Архив рубрики: Денсаулық

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы өзінің саяси тұғырнамасында халық саулығын қамтуды негізгі басымдықтың бірі ретінде айқындаған. Бұл бағытта денсаулық сақтау, медицина саласындағы кезек күттірмейтін мәселелердің шешу жолдары партияның Сайлауалды бағдарламасында қамтылып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында медициналық қызметтің сапасын көтеру, емханалар мен ауруханаларды жоғары стандартты арнайы жабдықтармен қамту, ауылдық жерлерде фельдшерлік-амбулаториялық және медициналық бекеттер салу, оларды тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеттері белгіленіп, олардың іске асырылуы партияның өңірлік филиалымен тұрақты бақылауына алынған.

Бүгінде Түркістан облысында денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым 130 жеке меншік мекемелер кіреді. Ондағы медициналық мекемелерге тіркелген 2 060 903 адамға 35 мың медицина мамандары қызмет көрсетеді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы дәрігер болса, қалғаны түрлі орта медицина персоналы. Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы ретте елімізде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттыру шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Жетекші партия мүшелерінің негізгі бөлігі де медицина қызметкерлері.

Елімізде маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Осынау айтулы күн қарсаңында өңіріміздің барлық аймағында денсаулық сақтау қызметінде жанқиярлық еңбегімен адам жанының арашашысы болып жүрген жандарға алғыс білдіріліп, елеулі еңбектері үшін марапаттау шаралары жүргізіліп жатыр. Ал, Отырар аданының Талапты ауылындағы «Фараб дәрігерлік амбулаториясының» ұжымы мен ауыл тұрғындары айтулы мереке қарсаңында көптен күткен қуанышқа кенелді. Амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі сыйға берілді. Осынау игілікті істі «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалының, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында өз қаражаты есебінен демеушілік, танытып алып берді.

«Медицина қызметкерлері күні» қарсаңында өткен салтанатты шарада авокөлік кілтін аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Сатыбалдыұлына демеушінің анасы, 25 жылдан астам өмірін денсаулық саласына арнаған медицина ардагері Жұмакүл Бейсенбайқызы табыстады. Салтанатты шарада сөз алған Уәлихан Жамалханұлы ауыл тұрғындарын осынау жаңалығымен құттықтап, анасы Жұмакүл Бейсенбайқызы мен марқұм әкесі Ұзақ Жамалхан қарияның ұзақ жылдар бойы ауылда дәрігерлік қызмет еткенін еске алып, бүгінгі сыйы сол ата-ананың қызмет еткен саласына арналғанын жеткізді. Сондай-ақ, медицина мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жедел жәрдем көлігі мекеме қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, ауыл тұрғындарына дер кезінде сапалы жұмыс жасайтынына сенім білдірді. Мерекеге орай осындағы бірқатар ақ халатты жандарға «Алғыс хат» табыс етті.

Ұжым қызметкерлері мен ауыл тұрғындары игілікті іске бастамашыл болған жандарға алығыс білдіріп, ақжарма тілектерін арнады. Медицина қызметкерлері күніне арналған шаралар әлі де жалғаса бермек.

БІЛІКТІ ДӘРІГЕРГЕ ТҰРҒЫНДАР АЛҒЫСЫН БІЛДІРУДЕ

Жыл басында Түлкібас аудандық ауруханасында балалар хирург дәрігері, жоғары санатты маман Серікжан Ботабекұлы Нұржанов өз қызметіне кіріскен болатын. Бүгінде білікті дәрігерге жергілікті тұрғындар алғыстарын білдіруде. Балаларына жасалған оталар сәтті аяқталып, дертіне шипа тапқандар ақ халатты абзал жандарға ризашылықтарын айтуда. Бұрындары  ірі қалалар мен өзге облыстарға сабылатын Түлкібастық тұрғындар енді аудан орталығында ем қабылдауға мүмкіндік алғандарын жеткізіп жатыр.

Айта кетейік, Серікжан Ботабекұлы Нұржанов 1979 жылы маусым айының 21 жұлдызы күні Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылында дүниеге келген. 1996-1999 жылдары Шымкент медицина колледжін, 200-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын, 2004-2006 жылдары қазақ мемлекеттік медицина академиясының педриатрия факультетін бітірген.

Бұдан бөлек 2006-2007 жылдары Астана қаласындағы балалар хирургия бөлімінде білімін жетілдірген. Алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы көп саласы №2 балалар ауруханасында бастаған. Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында хирург мамандығында қызмет атқарған. Білімін Түркия елінде жетілдірген. Біліктілігі жоғары дәрігер. Балалар дәрігері мамандығына сай түрлі халықаралық сипозиумдарға қатысқан. Медицина саласында жеткен жетістіктері жетерлік. Балалар дәрігері Қазақстан ассоциациясының белді мүшесі.

