«Ө.Шөкеевтің қатысы жоқ». Мамандар Шаға жағажайындағы мәселеге түсінік берді

Мамандар Шаға жағажайындағы мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды TAQ.KZ ақпараттық агентігі «Oinet.kz» порталына сілтеме жасап. 

Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын Түркістанның іргесінен көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналады, туристерді тартады деген «Шаға» жасанды көлі салтанатты түрде ашылған болатын. Жуырда әлеуметтік желіде жағажайдың қараусыз қалғаны, жуынатын жері, дәретханасының бүлінгені, көшеттердің қурап қалғаны туралы видео таралып, ол көпшілік арасында қызу талқыланды.  

Осыған қатысты материалдар «Рейтинг» газеті мен «oinet.kz» порталында да жариялаған болатын.  Жуырда аталған ақпараттық редакцияға Түркістан облыстық құрылыс басқармасынан және осы нысандағы жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаған техникалық қадағалаушы мекеменің өкілдері барып, мәселенің мән-жайына түсінік берді.

Мамандардың айтуынша, келешегінен көп үміт күттірген жағажайдың осындай жағдайға жетуіне мердігелердің де, оның құрылысына тапсырыс беруші Түркістан облыстық құрылыс басқармасының да, сол кездегі облыс басшысы Ө.Шөкеевтің де қатысы жоқ. Нысан бойынша құрылыс жұмыстары толық бітпеген, тек шомылу аймағы (№1 учаскесі) аяқталған. Екіншіден, нысанды пайдаланушы және сенімгерлік басқаруға алған мекемелер өзіне тиісті міндеттерін жеткілікті жағдайда орындамаған. Яғни, бәріне сол мекемелердің жауапсыздығы, өз міндетіне салғырт қарауы себеп болған.

Облыстық құрылыс басқармасының қызметкері,  осы нысанға жауапты жетекші маман Әсет Қадырбектің айтуынша, «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу» немесе «Шаға жасанды көлі» деген атауға ие болған жобаның негізгі мақсаты Түркістан қаласын көктемгі су тасқынынан сақтау, қар мен жаңбырдан жиналған суларды көгалдандыруға қолдану, қаланың микроклиматын жақсарту, сонымен қатар жаз айларында жағажайды шомылу аймағы ретінде қолдану болған.

– 2012 жылы қатты жауын-шашын кезінде Түркістан қаласының бірқатар елді  мекендерін су алып кеткен. Жоба осындай апатты жағдайларды болдырмау үшін қолға алынған және ол өзінің мақсатына жетті деп есептеуге болады. 2023 жылдың ақпан айында Сауран ауданының аумағында су тасқыны кезінде көлдің өзінде жиналған су көлемі   2,5 млн. м3 асты, бұл өз кезегінде жасанды көлдің  су жинау қуаттылығы ең жоғарғы  жобалық деңгейінен асып түседі. Әйтсе де, су тасқыны кезінде «Шаға» көлі еріген суды ұстап тұру бойынша өз функцияларының толық деңгейде орындай отырып, Түркістан қаласын су тасқыны шайып кетуі залалдарынан сақтап қалды. Көлге жиналған сулар одан  ары қарай    Түркістан магистральдық каналына және «Шаға» ағызу каналына жіберіледі. Жаз мезгілінде көл «Кеңсай Қосқорған – 2» су қоймасынан келетін сумен толтырылады,–деді Ә.Қадырбек.

Жалпы жобаның құны 9,3 млрд теңгені құраған. Қаржының басым бөлігі көлді, каналдарды салуға жұмсалған.

2022 жылы жағажайда шомылау маусымын ашу үшін нысанды                   2 учаскеге бөлу туралы шешім қабылданады. №1 учаскедегі жұмыстар толығымен аяқталып, 2022 жылдың 5 маусымында пайдалануға қабылданған.

