Журналистика – қиын да қызықты, ақыл мен ойды, ізденіс пен шапшаңдықты талап ететін сала. Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып, қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қашан да құрметке лайықты. БАҚ өкілдерінің салмақты сөздері мен кәсіби пікірлерінің арқасында халықтың өзекті мәселелері шешімін тауып жатады.
Еліміздің журналистері Президентіміз бастаған мемлекеттік саясаттың нағыз жаршысы ретінде, халықты игі бастамаларға бастауға, ел арасындағы ынтымақ пен бірлікті насихаттауға, қалың көпшілікті жақсы да жарқын істерге жетелеу жолында орасан еңбек атқаруда.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті» деген дана сөзі бар. Бүгiнде елдiң алдында тұрған саяси, экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi табысты орындап, оған ықпал етуде отандық бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айрықша деп айта аламыз.
Осы орайда, Сіздерге кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз бен маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін!
Байланыс және ақпарат саласын дамытуға сіңіріп жатқан белсенді еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, қаламдарыңыз ұштала берсін.
Жұмыстарыңызға шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық және бақыт тілеймін! Мәртебелеріңіз биіктей берсін! Кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын!
НҰРЖАН СЕЙТЖАНОВ – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
Түркістан облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтті.
Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаттары және күн тәртібіне байланысты шақырылған облыстық басқарма басшылары қатысты. Тұрақты комиссияның отырысын комиссияның төрағасы Алмас Салимов ашып жүргізді.
Комиссия отырысында облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері, Түркістан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі, «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №14/180-VІII шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, Алмас Алтайұлының төрағалығымен өткен жиында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін сайлау, Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерісті келісу, Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің дербес құрамын бекіту, Түркістан облыстық мәслихатының кейбір шешімдерін жою туралы, Кентау қаласының кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер толыққанды қаралды.
Түркістан облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Алмас Алтайұлы, күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігі жан-жақты қаралды. Қажеттілігіне қарай, зерделенгенін де атап өтті.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тұрақты комиссия мүшелері өз ұсыныстарын айтып, мәселелерді сессия қарауына енгізуді ұсынды.
Өңірдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты екенін анық. Яғни, өндірісі өркендеген, дамыған елдерде ең бірінші жұмыссыздық мәселесі шешімін табады. Бұл бағытта, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Биыл облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде, 83554 орын, яғни 63 пайызы тұрақты жұмыстардың үлесінде. Өңірде 6 айда 66069 азаматты жұмыспен қамту көзделіп, осы күнге дейін 56 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 22 380 азамат – тұрақты, 33 619 азамат субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына орналасты. Жалпы, жұмыспен қамтылғандардың ішінде 20 526 адам немесе 36,7 пайызы – жұмысшы мамандық иелері. Халықты жұмыспен қамту туралы шаралар Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты жүйелі жалғастыруды, бекітілген индикаторларды тиісті деңгейде орындауды тапсырды.
– Біздің басты мақсатымыз – өңір экономикасын көтерумен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Облыстағы орта арнаулы білім беру ұйымдарында еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтар үлесін арттыру қажет. Ең бірінші кезекте біз қажетті жұмысшы мамандықтарын дайындауымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіңіздер. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етіңіздер. Еңбек адамының имиджін көтеру үшін маңызды іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сонымен қатар, жиында халықты жұмыспен қамту шаралары және жаңа жұмыс орындарын құру туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, ел Президентімен бекітілген ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 375 инфрақұрылымдық жоба арқылы 4 074 жұмыс орнын ашу көзделіп, 6 айда 1708 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда 184 жоба аясында 1 653 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 97% орындалды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жеке инвестициялық жобалардың тізбесі де әзірленді. Биыл 125 жеке инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 2004 жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде, 1050 орын – тұрақты, ал 954-і – уақытша. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлік саласында 48 жоба арқылы – 651, агроөнеркәсіп саласында 67 жоба арқылы – 1 195, туризм саласында 10 жоба арқылы 158 жұмыс орны ашылмақ. 6 айдың жоспарымен 401 орын ашу көзделсе, қазіргі уақытта 76 жоба жүзеге асып, 900-ге жуық жұмыс орны құрылды. Қалған 49 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға 22 595 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп, жыл басынан бері 3374 орын ашылды. Сондай-ақ уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адамды жолдау жоспарланған. Бүгінгі таңға 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып, тиісті кезеңнің жоспары 88,4% орындалды. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1 793 мемлекеттік қайтарымсыз грант беру көзделген. Бірінші лек бойынша 862 азамат комиссияның оң қорытындысын алды. Алдағы уақытта мониторинг жұмыстары жүргізіліп, грант алушылардың қаржыны мақсатты пайдалануы қатаң бақылауда болады. Одан бөлек, жеке инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құру индикаторы бойынша биыл 2004 адамды қамту жоспарланып, бүгінгі күнге 898 адам жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері 45 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңке аясында 937 жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын ұсынып, 1 829 адам жұмысқа орналасты.
Жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылған жұмыстар туралы Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова есеп берді. Облыста жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (колледждерде) 75 мамандықпен, оның ішінде 43-і жұмысшы мамандықпен 45 530 студент еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша білім алуда. Оларда дуальді оқыту, модульдік білім беру бағдарламалары енгізілген. 2025-2026 жылдарына колледж студенттеріне 15 500 грант, оның ішінде жұмысшы мамандықтарға 9600 грант бөлінді. 2024-2025 оқу жылында 35 колледжде 171 кәсіпорынмен қамқорлыққа алу бойынша келісімшарт түзілді. Жыл соңына дейін қамқорлыққа қатысатын кәсіпорындар санын 200 дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Төлеби ауданында балаларды жазғы сауықтыруға арналған модульді лагерь ашылды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген қосымша 14 нысанда 7 ауысым бойынша 2 мыңнан астам бала жаз бойы демалмақ. «Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің лагері алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданының 300-ден астам оқушысын қабылдап үлгерді. Барлығы көпбалалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. Халықтың игілігі үшін пайдалануға Халықтың игілігі үшін пайдалануға берілген нысандардың салтанатты лента қию рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келіп қатысып, құттықтауын арнады.
— Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагерь ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагерь салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетті. Осы апта Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері 487 баланы қабылдады. Маусымдық нысандардың құрылысы қолға алынған сәттен басы-қасында жүріп, сапалы іске асырылуын бақыладық. Бүгін жасөспірімдердің бақытты жүздеріне тағы куә болып тұрмыз. Ендігі мақсат — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз! — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Іс-шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Өміртай, аудандық білім бөлімінің басшысының м.а Г.Абилхасова бой көрсетті. Қос ауданның ардагерлері игілікті бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді. «Төлеби нұры» лагерінде 14 модульді нысаннан бөлек, асхана, бассейн, қыздар мен ер балаларға жеке әжетхана мен жуынатын орындар, шатырлар бар. Әр модульді ғимаратта 20 оқушыға арналған жатын орындары қарастырылған. Бәрі жаңа жиһаздармен қамтылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы, қауіпсіздігі, күнделікті бағдарламасы, ойындары мен сайыстары, интеллектуалдық және мәдени шаралары бақылауда.
Жазғы лагерь — тек демалыс орны ғана емес, шығармашылықты ұштайтын, достықты нығайтатын, жаңа қабілеттер мен қызығушылықтарды дамытатын орта. Әлеуметтік теңдікті, патриоттық тәрбиені насихаттайды. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, өнері мен спорттық қабілетін шыңдайды. Көшбасшылық қасиеттерін жетілдіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Балаларды қылмыстан, көшедегі қауіп-қатерден қорғайды. Айта кетейік, Түркістан өңірінде жалпы 43 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру аймақтарында тынығады. 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Жауапты басқармалармен бірлесіп ұйымдастыру жалғасады.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жаңа модульді корпустар іске қосылып, балалар үшін жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру жолында облыс әкімінің қолдауымен үлкен қадам жасалды. Биылғы жазғы маусым балалар үшін ерекше қуанышпен басталды. 487 сарыағаштық оқушы лагерьде демалысын бастап үлгерді. Ең басты жаңалық – лагерь аумағында заман талабына сай модульді корпустардың тұрғызылуы. Жалпы саны 10 модульді үйшік толықтай аяқталып, балалар игілігіне берілді. Әрқайсысы 20 балаға лайықталған бұл корпустар жайлы жатын орынмен, жаңа жиһаздармен, жеке шкафтармен, салқындатқыш және арнайы тазартылған ауызсу құрылғысымен қамтылған. Бұл – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын, заманауи инфрақұрылымға негізделген шешім.