Түрік мемлекеттері трансплантолог Ассоциациясының мүшесі, басқа да халықаралық жиындарға қатысушы. Бүгінде өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының балалар хирург дәрігері қызметін атқаруда. Қазіргі таңда көптеген балаларға ота жасап, оның еңбегіне риза болып, алғыс айтушылар қатары көбейіп келеді. Балалар хирург майталманы Серікжан Ботабекұлын өзгелерге үлгі болатын азамат деп айтуға болады.

Түлкібас ауданында медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттар түсіндірілуде

Түлкібас ауданында медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттар түсіндірілуде. Осындай шаралардың бірі аудан әкімдігінде ұймдастырылып,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мәселелер талқыға түскен.  Аудан әкімінің орынбасары А. Нұрлыбайдың төрағалығымен өткізілген жиынға мемлекеттік қызметшілер, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аурухана және басқа да мекемелер мен ауыл әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Жиынға арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттарға шолу жасап шықты. Жиынға қатысушылар шара барысында аталған тақырып бойынша сұрақтар қойып, арнайы мамандар тарапынан бірқатар талқылаулар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
 
Аталған жиыннан соң, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша аудандық штабтың құрамының отырысы болып өтті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған. Сонымен қатар, 2024 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек деген сауалдарға да жауаптар берілді. Мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерген. Яғни, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерімен есептеледі. Биыл ең төмен жалақы 85 мың теңгені құрап отыр.

Жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Олар: балалар; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері; барлық топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; декретте отырған аналар; мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар; студенттер және тағы басқалары кіреді.

Бүгінгі таңда елімізде жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрап отыр екен. Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 мың теңгеден аспауға тиіс.

Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның, яғни 119 мың теңгенің 5 пайызын төлейді. Биыл ең төмен жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетіп отыр екен. Ал, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2%-ын аударады.

«Сондай-ақ, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу «, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы

Сонымен қатар, кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда төлемдерді есептеу үшін шекті табысты ескеру керек – ол 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге). МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 000 теңгеден аспауы керек. (850 000 теңгенің 3%). Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орынанан түсетін ортақ табысы ескеріледі, яғни әр айға жарна 17 000 теңгеден аспауы тиіс (850 000 теңгенің 2%). Қызметкер төлемдерді дұрыс есептеу үшін бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама тапсыру керек.

Мысалы, қызметкер 1 ұйымынан 550 000 теңге жалақы алса, 2 — ұйымынан 400 мың теңге түседі. Оның ортақ табысы 950 000 теңге, яғни, шекті салық салынатын кірістен жоғары. Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге көлемінде жарна ұстап, 16 500 теңге көлемінде аударым жасайды. Екінші жұмыс орнында оған 6 000 теңге (жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мыңнан төленген11 000 теңге жарнаны шегергенде) жарна төлейді.Аударымдардың мөлшері 18 000 теңгені құрайды, -дейді мамандар

Сондай-ақ, ресми қызметінен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді әрі Салық кодексі талап еткендей жеке бизнесі үшін төлеуі қажет.

Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы; fms.kz ресми сайты; Telegram-дағы @SaqtandyrýBot; 1414 байланыс орталығы; Damumed мобильді қосымшасы; Halyk мобильді қосымшасы; BCC.KZ мобильді қосымшасы; Kaspi.kz мобильді қосымшасы; egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және  жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы. Сақтандыру жүйесі мен төлемдер жайлы толық мәліметті fms.kz ресми сайтынан да алуға болады.

ТҮЛКІБАСТА БАЛАЛАР ОТАСЫНА ҚАТЫСТЫ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТТІ

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен 9-10 маусым күндері Түлкібаста «Зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологияларынын емдеудің инновациялық әдістері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Түлкібас аудандық орталық ауруханасында балалар хирургиясы мен урологиясы бейініндегі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шараға Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы «Медикал Парк» клиникасынан профессор Шейхмус Керем Өзел қатысты.

Алғашқы күні бұл іс-шараны басқарма басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау ісі» жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы М.Мамбетова және Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов ашып беріп, сәттілік тіледі. Іс-шараға облыстың өңірлерінен және Шымкент қаласының қалалық және облыстық балалар ауруханасынан келген хирургтар мен урологтар қатысты. Жиын соңында қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.

