Түлкібас: Қауіпсіз өнім – денсаулық кепілі

Түлкібас аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері Машат елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» балалар жазғы сауықтыру лагерінің қызметкерлерімен кездесіп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарының сақталуын, тағамнан уланудың, ботулизм ауруының алдын алу мақсатында «Тағамнан уланудың алдын алу», «Ботулизм ауруының алдын алу», «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі», «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы» саласы бойынша семинар өткізілді. Қауіпсіз өнімдерді тұтыну – адам денсаулығының басты кепілі екендігі айтылып, талаптар мен ержелерді сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Адамдардың денсаулығы үшін дұрыс тамақтанудың, пайдалы және қауіпсіз өнімдерді тұтынудың үлкен мәні бар. Мамандар азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде міндетті түрде назар аударуға тиіс бағыттарды атап өтті. Олар:

— Таңбалауға. Оралған тамақ өнімдерінің таңбалауы мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс: атауы, құрамы, саны, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, ұсыныстар және (немесе) пайдалану жөніндегі шектеулер, тағамдық құндылығының көрсеткіштері, ГМО болуы туралы мәліметтер, айналымның бірыңғай белгісі. Егер сіз толық ақпарат жоқ өнім тауып алсаңыз, онда өнімді сатып алудан шектеліңіз;

— Буып-түюге. Өнім бұзылмаған қаптамада болуы тиіс, оның қауіпсіздігі мен таңбалауда мәлімделген жарамдылық мерзімі ішінде тасымалдау және сақтау шарттары, тұтыну қасиеттерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беру тиіс. Егер сіз зақымдалған, ластанған буып-түюдегі өнімді тауып алсаңыз, сатып алудан бас тартыңыз;

— Жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарына. Ерекше назар тез бұзылатын азық-түлік өнімдеріне аударыңыз (торттар, бәліштер, майонез қосылған салаттар, т. б.). Егер өнім тиісті температурада сақталмаса, онда мұндай өнім жұқпалы аурулар және тамақтан улануды тудыруы мүмкін. Ешбір жағдайда жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және тиісті температурада сақталмаған өнімдерді алмаңыз;

Өнімдердің сәйкестігін растайтын құжаттарға (сәйкестік туралы декларация, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, сәйкестік сертификаты). Сіз сатушыдан көрсетілген құжаттарды талап етуге толық құқылысыз. Егер сатушы Сізге бұл құжаттарды бермеген жағдайда, өнімдерді сатып алудан шектеліңіз.

Сондай-ақ, кездесуде тағамдардан уланудың алдын алу бойынша кеңестер айтылды. Себебі, балалар жазғы сауықтыру лагерлері үшін бұл назардан тыс қалмай, әрқашан сақталуы тиіс маңызды мәселелердің бірі. Жалпы тағамнан уланулар – бұл табиғаты микробты және микробсыз болатын, ауру тудырушы микроорганизмдердің немесе олардың әр түрлі токсиндерімен және сонымен қатар улы заттармен ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын жедел инфекциялық ауру. Ең қауіптісі – тағамдық токсикоинфекция және табиғаты микробты улану дейді мамандар.

« — Сапасыз азық-түлікті тамаққа қолдану кезінде, олар дұрыс дайындалмай және дұрыс сақталмаса тағамнан улану – тағамдық токсикоинфекция туындауы мүмкін. Сапасыз өнімдер бұл – түрлі микроорганизмдермен және токсиндермен жұқтырылған азық-түліктер.   Ең қауіптісі – жануарлардан алынатын өнімдер, мысалы ет, балық, шұжық, консервілер, сүт және одан жасалатын бұйымдар – кремі бар кондитерлік өнімдер, балмұздақ. Әсіресе, уақталған ет – паштеттер, фарш, іркілдек оңай жұқтырылады. Тағамдық уланудың алғашқы белгілері тамақ ішкеннен кейін 2-4 сағаттан соң, мүмкін (кейбір жағдайларда 30 минуттан кейін), 20-26 сағаттан кейін де білінуі мүмкін. Көбінесе бұл токсиннің түріне және дозасына және адамның иммун жүйесінің жағдайына байланысты. Тамақтан улануды болдырмау үшін тағамдарды сақтау және дайындаудың бірнеше  қарапайым қағидаларын орындау керек: қауіпсіз азық-түлік өнімдерін таңдау; тамақты дұрыс дайындау; тағам дайын болғаннан кейін мүмкіндігі бойынша бірден тамақтану; жаңа дайындалған тағамдарды кешегі дайындалған тағамдар қалдықтарымен араластырмау қажет, егерде дайын тағам ертеңгі күнге қалған жағдайда, оны пайдалану алдында  мұқият термиялық өндеуден өткізу қажет (қайнату немесе  қуыру); шикі және піскен  азық-түлік өнімдер арасындағы байланысқа жол бермеу; жеке бас гигиенасын қатаң түрде сақтау:  ас ішер алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият, жиі  жуу; қайнатылған, бөтелденген немесе  сапалы,  таза ауыз  суды пайдалану; көкөністер мен жемістерді  пайдаланар алдында үнемі ағымды сумен жуып пайдалану, ал балаларға қайнатылған сумен жуып беру; тез бұзылатын тағам түрлерін және дайын тағамды тоңазытқышта  2-6 С температурада сақтау; кремді-кондитерлік  өнімдерді жарамдылық мерзімдері өткеннен кейін пайдаланбау; үйдегі қоқыстарды және  тағам қалдықтарын  уақытылы шығару  және шыбын, жәндіктерді болдырмау; үнемі ас үйді таза ұстау және жеке бас гигиенасын сақтау.

Ең бастысы денсаулығыңызға зиян тигізбеу үшін таңдауды талап етіңіз және мұқият болыңыз. Тексерілген өнімдерді сатып алыңыз, олардың жарамдылық мерзімін, сақтау шарттары мен пісіру ережелерін сақтаңыз!» — деп кеңес берді, Түлкібас аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*