Архив рубрики: Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР АРАСЫНДА 7 МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы аясында Түркістан облысы мен қытайлық компаниялар арасында жалпы 5 ірі жобаны жүзеге асыру бойынша меморандум жасалды. Сонымен қатар Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық келісімі орнады. Екі күнге жалғасқан маңызды басқосуға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Қытай елдерінің өкілдері, бизнес қауымдастықтары мен ірі инвесторлары қатысты. Халықаралық форумның екінші күні «Қытай – Орталық Азия» Іскерлік кеңесінің Қытай тарапы басқармасының құрылтай жиналысы және «Шэньси провинциясымен танысу» тақырыбындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференциясы өтті.

Құрылтайда Қытай халықаралық сауда палатасының екіжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, «Орталық Азия – Қытай» Іскерлік кеңесінің Қытай тарапы басқармасының Бас хатшысы Сюй Цзиньли модераторлық етті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық тартымдылығына тоқталып, туристік әлеуеті туралы баяндады. Түркістан облысы тәжірибе алмасуға дайын екенін айтып, шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

– Құрметті форум қатысушылары! Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат аясында елде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, экономиканы дамытуға, шетелдік және отандық инвесторлардың сенімін нығайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық шаралар жүзеге асырылды. Бүгінгі шара – еліміз бен Қытай Халық Республикасы және Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылауға арналған тамаша алаң. Біздің өңір мен Орталық Азия елдері және Қытайдың өңірлері арасындағы ынтымақтастық географиялық тұрғыдан тиімді орналасуымен, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, логистика және энергетика салаларындағы әлеуетімен түрлі бағытта қарқынды дамып келеді. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы – түркі әлемінің мәдени астанасы және түркі халықтарының мұрасын сақтау жөніндегі маңызды орталық. Халқы 2,2 миллион адамды құрайтын облыстағы тұрғындардың 70%-дан астамы – жастар. Бұл өңірдің даму әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Түркістан облысы экономиканың түрлі салаларын дамытуға қолайлы климаттық жағдайларға ие. Өңірдің қолайлы ауа райы ауыл шаруашылығы мен күн энергетикасын дамытуға тамаша мүмкіндік береді. Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуеті – оның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық көлік дәліздеріне интеграциялануының негізгі факторларының бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы мен инфрақұрылымдық жобаларға байланысты өңір біртіндеп Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі логистикалық хабқа айналып келеді. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. 185 миллион халқы бар бұл бірлестік тауар, қызмет және капитал айналымының еркіндігін, сондай-ақ кедендік төлемдерден босатуды қамтамасыз етеді. Осыған орай, сіздерді көлік және логистика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға шақырамын. Сіздерді Түркістан облысына келіп, өңіріміздің инвестициялық әлеуетімен танысуға шақырамын. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан бизнесін дамытуға ұмтылған барлық компанияларға толық қолдау көрсетуге дайын екенімізді сенімді түрде айтқым келеді және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Қазіргі таңда Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдарына «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, 19 индустриалды аймақ пен шағын өнеркәсіптік парктер жатады. Халықаралық форумның алғашқы күні 3 жобаны іске асыру бойынша меморандум жасалса, екінші күні Түркістан облысы әкімдігі 108 млн АҚШ долларын құрайтын 2 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысының аумағында «Биотехнологиялық мал қалдықтарын қайта өңдеу» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба құны – 18 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға қытайлық «Tangshan Huating Ceramics Co., Ltd.» компаниясымен келісім жасалды. Сонымен қатар Түркістан облысының аумағында «Қазақстан Республикасы Түркістан облысы Циндао индустриалды паркі» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаға 90 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады. Жоба аясында 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыруға қытайлық «China Qingdao Wanlin Group» компаниясы қызығушылық танытты.

Одан бөлек, Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.Осы күні «Шэньси провинциясымен танысу» тақырыбындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жасалған келісімдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізіп, инвестициялық әріптестік пен өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға жаңа серпін беретінін айтты. Инвесторларға құнды ақпараттар беріп, тәжірибе алмасуға шақырды. Форум В2В форматындағы кездесулерге жалғасты. Онда келіссөздер жүргізіліп, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Президент екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Сондай-ақ Саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.

– Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді, – деді Президент.

Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы – 2

Төлеби ауданының Ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнімнің көлемі 11,6 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 119,7 пайызды құрады, жыл соңына дейінгі жоспар – 61,5 млрд.теңге.  Оның ішінде мал шаруашылығы 11,4 млрд. теңге және өсімдік шаруашылығы 175 млн.теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылы құны 6,2 млрд.теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру және  123 жаңа жұмыс орны құру жоспарлануда. Олар:

