вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен ескіні еске алған әсерлі кеш өтті.
Кештің ерекше тұсы 80-90 жылдары танымалдығы артқан ретро, хит әуендер шырқалды.
Әйгілі Досмұқасан, ABBA, Modern Talking, Ю. Шатунов сынды отандық және әлемдік танымал әртістер мен топтардың, әлемге танымал кинофильмдердің саундтрегі филармония әншілерінің орындауында көрерменге жол тартты.
Ұлттық аспаптың дәрежесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған концерттік жоба алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айында ұсынылған болатын. Өнерсүйер қауымның өтінішімен бұл жылы да жаңа сарында одан әрі шыңдалып,жанданып қайта ұсынылды.
Күнделікті күйбеңнен бір сәт демалып, өткеннің естеліген еске салған әсерлі кеш көрермен қауымның көңілінен шығып, ыстық ықыласына кенелді.
Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы қарсаңында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Тұрақты комиссия отырысына Алмас Салимов төрағалық етті.
Күн тәртібінде мына мәселелер қаралды:
1. «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы № 20/268-VІIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы № 14/172-VI шешіміне толықтырулар енгізу туралы;
3. Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерісті келісу туралы;
4. «Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 12/161-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Тұрақты комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, өз пікірлерін айтып, аталған мәселелерді мәслихат сессиясының қарауына ұсынды.
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытудың нақты әрі нәтижелі тетігіне айналып отыр. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба халықтың табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасына енгізілген.
Қазығұрт ауданында бұл бағдарламаның тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденуде. Атап айтқанда, 2026 жылы аудан бойынша 131 жобаны қаржыландыруға 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Ал жалпы Түркістан облысы бойынша 2023–2025 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 30 млрд 200 млн теңге қаралып, 3790 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 4600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Бағдарлама аясында табысты жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің бірі Рабат ауылындағы жеке кәсіпкер Насихат Шораева. Ол 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 8 млн теңге қаржы алып, 16 бас сауынды сиыр сатып алған. Қазіргі таңда оның 7 сауынды сиырынан тұрақты түрде өнім алынып, сүт жергілікті сауда орындарына өткізілуде. Кәсіпкер күніне шамамен 20 литр сүт өндіріп, одан 3 келі құрт және 3 келі май дайындайды. Өнімдері жоғары сұранысқа ие, әрқайсысы 4000 теңгеден сатылуда.
Кәсіпкер жоба тиімділігін ерекше атап өтіп, ауыл тұрғындарын осындай жобаның тиімділігін көруге шақырды.
— «AMANAT» партиясына алғысым шексіз. Ауыл халқы үшін 2,5 пайызбен несие беру үлкен қолдау. Қазіргі таңда өндірген өніміміз ауыл ішінде толық өтеді. Күн сайын тұтынушыларымыз келіп, кезекке тұрып алады. Алдағы уақытта шаруашылығымды кеңейтіп, үлкен қора салып, сиыр фермасын ашсам деген жоспарым бар», – дейді Насихат Шораева.
Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы нақты табыс көзін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, еңбекке деген ынтасын күшейтуге және ауыл экономикасын жүйелі дамытуға негіз болып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне баруы отандық креативті сектордың институционалдық тұрғыдан қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қор салаға жүйелі қолдау көрсететін негізгі орталыққа айналуға тиіс. Мұнда таланттарды қолдау, инфрақұрылым қалыптастыру, инвестиция тарту, креативті өнімді ілгерілету және экспортқа шығару бағыттары біртұтас жүйеге біріктіріледі.
Қордың жаңа кеңістігі идеядан бастап өндіріс пен өнімді нарықта ілгерілетуге дейінгі толық циклді қамтитын шоурум форматында таныстырылды. Президентке зергерлік және ағаш өңдеу шеберханалары, музыкалық кеңістіктер, кілем өнері залы, суретшілер залы және fashion-аймақ сынды тақырыптық алаңдар көрсетілді.
Ерекше назар аудартқан нысандардың бірі – Yurt Capsule иммерсивті кеңістігі болды. Мұнда киіз үйдің дәстүрлі пішіні цифрлық өнер, мультимедиялық контент және мәдени баяндау арқылы заманауи технологиялық сипатта жаңаша ұсынылған. Қордың маңызы, өңірлік хабтарды дамыту, елдің халықаралық аренадағы бейнесін қалыптастыру және креативті экономиканың әлеуеті туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне барды. Мемлекет басшысының бұл салаға ерекше назар аударуы нені білдіреді?
