Түлкібас: Мамандар бірқатар аурулардың алдын-алу бойынша семинар өткізді

Түлкібас аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері тарапынан Кельтемашат елді мекенінде орналасқан «Самал» балалар жазғы сауықтыру лагерінің қызметкерлерімен кездесіп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарының сақталуын, тағамнан уланудың, ботулизм ауруының алдын алу мақсатында «Тағамнан уланудың алдын алу», «Ботулизм ауруының алдын алу», «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі», «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы» саласы бойынша семинар өткізілді. Мамандар ботулизм ауруынан сақтану үшін азық-түліктерді өңдегенде, тасымалдағанда, сақтағанда, дайындағанда, соның ішінде үйде консервілегенде санитарлық-гигиеналық ережелерді мұқият орындау қажет екенін ескертті.

«- Ботулизм — жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық ауру түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин -органикалық улардың ең күштілерінің бірі, адам үшін өлтіретін мөлшері болып 0,035 мг токсин саналады. Токсин физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімді, оны 10-20 минут қайнатқанда бұзылады, ол натрий хлориді концентрациясы көп ортада жақсы сақталады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, шұжықта, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі, оны бомбаж дейді.Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды: науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады, неврологиялық белгілер (көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айрылады.

Ботулизм ауруының алдын алу жолдары: — санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң сақтау, консервіленген өнімдерді сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда сақтамау; — сауда обьектілерінен үй жағдайында дайындалған консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық өнімдерін сатып алмау; — консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы күмпиген (ісінген) бомбаж және «бұлыңғыр» түрдегі өнімдерді пайдаланбау. Егер науқасқа уақытылы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, аз уақытта өлімге алып келеді. Қолдағы бар левомицитин немесе басқа дәрілерді ішіп, үй жағдайында емделуге болмайды, емі тек ботулотоксинге қарсы сарысудың уақытылы егілуі. Сонымен қатар, егер ботулизм ауруы қоғамдық тамақтандыру немесе сауда обьектілерімен байланысты орын алса уәкілетті органмен қылмыстық іс қозғалады. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабы 2-ші тармағына сәйкес адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соққан әрекет, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса – қызметтi тоқтата тұрып не онсыз, жеке тұлғаларға – екі жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын назарларыңызға жеткіземіз.» — деді Түлкібас аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары

Сонымен қатар мамандар Машат шатқалында орналасқан «Отырар» балалар жазғы сауықтыру лагерінің қызметкерлерімен кездесіп, тағамнан уланудың алдын алу, паразитологиялық аурулардың алдын алу, Нитраты көп көкөністерден сақтану тақырыптарында да семинар — кеңес жүргізілді. Кездесуде ең бастысы адам денсаулығы басты назарда болуы керектігі және ұлт саулығы — ұрпақ болашағы туралы айтылды.

Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есінде сақтағаны жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады. Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де, шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн.

«- Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі. Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Нитриттердің нитраттардан айырмашылығы, олар қан эритроциттеріне кері әсер етеді. Эритроциттердің құрамындағы гемоглобинмен нитриттер байланысып, метгемоглобин құрайды, бұл өз кезегінде оттегін тіндерге тасымалдау қабілетін қиындатады да нәтижесінде адам ағзасының оттегімен тыныс алуы нашарлайды. Бұл, әсіресе, балаларға, егде жастағылар мен жүкті әйелдерге өте қауіпті. Сондай-ақ, нитраттар аллергияға себеп болып, қалқанша безі, зат алмасу және орталық жүйке жүйелерін зақымдайды. Ал оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтырады. Қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеудін қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға салған жөн. Су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал. Қарбыз бен қауындарды таңдау кезінде қателеспес үшін ең бірінші заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамауды әдетке айналдыру керек. Сондай-ақ, қарбыздарды жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрауды да естен шығармаған жөн. Алайда елімізде мұндай талаптарға назар аударатындар шамалы.

Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын да, мөлтек аудандардағы көше бойын да жағалап, ісін дөңгелетуді әдетке айналдырған. Олардың барлығында бірдей зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты жоқ десек те болады. Көкөніс, жеміс-жидек пен бақшалық өнімдерді сатып алу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттарын сұраған жөн. Өз денсаулығың-өз қолыңда» — дейді мамандар.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*