ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ТАЗА ҚОҒАМНЫҢ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым табиғатты қорғау мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап келеді. Президент өз Жолдауларында және түрлі деңгейдегі кеңестерде экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қалдықтарды тиімді басқару және азаматтарды табиғатты қорғау жұмыстарына кеңінен тарту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – бір күндік науқан емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, республика көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аталған бастама бүгінде халықтың кең қолдауына ие болып, елдің барлық өңірлерінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Президент тапсырмасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендерді кешенді абаттандыру, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, жасыл желекті көбейту, өзен-көлдердің жағалауын тазалау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру сияқты ұзақ мерзімді міндеттерді қамтиды. Бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірлердің инвестициялық және туристік әлеуетін көтеруге де ықпал етеді. Осы мемлекеттік бастаманы жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдің барлық аудан-қалаларында санитарлық тазалық пен абаттандыру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, қоғамдық орындардың көркі жақсарып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық жұмыстары Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылындағы саябақ аумағында өтті. Бұл шара Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты жұмыстардың бірі болды.

Сенбілікке аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлының бастамасымен 230 тұрғын белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар жұмыстарды сапалы әрі қысқа мерзімде орындау үшін 4 арнайы техника жұмылдырылды. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және ауылдардың көркін арттыру. Тазалық жұмыстары барысында саябақтағы жарық шамдары мен орындықтар сырланып, қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар саябақ аумағындағы 0,6 гектар жердегі арамшөптер орылып, аумақ толықтай ретке келтірілді. Нәтижесінде 1,3 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылды. Бұл жұмыстар саябақтың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың демалуына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның, кәсіпкерлер мен еріктілердің өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстарға Сайрам ауданындағы кәсіпкерлік субъектілері де белсенді үлес қосуда. Солардың бірі – «BAVI» мекемесі. Кәсіпорын сенбілікке демеушілік жасап, тазалық акциясына қатысушыларға өз өнімдерін ұсынып, әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Бизнестің мұндай бастамаларға қолдау көрсетуі Президент көтеріп отырған «жауапты қоғам» қағидатының нақты көрінісі болып табылады.

Экологиялық акция тек Қасымбек датқа ауылымен ғана шектелген жоқ. Сайрам ауданының барлық ауылдық округтерінде де санитарлық тазалық жұмыстары қатар жүргізілді. Жалпы аудан бойынша сенбілікке 2 754 тұрғын қатысып, 23 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан көлемінде 134 шақырым көше тазартылып, 23,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы ретке келтірілді. Сонымен қатар 8,6 шақырым өзен-көлдер мен канал жағалауы тазартылып, табиғи аумақтардың санитарлық жағдайы жақсартылды. Бұдан бөлек 9 саябақ пен сквердің аумағы абаттандырылып, 18 балалар және спорт алаңшасы ретке келтірілді. Сенбілік қорытындысында жалпы көлемі 35,6 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылды. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданында экологиялық жұмыстардың бір реттік акция ретінде емес, жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқанын көрсетеді. Мұндай жұмыстар ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен қатар тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға да үлкен әсер етеді.

Мемлекет басшысы өз сөздерінде экологиялық мәдениет бала кезден қалыптасуы тиіс екенін ерекше атап келеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы сенбіліктер жастардың, еріктілердің, білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың және кәсіпкерлердің белсенді қатысуымен ұйымдастырылуы үлкен маңызға ие. Бұл – өскелең ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін күшейтіп, ортақ іске жұмыла білу мәдениетін қалыптастырады.

Президент тапсырмасында ерекше айтылған тағы бір мәселе – әрбір тұрғынның өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы. Өйткені экологиялық мәдениет тек мемлекеттік бағдарламалармен емес, әр азаматтың күнделікті іс-әрекетімен қалыптасады. Ауладағы тазалық, көшені ластамау, ағаш отырғызу, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару – мұның барлығы экологиялық жауапкершіліктің маңызды көрсеткіштері. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып келеді. Тұрғындардың сенбіліктерге белсенді қатысуы, кәсіпкерлердің қолдау көрсетуі, мемлекеттік мекемелердің үйлесімді жұмысы Президент бастамасының халық арасында кең қолдау тапқанын айқын аңғартады.

Сайрам ауданында ұйымдастырылып жатқан мұндай игі шаралар елді мекендердің көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына және қоршаған ортаның жақсаруына нақты үлес қосуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрақты түрде жалғасып, ауданның әрбір елді мекенінде тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған жаңа бастамалармен толықтырыла бермек.

Таза табиғат – ұлт денсаулығының кепілі, ал таза елді мекен – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы әрбір азаматтың ортақ ісіне айналып, экологиялық жауапкершілік қоғам өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ғана келешек ұрпаққа таза табиғат, көрікті ауылдар мен жайлы өмір сүру ортасын қалдыруға болады.

