АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 МЫҢ КӨШЕТ ЕГУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Түркістан облысы, Отырар ауданында ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін айқындайтын игі бастама бастау алды. Көксарай ауылының жастары мен жасы 70-ке келген қарияларына дейін ауылды көркейтуге білек сыбана кіріскен. Елді мекенге кіретін күре жол бойына көшет егіп, қоршау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауылдағы ішкі көшелердің бойын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көріктендіру ісін ілгерілетуге бағытталған тың қадам болып отыр.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов көпке өнеге болған жұмыстардың барысымен арнайы танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет екті. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

« – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды көркейту мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталған болатын. Бүгінде аудан көлемінде тұрақты сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар тазалыққа ден қойып келеді. Көксарай ауылында бастау алған бұл бастама ауыл халқын ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа үндейтін ауқымды шара. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен жауапкершілігі басқа елді мекендерге үлгі болуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады. Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту және елді мекендерді көркейту мәселелері күн тәртібінде тұр. Осы бағыттағы ең тиімді әрі нәтижелі жұмыстардың бірі – көшет егу және жасыл желекті көбейту. Көшет отырғызу – тек табиғатты қорғау ғана емес, болашақ ұрпаққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың маңызды қадамы.Ең алдымен, көшет егудің экологиялық маңызы зор. Ағаштар ауаны тазартып, көмірқышқыл газын сіңіреді, оттегін бөліп шығарады. Бұл – климаттың өзгеруін бәсеңдетуге, ауаның сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін фактор. Сонымен қатар, жасыл желек шаң-тозаңды ұстап, қатты жел мен ыстықтың әсерін азайтады. Ауылдық және қалалық жерлерде егілген көшеттер табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Көшет егу жер мен су ресурстарын қорғауда да маңызды рөл атқарады. Ағаштардың тамыры топырақты бекітіп, эрозияның алдын алады. Бұл әсіресе егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысатын аймақтар үшін аса маңызды. Сонымен қатар, жасыл желек жердің ылғалын сақтап, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.»  – деді Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы.

Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбетіне жаңа серпін беретінін жеткізді.

« – Көшет егу экология мен экономикаға пайдасын тигізеді. Көшет егудің әлеуметтік маңызы да ерекше. Жасыл желекпен көмкерілген елді мекендер халықтың өмір сүру сапасын арттырады, тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді. Ағаштары көп аумақта адамдардың демалуға, серуендеуге мүмкіндігі артып, қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасады. Әсіресе жастар мен оқушыларды көшет егуге тарту – оларды табиғатты аялауға тәрбиелеудің тиімді жолы. Ауыл шаруашылығы саласында көшет егу өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Желден қорғайтын орман белдеулері егістік алқаптардың өнімін сақтауға көмектеседі. Ал бау-бақша бағытындағы көшеттер ауыл экономикасын әртараптандырып, нарыққа сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, көшет егу – табиғатқа жасалған инвестиция. Оның пайдасы бүгін ғана емес, ертең де, келешек ұрпақ үшін де сезіледі. Әрбір егілген көшет – таза ауа, құнарлы жер, тұрақты табыс пен көркейген ауылдың кепілі. Сондықтан көшет егу ісін жүйелі түрде жүргізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.» – деді Отырар аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов.

Ауылдың ажарын арттыруға бағытталған қоғамдық шара аясында 15 шақырым аумақ қоршалып, ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен 8000-ға жуық түрлі көшет егілді. Игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып 2 жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*