МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ МЕКТЕП ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Келешек мектептері» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Түркістан облысында осы жоба арқылы 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылып, 1500 орындық мектеп қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жұртшылықты ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«– Бүгін Мақтаарал өңірінде сүйінші жаңалық болып жатыр. Ауданда тағы да заманауи мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекетіміздің білім мен ғылымға бағытталған стратегиялық саясатын көрсететін мәні зор оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарлы қадам. Мақтаарал ауданында ашылып отырған 1500 орындық жаңа мектеп – ауылдағы балаларға жасалған үлкен қолдау. Бұл заманауи білім ордасында оқушылардың терең білім алуына, шығармашылықты дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда келешектің ойлы, парасатты және бәсекеге қабілетті жастары тәрбиеленеді. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасатын айбынды ордасы. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қасиетті мекен. Бүгін бой көтерген жаңа білім ұясы – осы өңірдің адами капиталын жақсартып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белеске жетелейді. Бізге білімді, отаншыл, рухы биік, жаңашыл буын керек. Міне, жаңа мектеп сол асыл міндетті орындауға қызмет етеді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ұстаздарымыз үнемі ізденіп, сапалы білім берулері керек. Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мақтааралдың білімге құштар жастары ғылым мен мәдениеттің биік шыңдарын бағындырып, елге қызмет ете берсін!» – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Айта кетейік, Түркістан облысы білім беру саласын жаңғырту және оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасын белсенді жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба — еліміздің білім жүйесін заманауи талаптарға сай қайта құру, сапалы және қауіпсіз білім беру инфрақұрылымын қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды бастама.

Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылған 1500 орындық мектеп жобасының құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Ал ғимарат 14 710 метр аумақта орналасқан. Сыйымдылығы – 1500 бала. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «BCN Group» ЖШС компаниясы жүргізді. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Спорт залы, мәдениет залы, асхана, акт залы, оқу бөлмелері мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері бар. Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасымен 29 білім ұясы салынды.

«Келешек мектептері» — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған ұлттық жоба. Оның негізгі мақсаты — жаңа мектептер салу, білім беру кеңістігін кеңейту, үш ауысымды оқыту мен оқушы орнын жетіспеу мәселелерін шешу, сондай-ақ оқушыларға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ету. Бұған дейін де  Түркістан облысында «Келешек мектептері» аясында бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Атап айтқанда Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орындық және Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық мектептер ашылды.  Келес ауданында Абай ауылында 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Сауран ауданында 300 орындық жаңа мектеп те ашылды.  Бұл мектептер заманауи стандарттарға сай салынған: оқу кабинеттері, спорт залдары, кітапханалар, кең акт залдары, асхана және қауіпсіздік жүйелері бар. Мұндай инфрақұрылым оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.  Облыстағы мектептердің ақпараттық инфрақұрылымын дамыту да маңызды назарда тұр. Мысалы, кейбір мектептерде интернетке тұрақты қол жеткізу, соның ішінде ауылдық жерлердегі білім беру ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін халықаралық бастамалар да қолға алынып жатыр. Бұл оқушылар мен мұғалімдерге онлайн ресурстарға кіруді жеңілдетеді және білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді.   «Келешек мектептері» жобасы Түркістан облысында мектеп тапшылығын жоюға айтарлықтай үлес қосуда. Заманауи мектептердің ашылуы жаңа оқу орындарының санын арттырып қана қоймай, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз етеді. Бұл — өңірде білім сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.

Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістер білім беру жүйесіне де түбегейлі жаңаруды талап етуде. Ғылым мен технологияның дамуы, цифрлық орта, жасанды интеллекттің кең қолданылуы – болашақ мектептерінің бейнесін түзіп, олардың жаңа бағытта дамуына жол ашып отыр. Сондықтан келешек мектебі – тек білім беретін орын ғана емес, тұлға қалыптастыратын, шығармашыл ойлауды дамытатын, өмірге бейімдейтін заманауи орталық болмақ.

Болашақ мектептерінде дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар толыққанды цифрлық платформа қолданылады. Интерактивті тақталар, виртуалды зертханалар, онлайн білім беру ресурстары, қашықтан оқу жүйесі оқушыларға кең мүмкіндік береді. Жасанды интеллект әр оқушының қабілеті мен қызығушылығына сай жеке оқу бағдарламасын ұсына алуы мүмкін. Келешек мектебі тек ақпарат берумен шектелмейді. Ең басты міндет – оқушыны ойландыру, талдауға, шешім қабылдауға, жаңа идея ұсынуға үйрету. Жобалық жұмыс, зерттеу жүргізу, тәжірибе жасау сияқты оқу формалары көбейеді. Бұл балалардың сын тұрғысынан ойлау дағдысын қалыптастырып, шығармашылық қабілетін дамытады.Тек білімді ұсыну жеткіліксіз. Болашақ мектебі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әлемдік мәдениетке бейім тұлға қалыптастыру ортасы болуы тиіс.

Құрмет, жауапкершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік секілді қасиеттерді бойға сіңіру – мектеп жұмысының маңызды бөлігі болып қала береді. Келешек мектебінің табысы – мұғалімге байланысты. Болашақ ұстаз тек пән үйретуші емес, бағыт беруші, кеңесші, мотивация беретін тұлғаға айналады. Заманауи технологияны меңгерген, үздіксіз ізденісте болатын, оқушымен тең дәрежеде сұхбат құратын жаңа форматтағы педагог қажет. Келешек мектептері  жай ғана оқу ғимараты емес, қауіпсіз, қолжетімді, психологиялық тұрғыдан жайлы кеңістікке айналады. Спорт, өнер, ғылыммен айналысуға арналған заманауи кабинеттер мен орталықтар оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.Озық технология, сапалы білім, адамгершілік құндылық және жас ұрпақтың қабілетін ашуға бағытталған жаңа жүйе – елдің дамуына негіз болады.

Түркістан облысындағы «Келешек мектептері» жобасы — елдің білім беру жүйесін жаңғыртудағы маңызды стратегиялық қадам. Жаңа мектептердің ашылуы аймақтағы оқушыларға сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейтіп, білім саласындағы инфрақұрылымның дамуына серпін беруде. Жоба болашақта да оқушы орындарының тапшылығын жойып, заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыруды жалғастырады деп күтілуде.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*