МАҚТААРАЛДА АТАКЕНТ КЕНТІ МЕН ӨРКЕНИЕТ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 90 ПАЙЫЗҒА АЯҚТАЛДЫ

Мақтаарал ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімі Бақыт Асанов Атакент кенті мен Өркениет елді мекеніндегі ауыз су жүйесін қайта құру нысанына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен кеңінен танысты. «Атакент кенті мен Өркениет елді мекеніндегі ауыз су жүйесін қайта құру» нысанының құрылысы 2024-2026 жылдарға арналған өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда. Жобаға республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге қаралған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер «РАДИКОН» ЖШС жүргізуде. Бүгінде нысандағы жұмыстардың 90 пайызы аяқталған.

Жобаның ауқымы да кең. Атап айтқанда, екі елді мекеннің ауыз сумен қамту жүйесін жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 116,7 шақырым су құбыры тартылуда. Сонымен қатар, әрқайсысының сыйымдылығы 2000 текше метр болатын 2 су резервуары, 127 өрт гидранты және 900 су құдығы (ВРК) қарастырылған.Аталған инфрақұрылымдық жоба Атакент кенті мен Өркениет елді мекені тұрғындарының ауыз суға деген қажеттілігін тұрақты әрі сапалы қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде Атакент кентінде 20 мыңға жуық, ал Өркениет елді мекенінде 2 мыңға жуық тұрғын тұрады. Яғни, жалпы саны 22 мыңға жуық тұрғынның тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.Аудан әкімі Бақыт Асанов құрылыс жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімнің сақталуына және нысанды пайдалануға беру кезеңіндегі жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне назар аударды. Жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, нысанды ел игілігіне уақытылы ұсыну жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Қазіргі таңда жобаның негізгі құрылыс жұмыстарының басым бөлігі орындалған. Алдағы кезеңде қалған жұмыстар аяқталып, инженерлік желілердің тиісті талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Жоспарға сәйкес, нысанды 2026 жылдың қазан айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 68 елді мекеннің 58-інде 24 сағат, 10 елді мекенде кестемен ауыз су берілуде. Биыл ауыз су жүйелерінің тозығы жеткен 10 елді мекеннің 4-еуінде қайта құру және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Оның інішде Атакент кенті мен Өркениет елді мекенінен бөлек, Шаттық, Ақалтын елді мекендерінің ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

МАҚТААРАЛДА МАҚТА МАЙЫН ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданында мақта шикізатын терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс орны бой көтеруде. Аудан әкімі Бақыт Асанов Мақтаарал ауылдық округі, Игілік елді мекенінде орналасқан «Хамро ата» ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. Жаңа кәсіпорынның құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанға қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу көзделіп отыр.

Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – жергілікті жерде өндірілетін мақта шикізатын қайта өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар өнім шығару. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс нәтижесінде нарыққа мақта майы ұсынылады. Бұл, ең алдымен, ауданда өсірілетін мақта өнімін тек шикізат күйінде өткізбей, оны терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыруға жол ашады.Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерліктің дамуына және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Зауытты іске қосу үшін қажетті инфрақұрылым мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Нысанға газ және ауыз су желілері тартылған, жер учаскесі қажетті мақсатқа пайдалануға дайындалған. Кәсіпорынның электр қуатына қажеттілігі 1500 кВт көлемінде қарастырылған.Өндірістік кешеннің құрылысында заманауи технологиялық шешімдерге басымдық берілген. Қазіргі таңда зауыт аумағында өндірістік ғимараттар, технологиялық желілер мен қажетті инженерлік нысандар бой көтеріп, жабдықтарды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Мақтаарал – мақта шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан, мақта шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасы үшін айрықша маңызды. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың өнімін өткізу нарығын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді» – деді, аудан әкімі.

Кәсіпорын басшысы Боев Абдужалилдің айтуынша, қазіргі негізгі міндет – қалған құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, технологиялық жабдықтарды толық орнатып, өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу.