Архив рубрики: Ақпарат

Ұстаздар мерекесі құтты болсын!

Бүгінде мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтеді, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетіні жасырын емес.

Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.

Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша ұстаздарға шынайы ризашылығымды білдіре отырып, мерекемен құттықтаймын!

Кәсіби мереке қарсаңында, зор денсаулық, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық тілеймін!

Құрметпен, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғани РАЙЫМБЕКОВ!

ОРМАН АҒАШТАРЫНЫҢ АДАМ ӨМІРІНДЕГІ РӨЛІ

Жер ғаламшарын «атмосфера» деп аталатын ауа қабығы қоршап тұр. Ол жердің ең сыртқы қабығы. Атмосфераның Жер экожүйесіндегі қызметі –адамзат, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін тіршілікке қажетті газ элементтерімен қамтамасыз ету. Олардың ішінде негізі орынды азот пен оттегі алады. Құрғақ ауа көлемінің 78 %-ын азот, 21 %-ын оттегі және 1%-ын басқа газдар қосындысы құрайды. Басқа газдардың ішіндегі ең маңыздысы — көміркышқыл газы. Ауаның құрамына газдардан бөлек су буы мен түрлі шаң-тозаң кіреді. Атмосфераның төменгі шекарасы айқын, ол – жер немесе су беті. Биіктік артқан сайын ауа азая береді де, ақыр сонында бірте-бірте ғаламдық кеңістікке ұласып кетеді. Сондықтан атмосфераның жоғарғы шекарасын нақты айту қиын.

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшылары ормандардың экономикалық дамудағы алуан түрлі рөлін атап өтеді. Мәселен, орман ағаштары биологиялық әр алуан түрліліктің көзі болып табылады, суды сақтай алады, топырақты тұрақтандырады, көміртегінің үлкен мөлшерін сіңіріп оттегі шығарады, елді мекендердің тұрақты экономикалық дамуына септігін тигізеді. Тиісінше мұның барлығы адам өмірінің сапасына әсер етеді. Ересек адам минутына шамамен 7 литр ауа жұтады деп саналады. Яғни сіз күн сайын 10 мың литрден астам ауа жұтасыз.

Шуақты күндері бір гектар орман алқабы ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-200 келі оттегі шығарады. Ал бір ағаш орташа есеппен адамның тыныс алуына қажетті оттегінің 14 %-ын бөледі. Бір гектар қылқан жапырақты орман 40 тонна, ал жапырақты орман 100 тонна шаңды ұстап қалады.
Ағаштар көмірқышқыл газын және судан глюкоза алу үшін күн сәулесінің энергиясын пайдаланған кезде оттегін шығарады. Басқа да өсімдіктер сияқты метаболизмді күшейту процесінде энергияны босату үшін глюкозаны қайтадан ыдыратады. Орташа есеппен ағаштар 24 сағат ішінде пайдаланғанынан да көп оттегі шығарады, әйтпесе өсе алмайды. Үлкен ағаш шығаратын таза O2 мөлшерін есептеп, мысал үшін биіктігі 40 метрдей шынарды алайық. Мұндай ағаш тәулігіне 90 литрге дейін оттегін шығарады, яғни адамның күнделікті қажеттілігінің 14 пайызы. Демек, адамды толықтай таза оттегімен қамтамасыз ету үшін кем дегенде 7 үлкен ағаш қажет.

Тез өсетін теректің бір гектарынан бір гектар қылқан жапырақты алқапқа қарағанда 40 есе көп оттегі шығады. Үлкен бір теректен бір тәулікте бөлінетін оттегі 3 адамның тыныс алуына жетеді. Демек, 1 терек 7 шырша сияқты оттегін шығарады. Кең және жабысқақ жапырақтары арқылы шаңнан да жақсы сақтайды.
Егер 35-40 жыл артқа қайтар болсақ, көз алдына арық бойында тізіліп тұрған ағаштар келеді. Сол ағаштар негізінен терек, тал және тұт ағаштары болатын. Терек ағаштары тез өсіп жетілетіндіктен құрылыста кеңінен қолданылса, тал ағаштары жұмсақ болғандықтан әртүрлі бұйым жасауда кеңінен пайдаланылған. Ал тұт ағашының жапырақтары жібек құртын өсіруде жалғыз қоректік зат ретінде қолданылып, қалдықтары отын ретінде пайдаланылған. Өмір сүру деңгейіміз көтеріліп, елді мекендер газ, сумен қамтамасыз етіліп, құрылыс үшін заманауи жабдықтар пайда болғаннан кейін терек, тал сияқты ағаштарға сұраныс азайып, біз айтып отырған ағаштар егілмей қалды. Керісінше сән үшін егілген қылқан жапырақты ағаштар көбейіп кетті.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде бүкіл әлемде болып жатқан климаттың өзгеруі барлығымызды ойландырады. Үлкен қалалардағы атмосфераның ластануынан талай адам жапа шегіп жатқанын да естіп-біліп отырмыз. Жақында Ташкент қаласында халықаралық жиналыс өтіп, Өзбекстан ғалымдары атмосфералық ауада оттегінің пайыздық көрсеткіші төмендеп кеткенін айтты. Соның салдарынан адамдар қала ішетіне шығып кеткенді жөн көреді екен. Сондықтан біз Түркістан қаласының келешегін бүгіннен бастап ойлағанымыз жөн.