Мұндай форматтағы модульді құрылыстардың артықшылығы – тез құрастырылып, ыңғайлы әрі тиімді пайдалануға берілуінде. Нәтижесінде, бұған дейін 300 балаға ғана қызмет көрсететін лагерь бүгінде бір маусымда 2000-нан астам баланы қабылдай алады. Сонымен қатар балалардың белсенді және қызықты демалысы үшін воркаут алаңы мен бассейн салынды. Лагерь бағдарламасында ойын-сауық, спорттық жарыстар мен шығармашылық үйірмелер қарастырылған. Жазғы маусымда 7 ауысым бойынша 3500-ге жуық бала лагерьде тынығып, жарқын естеліктерге толы демалыс өткізеді деп жоспарлануда. Балалардың алаңсыз демалысы – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал модульді корпустар – сол игілікті істің нақты көрінісі.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бұл нысандар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және тұрғындардың әлеуметтік, мәдени, спорттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында салынды. Аудандағы Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық мәдениет үйі бой көтерді. Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйі қажетті техникалық жабдықтармен қамтылып, шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге толықтай бейімделген. Сонымен қатар ғимарат ішінде ауыл тұрғындарына арналған кітапхана қарастырылған.
Осы күні Алғабас ауылдық округіне қарасты Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Жобаны «Real Story Invest» ЖШС іске асырды. Спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Нысандар ауыл тұрғындары мен жастардың шығармашылық қабілетін, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Бұл нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, Төлеби ауданына қарасты Ханарық елді мекенінде стратегиялық маңызы бар жаңа көпір ел игілігіне берілді. Құрылысы 2018 жылы басталғанымен, мердігер мекеменің салғыртығынан құрылысы ұзаққа созылған нысанның ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ермек Сұлтанқұлов арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарға жүрекжарды лебізін білдіріп, көпірдің маңыздылығына тоқталды.
–Ханарық елді мекеніндегі көптен күткен, көпір құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру үшін жиналып отырмыз. «Бұл көпір – тек өткел емес, сенім көпірі, бірлік пен татулықтың символы. Нысан ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің дамуына оң әсер етеді деп сенеміз, – деген Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Облыстық бюджет есебінен бөлінген қаржыға ұзындығы 42 метр, ені 10 метр көпірдің құрылысын мердігер мекеме «АВС Group KZ» ЖШС жүргізді. Көпір Ханарық елді мекеніндегі 250 тұрғын үй мен 2 мыңға жуық азаматқа арналған.
Сондай-ақ, Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында коммуналдық салаға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсатта Отырар ауданына көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру үшін жаңа техникалар жеткізілді. Жаңа техникаларды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы коммуналдық қызмет саласының мамандарына табыстап, тұрғындарының өмір сапасы мен аудан тазалығын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Өткен жылдан бері елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы біздің ауданымызда да кең көлемде өткізіліп келеді. Бүгін қосылған жаңа техникалар – бұл облыс әкімдігі тарапынан берілген материалдық көмек қана емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы маңызды бастама. Бұл – ауданымыздың көркеюіне, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған үлкен қолдау деп білемін», деді.
Сондай-ақ шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қоғамдық кеңесі мен ардагерлер кеңесінің төрағалары Нұржан Дайрабаев пен Бектібай Арзықұлов техникалар тазалық жұмыстары мен коммуналдық қызметтерінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі. «Отырар – 2050» мекемесі бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде ауданды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мекеме тарапынан аймақтағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорнының балансына алынған тракторлар, қоқыс тасығыш сияқты жаңа үлгідегі техникалар мен тиегіш экскаватор аудан тазалығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды атқаруда оң септігін тигізеді.
Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Киелі шаһарда халықаралық «Voice of Turan – 2025»қазақ әндері фестивалі басталды. Фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және шетелден келген өзге де меймандар қатысты.
«Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Конкурс қатысушылары таныстырған бейнеролик көрсетілді. Биылғы ән додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртсан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис және Индонезия елдерінен кәсіби әншілер қатысып жатыр.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан фестиваль мақсаты – қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Сонымен қатар Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды таныта түсу.
Айта кетейік, 21 маусым күні фестиваль қатысушылары қазақ әндерін орындаудан бақ сынайды. Сонымен қатар еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров, Ерген Айтымбетов бар. Фестиваль қонақтары ретінде Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков және португалиялық әнші Лара Алейшо өнер көрсетеді.
Түркістан облысы құрылғалы бері өңірдегі елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, әлеуметтік-экономикалық өркендеуі қарқын алды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, «сақалды құрлыс» мәселесі шешілді. Бүгінгі таңда орталықтандырылған ауыз су жүйесі мүлдем болмаған 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынып, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 767-ге жетіп (2,1 млн. адам), қамту деңгейі 95,9%-ды құрады. Биыл қосымша 30 елді мекенге су құбырын тартып, 801 елді мекенді ауыз сумен толық қамтамасыз ету көзделуде.