–2022 жылдың 28 маусымында Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы басшысының бұйрығымен №1 учаске облыстық ауыл шаруашылық басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізілген.  8 шілдеде Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, нысан облыстық туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда пайдаланушы мекемелер («Тұран су», «Open Turkistan») тарапынан нысанды күтіп ұстау жұмыстары дұрыс жүргізілмеуіне және жасанды көлге қажетті сумен қамтамасыз етілмеуіне байланысты жағажай аймағы жарамсыз күйге түскен. Сонымен қатар,  қажетті деңгейде күзетпен қамтамасыз етілмеуі себепті, нысан басында вандализмдік әрекеттердің орын алуы әсерінен ғимараттар бүлінген, кейбір мүліктермен құрал-жабдықтар ұрланып, қолды болып кеткен. Өз кезегінде, объектіге тиесілі ұрланған заттармен жабдықтар бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан қылмыстық істер қозғалған,-дейді «Стройконсалтинг LTD» ЖШС-інің техникалық қадағалаушысы Айдархан Исабаев.

Яғни, мамандардың айтқанынан түсінгеніміз, Туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» өзіне тиесілі міндеттерді орындамаған. Естеріңізде болса, сол  2022 жылдың тамызында облыс әкімі Ө.Шөкеев отставкіге кеткен соң, облыстық туризм басқармасы дербестігінен айырылып, мәдениет басқармасына қосылды. 2024 жылы қайта бөлінді. Осындай алу-қосу жұмыстары туризм саласындағы жұмыстарға салқынын тигізген сияқты. «Байтал түгілі бас қайғы» болып жатқан мекеменің Шаға жағажайын күтіп ұстау, туристерді тарту жұмыстарымен айналысуға құлқы болмағанға ұқсайды.

Енді бөлінген қаражат мәселесіне келсек. Мамандардың бізге берген мәліметтеріне қарағанда, 2024 жылдан бастап Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан нысанға бөлінген қаражаттардың жұмсалуын тексеру жұмыстары жүргізілуде.

–№1 учаскеге жалпы көлемі 6,9 млрд теңге қаралып, ол толығымен игерілген. Ал, екінші учаскеге 2,28 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алайда бүгінгі таңда №2 учаске бойынша қаржыландырудың болмауына байланысты, құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бюджеттен қаржысы қарастырылған жағдайда құрылыс жұмыстары жалғасатын болады,-делінген мамандардың берген жауап хатында.

Осы жерде айта кетері, 2023 жылдың күзінде Астанада өткен брифингте сол кездегі облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Шаға» жасанды көліндегі құрылыс жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалғанын айтқан болатын.

Ал, енді құрылыс жұмыстары аяқтала ма, жоқ па? Биыл жазда Шағада шомылу маусымы бола ма, жасанды көлге су толтырыла ма? Нысанды сенімгерлік басқаруға алған «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» өзіне тиесілі міндеттерді неге атқармады?

Бұл сұрақтарға енді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық туризм басқармасы жауап бере жатар. 

ТҮРКІСТАНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимараты жанындағы аллеяда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Тұрақтылық – татулық тұғыры» атты іс-шара өтті.

Достық пен татулықты паш еткен мерекелік шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, еңбек және шығармашылық ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиынға қатысушылар алдымен іс-шара аясында этнос өкілдері ұйымдастырған қолөнер көрмесін тамашалады.

Салтанатты жиында жиналған жұртшылықты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Бәріңізді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Біз, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде Ассамблея халқымыздың бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосты. Еліміздегі тәуелсіздік пен теңдіктің, тұрақтылық пен татулықтың символына айналды. Таяуда Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV (34-ші) сессиясы өтті. Маңызды жиында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның қоғамды біріктіретін ұйымға айналғанын атап өтті. Түркістан облысында қазіргі таңда 2 млн 150 мыңнан аса адам тұрады. Өңірде қазақ халқымен бірге 50-ден аса этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мемлекеттік тілді ұлықтау, ортақ тарих пен тағдырды құрметтеу – баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, барлық азаматты ел болашағы үшін бірігіп әрекет етуге шақырамын. Шуақты мерекеде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен ынтымақ тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік іс-шарада ҚХА-ның 30 жылдығына орай Түркістанда өткен «Бірлік» марафонының жеңімпаздары мен өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.