  1. «Қазығұрт бақтары» АШӨК жеміс-жидек өңдеу цехы (жоба құны 4,1 млрд.теңге, 12 жаңа жұмыс орын);
  2. «Азия Милк» ШФҚ 550 бас тауарлы сүт фермасы (жоба құны 1 млрд.теңге, 44 жаңа жұмыс орын);
  3. «Бірінші Мамыр сауда белгісі» ЖШС 100 бас тауарлы сүт фермасы (жоба құны 300 млн.теңге, 10 жаңа жұмыс орын);
  4. «FISH HOUSE» ЖШС балық шаруашылығы (жоба құны 250 млн.теңге, 25 жаңа жұмыс орын);
  5. «Азия Милк» ӨК 150 басқа арналған мал бордақылау алаңы (жоба құны 200 млн.теңге, 13 жаңа жұмыс орын);
  6. ЖК «Бастық ата» айына 100 тонна сүт өндіру (жоба құны 150 млн.теңге, 10 жаңа жұмыс орын);
  7. ЖК «Рысбаев Ж.» 100 басқа арналған жылқы шаруашылығы (жоба құны 100 млн.теңге, 5 жаңа жұмыс орын);
  8. ЖК «Ақжігітов С.» балық шаруашылығы (жоба құны 100 млн.теңге, 4 жаңа жұмыс орын)

Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы.

2024 жылы 73 техника сатып алынса, 2025 жылға 116 техника алу жоспарланып, нақты 5 айда 48 техника алынды. Су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша   2025 жылы 612 гектар жоспарланып, нақты 5 айда 316 гектар ендірілді.   «АУЫЛ АМАНАТЫ» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 482,7 млн.теңгеге 72 жоба қаржыландыру жоспарланып отыр.

Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында, 2024 жылы Абай ауылында сыйымдылығы 350 мың текше метрді құрайтын «Қошқарата» су қоймасының құрылысы аяқталды. Жеке инвестор есебінен бөлінген қаржы – 110 млн.теңге.  Нәтижесінде, 220 гектар жер ағын сумен қамтамасыз етілді. Ұйымшыл ауылында сыйымдылығы 1 млн.текше метрді құрайтын, «Қарақуыс» су қоймасының құрылысын 2025 жылға аяқтауға 107 млн.теңге қаржы қарастырылып жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны – 1,1 млрд.теңге. Нәтижесінде, 350 гектар жер ағын сумен қамтылатын болады. Зағамбар ауылында сыйымдылығы 443 мың текше метрді құрайтын «Ащы» су қоймасын жөндеуге 2025 жылға 206 млн.теңге бөлінді.  Нәтижесінде, 395 гектар жер ағын сумен қамтылады.

Туризм саласында қызмет көрсететін 254 нысан бар. 2025 жылдың 5 айында ауданға 22,5 мың демалушылар келіп, 681 млн.теңгеге қызмет көрсетілді. Өткен жылдың 5 айында 20,8 мың демалушы болса, 2024 жылдың нақты көрсеткішімен 38,7 мың демалушы келген. Ал 2025 жылға жоспар 50,3 мың демалушыны құрамақ. 2025 жылы жалпы құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 12 туристік нысандарды іске қосып, 151 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Атап айтқанда: Біркөлік шатқалында – 5 нысан; Ақмешіт шатқалында – 3 нысан; Қасқасу – 2 нысан; Керегетас – 1 нысан; Қаратөбе – 1 нысан бар.

  1. Ақмешіт шатқалында «FGS-Болашақ ұрпақ мектебі» ЖШС балалар лагері (300 орындық), құны 1 млрд.теңге, 39 жұмыспен қамтылды;
  2. Керегетас елді мекенінде «Эдельвейс» балалар лагері (150 орындық), құны 800 млн.теңге, 30 жұмыспен қамтылды;
  3. Біркөлік шатқалында ЖК «М.Тұрғыновтың» демалыс орны, құны 650 млн.теңге, 10 жұмыспен қамтылды;
  4. Ақмешіт шатқалында ЖК «Е.Рахымбердиевтың» демалыс орны, құны 500 млн.теңге, 11 жұмыспен қамтылды;
  5. Қаратөбе ауылдық округінен ЖК «К. Өсербаеваның» демалыс орныны, құны 300 млн.теңге, 8 жұмыспен қамтылды;
  6. Ақмешіт шатқалында ЖК «Ш.Далбаевтың» демалыс орны, құны 198 млн.теңге, 8 жұмыспен қамтылды;
  7. Біркөлік шатқалында ЖК «Б.Каримовтың» демалыс орны, құны 160 млн.теңге, 7 жұмыспен қамтылды;
  8. Біркөлік шатқалында ЖК «Е.Ерманның» демалыс орны, құны 150 млн.теңге, 7 жұмыспен қамтылды;
  9. Қасқасу ауылдық округінен «Mountain VIEW» демалыс орны, құны 150 млн.теңге, 8 жұмыспен қамтылды;
  10. Қасқасу ауылдық округінен ЖК «Б.Кумисовтың» демалыс орны, құны 130 млн.теңге, 8 жұмыспен қамтылды;
  11. Біркөлік шатқалында ЖК «М.Бектұрғыновтың» демалыс орны, құны 120 млн.теңге, 5 жұмыспен қамтылды;
  12. Біркөлік шатқалында ЖК «М.Тәжібаевтың» демалыс орны, құны 100 млн. теңге, 5 жұмыспен қамтылды.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС субъектілерінің саны 2025 жылдың 5 айында 10 мың 831 жетіп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 820 субъектіге өсті.  2024 жылдың 5 айда  10 011 субъект болған. Нәтижесінде, 14 мың 405 адам жұмыспен қамтылды. Өндірілген өнім көлемі 2025 жылдың
5 айында 41,3 млрд.теңге өнім өндірілді.  Өткен жылдың тиісті кезеңінде 38,1 млрд.теңге болған. Биылғы жыл соңына дейінгі жоспар – 110,1 млрд.теңгені құрап отыр.