– Мемлекет басшысының бұл сапары айрықша мәнге ие. Бұл креативті индустриялардың енді мәдениет саласының қосымша бағыты ретінде емес, экономикалық және қоғамдық дамудың толыққанды әрі келешегі зор саласы ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын жан-жақты ашуға, бастамашыл жастарды қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тұрақты түрде баса назар аударып келеді. Креативті экономика дәл осы міндеттердің тоғысқан тұсында тұр. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, цифрлық контентті дамытуға, тың өнімдер жасауға, елдің туристік тартымдылығын арттыруға және ұлттық бірегейлікті қазіргі заман тілімен танытуға мүмкіндік береді.
Осы бағытқа жетекшілік ететін ведомство ретінде біз үшін саланың нақты институционалдық мәртебеге ие болғаны өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордың құрылуы жекелеген қолдау шараларынан жүйелі жұмысқа көшуді білдіреді. Ендігі міндет – Президент ерекше назар аударып отырған осы салада креативті мамандар, өңірлер, инвесторлар және сыртқы нарықтар үшін нақты әрі тиімді қолдау тетіктерін қалыптастыру.
– Демек, Қор креативті экономиканы қолдайтын негізгі институтқа айналуы тиіс деген сөз. Бұл ретте ол ең алдымен қандай міндеттерді шешуі керек?
– Қордың басты міндеті – саладағы бытыраңқылықты еңсеру. Бүгінде Қазақстанда мықты авторлар, дизайнерлер, музыканттар, қолөнер шеберлері, кино, анимация, сән, цифрлық өнер және басқа да бағыттардың өкілдері бар. Алайда олардың көпшілігі бір-бірінен оқшау дамып келеді. Креативті мамандардың тұрақты инфрақұрылымға, кәсіби сараптамаға, инвестицияға және өнімді ілгерілету арналарына қол жеткізу мүмкіндігі әлі де шектеулі.
Қор әкімшілік құрылым емес, саланың жүйелі операторы болуы керек. Оның негізгі рөлі – талантты, өндірісті, ілгерілетуді, нарықты және сыртқы мүмкіндіктерді өзара байланыстыру. Басқаша айтқанда, креативті маман өз идеясымен қайда жүгіне алатынын, қандай қолдау ала алатынын, өнімін қалай рәсімдеп, аудиториясын қалай табатынын және жергілікті нарық шеңберінен қалай шыға алатынын нақты түсінуі тиіс.
Бұл жұмыстың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асырылатыны маңызды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, креативті сектор сондай перспективалы бағыттардың біріне айнала алады. Қор шығармашылық әлеуетті тұрақты экономикалық құндылыққа айналдыруға ықпал етуі қажет.
– Қазақстанның креативті экономикасында 48 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жалпы бұл салада 160 мың адам еңбек етеді екен. Бұл көрсеткіштер нені аңғартады?
– Бұл деректер Қазақстанда креативті экономиканың айтарлықтай әлеуметтік әрі экономикалық негізі қалыптасқанын көрсетеді. 48 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі мен осы салада жұмыспен қамтылған 160 мың адам – бұл жекелеген бастамалар ғана емес, түрлі мамандықтарды, бизнес-модельдерді және өз мүмкіндігін іске асырудың сан алуан жолдарын біріктіретін тұтас сектор.
Бұл көрсеткіштердің артында идея, білім, технология және мәдени код арқылы қосымша құн қалыптастырып жүрген нақты адамдар тұр. Олар – дизайнерлер, продюсерлер, сәулетшілер, суретшілер, музыканттар, цифрлық контент әзірлеушілер, сән, медиа, кино, анимация және халықтық қолөнер өкілдері. Олардың қызметі бүгінде жұмыспен қамтуға, кәсіпкерліктің дамуына, қалалық ортаға, туризмге және елдің халықаралық имиджіне тікелей ықпал етіп отыр.
Қазақстанның бұл саладағы саясаты осы әлеуеттің стихиялы күйде қалып қоймауына бағытталған. Біз үшін жобалардың сапасын арттыруға, олардың ауқымын кеңейтуге және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге жағдай жасау маңызды. Сондықтан Қор тек қалыптасқан ойыншылармен ғана емес, индустрияға енді қадам басып жатқан жас креативті мамандармен де жұмыс істеуі тиіс.
– Қордың жаңа кеңсесі толық циклді шоурум ретінде таныстырылды. Мұндай модель сала үшін неге маңызды?