Түркістан өңірі «Арал-Сырдария» апат аймағының кері әсері тиіп жатқан шұғыл континентальды климат жағдайына жатады. Соңғы 50 жыл көлеміндегі орташа жылдық температура +10С-қа жоғарыласа, жылдық жауын-шашын мөлшері 28 мм-ге төмендеген. Орташа есеппен жылдың 225 күнінде құрғақшылық болады. Наурыз айынан бастап қараша айының ортасына дейін түскен жауын-шашынның мөлшерінен булану мөлшері артып, жердің жоғарғы қабаты түгелдей құрғаған. Шаң-тозаңды жел бірнеше айға созылады. Жазда ауа температурасы +40-500С-қа жетіп, құрғақ әрі ыстық жел – «керімсал», қыста суық жел – «қара суық» соғып, мұның барлығы келушілерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолайсыздық тудыруда.
Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры 40 жылдан кейін Жер планетасының биоресурстары толығымен таусылады деп есептейді. Оның ішінде әлемдегі орманды алқаптардың жағдайы өте нашар. Ормандар ондаған жыл бойы өссе, бірнеше күн ішінде жойылып кетеді. Сондықтан бүгінгі таңда ормандар планетадағы ең маңызды көміртегі қоймасы болып табылады. Дегенмен, олардың кесілуі және жиі орын алатын өрттер атмосфераға көмірқышқыл газының көп мөлшерде шығуына себеп болып жатыр. Бұл климаттың өзгеру процестерін және Жердегі орташа жылдық температураның жоғарылауын тудырады. Қазақстан аз орманды елдерді қатарына кіреді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сәйкес, республиканың ормандылығы ел аумағының 4,8 %-ын, жалпы ауданы 13,6 млн гектарды құрайды. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ел аумағын көгалдандыру мақсатында 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд. түп және елді мекендерге 15 млн түп ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Құрғақшылық жағдайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаны сауықтыру және климатты жақсарту ұзақмерзімді тұрақты орман екпелерін құрумен тығыз байланысты. Яғни ҚР Үкіметі мен Президенті орман өсірушілердің алдына жасанды орман өсіру және орманды ұлғайту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізу міндетін жіктегені кездейсоқ емес. Алайда, Түркістан обылысындағы күрт континенттік климат пен ағаш өсіруге қолайсыз топырақ қабаты бұл міндетті күрделендіре түседі.
Ормандар климатты реттеуде маңызды рөл атқарады, жауын-шашынның таралуын реттейді, жел эрозиясына жол бермейді. Табиғи және жасанды ормандар биосфераның маңызды компоненттері, табиғаттағы биологиялық тепе-теңдіктің қуатты реттегіштері болып табылады, табиғи кешендер мен экологиялық жағдайларды құруда маңызды рөл атқарады. Дала жағдайындағы орман екпелері дефляция ошақтарын бұғаттауды қамтамасыз етеді, ландшафтты өзгертеді, дефляцияға қарсы тұрақты әрекет ететін элемент ретінде қызмет етеді, ұзақ уақыт бойы іргелес егістіктердегі дақылдардың өнімділігін арттыруға ықпал етеді және оларды таяз жерлерден қорғайды.
Қоршаған ортаны ластанудан, топырақты жел эрозиясынан сақтау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Президент тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасыменен 2019 жылы Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құру жұмыстары басталды. Сол кезде қала айналасындағы «Жасыл белдеудің» аумағын 30 000 гектарға жеткізу жоспарланса, бүгінге дейін 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылып, 18071 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылды. Оның 8337 гектарына жапырақты ағаш көшеттері, ал 9734 гектарына сексеуіл екпелері отырғызылған. 2025 жылдың күз мезгілінде 900 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланып отыр. Мәдени орман екепелерін сумен қамтамасыз ету үшін 240-тан астам ұңғымалар қазылды. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Суды үнемдеу мақсатында әуежай жолының бойындағы 252 гектар орман алқабына толықтай тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Қалған орман екпелерінде отырғызылған ағаш көшеттерінің 63 %-ы ұңғымалар, 25 %-ы каналдар, 12 %-ы сутартқыш арқылы суарылуда. Ағаш отырғызылған жерлердегі топырақ құрамындағы қарашіріктің көлемі 0,7-0,8 %-ды құрайды, яғни топырақтың құнарлылығы өте төмен. Осыған байланысты топырақ құрамын байыту үшін минералды және органикалық тыңайтқыштар қолданылып келеді.
2025 жылдың жаз мезгілінде күннің ыстығына шыдас бермей қураған, өсімін тоқтатқан мәдени екпе ағаштардарды қайта толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жасыл белдеуге отырғызылған көшеттердің 60-65 %-ы көгерген. Жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі толықтай орындау үшін 600-ге жуық қызметшісі бар «Жасыл аймақ» КММ құрылып, 70 дана арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Бүгінде мекемеге қарасты 120 гектар орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты пайдаланылуда. Қазіргі таңда тұқымбақта 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсіріліп жатыр. Заманауи тұқымбақта көлемі 576 шаршы метрді құрайтын жылыжай бар. Мұны салудағы мақсат – сирек кездесетін сәндік қылқан және жапырақты ағаштарды өсіру. Сондықтан Түркістан қаласының айналасынан құрылып жатқан жасыл белдеу шаһардың өкпесі деп айтуға болады.
Бүкіл әлемде климаттың өзгеруі орын алып жатқандықтан біз де күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Әсіресе, құрғақшылық белең алып келеді. Сондықтан осы проблеманы шешуді мақсат етіп, орман алқабының ұлғаюына барынша күш салуымыз қажет.
Оның үстіне әлемде «оттегі базары» пайда болуда. Жақын жылдар ішінде ауылшаруашылығы өнімдерінің құнынан гөрі оттегінің нарқы қымбат болып кетуі әбден мүмкін. Оттегіні негізінен орман ағаштары шығаратын болғандықтан, осы мәселені еліміздің өсіп-өнуімен тікелей байланыстырғанымыз дұрыс шығар. Әрине, мен кейбір жандарға түсініксіз мәліметтер жариялап отырған болармын, бірақ бұл келешектегі өмір талабы. Сол себепті ағаш егу мәселесіне жоғары жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Отырғызылған ағаш көшеттерінің түгел өнуіне ықпал жасап, жаңа техникалар мен технологияларды пайдалана отырып жасыл желек көлемін ұлғайтуға шақырамын.