Ал, Ортақ жайылым жерлерді қайтару 2025 жылы 3 000 гектарға жоспарланып, нақты 350 гектар жер қайтарылды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі бойынша өткен жылы осы кезеңде – 1,6 мың гектер қайтарылған.

Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы – 1

Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Аймақ тамылжыған табиғатымен ғана емес, әлеуметтік – экномикалық өркендеуімен де көш бастап келеді. Бұл туралы Төлеби ауданының әкім бұқаралық ақпараттық құралдарының өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Таулы өлкенің өнеркәсіп, өндіріс саласында қандай жетістіктер бар? Инвестициялық жобалардың әлеуеті қандай? Туризмді өркендету бағытында қандай нысандар ашылмақ? Осы секілді сұрақтардың жауабы қамтылған Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 5 ай қорытындысымен аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз:

–  Төлеби ауданында халық саны 122 610 адамды құрайды. 2025 жылы 5 айында, өзіндік кірістер жоспары 2 млрд.теңгені құрап, нақты 2,9 млрд.теңгеге орындалды. Ал, 2024 жылдың 5 айындағы жоспары 1,7 млрд.теңгені құрап, нақты 2,1 млрд.теңгеге орындалған. 2025 жылы бекітілген бюджет 4,9 млрд теңге. Жоспар 44,3 пайызға немесе 901 млн.теңгеге артқан. Аудан бюджетінің шығыстарының басым бөлігі халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың 5 айында 53,1 млрд.теңгеге жетті. Оның 57,2 пайызы өнеркәсіп, 21,9 пайызы ауыл шаруашылығы, 18,7 пайызы сауда және 2,2 пайызы құрылыс саласына тиеселі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 435 мың теңгеге  жетіп, өсім 30,6 пайызды құрады. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,1 млрд.теңгеге жетті. 2025 жылдың 5 айында негізгі капиталға 13,1 млрд.теңге инвестиция тартылып,
2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 28,1 пайызға немесе 4,5 млрд.теңгеге өсті. Осы бағытта «KEGOC» АҚ Төлеби ауданында 18 млрд.теңгеге электр желілерін нығайту жұмыстарын бастады, осы жылы 8 млрд.теңгесі игеріледі.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,4 млрд.теңгеге жетті. Өткен жылы осы кезеңде 21,8 млрд теңге болған. Сондай-ақ, былтыр нақты – 64,9 млрд теңге болса, бтылғы жоспар – 74,7 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 26,9 млрд. теңгені құрады.  Өткен жылдың 5 айында 19,4 млрд. теңге болған.  2024 жылы нақты – 59,8 млрд. теңге болса, 2025 жылғы жоспар – 69,4 млрд.теңге. 2025 жылы өнеркәсіп саласына жалпы құны 6,5 млрд.теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске асыру және 180 жаңа жұмыс орын құру жоспарлануда. Атап айтқанда:

  1. «Тауэнерго» ЖШС шағын ГЭС құрылысы (Қаратөбе ауылдық округі, Төңкеріс елді мекені Балдыберек өзенің жанында құны 2,5 млрд.теңге, қуаттылығы 3,2 мВт/сағ);
  2. «Jasyl Quat» ЖШС шағын ГЭС құрылысы (Жоғарғы Ақсу ауылдық округі, Сарқырама елді мекені Ақсу өзенің жанында құны 1,5 млрд.теңге, қуаттылығы 2 мВт/сағ);

3. «KAZPLAST» ЖШС тігін фабрикасы (Леңгер қаласы, құны 1,5 млрд.теңгеге жылына 90 мың қысқы арнайы жұмыс киімдерін тігін фабрикасы);

  1. «З-Энергетик СНГ» ЖШС шағын ГЭС құрылысы (Жоғарғы Ақсу ауылдық округі, Сарқырама елді мекені Ақсу өзенің жанында құны 1 млрд.теңге, қуаттылығы 2 мВт/сағ).