– Креативті экономика тек шабыт пен идеяға ғана сүйеніп дами алмайды. Кез келген мықты идея нақты құндылыққа айналуы үшін бірнеше кезеңнен өтуі қажет. Оны әзірлеу, өндіру, көркем әрі сапалы ұсыну, нарыққа шығару, ілгерілету және тұтынушыға жеткізу маңызды. Шығармашылықтың экономикалық өнімге айналатын тұсы да – осы.
Қордың жаңа кеңсесі осы толық циклдің қалай жұмыс істейтінін көрнекі әрі практикалық тұрғыдан көрсетеді. Бұл жай ғана таныстырылымға арналған кеңістік емес, заманауи креативті экожүйенің қандай болуы керектігін айқындайтын нақты үлгі. Зергерлік және ағаш өңдеу шеберханалары, музыкалық кеңістіктер, кілем өнері залы, суретшілер залы, fashion-аймақ – мұның бәрі креативті индустриялардың ауқымы кең, мазмұны бай әрі нақты экономикалық әлеуеті бар сала екенін көрсетеді.
Қазақстан үшін креативті өніммен жұмыс істеудің жаңа мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Өйткені жақсы жоба жасау жеткіліксіз. Оны дұрыс ұсына білу, нарық талабына бейімдеу, кәсіби деңгейде ілгерілету және тұтынушыға дейін жеткізу қажет. Дәл осы бағытта Қор саладағы ең өзекті олқылықтардың бірін толықтыра алады. Бізде талант та, идея да бар. Ендігі міндет – сол әлеуетті жүйелі түрде қолдап, оны бәсекеге қабілетті өнімге және тұрақты табыс көзіне айналдыру.
– Қор барлық облыс орталықтарындағы өңірлік хабтардың жұмысын үйлестіретін болады. Бұл өңірлер үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?
– Өңірлік хабтардың стратегиялық маңызы зор. Өйткені Қазақстанның креативті әлеуеті тек Астана мен Алматы қалаларымен шектелмейді. Әр өңірдің өзіне тән мәдени коды, қолөнер дәстүрі, жас авторлары, жергілікті брендтері мен заманауи бастамалары бар. Ең бастысы – сол идеялардың кәсіби ортаға шығуына және әрі қарай дамуына нақты мүмкіндік беру.
Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы маңызды міндеттердің бірі – өсу құралдарына барынша тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өңірлік хаб жай ғана іс-шара өткізетін алаң емес, құзырет орталығына айналуы тиіс. Мұндай орталықтарда креативті мамандар кәсіби кеңес алып, жобаларын дамытып, серіктестер таба алады, команда құрып, ұлттық қолдау жүйесіне қосылады.
Бұл ретте Қордың үйлестіруші рөлі ерекше маңызды. Егер әр өңір өз бетінше, бөлек дамитын болса, оның әсері шектеулі болады. Ал, хабтар бірыңғай әдістеме, ортақ бағдарламалар, сараптамалық қолдау және ілгерілету жүйесі арқылы өзара байланысса, ел бойынша креативті дамудың тұтас желісі қалыптасады.
Бұл жергілікті жерлердегі жастарды қолдап қана қоймай, өңірлерде экономикалық белсенділіктің жаңа нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Қазақстан мәдениет, туризм және креативті өнімдер арқылы елдің халықаралық танымалдығын арттырып келеді. Бұл тұрғыда қай бағыттардың мүмкіндігі мол?
– Ең алдымен, ұлттық болмысты әлемге заманауи, тартымды әрі түсінікті тілде таныта алатын бағыттардың әлеуеті жоғары. Бұл қатарға кино, музыка, анимация, дизайн, сән индустриясы, цифрлық өнер, зергерлік іс, кілем тоқу, қолөнер және мәдени туризм жатады.
Елдің халықаралық бейнесі тек әдемі белгі, ұтымды ұран немесе туристік жарнама арқылы қалыптаспайды. Оны әлемге ұсынылатын сапалы өнім, тың тәжірибе, мазмұнды оқиға және терең мағына қалыптастырады. Сондықтан Yurt Capsule сияқты жобалардың мәні ерекше. Мұндай бастамалар Қазақстанның дәстүрлі мұрасы өткеннен қалған жәдігер ғана емес, бүгінгі заманмен үндесіп, жаңа технологиялық шешімдерге арқау бола алатын жанды құндылық екенін көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туристік әлеуетін ашуға, елді мәдениет, ұлттық мұра және заманауи индустриялар арқылы танытуға тұрақты түрде басымдық беріп келеді. Бұл креативті секторды ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын мемлекеттік саясатпен толық үндеседі.