Битөре Жұмақанов, «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары.
Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, PhD докторы,
Қазақстан Республикасында вермитехнологияның негізін қалаушылардың бірі.

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістанда халықты қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Бұл шара жергілікті тұрғындарға сапалы әрі арзан өнімдерді ұсынуға бағытталған.

Жәрмеңкеде өңір кәсіпкерлері белсене қатысып, қала тұрғындарына өз өнімдерін арзан бағаға ұсынуда. Мұндай жәрмеңкелер бағаны тұрақтандыруға және халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығындарын азайтуға ықпал етеді.

«Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының өнімдері нарықтағы бағадан 30–50 пайызға төмен бағада сатылуда. Мұнда ет-сүт өнімдері және күнделікті тұтынатын негізгі азық-түліктер тұрғындарға тікелей өндірушілерден жеткізілуде. Жәрмеңкенің басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамту, сондай-ақ жергілікті шаруалардың өнімін тұтынушыға тікелей жеткізу», – деді «Түркістан» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева.

Жәрмеңке тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырып, көптеген азаматтар өздеріне қажетті сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алғандарына ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта мұндай шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып, 3-қазан күні Сайрам және Отырар ауданы кәсіпкердерінің ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі «Бірлік» секторында ұйымдастырылмақ.

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ АЛДЫНДА 100 ЖЕТІГЕНШІ ӨНЕР КӨРСЕТТІ.

Халықаралық туризм күні! Мереке қарсаңында Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында 100 жетігенші өнерін көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.   Олар келуші қонақтар мен зиярат етуші алаңда жетігеннің үнін көпшілікке тыңдатты.

Айта кетейік, Түркістан облысының Туризм басқармасының ұйымдастыруымен, туризм күніне орай Түркістан қаласында «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» халықаралық қолөнершілер көрмесінің салтанатты ашылуы өткен болатын. Осыған орай Түркістанда түрлі іс-шаралар легі толассыз өтуде. Туризм халықтар мен ұлттарды біріктіреді.  Қазір бұл салаға көп көңіл бөлінуде, ішкі туризм дамып келеді. Мұндай іс-шаралар Түркістандағы туризмның дамуы мен өсудің жақсы серпінін көрсетіп отыр.

