Все записи автора Admin

Оқушыларға «Мектепке алғашқы қадам» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілді

Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ә.Науаи атындағы № 17 жалпы білім беретін мектепте, білім күні мерекесіне орай «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өткізілді. Алғашқы қоңырау мерекесіне Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенаты Әдехан Абылайхан Үсенұлы және Кентау қалалық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының криминалисті полиция аға лейтенаты Ташманова Мадина Берікқызы қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Салтаннаты лездеме барысында мектеп директоры С.Ташполатов құттықтау сөз сөйлеп, ҰБТ нәтижесінде жоғары жетістікке жеткен оқушылардың нәтижелерін айтып, пән мұғалімдеріне алғыс білдірді.

Қамқоршылық кеңесі төрағасы Қурбанов Алимжан Камолханұлы, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді құттықтады. Жаңа оқу жылында оқушылардан көптеген жетістіктер күтетініне сенім білдірді. Оқушыларға Білім күні үлкен мереке екенін түсіндіру, сезіну, білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында 1- сынып оқушыларына «Мектепке алғашқы қадам» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілді.

Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенаты Әдехан Абылайхан Үсенұлы және Кентау қалалық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының криминалисті полиция аға лейтенаты Ташманова Мадина Берікқызы қатысып, оқушыларға «Полиция және балалар» атты кітапшалар таратып, оқушылармен бірлесіп кітапшалармен жұмыс жасай отырып , жаяу жүргіншінің жолда жүру ережесі және өмір қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жол қауіпсіздік ережелерімен таныстырып түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жасанды интеллектті мектептердегі оқу процесіне ендіру жолдары пысықталды

Кентау қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы білім беретін мектебінде математика, физика бірлестік жетекшілерінің тамыз отырысы өтті. «Жасанды интеллект және білім беру: жасанды интеллектті мектептердегі оқу процесіне ендіру жолдары» тақырыбымен ұйымдастырылған басқосуда алдағы жоспарлар пысықталды.

Бірлестік отырысында сөз алған Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскері Х. Жайықбаева өткен оқу жылындағы жеткен жетістіктерді талдай отырып, жаңа оқу жылына пән мұғалімдеріне жаңа міндеттемелер қойды. 2024-2025 оқу жылында ҚР-ның жалпы білім беретін мектептерінде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне тоқталды. Жаңашыл мұғалім қоғамның негізгі қозғаушы күші екендігін, ұлттық мүддені жаңғырту арқылы сананы ояту қажеттігін айтып өтті. Жасанды интеллект және білім берудегі инновациялық технологиялардың білім беру процесіндегі өзектілігіне тоқталды.

Математика, физика сабақтарында жасанды интелектіні тиімді пайдалану жайында мұғалімдер практикада қолданып жүрген тиімді тәсілдерімен бөлісті. Жасанды интеллект-информатика, биология, психология, лингвистика, математика, Машина жасау сияқты пәндерге негізделген ғылым мен технология. Жасанды интеллекттің негізгі бағыттарының бірі-адамның ақыл-ойымен байланысты компьютерлік функцияларды дамуы. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Х. Жайықбаева “Тамыз педагогикалық оқуының тақырыбы мен мақсатын, бағдарламасымен” таныстырып өтті.

“Қазіргінің болашағы: жасанды интеллект-ChatGPT” М. Горький атындағы N8 ШЖЖББМ-нің физика пәні мұғалімі А. Батырбеков, Ә.Молдағұлова атындағы №19 м –л-нің математика пәні мұғалімі Ж. Кенжебекова “LS зерттеулері-білім сапасын арттырудың тиімді тәсілі”,

Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі А. Анламасова “Жасанды интелект және креативті ойлау” , Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Н. Атабекова “Современные тенденции в преподавании математики”, Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейінің матеатика пәні мұғалімі Ж. Кенәлі “Математика сабағына оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану”, Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гмназиясының математика пәні мұғалімі А. Атажанова “Цифрлық білім беру ресурстарын математика сабағында тиімді қолдану”, Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гмназиясының математика пәні мұғалімі Ә. Серікбаева “Математика сабақтарында кері байланыс жасаудың заманауи тәсілдері” тақырыптарында баяндамалар оқылды. Тамыз оқуына қаысқан мұғалімдер кері байланыс беріп, түрлі сұрақтарға жауаптар алды.

