Архив рубрики: Жаңа жоба

Шалғайдағы ауылдар орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады.

« – Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік. Сапалы ауыз сумен қамтудың ауыл тұрғындары үшін пайдасы өте мол деп айтуға болады. Ауыз су – адам өміріндегі ең қажетті байлықтың бірі. Су бар жерде тіршілік бар, денсаулық бар, береке бар. Сондықтан ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – елдің ең маңызды әлеуметтік мәселелерінің бірі болып саналады. Бұрын ауылдарда су тапшылығы көп болды. Көпшілік құдықтан су тартты, арықтың немесе ашық су көздерінің суын пайдаланды. Мұндай су әрдайым таза бола бермейді, оның денсаулыққа зияны да аз емес. Ал қазіргі таңда ауылдарға орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі тартылып, тұрғындардың тұрмысы айтарлықтай жеңілдеді. Ең алдымен, сапалы ауыз су – халық денсаулығының кепілі. Таза су ішкен адам сирек ауырады. Асқазан-ішек аурулары, түрлі жұқпалы дерттер азаяды. Балалардың денсаулығы нығайып, қарттардың жағдайы жақсарады. Бұл – әр отбасы үшін үлкен пайда. Сапалы ауыз су ауыл тұрмысына үлкен жеңілдік әкеледі. Бұрын су тасып, құдыққа бару үшін уақыт пен күш кететін. Қазір үйге су келген соң, әйелдер мен балалардың еңбегі жеңілдеді. Үнемделген уақытты үй шаруасына, малға, бау-бақшаға немесе балалардың оқуына жұмсауға мүмкіндік туды.Ауыз судың болуы ауыл шаруашылығына да оң әсер етеді. Су тұрақты болған жерде бау-бақша егу, көкөніс өсіру жеңілдейді. Мал суару мәселесі де оңай шешіледі. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, отбасылық шаруашылықты дамытуға жол ашады. Жалпы апалы ауыз су ауылдың көркеюіне ықпал етеді. Су жүйесі бар елді мекендерде санитарлық жағдай жақсарып, көшелер мен аулалар таза болады. Мектептер, балабақшалар, медицина пункттері таза сумен қамтамасыз етіліп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы артады. Сонымен қатар, ауыз су мәселесі шешілген ауылдарда жастардың тұрақтап қалуына мүмкіндік көбейеді. Жас отбасылар үшін суы, жарығы, жолы бар ауыл – өмір сүруге қолайлы орта. Бұл ауылдың болашағын сақтауға, елді мекеннің дамуына үлкен үлес қосады. Жалпы айтқанда  сапалы ауыз сумен қамту – ауыл халқы үшін үлкен игілік. Ол денсаулықты нығайтады, тұрмысты жеңілдетеді, шаруашылықты дамытуға жол ашады және ауылдың болашағын қамтамасыз етеді. Әрбір үйге таза ауыз су жетуі – халықтың әл-ауқатын арттыратын ең маңызды қадамдардың бірі. Таза су – денсаулықтың бастауы, берекелі өмірдің негізі. Сондықтан ауыз суды қадірлеп, үнемдеп пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз.» – деді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.

Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.

Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын. Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.

Ауыз сумен қамту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы ең маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Осы бағытта Түркістан облысында соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылып, 2025 жылы нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізілді. Жалпы, Түркістан облысы – халқы тығыз орналасқан, ауылдық елді мекендері көп өңір. Сондықтан ауыз сумен қамту мәселесі өңір үшін әрдайым басым бағыт болып келді. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкімет бекіткен бағдарламалар аясында облыста ауыз су инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлініп, кешенді жобалар іске асырылды. 2025 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, Түркістан облысындағы барлық қалалар 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл – қала тұрғындарының барлығы таза әрі қауіпсіз ауыз суға толық қол жеткізіп отыр деген сөз. Ал ауылдық елді мекендер бойынша ауыз сумен қамту деңгейі 98,1 пайызға жетті. Облыс аумағындағы 750-ден астам ауылдың басым бөлігінде орталықтандырылған су жүйесі жұмыс істейді. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

Атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, ондаған елді мекенде жаңа су құбырлары тартылды. Ескірген су желілері қайта жаңғыртылып, тозығы жеткен инфрақұрылым кезең-кезеңімен ауыстырылды. Ауыз су сапасын жақсарту мақсатында тазарту қондырғылары орнатылды және су қысымын тұрақтандыру үшін сорғы станциялары салынды. Биылғы жылы 66 ауыз су нысанының құрылысы қаржыландырылып, оның бір бөлігі пайдалануға берілді, ал қалған нысандар жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Нәтижесінде 22 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған ауыз суға қосылды.