Бірлікке үндеген мерекеде «Жаңа леп» ұжымы, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ «Самғау» және «Фараб» би ансамблдері, «Сарын» тобы өнерпаздарының арнайы әзірлеген өнерлері тарту етілді. Жергілікті өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері «Қазақтай ел қайда», «Домбыра», «Қазақ батырлары» т.б. патриоттық әндерін шырқап, би билеп, мерекенің ажарын аша түсті. Сондай-ақ шара барысында облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов және «Ассамблея жастары» РҚБ-і Түркістан облыстық өкілдігінің мүшесі Интизора Нусратуллаева сөз сөйлеп, еліміздегі бірлік пен бейбітшіліктің мән-маңызына тоқталды.

Шара соңында қатысушылар «Түркістан» әнін хормен орындап, халқымыз тату-тәтті бірлікте болсын деген игі тілекпен тарқасты.

Депутаттар өңірдегі спорт нысандарының құрылысымен танысты

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов, Ж.Ағабеков, С.Арыстанов, Ғ.Қапалбаев, Б.Байғараев, И.Намазбаева, Т.Қаржауов, Т.Садуов, Б.Шойбеков, Е.Хандиллаев, Е.Үсентаев өңірде салынып жатқан бірқатар спорт нысандарының құрылысымен танысты.

Халық қалаулыларына құрылыс басқармасы басшысының орынбасары А.Тұрханов және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғ.Құдияров спорт нысандарының жай-күйін таныстырды. Атап айтқанда депутаттар есу каналын, атшабар көпфункциялы спорт нысанын және Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді.

Жалпы, «Түркістан қаласында спорт кешендері бар ескек есу каналының құрылысы» жобасын іске асыру 3 кезеңнен тұрады. Жобаның құрылысы 2021 жылы басталған.
Есу каналы олимпиадалық стандартқа сәйкес жабдықталған. Су спорты түрлерінен оқу-жаттығу жиындары, Әлем және Азия біріншіліктері мен ірі халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған.

Мұнда академиялық есу, триатлон, каноэде және байдаркада есу, желкенді спорт және жүзу спорт түрлері дамытылады.
Есу каналында 1000 орындық трибуна, эллинг, төреші мұнарасы, жағажай аймағы, көпір қарастырылған.

Ал, атшабар көпфункциялы спорт нысанның құрылысы 2 кезеңнен тұрады.Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Алдағы уақытта мұнда жүйелі түрде ұлттық және халықаралық деңгейдегі бәйгелер ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдерге арналған жарыстар өткізілмек.

Сонымен қатар, депутаттар Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешені оқу-жаттығу жиындарымен республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған.
Мұнда бокс, дзюдо, еркін күресі, грек-рим күресі, баскетбол, волейбол, таэквондо, каратэ, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, самбо және үстел теннисі спорт түрлері дамытылады.

Спорт кешенінде жиналмалы 320 орындықты әмбебап спорт залы, бокс залы, күрес залы, таэквондо залы, ауыр атлетика және жаттығу залы, дәрігер кабинеті, 72 орындық конференц-зал, 48 орындық буфет, футбол және баскетбол алаңшалары бар.
Сондай-ақ, спорт кешені заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір мезетте 200 спортшы жаттығу өткізе алады.

Халық қалаулылары спорт нысандарын аралап болған соң, Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде аралауды қорытындылап, жиын өткізді.


Мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және депутаттар спорт нысандарының салынуы сыртқы және ішкі туризмді дамутуға үлкен септігін тигізетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, тиісті басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды және Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде орналасқан залдағы орындықтар санын көбейтуді ұсынды.
Жалпы, депутаттар атқарылған жұмыстарды оң бағалап өтті.

Уалихан Рахиев: Ішкі туризмді дамытумен ғана шектеліп қалмауымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары бұл тапсырманы ортақ міндет деп біледі.

Осы ретте, халықтың аманатын арқалаған, азаматқа тән білім мен мінез, ең бастысы отаншылдық қасиетке ие депутаттың бірі – Уалихан Рахиев.