Дүниежүзілік туризм күні 1979 жылы Дүниежүзілік туристік ұйымның, ЮНВТО-ның Бас Ассамблеясымен бекітілді және жыл сайын 27 қыркүйекте атап өтіледі.

ҰЭМ Арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі шеңберінде Үкімет қаулыларының жобасын ұсынып отыр. Талқылауға шығарылғандар:

жеңілдетілгендекларациянегізінде арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі;
өзін-өзіжұмыспенқамтығандар үшін АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі.
Бұл құжаттар Кодекстің 718 және 723-баптарын орындау үшін әзірленген және арнайы салық режимін қолдануды ретке келтіруге, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға арналған.
Тыйым салу тізімі
Жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолданыстағы екі режимнің, жеңілдетілген декларация мен бөлшек салықтың элементтерін біріктіреді.
Режимді пайдалана алмайтындар:
– табысы жылына 600 мың АЕК-тен (2, 359 млрд теңге) асатын бизнес субъектілері;
– басқа компаниялардың үлесі 25%-дан асатын заңды тұлғалар;
– құрылтайшылары немесе қатысушылары бір мезгілде, АСР-дегі басқа заңды тұлғаларға қатысатын немесе құрылтайшысы болып табылатын ұйымдар;
– коммерциялық емес ұйымдар;
– арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер);
– АЭА, “Астана Хаб” қатысушылары;
– бірлескен қызмет шарты бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер.
Тыйым салынғандар тізбесіне ірі бизнеспен байланысты салалар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополия субъектілерінің қызметі, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден астам алаңдағы ритейл, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, кәсіби агенттік және консалтингтік қызмет, ҒЗТКЖ және т. б. кіреді.
1111 ЭҚЖЖ-ның ішінде шектеу 795 қызмет түріне (ЭҚЖЖ-ның 70%-ы) әсер еткенмен, салық төлеушілерге шаққанда, шамамен 30% ғана.
Негізгі себеп — бұл салалардағы операциялардың едәуір бөлігі (жиынтық айналымның 76%-дан астамы) жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын ірі бизнеспен жасалған мәмілелерге тиесілі: құрылыста — 99,9%, жер қойнауын пайдалануда-98,7%, көлік пен қоймада-96,7%.
Жеңілдетілген режим құқығын сақтайтындар
Жеңілдетілген режимді тұрғындарға бағдарланған 300-ге жуық қызмет түріне қалдыру ұсынылады:
– 2000 шаршы метрге дейінгі алаңдағы бөлшек сауда (дәріханаларды қоса алғанда);
– тауарларға пошта арқылы немесе Интернет желісі арқылы тапсырыс беру арқылы жасалатын бөлшек сауда, желілік маркетинг, сондай-ақ дүкеннен тыс басқа да бөлшек сауда;
– тұру, тамақтану, тұрғын үйді жалға алу мен көлік қызметі;
– жеңіл және тамақ өнеркәсібі;
– жолаушы тасымалы;
– мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызмет, медициналық және әлеуметтік қызмет;
– тұрғындарға арналған тұрмыстық және құрылыс жұмысы;
– шығармашылық индустрия, спорт, мәдениет;
– ауыл шаруашылығы.
Нәтижесінде жеңілдетілген режим барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына беріледі. B2C-ге бағытталған шағын бизнес АСР бойынша жұмысын жалғастырып, ал ірі қызмет түрі жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді.
Сонымен қатар, жалпы белгіленген режимге көшкен кезде айналымы жылына 40 млн теңгеге дейінгі салық төлеушілер ҚҚС төлемейді.
Құжат АСР-ді жосықсыз пайдалануды қысқартуға, әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, салық жүктемесін әділ бөлуге және шағын бизнес үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға рұқсат беру тізімі
ҚР Үкіметінің жекелеген қаулысымен ЖК тіркемеген, жұмыскері жоқ және айына 300 АЕК-ке дейінгі кіріс алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қолжетімді қызмет түрлерінің тізбесін бекіту ұсынылады. Бұл өлшемшартқа 46 бағыт сәйкес келеді.
АСР қолдану құқығы аяқ киім жөндеу, спорт пен демалыс саласындағы білім беру, мәдениет саласындағы білім беру, білім беру саласындағы басқа да көмекші қызмет, тұрғын үйді жинау, фотосурет қызметі, сұлулық салоны қызметі, мамандандырылған құрылыс жұмысы, такси қызметі, жалдау және жалға беру, компьютерлерді, жеке тұтыну затын, тұрмыстық тауар жөндеу, сондай-ақ өзге де жеке қызметтерде сақталады.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы жобасына сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15606691
«Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы жобасына сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15606668

Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтаманы беру мемлекеттік қызметі

«Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама» бұл азаматтың қылмыстық жауапкершілікке тартылған тартылмағанын, өтелмеген немесе алынбаған соттылығының бар немесе жоғын, сондай ақ қылмыстық қудалауға қатысты мәліметтерді растайтын ресми құжат.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық органдарымен «Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру» туралы мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

Сотылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру мемлекеттік қызмет көрсету түріне жатады және оны алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе e.gov.kz Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет жеке және заңды тұлғаларға электрондық нысанда, шет елге шығу үшін – қағаз нысанында көрсетіледі.

 Портал арқылы «бір өтініш» қағидаты бойынша көрсетілетін қызметті алу үшін электрондық өтінім берілген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы қағаз нысанында “бір өтініш” қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу үшін порталда шетел мемлекетінің (“бір өтініш” қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтің нәтижесін ұсыну елі) атауын және Мемлекеттік корпорация филиалын қосымша таңдайды.

«Бір өтініш» қағидаты бойынша қызметті көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні, оның ішінде:

соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама дайындау – 5 жұмыс күні;
соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтамаға апостиль қою – 5  жұмыс күні.

МУХАММЕДАЛИ СЕЙДАЗИМ,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры

ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ЖАЙҚАЛА ТҮСТІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құрылды. Осы 6 жыл ішінде «Жасыл белдеу» аумағы кеңейіп, жыл сайын тал отырғызылып, орман ағаштары жайқалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Қарашық алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімінің қолдауымен қазіргі таңда жалпы 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылды. Оның 18071 гектарына әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтқанда, 8337 гектарға жапырақты ағаш көшеті, 9734 гектарға сексеуіл екпелері егілген. Биылғы күзде қосымша 900 га аумаққа сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар Түркістан қаласының аумағын қоршаған ортаны ластануынан, топырақ, жел эрозиясынан сақтауға және экологиялық жағдайын жақсартуға және құстар мен жан-жануарларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

– Қазіргі таңда мәдени орман екпелерін суменен қамтамасыз ету үшін 240-ден астам ұңғыма қазылған. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Түркістан қаласы айналасының су тапшылығына байланысты отырғызылған ағаш көшеттерін суару бойынша жаңа аэропорт жолының бойындағы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63 % ұңғымалар, 25% каналдармен, 12 % насостар арқылы суарылуда. Биылғы жаз айында күннің ыстығына шыдас бермей қураған, өсімін тоқтатқан мәдени екпе ағаштардарды қайта толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жасыл белдеуге отырғызылған көшеттердің 60-65%-ы көгеруде, – деді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов.

Жауаптылардың айтуынша, ағаш отырғызылған жерлердегі топырақ құрамындағы қарашіріктің көлемі – 0,7-0,8%, яғни, топырақтың құнарлылығы өте төмен дәрежеде. Осыған байланысты оның құрамын байыту үшін топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу арқылы ағаштардың өсуіне және оның көнімділігін арттыруға жағдай жасалынған.

Баспасөз туры аясында Республика күні мен Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шара ұйымдастырылып, орман шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер жасыл белдеуде атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді.

Айта кетсек, «Жасыл аймақ» мекемесінде бүгінгі таңда 120 га орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты түрде пайдаланылуда. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеті өсірілуде. Заманауи тұқымбақта 576 м2 жерге жылыжай орнатылды. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін сәндік қылқан және жапырақты ағаштар өсіру.

Көгалдандыру, ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары облыс әкімі мен жауапты басқарманың жіті бақылауында. Қазіргі таңда «Жасыл аймақ» мекемесінде 600-ге жуық қызметкер мен 70-тен астам арнайы техника жұмыс істейді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.

Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатуға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың азық-түлікті нарықтағыдан 20-30% төмен бағамен алуына мүмкіндік беруде.

Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 38 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарық бағасынан 20-30% төмен сатылуда.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалыптасқан облыс әкімдігінің Тұрақтандыру қорында азық-түлік көлемі жеткілікті. Бүгінде өңірде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар.

Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Соңғы 1 айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар өндірілді.

Сонымен қатар ет бағасын тұрақтандыру жұмыстары облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Ет өндіретін шаруаларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр еті базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр.

Статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа мен көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен деңгейде.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны негізсіз өсірмеу мақсатындағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.