Шеберлік сағаты барысында бірнеше ота түрлері жасалды. Атап айтқанда, қуық-зәрағар рефлюксіне-видеоцистоскоп арқылы гель енгізу, гипоспадия асқынуын емдеу, крипторхизм асқынуын емдеу. Одан бөлек балалар урологиясы, фетальды хирургия тақырыбында презентациялар жасалып, оталардың видеолары көрсетілді. Сұрақ-жауаптар болды. Түркістан облысының аудандарынан келген 22 балаға кеңестер берілді.

Айта кетейік, негізгі мақсаты – жетекші балалар хирургтарының, урологтарының, бөлім басшыларының күш-жігерін біріктіру, тәжірибе алмасу және жаңа технологиялармен танысу. Шеберлік сағаты соңғы инновацияларды, үрдістерді және мәселелерді, соның ішінде ұйымдастырушылық және технологиялық мәселелерді талқылауға арналған пәнаралық платформаны ұсынды.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰРДАСТАРЫН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІН ӨТКІЗДІ

Облыс орталығында «Бекзат» тұрғын алабының 1999 жылы туған азаматтары кіші футболдан құрдастарын еске алу турнирін ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында ел ағасы Дәулеткерей Оспанов, «Бекзат» мешітінің бас имамы Ғалымжан Аташев, марқұм Абай Сәбитұлының ата-анасы сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға сәттілік тіледі.

«Аға буынның ізін жалғап, марқұм болған бауырларымызға құран бағыштап, көпшілікке ас бердік. Теңбіл доп сайысына қатысуға 1960 жылғы ардагер команда мен 2007 жылғылардың құрамасы өтініш білдіріп, жалпы саны 24 топ бақ сынады. Жүлдегер командаларға медаль мен қаржылай сыйлық ұсынылды», — деді ұйымдастырушылардың бірі Бекзат Мұрат.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды 1994 жылғы, 2-орынды 1990 жылғы азаматтар иеленді. Ал 2004 жылғы жастар үздік үштіктің қатарына енді.

Жарыс жеңімпаздары тартысты додада чемпион атанғанына қуанышты. Команда капитаны Асыл Шайзынданың айтуынша, бұл турнир мөлтек аудан азаматтарының ауызбіршілігін арттыруға септігі мол.

Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Тұрғанбай – «Үздік ойыншы», Мұрат Балғабаев – «Үздік қақпашы» атанса, Батыр Абдуалиевке – «Үздік шабуылдаушы» номинациясы берілді. Дәстүрлі турнир өткізу эстафетасы 2000 жылы туған жастарға табысталды.

ОРДАБАСЫДА ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК БЕКЕТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі Дербес ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Енді тұрғындар ем іздеп, аудан орталығына бармай, дертіне шипаны Дербес фельдшерлік-акушерлік бекетінен табады. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылы басталған.

Фельдшерлік-акушерлік бекетте фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі бар.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Баласағұн Асым, аудандық аурухананың басшысы Болатхан Салыбекұлы қатысты.

«Құрметті ауыл тұрғындары! Сіздерді барлық жағдайы жасалған, заманауи үлгідегі бекеттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Медициналық нысан ауылдағы екі мыңнан астам тұрғынға сапалы, тиімді медициналық көмек көрсетеді деп сенемін. Денсаулығына жиі шағымданатын тұрғындар үшін бұл үлкен қуаныш», деді аудан әкімі Азат Оралбаев.

Жалпы, ауданда 51 емдеу мекемесі бар болса, оның 38-і – ФАП. 2023 жылы 5 ФАП пайдалануға берілсе, биыл 2-еуі ел игілігіне табысталмақ.

 «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ ВОЛЕЙБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Түркістан қаласында волейболдан ұлттық лигадағы әйелдер арасында ҚР ХХХІІ чемпионатының плей-офф ойындары өтті. Бәсекеде әр облыстан 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Ойынның алғашқы күні 1/4 финалда кездесетін командалар анықталып, чемпионаттың бас жүлдесіне таласты. 1/4 финалда «Тұран» командасы мен Петропавлдың «Қуаныш» командасына қарсы ойын өткізіп, алаң иелері жеңіске жетті. Ал 1/2 финалда Өскеменнің «Берел» командасымен кездесіп, «Тұран» құрамасы ҚР ХХХІІ чемпионатының жеңімпазы атанды. Биыл волейболдан әйелдер арасындағы ұлттық лига ойындарына екінші рет қатысқан тұрандықтар сенсациялық нәтиже тіркеп, тарихи жеңіске қол жеткізді.