Инвестициялар – экономиканың тұрақты әрі сапалы өсуінің кепілі. Жоғары инвестициялық тартымдылық – кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Мемлекетке келетін инвестициялар ағыны неғұрлым көп болса, сол елдің даму перспективалары соғұрлым жоғары болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін, таулы өлкенің мүмкіндіктері өте жоғары деп айтуға болады. Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында, Шымкент қаласымен шекаралас орналасқан Киелітас ауылдық округіндегі 100 гектар жерге ИНДУСТРИЯЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРУ бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылымға қажетті қаржы 3,9 млрд.теңгені құрайды. Сонымен қатар, Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРК САЛУ жоспарлануда. Бұл жоба «Түркістан»ӘКК» АҚ тарапынан қолдау тапты. Өндірістік паркте жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру және 400 жаңа жұмыс орын құру жоспарлануда. Атап айтқанда:

  1. «Alpecon Group» ЖШС жемістер мен көкөністер шырындарын, концентраттар, езбелер мен пасталар өңдеу зауыты (жоба құны
    9,2 млрд.теңге, 130 жаңа жұмыс орын);
  2. «Зерде-Фарм» ЖШС биологиялық белсенді қоспалар, коллаген, виттаминдер және пробиотиктер өндіру цехы (жоба құны 5 млрд.теңге, 180 жаңа жұмыс орын);
  3. «Smart Cab» ЖШС кабельдік науалар өндіру зауыты (жоба құны 2,8 млрд.теңге, 35 жаңа жұмыс орын);
  4. «Rich Style» ЖШС кіші темір бұйымдарының өндіру цехы (жоба құны 1,5 млрд.теңге, 25 жаңа жұмыс орын);
  5. «Green Chemical» ЖШС тұрмыстық химия өндіру цехы (жоба құны 1,5 млрд.теңге, 30 жаңа жұмыс орын).

«ЖЕТІСАЙ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА 11 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы қарқын алып келеді. Бұл бағытта өңірдің әр аймағындағы өндірістік мүмкіндіктеріне басымдылық берілуде. Сонымен қатар, индустриалды аймақтар құрылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Ал, Жетісай ауданында өңір кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағы құрылған болатын. Қазіргі таңда индустриалды аймақты инфрақұрылыммен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған аумақта биыл жалпы құны 33 млрд теңгеге 11 жобаны қолға алу жоспарланған. Нәтижесінде 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес, 4 жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастаған. Бұл жайында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Өңірде құрылған индустриалды аймақ ауданымыздың экономикасына өзіндік оң әсерін береріне сенім мол. Қазіргі таңда аумақта «ТST Zhetysai Group» ЖШС-і мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысын бастады. Сондай-ақ, «Агро сүт» сүт өңдеу зауыты, «Бирлик – Е» мақта өңдеу , «Аltyn Kun Group» полиэтилен қалдықтарын, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыттары бой көтеруде. Айта кетейік, 2024 жылы ауданда құны 4,3 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны құрылған болатын» – деді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы жылдың І тоқсанында жалпы өңірлік өнім көлемі 27,4 млрд теңгеге жеткенін жеткізді. Жалпы 2025 жылы бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысында аудандағы өңірлік өнім көлемі 184,1 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге артығымен орындалған. Сондай-ақ, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылы 18,4 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд теңгеге артқан. Биыл аталған көрсеткішті 21,2 млрд теңгеге жеткізу көзделіп, І тоқсанда өнеркәсіп өнім көлемі 4,6 млрд теңгені құрап отыр. Ауданның негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артығымен орындалған. Биылғы жылы да бұл көрсеткішті арттыра түсу көзделіп отыр.

Аудан экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында 10 мыңға жуық шаруа қожалығы қызмет атқарады. Бүгінгі күнге 79,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Биыл 1,2 мың гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп, 40 мың тоннадан астам өнім жинақталған. Айта кетейік, өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған 79,2 мың гектар егістіктің 40,8 мың гектарына мақта, 19,7 мың гектардан астам бақша, 6,6 мың га мал азықтық дақылдары мен 3,4 мың га көкөніс егілген. Аталған дақылдардан 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар, 67,7 мың тонна мал азықтық дақылдар алынған. Былтыр аудан шаруаларының 1296,9 га жерге еккен қырыққабатынан 38 907 тонна өнім алынып, еліміздің өзге өңірлері мен Ресей мемлекетіне экспортталған.

Қазіргі таңда диқандар қауын, қарбыз өнімін жинауды бастаған. Өнімнің басым бөлігі Ресей, Белоруссия, Қырғыз елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және басқа да облыстарға жолдануда. Жалпы ауданда өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалық иелері 1,2 мың гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асыруда. Өңір инфрақұрылымын жақсартуда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы пайдасын тигізуде. Бағдарлама аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 2,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржылар елді мекендерді газдандыруға, жолдарды жөндеуге, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Нәтижесінде қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің табиғи газбен қамту көрсеткіші 81,9%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 86,6%-ға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын ауызсумен қамту көрсеткіші 100%-ға жеткенін мәлімдеді Серік Үсенұлы.

Жалпы, Түркістан облысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалды аймақ ашылған болатын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп отыр. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биыл облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды. Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 га, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 га, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 га, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 га және «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 га. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген.

Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы нақты қадамдар жасады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында 20-ға жуық жаңа инвестициялық жоба бойынша маңызды келіссөздер өтті. Сапар аясында өңір делегациясы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика және туризм бағыттары бойынша Қытайдың жетекші компанияларымен нақты жобаларды талқылап, ірі өндіріс орындарында болды. Сапардың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге тікелей инвестициялар тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау. Президент атап өткендей, өңірлік дамудың жаңа кезеңі халықаралық серіктестік пен нақты жобалар арқылы жүзеге асуы тиіс. Осы ретте Түркістан облысы бұл бағыттағы белсенділігін нақты қадамдармен көрсетіп отыр.