Облыс көлемінде 2018-2024 жылдар аралығында табиғи газбен қамту мақсатында 115 нысанның құрылысы аяқталды. Газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетіп, қамту деңгейі 69,7%-ды құрады. Нәтижесінде «көгілдір отынға» 1,8 млн. адам қол жеткізді. Биыл қосымша 45 елді мекенді газға қосып, қамту деңгейін 75,3%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар 1 ғасырға жуық тарихы бар Кентау жылу орталығы 85 пайызға тозған болатын. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды.
Сондай-ақ, 2025-2027 жылдар аралығында мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы газ турбиналы станцияның құрылысын жүргізу көзделуде. Инвестиция көлемі – 148 млрд. теңге. Жоба арқылы 240 Мвт электр, 160 Гкал/сағ жылу қуаты өндіріледі. Биыл облыс аумағында 64 табиғи газ нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 38 нысанның құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, 34 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде жалпы табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 597-ге жетіп, қамту деңгейі 73,9%-ды құрамақ. Облыста жалпы электр энергиясына қажеттілік – 320 МВт, оның ішінде 80% сыртқы көздерден тасымалданады. Елді мекендердің 98% орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты электр энергиясын өзге де қуат көздерінен (күн сәулесі панелі, дизелдьді генератор) алады. 44 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды. Биыл қосымша 93 елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз ету көзделуде. Электр қуатының тапшылығын «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 000 МВт бу-газ қондырғы станциясын (ПГУ) салу арқылы шешу жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталған. Облыс халқын сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасады.
Сонымен қатар, Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтаған емес. 7 жылда құрылыс көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 140 млрд. теңгені құраған еді. Оның ішінде, жергілікті халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы уақыт аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы 388 мың шаршы метр пайдалануға берілген болатын. Түркістан облысы құрылғалы бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал, жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды. Жыл басынан бері өңірде 306,1 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.
Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 117433,8 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 146,6% құрады. 2025 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 25,5% артып, 306,1 мың шаршы метрді құрады. 2025 жылғы қаңтар-мамырда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 387838,2 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 151,1% құрады. Тіркелген заңды тұлғалар саны 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 19270 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 5,5% өсті, оның ішінде 250 адамнан жоғары қызметкерлері барлар 101 бірлік.
Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 17743 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 17092 бірлік құрады. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 15383 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3% өсті. 2025 жылғы І тоқсанда жұмыссыздар саны 41,6 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 4,8% құрады. 2025 жылғы 1 маусымға жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 38283 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 4,4% болып қалыптасты.
Түркістан облысында өңір экономикасын дамытудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі саналатын өнеркәсіп саласына басымдық берліген. Осы мақсатта шет мемлекеттерден инвестиция тарту, тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы өнеркәсіптік алаңдар құрылған. Облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ және 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 42,4 млрд. теңгеге 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында.
Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд.теңге инвестиция тарту және 5 840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады. Облысқа инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жыл басында қытайлық «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясымен өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрон шығаратын зауыт салу бойынша келіссөз жүргізілді. Жобаның болжамдық құны — 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына — 600 дана.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн.евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезеңде іске асырылады. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік парктің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа өндіріс орындарын ашуға қажетті энергетикамен қамтамасыз ету мәселесін жалпы қуаты 2,4 ГВт құрайтын 6 ірі жобаны іске асыру арқылы шешу көзделуде. Бұл жобалар жеке инвесторлар есебінен жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт дейін болатын бу-газ станциясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Түлкібас ауданында – 320 МВт-тық бу-газ, Кентау қаласында – 240 МВт-тық газ турбина, Бәйдібек ауданында – 350 МВт-тық жел электр станциялары салынады. Одан бөлек, Сауран ауданында қуаты 300 МВт және 185 МВт болатын екі күн электр станциясын салу жоспарлануда.
Түркістан облысы — инвестицияға тартымды аймақ. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылуда. Жыл басынан Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 314,1 млрд. теңгені құраған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 млрд.теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд. теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды. Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.
Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады. Жақында Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісім жасалды. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумында қытайлық инвесторлармен 5 ірі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастамалар – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін нақты қадамдар.
Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толды. 2018 жылдың 19 маусымында ҚР Президентінің Түркістан облысын құру туралы Жарлығына қол қойылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Осы тарихи Жарлықтың шыққанына, яғни, Түркістан облысының құрылғанына биыл жеті жыл толып отыр. Осы қысқа уақытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Тарихи шаһарда жүздеген құрылыс нысандары бой көтеріп, Түркі әлемінің мәдени және туристік астанасы ретінде ажарлана түсті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн. теңгеге жетті (2018 ж. 1,7 трлн.теңге). Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есе артып, 1 214,0 млрд. теңгені құрады (2018 ж. 438,6 млрд. теңге). Өнеркәсіптік алаңдарға тоқталсақ, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Облыста алғаш рет 100 га аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды.
Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 7 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 548,7 млрд.теңге). Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Агроөнеркәсіп кешеніне 7 жылда жалпы 700 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестиция тарту – экономиканың маңызды бағыты. Облыс экономикасына тартылған инвестиция 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд. теңгені құрады (2018 ж. 314,1 млрд.тг). Биыл жыл басынан тартылған инвестиция 387,8 млрд. теңгені құрады (оның ішінде 199,3 млрд. тг. – жеке инвестиция, 128,7 млрд.тг – бюджеттік инвестиция). Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд. 144,2 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (467 млн. АҚШ доллар) 245,0%-ға артығымен орындалды. Туризм саласына 7 жылда жалпы 442,6 млрд. теңге инвестиция тартылды (жұмыс орындары 18,1 мың адам).
Облыс орталығы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне жаңа серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 1,7 трлн.теңгені құраған болатын. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды. Облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс жасайды. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 млрд.теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 3916 жаңа жұмыс орны құрылады. «ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны — 100 млрд. теңге. Зауыт 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді. Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.
2025 жылғы 1 мамырға облыс халқының саны 2151,6 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 543,2 мың адам (25,2%), ауылдықтар – 1608,4 мың адам (74,8%). Халықтың табиғи өсімі 2025 жылғы қаңтар-сәуірде 12251 адамды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 14395 адам). 2025 жылғы қаңтар-сәуірде туылғандар саны 15494 адамды құрады (2024 жылғы қаңтар-сәуірдегіден 13% кеміді), қайтыс болғандар саны 3243 адамды құрады (2024 жылғы қаңтар-сәуірдегіден 5,2% кеміді). Теріс көші-қонның айырмасы қалыптасты және – 14711 адамды құрады (2024 жылғы қаңтар-сәуірде – -9333 адам), оның ішінде сыртқы көші-қонда – 132 адам оң көші-қон айырмасы (177 адам), ішкі көші қонда теріс көші-қонның айырмасы – 14843 (-9510 адам).
Түркістан қаласында 100 мың адамға лайықталған инфрақүрылым тартылып, тұрғын үйлер салынды. Әлеуметтік-спорттық-мәдени нысандар бой көтерді. Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы Заң қабылданды. Бүгінде Түркістан шаһары – Орталық Азиядағы ең сәулетті қалалардың біріне айналып келеді. Ал Түркістан облысында инфрақұрылым жақсарып, ауылдар даму үстінде. Түркістан өңірін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл толып отыр.
Жеті жыл көлемінде өңірімізде ауқымды шаралар қолға алынып, Түркістанның жылнамасында жаңа және жарқын оқиғалар жазылып жатыр. Табанды еңбектің нәтижесінде Түркістан қаласында су жаңа заманауи, зәулім ғимараттар салынып, киелі мекеннің келбеті көркейді. Осы уақытта Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы атанып, Президенттің бастамасымен көне қалаға ерекше мәртебе берілді. Бұл мәртебелер өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, қаланың маңыздылығын одан сайын айғақтай түсті. Өңірде туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен жолдар, өнеркәсіп және әлеуметтік салалар қарқынды дамуда.
Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1 214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.
Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 7 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн.теңгеден асты. Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша республикада көшбастап тұрмыз. Агроөнеркәсіп кешеніне 7 жылда жалпы 700 млрд. теңге инвестиция тартылды. Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1 335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 ж. 314,1 млрд.теңгені құраған болатын.
Жалпы, облысымыз қыруар жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер өңіріміз былай тұрғанда, еліміз үшін үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарларының бірінде Түркістанды ата жұртымыздың алтын қазығы деп атап өтіп, өз сөзінде: «Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр», – деген болатын.
Ия, Түркістанның орны қашан да айрықша. Сондықтан, киелі Түркістанды түлету – руханиятымызды, тарихымызды, рухымызды түлету болып табылады. Түркістанда жүздеген хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әмбиелеріміздің мазарлары бар. Бір сөзбен айтқанда Түркістан теңдесі жоқ аңыз қала. Түркістанның өсіп-өркендеуі дәл бүгінгідей қарқынмен жүрсе, болашақта көне шаһардың әлемдік қауымдастықта өзінің нық орнын тауып, күллі түркі дүниесінің абыройын асыратынына сенімдімін. Түркістанымыз жайнап, түрлене берсін!