ДЕПУТАТ «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ҚЫЗМЕТІНЕ ТАРТУ ЖАСАДЫ

Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған халық қалаулылары А.Салимов, М.Тұрысбеков, И.Намазбаева, Ж.Сүлейменов, Ж.Әбдібаев, Н.Жамалбеков, С.Арыстанов облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысымен арнайы барып танысты. Қызметкерлерімен жүздесіп, орталықтың қызмет ету деңгейін көзбен көрді.
 
Мекеменің жұмысымен танысу барысында облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков, облыстық «Жедел жәрдем» қызметіне өкпені жасанды желдету аппаратының 5 данасын сыйға тарту етті. Жапонияның медициналық құралы арнайы көлікке орнатылатын болады. Аппарат — адамдардың тыныс алу жетіспеушілігі пайда болған кезде қажет.
— ИВЛ аппараты пандемия кезінде арнайы Жапония елінен сатып алынған. Бір аппараттың құны — 11 млнды құрайды. Бүгінде адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Соның бірі – аяқ астынан болатын жарақат түрлері. Көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте, түрлі дәрежеде жарақаттанып, «Жедел жәрдем» қызметі шақырылады. Сондықтан жалпы құны 55 млн болатын аппаратты өңірдің медицина саласының жұмысы жүйелі және халыққа қызмет көрсету сапасы жылдам әрі тапшылық болмауы үшін орталық қызметіне пайдаланғаны дұрыс,-деді М.Сексенбайұлы.
Облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі 1 меншікті. Жедел медициналық жәрдем станциясының құрамында 6 бекет 17 бөлімше және 46 пост бар. Жедел медициналық жәрдем көрсету өңірдің 2 088 510 халқына қызмет көрсетеді. Қызметтік радиусы 100 км шақырымды құрайды екен. Түркістан облысы жедел медициналық жәрдем станциясы 142 бригадамен толыққан. Нақтырақ айтқанда дәрігерлік-34, фельдшерлік-108. Түркістан облысы бойынша санитарлық автокөліктің жалпы саны 187.
Айта кетейік, аталмыш мекеме биылғы жылы жағымды жаңалықтың куәсі болды. Аймақтың жедел медициналық жәрдем станциясына жаңа типтік ғимарат пайдалануға берілді.

Фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерге заңнамалық актілердегі өзгерістер түсіндірілді

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өңір аумағында фармацевтика саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша келелі кездесу өтті. Басқосуға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, «ОҚО Даму медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы ЗТБ», Түркістан қаласының прокуратурасының өкілдері қатысты.

 

«ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 3 сәуірдегі №55 бұйрығымен ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тиісті дәріханалық практика стандарты (GPP) егжей-тегжей пысықталып, редакциялық түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, қайталанатын талаптары бар тармақтар алынып тасталды», — деді «ОҚО Даму медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ директоры Хадиша Әлжанова.

 

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы стандарттарға өзгерістер енгізуге байланысты «ОҚО Медициналық және фармацевтикалық даму ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп аудандарда облыс дәріханаларының қызметіне өзгерістер енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шаралардың мақсаты – кәсіпкерлерге мораторий мерзімі аяқталған соң оларға айыппұл салуды болдырмау үшін өзгерістер туралы хабарлау.

Түлкібастық косметолог әжімді операциясыз да кетіруге болатынын айтады

«Бизнес бастау» жобасымен  қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастаған Түлкібастық косметолог Ғалия Жайшаева беттегі әжімді операциясыз да кетіруге болатынын айтады. Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында шетелден арнайы медицицналық құрал жабдықтар сатып алып, қазір соның көмегімен қыз-келіншектердің беттеріндегі қара дақтар мен безеулерді емдеп келеді. Кәсіпкердің бұл салаға келуі де жәй-жәй емес екен. Бұған дейін Ғалия Жайшеваның өз денсаулығында кінәраттар болып, одан арылу жолын іздеген. Косметолог маман бүгінде денсаулығындағы кінәраттан толық арылыпты. Кәсіпкер, жалпы қыз-келіншектердің  ажарлы, әсем болып жүргені үлкен бақыт екенін айтады.

 

 

«Мен бұған дейін түрлі-түрлі косметологтарға бардым. Алайда емі ешқандай табылған жоқ. Одан кейін өзім, бұл салаға өзім кіріскенді жөн көрдім. Себебі бұл қадам болашақта тек маған ғана емес, өзгеде адамдарға қажет екенін білдім. Сондықтан, нақты шешім қабылдап өз ісіме кірісіп кеттім. Құдайға шүкіршілік етемін, қазір дәл осы бағытта, бұл салада қызмет жасап жүргеніме төрт жылдай уақыт болды. Алғысын білдіретін азаматшалар да арта түсті. Ал, табысым бұрынғыға қарағанда он есеге көбейді десемде болады», дейді косметология орталығының иесі Ғалия Жайшаева.