Біздің міндетіміз – ұлттық мәдени кодты, жоғары сапаны, заманауи пішінді және экспорттық әлеуетті ұштастыратын жобаларды қолдау. Осындай өнімдер Қазақстанға деген қызығушылықты арттырып, отандық авторлардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашады және еліміздің әлем алдындағы орнықты, заманауи әрі тартымды бейнесін қалыптастырады.
Түркістан қаласында Ұлттық кітап күніне орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы бірлесіп, 120 дана кітапты қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратты. Бұл тек кітап тарату акциясы ғана емес, әр оқырманға бағытталған рухани сый, білімге бастайтын ізгі қадам, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтатын маңызды бастама болды.
Таратылған кітаптар әртүрлі жанрды қамтып, оқырмандардың сұранысына сай іріктеліп ұсынылды. Әр кітап – жаңа ойға жол ашатын, танымды кеңейтетін, рухани дүниені байытатын құндылық. Бұл игі іс Ұлттық кітап күні аясында кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, оқырман мәдениетін дамытуға және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға өз үлесін қосты.
«Атамекен» ҰКП ҚР Президентінің *«Алтын сапа»* сыйлығына және *«Қазақстанның үздік тауары»* республикалық көрме-байқауына қатысу үшін өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды.
«Алтын сапа» сыйлығы – ұйымның өнім және/немесе қызмет сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі. Конкурсқа ҚР аумағында тауарлар өндірумен, қызметтер көрсетумен айналысатын ЖК және заңды тұлғалар қатыса алады.
*Сыйлық төрт номинация бойынша үш санатта (шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі) беріледі:*
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
2) «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын»;
3) «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
4) «Азық-түлік тауарларын шығаратын үздік кәсіпорын және / немесе
ауыл шаруашылығы өнімін».
Сонымен қатар арнайы сыйлықтар қарастырылған: *«Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба»* , сондай-ақ жаңа арнайы сыйлық — «Цифрлық дамудың үздік жобасы».
Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер 2026 жылғы 1 шілдеге дейін www.altynsapa.kz сайтында қабылданады.
*«Қазақстанның үздік тауары»* республикалық көрме-байқауы – жыл сайын жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қанықтыруға қызметін жандандыру мақсатында өткізіледі.
*Байқау үш номинация бойынша өткізіледі:*
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
2) «Халыққа арналған тұтынатын үздік тауарлар»;
3) «Үздік азық-түлік тауарлары».
*Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады.*
Конкурс-көрмеге қатысу үшін өтінім беру www.altynsapa.kz сайтында немесе «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсын өткізу күніне *10 (он) күн* қалғанда өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы жүзеге асырылады.
*Байланыс нөмірі: +7 777 006 0909*
Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеретін ірі жоба жүзеге асырылуда. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Turkestan Agro.kz ЖШС базасында қолға алынған кешен толық қуатына шыққанда өңірдегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналмақ. Қазірдің өзінде мега-фермада 30 мыңға жуық мал бордақылануда. “Ақылды” ферма қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделген.
Жобаның жүзеге асуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында. Кешенді жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Сырым Ертаевтің айтуынша, барлық өндірістік үдерістер, малды күтіп-бағу, азықтандыру және ветеринарлық қызмет – толық автоматтандырылған. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде дайын өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда, ал алдағы жоспар –Түркия нарығына шығу.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 млрд теңге, жаңбырлатып суару техникаларын алуға 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Екінші кезеңге мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге қолдау көрсетілуде. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған.
Кешенде аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі қолданылуда. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, мал жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа теңгерімді рацион автоматты түрде есептеліп, жүйелі күтім жасалады. Нәтижесінде малдың тез салмақ қосуы қамтамасыз етіліп, аурулардың алдын алу тиімділігі артады. Сонымен қатар санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға ерекше мән берілген. Әр сектор таза сумен қамтылып, қалдықтарды шығару жүйесі толық жолға қойылған. Мал ашық әрі кең алаңда еркін қозғалыста бағылады, бұл олардың табиғи күйін сақтап, стресс деңгейін төмендетеді. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс шығындарын оңтайландырады.