Жиын соңында қалалық білім бөлімінің әдіскері Х. Жайықбаева жаңа оқу жылында шығармашылық топтардың жұмысын жандандыра отырып, тәлімгерлікті ұйымдастыру, үлгілік оқу жоспары мен білім беру бағдарламаларын; жоба қызметін дамыту, пәндік олимпиадаға дайындықты жүргізуді қолға алу ұсынылды. 2024-2025 оқу жылында оқушы мен мұғалім жетістігін арттыра отырып, білім сапасын көтеру әрбір пән мұғаліміне міндет екендігін айтып өтті.

Кентау: Үздік ұстаздар марапатталды

XXI ғасыр-білім мен ғылымның ғасыры. Кентау қаласында білім беру саласының майталмандарының басын қосқан тамыз кеңесі өтті. Биылғы жылы – «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында оқу үдерісін цифрландыруға және әлемдік тәжірибені ескере отырып, сабақ беру процесіне жасанды интеллектті енгізу ерекшеліктеріне арналмақ.

Дәстүрлі тамыз конференциясына – қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Түркістан облысы білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығының» кафедра меңгерушісі Бекет Өтеген, қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусизов, қалалық маслихат депутаттары, орта арнаулы білім ұйымдарының басшылары, білім саласы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ата-аналар комитетінің мүшелері, қатысты. Кеңестің модераторы білім бөлімінің басшысы Әділ Ауелбеков болды.

Тамыз кеңесінде өңірімізде білім саласында инновациялық цифрлы жобаларды енгізуде біршама жұмыс атқарып жүрген Ә.Молдағұлова атындағы №19 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі, экология магистрі, органикалық химия пәні бойынша докторант Алтынбек Әбсейт, М.Горький атындағы №8 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Жадигерова маңызды баяндама жасады.

Iс-шара соңында білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін үздік педагогтер Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, республикалық, облыстық, қалалық мадақтамалар және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Кентау қаласында 1910 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды

Кентау қаласында 1 қыркүйек-Білім күніне орай барлық білім нысандарында салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңыру соғылды. Қала әкімі Жандос Тасов қаладағы Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта мектебіне барып, ұстаздар мен оқушыларды мерекемен құттықтады.

«Жалпы Кентау қаласының ұстаздары білім мен тәрбие беруде көптеген табыстарға жетуде. Өткен оқу жылында бітіруші түлектеріміз үлкен жетістіктерге жетті. 864 оқушының 528-і білім грантына ие болды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш, үлкен қуаныш» – деген қала әкімі, Жаңа оқу жылына қадам басқан оқушыларды «Білім күнімен» құттықтап, оқуда озат болуларын тіледі.

Мектепте бірінші сынып оқушылары өлең шумақтарын оқып, ізгі тілектерін өлең жолдары арқылы білдірді. Әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер мерекелік көңіл күй сыйлады. 11 сынып үздігімен бірге бірінші сынып оқушылары оның ішінде ағайынды егіз Аяна және Раяна Бекарысқыздары бірге алғашқы қоңырауды соқты.

Іс-шарадан кейін қала әкімі мектеп сыныптарын аралап, ашық сабаққа қатысып, ағымдағы жөндеуден өткен білім ордасының материалдық техникалық базасымен танысты. Жалпы, биыл қала бойынша 11 сыныпқа 1024 оқушы «Алғашқы қоңырау» мерекесіне қатысса, оның ішінде 1910 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап, бірінші сыныпқа қабылданды.

КЕНТАУДА ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ

1-қыркүйек Білім күнінде Кентау қаласында соңғы үлгіде салынған жекеменшік «Bastau» мектебінің лентасы қиылды. Жаңа мектептің ашылу салтанатына қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов бастаған зиялы қауым өкілдері мен мектеп педагогтары және ата-аналар қатысты. Қала басшысы мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа білім жылының басталуымен, жаңа білім ордасының ашылу салтанатымен құттықтап, жаңа мектептің лентасын қиды.