Жалпы, өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, туризмді дамытуға басымдық берілуде. Соңғы жылдары ел азаматтары және шетелдік туристер арасында сауықтыру туризмінің танымалдылығы артқан. Өңірдегі қолайлы климаттық жағдай, бірегей минералды қайнар көздері мен емдік балшық орындары туристерді тартып, емдеу-сауықтыру нысандарының дамуына септігін тигізіп отыр. Шипажай-курортты кешендердің көпшілігі жыл бойы жұмыс істейді. Бұл бағытта депутат Уалихан Рахиев Түркістан облыстағы сауықтыру туризмінің өркендеуіне өз үлесін қосып, Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігінің “ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ” төс белгісімен марапатталған.

«Мемлекет басшысы елдегі туризмді дамыту экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл салада әрбір өңірдің даму перспективасы бар. Біз тек ішкі туризмді дамытумен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Шетелдік туристерге бағыттай отырып, туристік инфрақұрылымды дамытуға да инвестициялар тарту қажет.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында туризмді дамытуға ерекше назар аударылып келеді. 70 тен астам демалыс сауықтыру орындары бүгінгі өмірдің талабына сай негізделе отырып халыққа қызметтерін көрсетуде. Алдағы уақытта әлі де дами түседі» – дейді Уалихан Рахиев.

Халқы тығыз орналасқан Сарыағаш ауданынан облысқа депутат болып сайланған ол тұрғындардың өзекті мәселелерін шешумен қатар, өңірді өркендету бағытында жұмыс атқаруда.
Сенімді ақтау – үлкен жауапкершілік деп есептейтін Уалихан Рысбекұлы Сарыағаш аудандық қоғамдық кеңесінде ауданның экономикасы мен әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударып, елді мекендердегі түйіткілдердің түйінін тарқатуға да септігін тигізуде.

Одан бөлек, Түркістан облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде халықтың талап-тілегін жауаптыларға жеткізіп, проблемалардың оңынан шешілуіне ықпал жасап келеді.

«Атқарушы билік пен өкілетті биліктің ортақ міндеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту, ел сенімін ақтау. Бірлігімізді бекемдеп, еліміздің тұрақты өркендеуіне еңбек етеміз» – дейді депутат.

ТҮРКІСТАНДЫҚ АҚЫН АЙДАР СЕЙДАЗЫМ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағы – Әдебиетшілер үйінде дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өтті.

Руханият мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен Жазушылар одағының аймақтық өкілдері қатысты. Шара барысында бірқатар жазушылар еңбегі үшін арнайы марапатталды.

Жиын барысында Түркістан облысының жазушысы, белгілі ақын әрі Turkistan телеарнасының журналисі Айдар Сейдазым «Алаш» сыйлығының иегері атанды.

Айдар Бастарбекұлын марапатымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз!

БАЛАЛАРДЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқаты – білім басқармасының тұрақты бақылауындағы маңызды мәселе. Қазіргі қоғамдағы күрделі өзгерістер балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған нақты және жүйелі шараларды қажет етеді.

Осы бағытта облыстық Психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздік мәселелері» тақырыбында I тоқсан қорытындысына арналған әдістемелік мәжіліс өтті.

Жиынға өңірдегі психологтар, әлеуметтік педагогтар, білім бөлімдерінің әдіскерлері қатысты. Басқосуда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмысты күшейту, мектепішілік есеп жүргізу, буллинг пен кибербуллингке қарсы әрекет ету, сондай-ақ, осындай жағдайларға тап болған балаларға дер кезінде көмек көрсету жолдары талқыланды.

Психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасованың айтуынша, әрбір білім беру мекемесінде психологтар мен әдіскерлер өз міндеттерін сапалы атқаруы тиіс және бұл жұмыстар қатаң бақылауға алынады.