 

Бүгінде, Түлкібастықтар Ғалияны еркелетіп «сұлу келіншек» деп атайды екен. Өйткені ол қаншама қыз-келіншектің бетіндегі әжімін отасыз кетіріп, қара дақтары мен безеуін емдеп беріпті. Айта кетейік, сұлулық салонында 16 жыл еңбек еткен келіншек бұған дейін өзінің бетіндегі қара дақтарды  қанша емдеткенімен кетіре алмаған айтады. Сосын тәуекелге бел байлап косметология саласына түбегейлі ден қойған. Тиісінше Алматы қаласында білім алып, адамның бет күтімін сақтау және оған қажетті шараларды қолдану бойынша толық зерттеп шыққан.

 

 

Мемлекеттен жаңа жобасы арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкер, сол қаражатқа  шетелден заман талабына сай арнайы жаңа медицицналық құрал сатып алуға мүмкіндігі болғанын айтады. Озық технология беттегі әжімнен бастап қара дақтар мен безеуді емдейді. Әзірге, Түлкібас ауданында бұл құрылғының баламасы жоқ екен.

 

 

Адамның ажары өте нәзік. Сондықтан оған ерекше күтім қажет. Тіпті дұрыс тамақтанбау мен реніштің өзі беттің бұзылуына әкеп соғады, дейді Ғалия Жайшаева.

«Отасыз да әжімді кетіруге болады. Оны арнайы құрылғының көмегімен жүзеге асырамыз. Төрт қабылдаудан кейін нәтижесін көруге болады. Оданда басқа беттегі безеулерден арылуға мүмкіндік береді. Оның көмегімен көптеген кінәраттардан арылуға болады», дейді косметолог.

 

Жаңа құрылғы қара дақтарды айтапғанның өзінде денеге салынған түрлі суреттерді де кетіреді екен. Бетті медицицналық құрылғымен ғана емес,  қарапайым жолмен де әрілеуге болады. Қас-кірпік пен ерін тіпті түтіктерді кетірудің оңай жолы бар, дейді маман.Өзіне келген әрбір қыз-келіншекті мұқият қарап тексеріп, жағдайы ауырлар адамдарды дәрігер кеңесіне жібереді екен. Ал, бетіне әжім түсіп немесе бөртіп кеткен келушілер көп ұзамай, 3-4 қараудан кейін нәтижесін көріп жатыр екен.

 

«Химиялық, механикалық тазартулар да бар. Плазмолифтинг бар. Бетті вакуммен тазалау, микротоки әдісі де бар. Тек жалғыз құрылғымен жұмыс жасау жеткіліксіз. Мен, мемлекеттік грант арқылы өзге де қосымша керекті құрал-жабдықтарды да алдым. Олардың барлығы отасыз бетті тартуға көмектеседі», дейді Ғалия Жайшаева.

 

 

Түлкібас ауданында өткен жылы Ғалия Жайшаева секілді жеке кәсібін бастайымын деген 183 адам қайтарымсыз гран жеңіп алған. Барлығы өз кәсібін дөңгелетіп, дамытып келеді екен. Ал, биыл 90 адамға қаржы бөлінбек. Қазіргі таңда оның 44-і комиссия қорытындысымен грант алып, бизнестерін бастап кеткен. Барлығы жіті бақылауға алынып, кәсіпкерлер әр тоқсан сайын «Enbek.kz» сайтына өз жұмыстары туралы есеп беріп отырады екен.

 

«Барлық ақпарат интернет желісіндегі «Enbek.kz» сайтында жарияланған. Бұл бағытта қайтарымсыз грантқа мүгедек бала асыраушы отбасылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедектігі бар бірақ жұмысқа жарамды жұмыссыз азаматтар, көші-қон бағдарламасымен өзге өңірлерден көшіп келген адамдар, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар да «Enbek.kz» сайты арқылы  өтініш білдірсе болады», дейді Түлкібас аудандық «Мансап» орталығының директоры Ерсұлтан Байбатчаев.

 

Жуырда жобаның үшінші кезеңіне құжат қабылдау басталады екен. Барлығы онлайн түрінде жүргізіледі. Сондықтан мекемеге келіп кезек күтудің қажеті жоқ. Егер интернеті нашар ауыл тұрғындары немесе сайтқа өтінім беруді білмейтін азаматтар болса, Түлкібас ауданының орталығындағы «Мансап» орталығына келіп тіркелуілеріне  болады. Онда арнайы бұрыш жасақталып, мамандар тегін кеңес береді, дейді орталықтағылар.