3 қабатты ғимаратта орналасқан мектеп сыйымдылығы 450 орынға арналған. Бүгінде, мектепке 10-11 сынып оқитын 110 оқушы қабылданған. Алдағы уақытта 7 сыныптан оқушыларды қабылдау жүргізіледі.

Мұнда оқушылардың білім алуына толық жағдай жасалған. Жаңа мектепте оқу бөлмелері, компьютер сыныбы, мәжіліс залы, асхана , кітапхана сияқты бөлмелермен қамтамасыз етілген.Сондай-ақ үлкен спорт залы мен мектеп ауласында ашық ойын алаңша орналастырылған. Жаңа білім ордасында әр оқушының таңдаған бағытына қарай пәндері тереңдетіліп оқыту қарастырылған. Оқушылар тасымалдау қызметі мен ыстық тамақпен қамту жағы бар.

Сондай-ақ мемлекеттік стандарты толықтай қамтыған оқу ордасында балаға түске дейін белгіленген кесте бойынша сабақ оқытылса, түстен кейін мамандыққа бейімделген білім беру жүйесі бойынша сабақ жүргізіледі.

Түркістан: Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Бәйдібек ауданының өнерпаздары рухани астана аспанында әуелеткен әнімен, күмбірлеген күйі, мың бұралған биімен, ұлттық дәстүрдің сан түрінен өнер көрігін қыздырды. Этноауыл аумағында «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты аудан қолөнершілерінің көрмесі мен суретшілердің, «Тарихым бар жазылған ғасырлардан» атты кітап көрмесі жасақталды.

Мерекелік жәрмеңкелер мен көше театры көріністері көпшілік назарына ұсынылды. Киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанды. «Саз отау» ұлттық аспаптар оркестрі және аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Сонымен қатар, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды да насихаттау кеңінен қолға алынды. Бәйдібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар тапсырылды.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Екі күнге созылған шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.

Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Гала концертке аудан өнерпаздары Бағдат Юсупов, Қуат Қасенов, Мұрат Бөбеев, Айжан Жүсіпбекова, Сатман Мәди, Дәулет Таевтар ән шырқаса, «Балауса» цирк ұжымы қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары би билеп, жанды дауыста «Шаттық» вокалды аспапты ансамблі мерекелік кештің сәнін кіргізді.

Айта кетейік, шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі сахналанды. Ал, екінші күні арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, қол күресі мен садақ ату, гіртасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Осылайша, Түркістан төрінде Бәйдібек ауданының мәдени күндері жоғарғы деңгейде атап өтілді.

Түркістан облысынан қаңлы мәдениетіне тиесілі жәдігерлер табылды

Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылы маңында орналасқан археологиялық ескерткіште далалық зерттеу жұмыстары аяқталды. Зерттеу объектісі Қызылкөл тарихи-мәдени нысанда орналасқан Ғибадатхана және екі қорған болатын. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінің археология бөлімінің мамандары қаңлы мәдениетіне қатысты, б.з.д. ІІ ғасырға жататын бірегей артефактілерді тапты.

Қазба жұмыстары кезінде ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, тас дәнүккіш, келі, диірмен тағы да басқа еңбек құралдарының бөліктері, қыш ыдыс тұтқалары, киімге арналған түйме фрагменттері алынды. Ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте ғұрыптық бұйым ыдысының кішкене бөлігі сақталған цилиндр пішінді, табаны жайпақ тұғыр табылған.

Ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы, ғибадатхананың ерекше құрылымы мен табылған жәдігерлердің түрлері құрылыстың ғұрыптық ғибадатхана ретінде пайдаланылғанын көрсетсе, тас құралдар егіншіліктің, атап айтқанда, егін жинаудың дамығанын көрсетеді.