Сонымен қатар, ауыз су инфрақұрылымының дамуы ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр. Су тұрақты болған жерде бау-бақша, мал шаруашылығы, қайта өңдеу салалары да қатар дамиды. Облыс әкімдігі мен жауапты басқармалар Түркістан облысын толықтай  100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін алға қойып отыр. Қазіргі таңда қамтылмай отырған аз ғана елді мекендер бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, құрылыс жұмыстары жоспарланған.Айта кетейік, биылғы жылы Түркістан облысында ауыз сумен қамту саласында тарихи маңызы бар нәтижелерге қол жеткізілді. Қалалар толық қамтылды, ауылдық елді мекендердің басым бөлігі таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар.

АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келген болатын. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.

Сенаторлар алдымен Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделуде.

Сонымен қатар, комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС- ның жұмысымен танысты. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бұл кешен 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Онда 550 жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдері өндіріледі. Жоба ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Бүгінде зауытта жүгеріні қабылдап, кептіру кешенінің және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысы аяқталған.

Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іс-сапар барысында «SPK Turkistan» өндірістік парк пен «Түркістан» индустриялды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Оның ішінде, көкөніс сақтау қоймасы, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен және «Тұран су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен танысты.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша комитеттің көшпелі отырысы да өтті. Осы орайда, кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы

Вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық Ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты.

Жиында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, 2026 жылы Түркістан облысында қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда крахмал өнімдері өндіріліп, 500 жұмыс орнын құру көзделуде.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі. Осы ретте, биыл 10 айда 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға орналастырылған.

«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені Республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның – 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің – 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің – 27 облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің ауқымды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғарғы әлеуетін көрсетеді. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде»,- деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

Жаңа кезеңнің басталуы!

Рүстем Омаров Джеки Чанның халықаралық жобасы — «Доспехи Бога: Ультиматум» фильміне қосылды.

Атақты экшн-франшизаның жаңа бөлімінде Sәlem Entertainment жобасының жұлдызы актер әрі сценарист ретінде бой көрсетеді.

«Бала кезімнің кумирі Джеки Чанмен бірге түсетініме өте қуаныштымын», — дейді Рүстем Омаров.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ЗАУЫТТАР МЕН КӘСІПОРЫНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады. Жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады.
Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен бірге кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Қытайлық «Avatar agricultiral technology development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. Одан бөлек, сусыздандырылған көкөністерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТӘУЛІГІНЕ 120 ТОННА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Отырар ауданында биыл жалпы құны 37 млрд 400 млн теңгені құрайтын ірі және шағын жобалардың құрылысы басталды. Жоба аясында маусымдық жұмыспен – 102 адам қамтылса, оның 67-сі тұрақты қызметке орналасты. Сондай-ақ, өңірдегі индустриалды аймаққа 2025-2026 жылдары жергілікті және шет елдік инвесторларды тарта отырып, түрлі салаларды қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласы бойынша қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Ауданымыздағы индустриалды аймақта тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы «Otyrar Cotton» ЖШС жұмысын бастамақ. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылады. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қуаттылығы күніне 10 тоннаға жететін күріш өңдеу зауыты мен тәулігіне 200 тонна мақта майын өндіретін зауыт құрылыстары да жүргізілмек» – деді спикер.

2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 25,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ, биыл 54 100 гектарға егіс егу жоспарланып, жоспар 54 796 гектарға орындалған. Яғни егіс көлемі 19 795 гектарға артты.

Ауданда жыл басынан бері 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 116,5% – ға орындалған. Өңір тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер орын алуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 98,6%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылса, табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 71,4%-ға жеткен.