Делегация сапар барысында әлемдегі ең ірі сыра өндіруші кәсіпорындардың бірі – «TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» зауытының жұмысымен танысты. 1903 жылы негізі қаланған бұл компания бүгінде Қытайдың ішкі нарығында көш бастап, өнімін 120-дан астам елге экспорттап отыр. Зауыт тек сыра өндірісімен шектелмей, денсаулыққа пайдалы сусындар өндіру, сондай-ақ «TSINGTAO1903 Bar» сияқты мәдени-көпшілік кеңістіктер құру бағытында да жобаларды іске асыруда. Компанияның технологиялық дамуға бағытталған саясаты мен ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа бағытталған стратегиялық көзқарасы Түркістан облысының кәсіпкерлері мен инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Қос тарап осы салада өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастырды. Келесі кездесу «Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» компаниясымен өтті. Аталған кәсіпорын ауыл шаруашылығы тыңайтқыштары мен экологиялық қауіпсіз химиялық өнімдер өндірісінде Қытайдағы көшбасшылардың бірі саналады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл кездесуде өңірде шегірткемен күрес және ауыл шаруашылығын химияландыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Облыста дәріленетін аумақ көлемі жылдан-жылға артып келеді, бұл өз кезегінде жаңа технологиялар мен қауіпсіз өнімдерге деген қажеттілікті арттырады. Осы салада нақты жобаларды бірлесе іске асыруға шақырған облыс басшысы бұл бағыттағы ынтымақтастықты жүйелі зерттеуді тапсырды. Компания, сондай-ақ электр жабдықтары мен құрылыс материалдарын өндірумен айналысады және Қазақстанмен сауда-логистикалық қатынасты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Жұмыс сапары барысында Түркістан делегациясы «Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен келіссөздер жүргізді. Жарғылық капиталы 1,5 миллиард юань болатын бұл компания Қытайдың стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда жетекші рөл атқарады. Холдинг венчурлік қаржыландыру, активтерді басқару және салалық инновациялық жобаларға инвестиция тарту бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания 622,6 миллиард юань көлеміндегі қаржыны басқарып отыр. Қорлар арқылы цифрлық трансформация, жасыл технологиялар және өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталған бастамалар іске асырылуда. Бұл құрылыммен әріптестік – Түркістан облысы үшін ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық пен технологиялық даму кепілі болмақ.

Сапар барысында ауыл шаруашылығы бағытындағы бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, Дазэшань жүзімі – климаттық ерекшеліктері Түркістан облысына ұқсас Циндао аймағында өсірілетін жоғары сапалы өнім. Қытайлық кәсіпкерлер бұл жүзім түрін Түркістан өңіріне бейімдеу және тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар көкөністі кептіру және терең өңдеу зауытын салу, жержаңғақ өңдейтін орталық ашу, бизнес-қонақүй мен туристік кешен салу жобалары жан-жақты талқыланды. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық бейінін әртараптандыруға, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, жүзеге асыру жолдарын пысықтауды тапсырды.

Қытай тарапынан Түркістан облысына деген қызығушылық жоғары. Бірлескен жобаларды іске асыруға дайындық пен ашықтық танытқан кәсіпорындар өңірдің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Бұл сапар бір ғана экономикалық емес, сонымен қатар технологиялық серіктестік, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірдің жаһандық нарықтарға шығуына жол ашу тұрғысынан да аса маңызды болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізге тікелей инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу арқылы халықтың табысын арттыруды тапсырды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – осы міндеттерді нақты жобалармен жүзеге асыру. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық. Бүгінгі келіссөздер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық серіктестік бағытында маңызды нәтижелерге жол ашады деп сенеміз, – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қытай Халық Республикасына жасалған бұл жұмыс сапары Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Жүздеген миллиард юаньдармен өлшенетін инвестициялық әлеует, технология трансфері мен ауыл шаруашылығын терең өңдеу тәжірибесі – облыстың жаңа даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беретін нақты факторлар.

Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. Бұл қала Қытайдың ашық экономикалық аймақтарының алғашқы легінде дамыған, бүгінде халықаралық бизнес пен технологиялық инновациялардың жаңа хабына айналған. Циндао – 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис. Қаланың ішкі жалпы өнімі 2024 жылы 1,6 триллион юаньнан асты (шамамен 220 миллиард АҚШ доллары), бұл оны Қытайдың экономикалық тұрғыдан ең қуатты қалаларының қатарына қосады. Қаланың экономикалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен шешуші рөл атқарады.

Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кездесу өткізді.

