Балықты БМСҚКО-ның медицина қызметкерлеріне семинар сабағы өткізілді

Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының таралуына қолайлы өңір. Өйткені өңір климаты ыстық болғандықтан өзге аймақтарға қарағанда көктемнің ерте келуімен жәндіктер де жер бетіне ерте шығады. Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығы дамыған. Өткен жылы Түркістан облысында кене шағудың 1 623 жағдайы тіркеліп, 13 адамның ауруы зертханалық расталған. Оның ішінде 1 науқас көрсетілген ем-шараларға қарамастан қайтыс болған болатын. Кене шаққан науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Сондықтан, аталған аурудың алдын алу және сақтанудың негізгі шарттарын білу өте маңызды. Осы мақсатта,  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу бойынша, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына қарасы Балықты БМСҚКО-ның медицина қызметкерлері арасында, аудандық орталық ауруханасы мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бірлескен бұйрығы негізінде семинар сабағы ұйымдастырылып өткізілді. Семинарда жауапты медицина қызметкерлеріне КҚГҚ ауруының алдын алу, жұғу жолдары, ауруды ерте анықтау, дұрыс ем-шара жүргізу бойынша қайта пысықтау жұмыстары жүргізілді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудың негізгі мақсаттары адамдарды кене шағуынан сақтануы болып табылады. Ауылшаруашылық  малдарын  және үй жануарларын қырқу  барысында,  кенелерді  үстінен  жинағанда,  далалық  және саяжай учаскелерінде жұмыс жасағанда кене шағуы мүмкін.

​« — Кенелердің үлкен қауіптілігі – олар киімнің астына кіріп, адам терісіне  байқатпай  және ауыртпалықсыз жабысады. Адамға жабысқан кене бірден денеге қадалмайды, сондықтан дер кезінде оны алып тастаған жағдайда аурудың жұқтыруын алдын алуға болады. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға немесе жаншуға болмайтынын білу маңызды. Себебі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы шырышты қабаттар немесе терідегі зақымданулар арқылы енуі мүмкін. Денеге қадалған кенені мұқият алып тастау керек. Кенені  пинцет қолдана отырып,    теріге қадалған тұмсығын қалдырмауға тырысып, сағат тілімен ақырын шығарып  алу қажет.  Бұл  қолға қолғаптар кию арқылы жүргізілуі тиіс. Кенені алып шыққан соң қолды сабындап жуып, ал шаққан жерді йодпен залалсыздандырады.  Кенеге керосин, май, ацетон немесе басқа да сұйық құюға, сондай-ақ оны теріден бөлу үшін кенені қыздыруға болмайды. Қауіпсіздік мақсатында медициналық мекемеге жүгінген дұрыс. Кене шаққан адамдарға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының бастапқы белгілерінің мүмкіндігін анықтау үшін 14 күн бойы күнделікті екі рет  қызуын өлшеу арқылы медициналық бақылау орнатылады.» — дейді мамандар.

Түркістан облысы бойынша наурыз-сәуір айларынан бастап кенелерге қарсы дәрілеу шаралары басталған болатын. Өңірдегі 2 қала, 14 аудандағы 108 елдімекен аумағында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізу жүзеге асырылуда. Өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі — 7 730,48 гектарды құрайды. Кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шараларына 9 автокөлік, 22 моторлы шашыратқыш аппарат, 16 дезбригада жұмылдырылған екен. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының басшысы мәлімдеген болатын.

« — Жалпы табиғи ошақтар аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы өңдеу, залалсыздандыру өте маңызды. Ауылшаруашылық малдарды бағып-күту және қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасуды болдырмау мақсатында тұрғындар жеке қорғаныс үшін арнайы киім киюлері қажет. Олар:қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резеңке колғап.Табиғатқа демалысқа шыққанда да кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию керек. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды, я,ни мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жақтарын қасыңыздағы адамдарға айтып, үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет. Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын, кенелерді үркітетін сақтану құралдарын қолдануға кеңес береміз. Кене шаққан немесе кенемен жанасу болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.Сонымен қатар аудан тұрғындары елді мекен аймағында, үй ауласында, мал қораларда күл-қоқыс, қи-көңнен тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертеміз.» — деді Түлкібас аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары.

Айта кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың қауіптілігі сол – медициналық көмекке кеш жүгінген жағдайда өлімге әкеліп соғу ықтималдылығы жоғары. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасмалдаушы ол — кенелер. Ауру сәуiр-қазан айлары аралығында жиі тіркеледі. Kенелер басым көпшілігінде далалық жерден ауылшаруашылық малдар арқылы үй ауласына кіреді. Кенелер үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келуі мүмкін. Олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып сорғанда мүлде ауырмайды. Көп жағдайда адам кененi келесi күнi немесе тiптi одан да кеш байқауы мүмкін.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық белгілері мынадай. Аурудың алғашқы белгілері: науқастың дене қызуының кенеттен 39-40С дейін көтерілуі, басының қатты ауыруы, көздің қызаруы және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуімен басталады. Ауру одан әрі дамыған жағдайда бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен,денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, асқазаннан, жатырдан қан кету белгілері,ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады. Науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда өлім жағдайына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*