Түркістан облысында 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылған

Түркістан облысында ағын су тапшылығын еңсеру шаралары күшейтілуде. Ағын су – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Түркістан облысында биылғы вегетациялық маусым жауын-шашынның аздығынан күрделі жағдаймен басталғанымен, әкімдік тарапынан қолға алынған жүйелі шаралар өңірдегі суару жүйесінің тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Түркістан облысында егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету маусымы қалыпты жағдайда басталды. Алайда жауын-шашын мөлшерінің аздығы, ауа температурасының жоғары болуы су тапшылығы қаупін күшейтуде. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен сөз болды.

Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары биыл 890 мың гектарға егілді, оның 552 мың гектары – суармалы алқаптар. Егістікке қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысына сәйкес босатылып отыр. Вегетациялық кезең басталғаннан бастап суды реттеу аудан әкімдіктері мен шаруалар арасындағы келісім негізінде арнайы кестеге сай жүргізілуде. Облысқа жыл сайын 4,8 млрд текше метр су қажет. Алайда биыл ауа райының күрт өзгеруіне байланысты су қорының 30%-ға дейін қысқару қаупі бар. Бұл әсіресе облыстың оңтүстік аймақтарында – Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілуі мүмкін. Су көздерінің басым бөлігі көрші мемлекеттер аумағынан келетінін ескерсек, трансшекаралық тәуелділік жағдайды күрделендіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен үнемдеу технологияларын ұлттық басымдық ретінде айқындап, бұл бағыттағы жұмыстарға ерте қамдану қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар – осы тапсырманың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Жағдайды тұрақтандыруға арналған нақты қадамдар жүзеге асуда. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» суқоймалары салынуда. Бұл «Бөген» суқоймасына қосымша 113 млн м³ су жеткізуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 27 мың гектарға енгізілмек. Жоспарланған межеден асып, 59 мың гектарға жеткізу көзделуде. Қазірдің өзінде 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылған. Машиналық су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 м³/сек су берілуде. Бұл «Достық» магистралды каналының биылғы төмен көлемін (28,6 м³/сек) ішінара теңгеруге бағытталған.

Сонымен қатар 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл су жүйелерінің тозу көрсеткішін 76%-дан 50%-ға дейін төмендетуге сеп болады. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек. Ағын суды заңсыз пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы облыстағы су нысандарына тұрақты тексеру жүргізіп, осы күнге дейін 20 құқық бұзушыға хаттама толтырып, айыппұл салған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлескен рейд барысында 24 заңсыз су сорғы құрылғысы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Биылғы маусымдағы күрделі гидрометеорологиялық жағдайға қарамастан, Түркістан облысы ағын суды басқару, сақтау және тиімді пайдалануда жүйелі шаралар атқаруда. Су инфрақұрылымдарын жаңарту, үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және бақылау тетіктерін күшейту арқылы өңірдің агросекторы ағын су тапшылығын еңсеруге қауқарлы болып отыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 130 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН.

Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 млрд теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы жаңа индустриалды аймақтардың құрылысымен танысты. Атап айтқанда, Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде өндіріс алаңдары салынуда. 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

Тек Иассы ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаңның өзінде 24 жоба іске қосылуға дайын. Аумағы 9 гектар болатын бұл алаңда жиһаз өндірісі, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілері, тігін шеберханалары, қағаз өнімдері цехы сынды кәсіпорындар жұмысын бастайды. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, жаңадан 600-ден астам жұмыс орны ашылады.

– Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Жалпы, Түркістан облысының 2025 жылғы қаңтар-мамырда өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,8% көп. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 15,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 14,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда – 17% өсті, ал сумен жабдықтауда, қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда, ластануды жою жөніндегі қызметте 0,5% кеміді.

2025 жылғы қаңтар-мамырда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 192085,6 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 106,4% құрады. Жүк айналымының көлемі 11703,5 млн. ткм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 123% құрады. Жолаушы айналымы 650,8 млн. жкм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 113,9% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117433,8 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 146,6% құрады. 2025 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 25,5% артып, 306,1 мың шаршы метрді құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 387838,2 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 151,1% құрады.

Тіркелген заңды тұлғалар саны 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 19270 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 5,5% өсті, оның ішінде 250 адамнан жоғары қызметкерлері барлар 101 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 17743 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 17092 бірлік құрады. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 15383 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3% өсті. 2025 жылғы қаңтар-мамырда бөлшек сауда көлемі 131737,6 млн. теңгені құрады немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16% артық. Ал, көтерме сауда көлемі 136271 млн. теңгені құрады немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 267,3% құрады.