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасы бойынша Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және сақтық шаралары туралы халықты ақпараттандыру мақсатында кездесу өткізді. Оған Төтенше жағдайлар департаментінің 150 қызметкері қатысты. Басқосу барысында тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы айтып, алаяқтардың тұзағына түспеуге көмектесетін жеке ақпаратты қорғау бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті. Күдікті сілтемелерге мұқият болуға, банк шоттары мен деректері және кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Соңғы кездері қазақстандықтарға өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, қоғырау соғатын алаяқтар көбейген. Олар адамдардың депозиттеріне қауіп төнгенін хабарлайды, ақшаны жедел шешіп алуды немесе депозитті «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады. Бұл айлаға берілмей, керісінше банкке жедел түрде қоңырау шалған дұрыс дейді мамандар. Жиында полицейлер алаяқтардан бір қадам алда болуға және ақшаны үнемдеуге көмектесетін тағы бірнеше кеңестерді атап өтті.

« – Жеке деректеріңізбен ешкіммен бөліспеңіз! Телефон алаяқтарының, әсіресе несиелерді немесе шоттарды жабу туралы өтініштерінен сақ болыңыз. Ақшаны аудармас бұрын алушының мәліметтерін тексеріңіз. Ешқашан SMS-те көрсетілген код пен PIN-кодтарды үшінші тұлғаларға, тіпті туыстарыңызға айтпаңыз. Құрылғыларыңызға AnyDesk және RustDesk сияқты бағдарламаларды орнатпаңыз. Күдікті жағдайларға тап болсаңыз, банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері телефондық алаяқтық. Мұндай жағдайларда арам пиғылды адамдар абоненттік нөмірді ауыстыру үшін көбінесе IP-телефонияны пайдаланады, өйткені өздері Қазақстанда тұрмауы мүмкін. Әдетте алаяқтар қоңырау шалып, шоттағы күдікті операциялар туралы хабарлайды. Адамның бойын үрей билеп, уайымдай бастайды, зиянкестер осы сәтті пайдаланады. Қорқынышқа бой алдырған адам психологиялық айла-тұзаққа оңай түседі. “Банк қызметкерлерінің” немесе “ІІМ органдары немесе прокуратура қызметкерлерінің” атын жамылғандар клиентке қаражатты дереу “сақтандыру” шотына аударуды ұсынады. Олар үрейдің әсерін күшейте отырып, ақшаны ұрлатып алмау үшін дербес деректерді тезірек жіберу қажет екендігіне сендіреді. Мұндай жағдайда алдымен терең тыныс алып, жүрегіңізді басып, басыңызды іске қосыңыз. Дереу сөйлесуді доғарып, кеңес алу үшін банкке немесе полицияға қоңырау шалу керек. Шын банк қызметкері ешқашан жеке деректерді нақтылау үшін қоңырау шалмайды. Банкте барлық клиенттердің деректері жинақталған ақпарат қоры бар. Тек алаяқтар ғана мұндай ақпаратты кез-келген жолмен алуға тырысады.» – деді , киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері

Сондай-ақ алаяқтар әртүрлі қазақстандық банктердің клиенттеріне солардың қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, адамға оның картасынан әлдекімдердің халықаралық ақша аударымын жасауға, несие рәсімдеуге, ақшаны “қауіпсіз” шотқа аударуға немесе басқа да күмәнді операция жасауға тырысқанын хабарлайды. Ақшаны сақтап қалу үшін қаскөйлер өз құрбанын AnyDesk немесе TeamViewer бағдарламасы болып табылатын арнайы қосымшаны орнатуға иландырады. Қосылу кодын алғаннан кейін ғана олар смартфонда сақталған логиндерге, парольдерге және мобильді банкингке қол жеткізеді. Ал, дипфейктер — алаяқтықтың әлеуметтік инженерия мен жасанды интеллект — дауысты өзгерту технологиясын қолданатын жаңа түрі. Дипфейктердің көмегімен зиякестер банк шотына қол жеткізу, оны қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған несиелер беру үшін біреудің бет әлпетін өз пайдасына жарата алады немесе ойдан шығара алады. Мұндай жағдайда оның бет әлпетіне мұқият назар аударыңыз, көзі әдеттен тыс жыпылықтап, еріннің жыбыры мен айтылған сөздің арасында сәйкестік болмауы мүмкін, аздап тұтыққандай немесе робот сөйлеп тұрғандай болуы, жауаптар біржақты берілуі мүмкін. Жалпы біртүрлі болып көрінген нәрсенің бәріне күмәнмен қараған жөн.

 Жалпы мамандар қарапайым ережелерді сақтау арқылы айлакерлердің,  қылмыскердің қақпанынан аулақ болуға болатынын айтады. Ол үшін, ешкімге төлем картаңыздың деректемелерін айтпау, SMS-тегі кодтарды хабарламау, біреудің өтініші бойынша мобильді банкингтегі телефон нөмірін өзгертпеу, мобильді банкингтегі логин мен құпиясөзді ешкімге бермеу маңызды. Белгісіз, әсіресе ресми емес ресурстардан жүктелген бағдарламалар мен қосымшаларды орнатуға болмайды. Міне осындай талаптарды орындаған адамдар интернет алаяқтардың құрбаны бола бермейді. Полицейлер атап өткендей, интернет-алаяқтықтан қорғау әдістері туралы мұндай ақпараттандыру шараларын өткізу – қауіпсіздік кепілі.