ТҮРКІСТАНДА ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫМЕН САЛЫНҒАН ЕРЕКШЕ ЭКОПАРК АШЫЛЫП, ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН АКЦИЯ ӨТТІ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында Қарашық өзенінің бойында 50 гектар аумақты қамтитын «Түркістан» экобағы ашылды. Жаңа демалыс аймағының ашылу салтанатына орай «Жаңа Конституция – халықтың құқықтық мәдениеті» атты ауқымды іс-шара өтті. Салтанатты жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қала тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Санаулы күндерден кейін бүкіл ел болып қолдап, дауыс берген Жаңа Конституция күшіне енеді. Осы Ата Заңымызды қолдау мақсатында халықтың ұсынысымен барлық аудан, қалада түрлі іс-шаралар өткізілді. Соның қорытындысы ретінде бүгін барлығымыз ауқымды акцияға жиналып отырмыз. Түркістан жұртшылығы референдумға қатысу бойынша елімізде көшбасшылар қатарында болып, бірлік пен отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Осы орайда, Мемлекет басшысы референдумға қолдау білдірген Түркістан халқына шынайы ризашылығын жеткізді. Президентіміз күні кеше ел болып қабылдаған жаңа Конституция туралы «Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін» деген болатын. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі болып орнықты. Бұл тарихи қадамды еліміздің саналы қоғамы мен білімді жастары зор ықыласпен қолдауда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған жаңа экопарк жай ғана демалыс орны емес, бүкіл Түркістан жұртшылығы мен қонақтары бас қосып, спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізетін заманауи демалыс орны. Жаңа Конституция – біздің болашағымыздың берік іргетасы. Ата Заңымыз еліміздің айбынын асырып, Қазақстанымыз мәңгілік жасай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толды. Осы кезеңде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен өңір қарқынды дамыды. 1991–2017 жылдары 8,7 млн ш.м тұрғын үй, 616 мектеп, 386 денсаулық, 21 мәдениет және 23 спорт нысаны салынса, соңғы 8 жылда оның елеулі бөлігі жүзеге асты: тұрғын үйдің 77%-ы (6,7 млн ш.м), мектептердің 35%-ы (214), денсаулық нысандарының 57%-ы (219) бой көтерді. Сонымен қатар 801 елді мекен 100% ауыз сумен қамтылып, халықтың 90%-ы газға қосылды. Өңірлік өнім көлемі 8 жылда 3 есеге артты.

Салтанатты шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев және жастарға қолдау көрсетіп жүрген қоғам белсендісі Ерболат Балғабаев сөз сөйлеп, жастарды заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел дамуына үлес қосуға шақырды.


Жалпы, экобақ аумағында жергілікті климатқа бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары егілген. Бұдан бөлек экобақта 4 көпір, күн панельдерімен жұмыс істейтін 170 шам, 3 волейбол алаңы, 1 футбол алаңы, 4 мың ш.м. балалар ойын алаңы, балық аулайтын арнайы 3 жағажай, 11 от жағу алаңы, орындықтар, барбекю аймақтары, сондай-ақ тас пен ағаштан жасалған мүсіндер орнатылған. Құрылысқа экологияға зиян келтірмейтін материалдар пайдаланылды.

Мерекелік кеште қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары өнер көрсетті. Сахна төрінде Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек және Alem және тағы басқа өзге де өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ АТЫНАН БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Кәсіби мереке қарсаңында Түркістан облысында бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан баспана кілті табысталды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, өңірлік журналистердің де әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастама жүзеге асырылуда. Осыған орай Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүрген азаматтар жаңа баспаналы болды.

Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының атынан жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысында баспанаға ие болғандардың бірі – «24KZ» телеарнасының Түркістан облысындағы телеоператоры Ерболат Әбішов. Көп жылдық ақпарат саласындағы еңбегімен танылған телеоператорға Түркістан қаласынан қажетті жиһазбен жабдықталған жаңа пәтердің кілті табысталды.

Ерболат Әбішов еңбек жолын 2000 жылы Қазығұрт аудандық телеарнасында бастап, кейін облыстық және республикалық телеарналарда қызмет атқарды. 2012 жылдан бері «Хабар» агенттігінің Түркістан облысындағы телеоператоры ретінде ел өміріндегі маңызды оқиғаларды кәсіби деңгейде көрерменге жеткізіп келеді. Оның көпжылдық тәжірибесі мен адал еңбегі әріптестері арасында жоғары бағаланады.

Екінші баспана Созақ аудандық қоғамдық-саяси «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаевқа табысталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі Нұрсұлтан Шертаев 13 жылдан бері аудандық басылымда табысты еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық өмірі мен елдік бастамаларды тұрақты түрде насихаттап келеді. Президент бастамасы аясында ол туған өлкесі – Созақ ауданынан баспаналы болды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалап келеді. Бүгін Мемлекет басшысының атынан өздеріңізге баспана кілтін табыстау – зор мәртебе. Бұл – журналистердің қоғамдағы рөлін айқындайтын, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдау. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, қаламдарыңыз мұқалмасын. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де баспана беру туралы шешім қабылдануы – ақпарат саласы мамандарының еңбегіне көрсетілген зор құрметтің әрі мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.

Бұл бастама журналистердің әлеуметтік әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың кәсіби қызметіне жаңа серпін беріп, ел дамуы жолындағы жауапты міндеттерді сапалы атқаруына берік негіз қалайды.