Бүгінде шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсірілуде. 4710 гектар алқапта мал азығы дақылдары егілуде, бұл кешенді толықтай өз жемшөбімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 50 мың басқа дейін 500 тонна жем беріледі. Жоба толық іске қосылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кешен құрылысы жыл соңында толық аяқталады деп күтілуде.
Бұл бастама Түркістан облысының аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін бермек.
ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне тоқталып, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Осыған орай, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғыртуды қажет ететін елді мекендердің тізбесін анықтап, тиісті қаржыларды бөлу арқылы олардың әл-ауқатын жақсарту көзделген.
Түркістан облысында жоба аясында 2019-2025 жылдары 136,5 млрд теңгеге 1 570 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, 1 404 – инфрақұрылымдық нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2 421,3 шақырым ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті, 38 елді мекен газбен қамтылды, 6 елді мекенде су жүйелерінің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді, 49 елді мекен сапалы электрмен қамтылып, жылу жүйелері қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 166 әлеуметтік нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды.
Мәселен, 25 мәдениет үйі салынып, 16 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, 22 спорт кешені салынды, 3 спорт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 1 стадион қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 65 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 13 мектепке қосымша ғимараттар салынды, 13 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде 373 елді мекен тұрғындарының (1 млн астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Жобаларды жүзеге асыру барысында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Жалпы 7 жыл ішінде Түркістан облысында 260 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, 2 421 шақырым жол жөнделді. Бұл – бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруы, жастардың ауылда қалуына, жұмыссыздық деңгейін азайтуға, салықтық түсімдердің көбеюіне, кәсіпкерлікті дамытуға жасалған жағдай.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірде жүзеге асқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен оларды одан әрі дамыту жолдары жан-жақты талқыланды.
Келіссөз барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорт көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, «UBC Group» компаниясының қатысуымен іске асқан жобалардың тиімділігін күшейту және оларды кеңейту мүмкіндіктері сөз болды.
Игорь Бурдыленко компания Орталық Азия нарығын тоңазытқышпен қамту, отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмысы жанданады. Осы ретте, «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі іске асырылу сатысына өтуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгені құрайды және өндірістік әлеуетті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 1900 шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік ғимарат салу көзделген. Аталған инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жабдықталып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады сонымен қатар, кәсіпорында қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 50 000 дана мұздатқыш шығаруға жетеді деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырмақ. Бұдан бөлек, жоба аясында 2 қосалқы өндіріс орнын іске қосу қарастырылған, бұл өндірістік тізбекті толықтырып, қосымша құнды арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталуда. Алдағы кезеңде экспорт географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан нарықтарына шығу көзделген.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Кездескен мәселелерді бірлесіп шешуге келісті.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC Group» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «Jasyl suyq Qazaqstan» зауыты іске қосылған болатын. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 40 мың сауда тоңазытқышын шығару жоспарланып, 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылған болатын. Жалпы 1000 жұмыс орнын ашу көзделген және осы бағытта жоба кеңейтіліп жатыр.
Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Жалпыұлттық құндылықтар – ел дамуы» жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар апталығы» атты аудандық байқау өтті. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және отансүйгіштік рухты қалыптастыру.
Байқаудың ашылу салтанатына Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов, Түркістан облысының бас биі Таубай Балтабайұлы және ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған жоба Бәйдібек ауданынан бастау алып, облыс бойынша 17 аудан мен қаланы қамтыды.
Байқауға түрлі сала өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысып, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптейтін өнерлерін көрсетті.
Шара барысында қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлері насихатталып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі тағамдар таныстырылды. Қатысушылар халықтың рухани мұрасын шығармашылық арқылы жеткізіп, ұлттық өнерді кеңінен танытты.
Байқауға әділқазылар алқасы әділ бағасын берді. Құрамында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының бас маманы Жеңіс Опышев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, этнограф, қолөнер шебері Жанболат Сүйімбай, «Аламан құрақ құрақшылар одағының» өңірлік жетекшісі Ақмарал Ахметова және аудандық мәдениет үйінің қызметкері Асыл Джусипбеков болды.
Іс-шара аясында әжелер алқасының қатысуымен «Ашамайға мінгізу» және «Танабау тағу» дәстүрлері сахналанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Кеш аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралардың ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор екенін атап өтті.
Ауданымыздағы қоғамдық ұйымдар – әжелер алқасы, аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің бірлескен қатысуымен өткен бұл іс-шара – ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін тағылымды басқосу болды. Ұйымдастыруға және белсенді қатысқаны үшін барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.