Инвестиция тарту – Түркістан облысының экономикалық өркендеуіне оң ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға инвестиция тартуды күшейтуді тапсырды. Президент инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті.

“Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін “дәл осы жерде және дәл қазір” қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс “, – деді мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажетін атап өтті. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керектігін тапсырған болатын. Яғни, инвестиция тарту – өңірлердің әлеуметтік, экономикалық өркендеуіне оң ықпал етері сөзсіз.  Бұл бағытта, Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын жүзеге асыруды Түркістан облысының әкімдігі басты назарға алып, инвесторлармен жүйелі жоспарлар мен жобаларды іске асыруда. Яғни Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация шет елдік компаниялармен маңызыды келіссөздер жасауда.

Кезеті Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен де келіссөздер жүргізді. Сапар мақсаты – Президент тапсырмасына сәйкес шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру. Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» тобының құрамындағы компанияның өндіріс алаңында болды. Кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өндіруге маманданған және жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Халықаралық нарықта атақты KFC, Nestlé сияқты алпауыт брендтерге өнім жеткізіп, АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде экспорт жасайды.

Сондай-ақ өңір басшысы «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясының өкілдерімен кездесті. Ауыл шаруашылығы қызметтерін көрсету және дәнді дақылдар саудасымен айналысатын бұл кәсіпорын жыл сайын 50 миллион келі астық өндіреді. Компания «компания + фермер» және «фьючерстер + тапсырыстар» модельдері арқылы шаруалардың табысын арттырып, тәуекелділікті төмендетуге жәрдемдеседі. Бастысы – экологиялық таза өнім өндірісіне басымдық берілген. Сапар аясында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысу да жоспарланған болатын. Компания жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады. 2024 жылы компания «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Мамандандырылған инновациялық ШОБ» мәртебелерін иеленді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық өрлеуі үшін шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Қытай еліне жұмыс сапарымыз – сол тапсырманы іске асыру жолындағы маңызды қадам. Шаньдун провинциясының агроөнеркәсіптік әлеуеті зор, біз оны Түркістан облысының нақты жобаларымен ұштастыра отырып, өңір экономикасына серпін беретін ынтымақтастық құра аламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қытайлық серіктестер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, өңірде өндіріс орындарын ашуға және бірлескен агроөндірістік жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Аталған кәсіпорындармен алдын ала келісімдерге қол жеткізіліп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл сапар – Түркістан облысының ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне шетелдік технология мен инвестиция тарту жолындағы маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Сапар барысында инвесторлармен қонақүй, медициналық кешен құрылысы талқыланды. Қытай еліндегі осы жобаларды Түркістан өңірінде іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Делегация «Wanlin» тобының құрамындағы денсаулық сақтау орталығында болды. Бұл медициналық қызмет көрсету, күтім және оңалтуды біріктіретін көпфункционалды кешен. Шаньдун провинциясы мен Циндао қаласының негізгі әлеуметтік жобаларының бірі болып. Нысан 5 жұлдызды стандартына сәйкес салынған және 2000 стандартты төсек-орынмен қамтамасыз етілген.

Төлебиде ”Интернет-алаяқтық: сақтан, сенбе, қорған!” ақпараттық форумы өтті

Төлеби аудандық Жастар орталығы ғимаратында аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Интернет-алаяқтық: сақтан, сенбе, қорған» атты ауқымды ақпараттық форум өтті. Форум — заманауи цифрлық кеңістіктегі қылмыстардың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, аудан прокурорының орынбасары Ермек Шүнеев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, IT-сарапшылары мен қаржы секторы мамандары қатысты. Олар нақты деректер келтіріп, әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

« – Қазіргі уақытта ғаламтор күнделікті өмірдің, бизнестің, саясаттың, ғылым мен білімнің ажырамас бөлігіне айналды. Интернетті үйде және оқу орындарында пайдалану оқудың тиімділігін арттыруға, сонымен қатар ата-аналар мен мұғалімдерді ғана емес, студенттерді, соның ішінде мектеп оқушыларын да қызықтыратын саладағы соңғы жаңалықтарды алуға мүмкіндік береді. Ғаламтордың қарқынды дамуы айтарлықтай қиындықтар да тудырады. Заманауи ғылыми-білім беру ақпараттық ортасы құрылымдалмаған, сонымен қатар әрқашан сенімді ақпараты жоқ білім беру ресурстары көп. Мұндай ресурстардың көлемі жарықтың жылдамдығындай өсуде. Осылайша, ақпараттық ғылыми және білім беру ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажеттілігі тұрақты түрде артып келеді. Сонымен қатар, пайдалы және қажетті ақпаратпен қатар пайдаланушылар әдепсіз және агрессивті мазмұнды қамтитын ресурстарғада кез болады. Есірткі, ұлтшылдық экстремизм, маргиналдық секталар, этикаға жатпайтын жарнама және тағы басқалар балалар мен жасөспірімдер кезігіп қалуы мүмкін контенттер. Теріс мазмұнды ақпарттың ұшырасуы жастарды оқыту мен тәрбиелеуде кері әсерін тигізуде. Ақпараттық технологиялардың артықшылықтарынан бас тартудың мәні жоқ, бірақ балалардың ғаламторға бақылаусыз кіруі кибер тәуелділік, файлдарды жүктеп алу кезінде вирустың жұғуы, баланың қалыпты дамуының бұзылуы, моральдық құндылықтардың дұрыс қалыптаспауы, теріс ниетті адамдармен кездесуіне алып келуі мүмкін», – деді, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев

 

Сонымен қатар шараға Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы м.а. Е.Шәкім қатысып, қазіргі заманғы интернет-қылмыстың түрлері мен алдын алу механизмдерін егжей-тегжейлі баяндады. Ол онлайн шоттарды бұзу, фишингтік шабуылдар, жалған инвестиция платформалары туралы нақты мысалдар келтірді.

« – Электрондық қауіпсіздікпен байланысты тәуекелдер әртүрлі кибер әрекеттерге жатады, олар: жеке ақпаратты ашу, қауіпсіздік деңгейі төмен үй компьютерінен желіге кіру, онлайн алаяқтық және спам. Зиянды бағдарламалар – бұл компьютердің жұмысына теріс әсер ететін бағдарламалар. Оларға вирустар, шпиондық бағдарламалар, қажетсіз жарнамалық бағдарламалар және зиянды кодтың әртүрлі формалары жатады. Интернет желілеріндегі алаяқтықтың бір ерекшелігі- қылмыскерлер тек Қазақстан Республикасында ғана емес, аның аумағынан тыс жерлерде де болуы мүмкін, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатта болады. Сонымен, интернеттегі алаяқтықты жүзеге асыру барысында қылмыскерлер өздерін банк қызметкері немесе банктің қауіпсіздік қызметі ретіндетаныстырады, жалған электронды чек пайдалану, сатып алу туралы хабарландыру, жарнамалық желілер арқылы тауарларды жарнамалау және сату және онлайн-кредиттерді ресімдеу арқылы жасайды.» – деді Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы м.а. Е.Шәкім

Өз кезегінде IT саласының өкілі, “Digital Road” қауымдастығының басшысы С.Кеңесбай қатысушыларға интернетті қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелері мен қаржылық/құқықтық сауаттылық бойынша кеңестер берді.  Ал “Қазақстан Халық банкі” АҚ облыстық филиал директорының орынбасары С.Бекбашов банк карталарын пайдалану кезіндегі алаяқтық схемаларын, әлеуметтік инженерия тәсілдерін, онлайн аударымдардағы басты қауіптерді нақтылап көрсетті.

Іс-шараның ерекше бөлімі – форум барысында көрсетілген бейнероликтер болды. Онда алаяқтардың әрекет ету әдістері мен шынайы оқиғалар негізінде түсірілген сахналар тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды.Бұл көрнекі материалдар форумның әсерлі өтуіне ықпал етті. Заманауи цифрлық кеңістіктегі қылмыстардың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Интернет-алаяқтық: сақтан, сенбе, қорған» атты ауқымды ақпараттық форумының жергілікті тұрғындарға берері мол болды. Себебі, бүгінгі қоғамда әрбір азаматтың интернеттегі қауіпсіздігін арттыру – басты мақсаттардың бірі. Сондықтан ақпараттық түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Өмірлерді өзгертетін финал! Түркістан облысының ауыл оқушылары Алматыға IQanat Олимпиадасына аттанды

Қазақстан өңірлерінің бәрінен 1000 ауыл оқушысы Алматыға – еліміздегі ең ауқымды білім шараларының бірінің қорытынды кезеңі – 13-20 маусымда өтетін IQanat республикалық Олимпиадасының финалына қатысу үшін аттанады!

Бұл мың бала бұған дейінгі 50 мың бала қатысқан іріктеу кезеңдерінен үздік шыққан 8-сынып оқушылары. Ақтық сын – жай ғана финал емес, тағдырларды өзгертетін апта болмақ! Финалға өткен 1000 үздік баланың ішіндегі 256 бала Түркістандық өрендер.

Басты жүлде – еліміздің ең үздік оқу орындарының бірі IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға арналған гранттар. Финалистердің бір бөлігі мектеп-пансионатта тегін оқуға мүмкіндік алатын болса, екінші бөлігі олимпиададан кейінгі үш жылдық тегін қолдау бағдарламасына қатысады. Оның аясында балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, ІТ дағдыларды, кәсіпкерлік негіздері мен өзге бағыттарды меңгереді. Олардың ынтасы мен жетістіктері үнемі бақылауда болады.

Финалдың бағдарламасы тестілеуден бөлек, білім беру бағытындағы мәдени шараларды қамтиды: soft skills дамыту бойынша тренингтер, қала мен университеттерге экскурсиялар, сондай-ақ бірегей peer-to-peer бағдарламасы. Оның аясында IQanat  мектебінің түлектері мен жоғары сынып оқушылары жасы кіші балалардың білім алуына көмектеседі.