ЖАСТАР АРАСЫНДА ПСИХОПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ҮНПАРАҚ ТАРАТУ ЖҰМЫСТАРЫ

«Буллинг және кибербуллингтің алдын алу»

«Заң мен тәртіп» жобасы аясында Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің студенттері арасында агрессиялық мінез-құлық, зорлық-зомбылық және бейәлеуметтік әрекеттердің алдын алу мақсатында «Буллинг және кибербуллинг» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.


Кездесу барысында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу жолдары, оның зардаптары және құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және өзара сыйластық пен қауіпсіз орта құндылықтарын насихаттау.

Буллингке жол жоқ!
#ЗаңМенТәртіп
#ЗАКОНИПОРЯДОК

Түркістан облысының «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауындағы жеңімпазы марапатталды

Астана қаласында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша еліміздің әр өңірінен іріктелген 20 отбасы салтанатты түрде марапатталды.

Аталған байқауда Түркістан облысының атынан қатысқан 2026 жылғы өңірлік кезеңнің жеңімпазы – Мұхановтар отбасы да марапатқа ие болды.

Мұхановтар отбасы – тәрбиені, еңбекті, білім мен ұлттық дәстүрлерді жоғары бағалайтын, тамыры тереңге жайылған өнегелі әулет.

Отбасының отағасы Мұханов Бөрібай (1925–1990) Ұлы Отан соғысының ардагері. Ішкі істер бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін совхозда техника қауіпсіздігі инженері болып еңбек еткен.

Жұбайы Абденова Айша – 92 жаста, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана әрі тыл ардагері. Бөрібай мен Айша ата-әже жеті баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 24 немере мен 39 шөбере сүйіп отырған ардақты әулет.

Ұрпақ тәрбиесін ұлықтап, отбасы құндылықтарын берік ұстанған Мұхановтар әулетінің өмір жолы – кейінгі буынға үлгі. Олардың өнегелі тарихы – адал еңбек, отансүйгіштік, үлкенге құрмет пен ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осындай өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы қоғамдағы отбасы институтының беделін арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Мұхановтар әулетін лайықты марапатымен құттықтаймыз! Отбасына амандық, береке-бірлік, ұрпақтарына жарқын болашақ тілейміз!

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ПЕН БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен идеологиялық кеңес отырысы өтті. Жиында өңірдегі идеологиялық жұмыстың басым бағыттары талқыланды. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.

Жиында Ертай Алтаев өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, мәдениет және руханият бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін жауапты аудан-қала орынбасарлары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар жиында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылатын «Есірткісіз болашақ» нашақорлыққа қарсы форумына дайындық барысы және 10 күндік профилактикалық іс-шараларды өткізу жоспары қаралды.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануына орай туристік әлеуетті арттыру, туроператорлармен байланысты нығайту және өңірге туристер тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жүктелген міндеттердің орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, идеологиялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі әрі сапалы жүргізуді тапсырды.

Қазақстандық AgriTech компаниясы малды спутник арқылы бақылау технологиясын халықаралық нарыққа шығаруда

 

«iGps Tech» ЖШС ұялы байланыс желісі тартылмаған аймақтарда да жұмыс істейтін спутник арқылы бақылау жүйесін әзірледі. Отандық технология малдың орналасқан жері мен қозғалыс бағытын қадағалайды, виртуалды географиялық аймақтар белгілеп, мал ұрлануы мен жоғалу қаупін азайтуға, сондай-ақ жануарлардың автожолдарға және егістік алқаптарға шығып кетуіне жол бермеуге ықпал етеді.

Бүгінде компанияның қызметін 3 800-ден астам клиент пайдаланады. Ал спутниктік бақылау жүйесіне 130 мыңнан астам жылқы қосылған. Сонымен қатар бұл шешім ірі қара мал мен өзге де жануарларды бақылау үшін қолданылады.

8 жыл сегіз ішінде компания шетелдік құралдарды пайдаланудан бас тартып, жайылымдық мал шаруашылығының ерекшеліктеріне бейімделген GPS-құрылғылар мен бағдарламалық өнімді өз күшімен әзірлеуге көшті.

Биыл компания спутниктік трекер мен биосенсорларды біріктіретін жаңартылған шешімін таныстырды. Жүйе бір мезгілде он жануарға дейін бақылап, олардың дене температурасын және қозғалыс белсенділігін тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл малдың жай-күйін бақылауды едәуір кеңейтеді.

Компания халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Отандық өнімге Орталық Азия елдері де қызығушылық танытуда. Болашағы зор нарықтардың қатарында Аргентина мен Австралия бар.

«Біз Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын өнім әзірлеп жатырмыз. Елімізде жасалған бұл технология әлемдік мал шаруашылығын цифрландырудың маңызды құралдарының біріне айналса дейміз», – деді «iGps Tech» сеоіктестігінің негізін қалаушы әрі бас директоры Мирас Байжігіт.

Компания коммерциялық бағыттағы қызметімен қатар Германиядағы Гёттинген университетімен бірлесіп, мал жаюдың табиғи экожүйелерге әсерін зерттеу жұмыстарына қатысуда. Зерттеу аясында жайылымды пайдаланудың табиғи өрт қаупін азайтудағы ықтимал рөлі де қарастырылады.

Ұзақ мерзімді жоспарда iGps Tech спутниктік мониторингті, ветеринариялық бақылауды, талдау жүйелері мен аграршыларға арналған сервистерді бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай цифрлық платформа – Agro-SuperApp құруды көздеп отыр.

Осының барлығы мал шаруашылығын цифрландыруға, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.