Жалпы, қазақ халқының құрамына енген ірі тайпалардың бірі ол – қаңлылар. Олар Қытай жазба деректерінде кангюйлар деп аталса, ал парсы және үнді діни кітаптары «Авеста» мен «Махабхарата» кангха болып кездеседі. Түркі руналық жазушыларында Кангю-тарбанд деген кенттің аты бар.Қаңлы тайпаларын Қытай жазба деректері бойынша, алғаш рет қазақ халқының тарихына таныс еткен ғалымдар көрнекті Қытай тілінің мамандары Н. Я. Бичурин мен Н. В. Кюнер деп айтылады. Жазба деректерді пайдалана отырып, қаңлылардың қысқаша болса да тарихына көңіл бөлген академик В. В. Бартольд. Ол қаңлы тайпаларын Сырдарьяның орталық ағасында өмір сүрген деген тұжырымға тоқталған екен.

Тарихи деректерге сенсек, біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-III ғасырларда қаңлы тайпалық бірлестігі құрылған. Олардың астанасы – Битянь қаласы болған. Олардың саны 600 мың, немесе 120 мың үй болған деген деректер бар. Қаңлылар Қытай, Рим, Кавказ және Орта Азия елдерімен сауда байланыс жасап тұрған. Олардың негізгі кәсібі егіншілікпен ұштасқан мал шаруашылығы, сонымен қатар аң аулау мен балық аулаудың қосалқы маңызы болды. Қоныстар мен қорымдарды қазған кезде балық аулау құралдары – шанышқылар, сүңгілер, қармақтар, жүкшелер де табылған. Қаңлылар қоғамында әр түрлі кәсіптер,қол өнер, сауда және ақша айналысы дамыды.Олардың қоныстарында ондаған тұрғын үй мен қора – қопсылар болды.

Көптеген археологиялық қазба жұмыстарында дән, астық сақтайтын ұра, еденді сылайтын балшыққа, шикі кірпішке қосылған сабан, толып жатқан дәнүккіштер, астық, бақша дақылдарын сақтайтын қыш кеспектер табылған екен. Олар жерді тас кетпендермен өңдеген, сүйектен жасалған егіншілік құралдарды да пайданған. Тарихи деректерге сенсек, қаңлы тайпалары сонау ерте кезден бастап мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілген тайпа бірлестіктері болды деп айтуға болады. Ғалымдардың айтуынша, ежелгі Қаңлы және одан арғы мемлекеттердің қалалары Қарнақ, Шорнақ, Йүгнек, Шобанақ, Ташанақ, Сығанақ болып, қазірге дейін аталып келеді. Тағы бір осыдан кейінгі түркіше көне атаулар Құмкент, Саудакент, Өзкент, Жанкент, Сүткент, Манкент сияқты болып келеді. Бұлардың соңындағы кент атты бөлігі ел, халықтың тұрғын жайы деген мәнді білдіретін сөз екені белгілі. Ал нақ сөзінің тап сондай елді-мекен деген мағынасын ешбір түркі халықтарының сөз қорынан кездестірмейміз. Соған қарағанда бұл сөз өте ежелгі заманда қолданылып, кейін оның орнын басқа сөзқолданысы иемденген тәрізді.

Созақ ауданы Құмкент ауылдық округіне қарасты Қызылкөл елді мекені жанынан табылған құнды мұралар да қазақ тарихымен үндескен ұлттық жәдігерлер деп айтуға болады. Себебі, ел тарихы оның өткен кезеңдері мен байырғы дәуірлерден сабақтасып келеді.

Енді, орталық музей археологтары Қазақстанның көне тарихының жаңа парақтарын аша отырып, еліміздің әр өңіріндегі тарихи нысандарда архологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Түркістан облысында 500 мыңға тарта оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді

Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов «Білім күнін» мектеп оқушыларымен өткізіп, оларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Облыстың бас полицейі №28 мектепке ат басын бұрып, кіреберістен бастап оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарды тексеріп шықты. Оқу ордасына кіріп-шығу үшін арнайы жасалған балалардың алақаны сканерленген құрылғы мен «SOS» батырмасының қызметін қадағалады.

Сонымен қатар мектеп мұражайын аралады. Одан әрі мерекелік іс-шараға қатысып, оқушыларға ақ тілегін жеткізіп:
«Сіздермен кездескен сәтімді пайдалана отырып, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасамауды, түнгі уақытта жүрмеуді назарларыңызға салғым келеді. Бүгінгі күннің мәселесі болып отырған құмар ойындарға мүлдем жоламауға шақырамын. Полиция аға-әпкелеріңіз Сіздердің әрқайсыларыңыздың достарыңыз, қорғаушыларыңыз, сондықтан бізге сеніңіздер! Тәртіпті болыңыздар! Білім күні құтты болсын!»-деп атап өтті.