-Семинарда талқыланған маңызды мәселе – әлеуметтік жағдайы төмен және жайсыз отбасылармен жұмысты жандандыру, мектепішілік есепке алуды жүйелі түрде жүргізу. Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа, буллингке және кибербуллингке ұшыраған немесе оның куәгері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға тиісті көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар, білім бөлімдеріндегі психологиялық әдіскерлердің лауазымдық міндеттеріне сай сапалы жұмыс атқаруын қадағалау басшылық тарапынан бақылауға алынуы тиіс деген ұсыныс айтылды», – дейді «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Қолдасова.

Айта кетейік, Түркістан облысында балаларды қолдау орталығы облыс әкімінің қаулысымен өткен жылдың шілде айында құрылды. Орталықтың басты мақсаты – балалардың, ата-аналар мен педагогтардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйелі қызметті қалыптастыру.

ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы Достық үйінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мерейтойы аясында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Қазақстанның оңтүстігінің тарихында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Өзбекстан, Ресей елдері мен Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Түркістан қалаларынан тарих және педагогика ғылымы саласының өкілдері оффлайн және онлайн форматта қатысты.

Конференцияда «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра, тарихқа тағзым» атты Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің құжаттар көрмесі ұсынылды. Одан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.

Сонымен қатар, кездесуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеудің маңыздылығы мен оңтүстік өңірінің Ұлы Жеңіске жасаған ауқымды үлестері баяндалды. Одан бөлек, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі, қаһармандығы мен қайсарлығы баяндалды. Сондай-ақ, конференцияда Ұлы Отан соғысы туралы танымды тереңдету, жергілікті тарихтың жаңа беттерін ашу, тарихи әділеттілік пен патриоттық тәрбие жөнінде мәліметтер берілді.

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап құжат қабылдау басталды. Өтініштер «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылдануда. Құжат тапсыру 2025 жылдың 25 маусымына дейін жалғаспақ. Бұл жайында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова брифингте мәлімдеді.

«Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды. Олардың ішінде 9 магистратура, 3 докторантура бағдарламалары. Сондай-ақ, магистратураға 120 және доктарантураға 12 мемлекеттік грант бөлініп отыр. 2025 жылғы қабылдау науқанында бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер енгізілген. Мәселен, барлық магистратура бағдарламаларына қабылдану үшін мемлекеттік қызмет өтілі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды. Ал, «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына – кемінде 5 жыл, «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына – кемінде 4 жыл еңбек өтілі талап етіледі» – деді спикер.

Оқуға қабылдау 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде үміткерлер онлайн форматта аналитикалық эссе жазудан сынға түссе, екінші кезеңде оффлайн сұхбат форматында жауап береді. Нәтиже 25 шілдеде жарияланады. Құжаттарды рәсімдеу және келісім шартқа отыру мерзімі – 7 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Айта кетейік, қабылдау ережелері туралы толық ақпарат www.apa.kz сайтында, сондай-ақ академияның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған.

Таза Қазақстан – адал азаматтың таңдауы

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев айтқандай, тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай біз «80 жылдыққа – 80 түп ағаш» экологиялық акциясына бастама бердік.

Елордамыздағы Ботаникалық саябақта Бас прокуратураның қызметкерлері 80 түп ағаш отырғызды. Бұл акцияға еліміздің барлық өңірлеріндегі прокуратура органдары белсенді түрде қатысады.

Бұл — Отан қорғаушыларына көрсетілген құрмет пен табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтау жолындағы үлес. Әр азамат жасыл желектерге ұқыпты қараудың маңыздылығын түсінеді — бұл «Адал азамат» қағидасын ұстанатын азаматтың саналы таңдауы. Әрбір ағаш — бұл қаланың тынысы, оның өмірі мен болашағы.

БЕРІК АСЫЛОВ – ҚР Бас прокуроры.

КЕНТАУДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Кентау қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаевтың үйінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара барысында ардагердің үй ішіне және ауласында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауласы ретке келтірілді. Бұл игі іс-шара – ардагерлерге деген құрметті арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастырады.

Бадан Төребаев 1926 жылы Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскерге шақырылып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан. 99 жастаға ақсақал екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйген.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version