ЖАҢА АБАТТАНДЫРУ ҚАҒИДАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Арыс қаласында тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге көшті. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне енуіне байланысты қала аумағында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бүгінде Арыстағы 17 сектордың барлығында жаңа талаптарды халыққа жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, тазалық пен ұқыптылықты күнделікті өмір салтына айналдыру.

Осы бағытта қалалық Мәдениет бөліміне бекітілген №3 сектор аумағында да арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Қызметкерлер көшелерді аралап, тұрғындармен тікелей кездесіп, жаңа абаттандыру қағидаларының негізгі талаптарын түсіндірді. Әңгімелесу барысында әр азаматтың өз үйі мен оған іргелес аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажеттігі айтылды.

Түсіндіру жұмыстарымен қатар сектор аумағында сенбілік өткізіліп, көшелер мен ортақ пайдаланылатын орындар тазартылды. Мұндай шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен бірге тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға ынталандыруды көздейді. Жаңа қағидаларға сәйкес, әрбір үй иесі немесе жалға алушы өз нысанының, қоршауының, сауда немесе қызмет көрсету орнының сыртындағы 5 метр радиуста орналасқан іргелес аумақты таза ұстап, күтіп-баптауға міндетті. Бұл талап жеке сектор тұрғындарына да қатысты.

Сонымен қатар жеке тұрғын үйлер мен қоршаулардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар да назарда болады. Аула маңының ретсіздігі, қоршаулардың ұқыпсыз күйде болуы және іргелес аумақтың қараусыз қалуы қаланың жалпы көркіне әсер ететін фактор ретінде қарастырылады. Жауапты мамандар тұрғындарға жаңа талаптардың басты мақсаты айыппұл салу емес, елді мекендерде тазалық пен тәртіпті қалыптастыру екенін түсіндірді. Сондықтан тұрғындарға белгіленген талаптарды алдын ала орындап, өз аумағын жүйелі түрде күтіп ұстау ұсынылды.

Қағидаларды алғаш рет бұзған жағдайда азаматқа ескерту жасалады. Ал белгіленген талаптар орындалмаған кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

Арыста абаттандыру талаптарын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Қала тазалығы тек арнайы қызметтердің емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі екені ескертіледі. Үй маңын таза ұстау, көшені ластамау және ортақ кеңістікке ұқыпты қарау – жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Таза аула – көрікті көше, көрікті көше – жайлы қала.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*