Сондай-ақ сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті. Олармен сурет салып, дайындаған өнерлерін тамашалады.

Айта кетсек, алғашқы қоңырау мерекесіне орай рейдтік-профилактикалық шараға облыс бойынша 1200-ге тарта полиция қызметкері, 127 қызметтік автокөлікпен жұмылдырылды. Жалпы Түркістан облысында 1060 мектеп бар, ондағы оқушы саны – 479 899. Оның ішінде мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы 52 мыңға жуық. Аталған кішкентай достармен ҚР ІІМ-нен арнайы келген «Полиция және балалар» тақырыбындағы дайын эскиздерді бояу жұмыстары жүргізілді. Бұл боялатын суреттерде қоғамдық орындағы қауіпсіздік қимылдары бейнеленген. Полицейлер бірінші сынып оқушыларымен осы суреттерді түрлі-түске бояп, түсіндірме сабақтарын өткізді.

Бала қауіпсіздігі-басты орында екенін ескерген түркістандық полицейлер, жыл бойы балалардың амандығы үшін қорғаныс шебінде қызметте болады.

ТҮРКІСТАННАН «БІРЛІК КЕРУЕНІ» ЕЛОРДАҒА АТТАНДЫ

Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осыған байланысты Түркістан облысынан «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылып, түркістандық керуен елордаға жолға шықты. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, торсықты теңге ілуден ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, Әлем чемпионы, ҚР чемпионатының 10 дүркін, Ересектер арасында ҚР чемпионатының 15 дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының негізгі құрамының мүшесі Ғалымжан Изжановқа тапсырды. Қатысушыларға жеңіс тіледі.

– Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының өту бағыты спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалар бойынша жүзеге асады. Сондықтан, маңызды шараның өтуіне өңір спортшылары ғана емес, мәдениет және ғылым өкілдері де атсалысатын болады. Бұл жобада әр облыстың белігілі спортшылары бастаған керуен жергілікті жердегі қасиетті бұлақтар мен құдықтардан су алып, арнайы торсықпен Астана қаласына жеткізетін болады.

Осыған орай, су алу рәсімін өткізуде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі Құдықханабұлақ көзі таңдалып отыр.Қазір ғана біздің спортшыларымыз бастаған арнайы топ құдықхана ішінен су алып, алдарыңызға келді.

Мен осы орайда, көшпенділер ойындары өтетін негізгі алаңға облыстың ыстық сәлемін, қасиетті суды жеткізетін керуенге сәттілік тілеймін! Бұл додада ел намысын қорғайтын облыс спортшылары қуантарлық нәтиже көрсетеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттың 21 түрі бойынша өтеді. Оған әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы, бапкерлер мен өкілдер қатысып, негізгі жүлделерді сарапқа салмақ. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІ ІРІКТЕЛДІ

Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде республикалық өңірлік кадрлық резевтерге іріктеу басталған болатын. Республика бойынша 11 мыңнан астам адам кандидат болу үшін өтініш тапсырған. Ал Түркістан облысынан іріктеуге қатысу үшін 634 адам құжат тапсырған. Қазіргі таңда 30 адам өңірлік кадр резервіне қабылданды. Бұл туралы брифингте Мемлекеттік қызмет істері агентігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Дархан Суртеков мәлімдеді.

«Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді өңірлік комиссия мүшелері жүргізеді. Ал қатысушыларға қойылар негізгі талаптар – 35 жастан аспаған,жоғары білімді және
3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. Үміткерлер индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру бағыттары бойынша таңдалатын болады. Сондай-ақ, жобаға қатысушылар арнайы тестілеуден және сұхбаттасудан өтеді. Өңірлік резервтерге іріктелген азаматтардың тізімі Түркістан облысы әкімі аппаратының және Агенттіктің интернет-ресурстарында, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланды. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл», – деді спикер.