Алдын ала деректер бойынша 2025 жылғы қаңтар-сәуірде ЕАЭО елдерімен өзара сауда 182,2 млн. АҚШ долларын құрап, 2024 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 43,6% көбейді, оның ішінде экспорт –70,2 млн. АҚШ долларын (7,7% көбейді), импорт –112 млн. АҚШ долларын құрады (81,5% көбейді).

«ЖЕТІСАЙ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА 11 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы қарқын алып келеді. Бұл бағытта өңірдің әр аймағындағы өндірістік мүмкіндіктеріне басымдылық берілуде. Сонымен қатар, индустриалды аймақтар құрылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Ал, Жетісай ауданында өңір кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағы құрылған болатын. Қазіргі таңда индустриалды аймақты инфрақұрылыммен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған аумақта биыл жалпы құны 33 млрд теңгеге 11 жобаны қолға алу жоспарланған. Нәтижесінде 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес, 4 жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастаған. Бұл жайында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Өңірде құрылған индустриалды аймақ ауданымыздың экономикасына өзіндік оң әсерін береріне сенім мол. Қазіргі таңда аумақта «ТST Zhetysai Group» ЖШС-і мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысын бастады. Сондай-ақ, «Агро сүт» сүт өңдеу зауыты, «Бирлик – Е» мақта өңдеу , «Аltyn Kun Group» полиэтилен қалдықтарын, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыттары бой көтеруде. Айта кетейік, 2024 жылы ауданда құны 4,3 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны құрылған болатын» – деді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы жылдың І тоқсанында жалпы өңірлік өнім көлемі 27,4 млрд теңгеге жеткенін жеткізді. Жалпы 2025 жылы бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысында аудандағы өңірлік өнім көлемі 184,1 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге артығымен орындалған. Сондай-ақ, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылы 18,4 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд теңгеге артқан. Биыл аталған көрсеткішті 21,2 млрд теңгеге жеткізу көзделіп, І тоқсанда өнеркәсіп өнім көлемі 4,6 млрд теңгені құрап отыр. Ауданның негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артығымен орындалған. Биылғы жылы да бұл көрсеткішті арттыра түсу көзделіп отыр.

Аудан экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында 10 мыңға жуық шаруа қожалығы қызмет атқарады. Бүгінгі күнге 79,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Биыл 1,2 мың гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп, 40 мың тоннадан астам өнім жинақталған. Айта кетейік, өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған 79,2 мың гектар егістіктің 40,8 мың гектарына мақта, 19,7 мың гектардан астам бақша, 6,6 мың га мал азықтық дақылдары мен 3,4 мың га көкөніс егілген. Аталған дақылдардан 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар, 67,7 мың тонна мал азықтық дақылдар алынған. Былтыр аудан шаруаларының 1296,9 га жерге еккен қырыққабатынан 38 907 тонна өнім алынып, еліміздің өзге өңірлері мен Ресей мемлекетіне экспортталған.

Қазіргі таңда диқандар қауын, қарбыз өнімін жинауды бастаған. Өнімнің басым бөлігі Ресей, Белоруссия, Қырғыз елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және басқа да облыстарға жолдануда. Жалпы ауданда өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалық иелері 1,2 мың гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асыруда. Өңір инфрақұрылымын жақсартуда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы пайдасын тигізуде. Бағдарлама аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 2,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржылар елді мекендерді газдандыруға, жолдарды жөндеуге, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Нәтижесінде қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің табиғи газбен қамту көрсеткіші 81,9%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 86,6%-ға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын ауызсумен қамту көрсеткіші 100%-ға жеткенін мәлімдеді Серік Үсенұлы.

Жалпы, Түркістан облысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалды аймақ ашылған болатын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп отыр. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биыл облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды. Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 га, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 га, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 га, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 га және «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 га. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген.

Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы нақты қадамдар жасады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында 20-ға жуық жаңа инвестициялық жоба бойынша маңызды келіссөздер өтті. Сапар аясында өңір делегациясы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика және туризм бағыттары бойынша Қытайдың жетекші компанияларымен нақты жобаларды талқылап, ірі өндіріс орындарында болды. Сапардың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге тікелей инвестициялар тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау. Президент атап өткендей, өңірлік дамудың жаңа кезеңі халықаралық серіктестік пен нақты жобалар арқылы жүзеге асуы тиіс. Осы ретте Түркістан облысы бұл бағыттағы белсенділігін нақты қадамдармен көрсетіп отыр.

Делегация сапар барысында әлемдегі ең ірі сыра өндіруші кәсіпорындардың бірі – «TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» зауытының жұмысымен танысты. 1903 жылы негізі қаланған бұл компания бүгінде Қытайдың ішкі нарығында көш бастап, өнімін 120-дан астам елге экспорттап отыр. Зауыт тек сыра өндірісімен шектелмей, денсаулыққа пайдалы сусындар өндіру, сондай-ақ «TSINGTAO1903 Bar» сияқты мәдени-көпшілік кеңістіктер құру бағытында да жобаларды іске асыруда. Компанияның технологиялық дамуға бағытталған саясаты мен ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа бағытталған стратегиялық көзқарасы Түркістан облысының кәсіпкерлері мен инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Қос тарап осы салада өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастырды. Келесі кездесу «Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» компаниясымен өтті. Аталған кәсіпорын ауыл шаруашылығы тыңайтқыштары мен экологиялық қауіпсіз химиялық өнімдер өндірісінде Қытайдағы көшбасшылардың бірі саналады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл кездесуде өңірде шегірткемен күрес және ауыл шаруашылығын химияландыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Облыста дәріленетін аумақ көлемі жылдан-жылға артып келеді, бұл өз кезегінде жаңа технологиялар мен қауіпсіз өнімдерге деген қажеттілікті арттырады. Осы салада нақты жобаларды бірлесе іске асыруға шақырған облыс басшысы бұл бағыттағы ынтымақтастықты жүйелі зерттеуді тапсырды. Компания, сондай-ақ электр жабдықтары мен құрылыс материалдарын өндірумен айналысады және Қазақстанмен сауда-логистикалық қатынасты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Жұмыс сапары барысында Түркістан делегациясы «Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен келіссөздер жүргізді. Жарғылық капиталы 1,5 миллиард юань болатын бұл компания Қытайдың стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда жетекші рөл атқарады. Холдинг венчурлік қаржыландыру, активтерді басқару және салалық инновациялық жобаларға инвестиция тарту бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания 622,6 миллиард юань көлеміндегі қаржыны басқарып отыр. Қорлар арқылы цифрлық трансформация, жасыл технологиялар және өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталған бастамалар іске асырылуда. Бұл құрылыммен әріптестік – Түркістан облысы үшін ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық пен технологиялық даму кепілі болмақ.

Сапар барысында ауыл шаруашылығы бағытындағы бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, Дазэшань жүзімі – климаттық ерекшеліктері Түркістан облысына ұқсас Циндао аймағында өсірілетін жоғары сапалы өнім. Қытайлық кәсіпкерлер бұл жүзім түрін Түркістан өңіріне бейімдеу және тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар көкөністі кептіру және терең өңдеу зауытын салу, жержаңғақ өңдейтін орталық ашу, бизнес-қонақүй мен туристік кешен салу жобалары жан-жақты талқыланды. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық бейінін әртараптандыруға, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, жүзеге асыру жолдарын пысықтауды тапсырды.

Қытай тарапынан Түркістан облысына деген қызығушылық жоғары. Бірлескен жобаларды іске асыруға дайындық пен ашықтық танытқан кәсіпорындар өңірдің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Бұл сапар бір ғана экономикалық емес, сонымен қатар технологиялық серіктестік, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірдің жаһандық нарықтарға шығуына жол ашу тұрғысынан да аса маңызды болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізге тікелей инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу арқылы халықтың табысын арттыруды тапсырды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – осы міндеттерді нақты жобалармен жүзеге асыру. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық. Бүгінгі келіссөздер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық серіктестік бағытында маңызды нәтижелерге жол ашады деп сенеміз, – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қытай Халық Республикасына жасалған бұл жұмыс сапары Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Жүздеген миллиард юаньдармен өлшенетін инвестициялық әлеует, технология трансфері мен ауыл шаруашылығын терең өңдеу тәжірибесі – облыстың жаңа даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беретін нақты факторлар.

Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. Бұл қала Қытайдың ашық экономикалық аймақтарының алғашқы легінде дамыған, бүгінде халықаралық бизнес пен технологиялық инновациялардың жаңа хабына айналған. Циндао – 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис. Қаланың ішкі жалпы өнімі 2024 жылы 1,6 триллион юаньнан асты (шамамен 220 миллиард АҚШ доллары), бұл оны Қытайдың экономикалық тұрғыдан ең қуатты қалаларының қатарына қосады. Қаланың экономикалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен шешуші рөл атқарады.

Өңірге инвестиция тарту – әлеуметтік-экномикалық дамудың басты бағыты

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы Линьи қаласында орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Делегация ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «Shandong Huasheng Zhongtian» зауытымен, электр желілеріне арналған металл тіректерді шығаратын кәсіпорын және көше жарығын қамтамасыз ететін жабдықтар өндірісімен де танысты. Барлық өндірістік орындар заманауи технологиялармен жабдықталған және өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттайды. Компания жоғары берік әрі ұзақ мерзімділікке негізделген металл тіректерді өндіреді. Бұл электр желілері мен қоғамдық жарықтандыру секторларында қолданылады. Көшелерге арналып арнайы LED шамдар мен толық жарық жүйелері шығарылады, қалалар мен өнеркәсіптік аймақтарды жарықтандыруға қолданылады.

Күн сәулесінің жарықдиодты шамдары – күн сәулесін электр энергиясына түрлендіреді, экологиялық таза. Облыс әкімі Түркістан облысында жаңадан салынып жатқан зауыт, фабрикаларға ыңғайлы жарықтандыру құралдарын кеңінен пайдалану жолдарын қарастыруды құптап, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді. Түркістан облысында жергілікті инфрақұрылымды жаңғырту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр өңірде 21 мыңнан астам көше шамы орнатылып, оның 14 мыңға жуығы бюджет есебінен, қалғаны демеушілік есебінен іске асырылды. Биыл қосымша 7 522 көше шамын орнату жоспарланған. Шетелдік жаңа технологияны өңірде қолдану жолдары қарастырылады. Сондай-ақ облыс әкімі бастаған ресми және іскерлік делегация ауыл шаруашылығы техникасы көрме орталығына да барып, әмбебап бензин қозғалтқыштары, бау-бақша, саябақ және орман шаруашылығы техникаларының соңғы үлгілерін көрді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа өндірістер ашу, технология трансфері және кадрлар даярлау мәселелері бойынша нақты ұсыныстармен алмасып, келіссөздер жүргізді. Түркістан облысы әкімдігі шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатып, өңірге инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат ретінде қойып отыр. Сапар барысында делегация әлемге танымал «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» компаниясының зауытыттарына барып, смарт капсулалы үйлер, тасымалданатын модульдік құрылымдар және заманауи туристік инфрақұрылым нысандарының өндірісімен танысты. Компания мен BNK GROUP LTD ЖШС арасында капсулалы үйлерді құрастыру бойынша бірлескен жоба басталып кетті. Алдағы уақытта бұл үйлер Түркістанда «KHAN TAU» брендімен өндірілетін болады. Қазіргі таңда алғашқы дайын өнім Түркістан өңіріне жөнелтуге әзір.

Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды. Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, бұл Түркістан облыстық делегациясының көршілес елге жасаған алғашқы сапары емес. Өткен жылы да инвесторлармен кездесулер, тәжірбие алмасулар болып, нәтижесінде жүйелі жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерге үлкен мән беретін елдегі тәжірибені меңгеру, тың жобаларды бастау, озық технология шығару, оны меңгеру және басқа да жобалар талқыланған болатын. Кез келген мемлекет экономиканың барлық салаларын қолдайды және бұл тұрғыда өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетіні түсінікті. Инвесторлар жұмысқа қолайлы Түркістан өңірінде жаңа жоба бастауды қуана қолдайтындарын жеткізіп жатыр. Өңір халқының еңбекқорлығында ерекше бағалап келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, табиғи тыңайтқыш түрлерін көбейту, құрылыс сапасына озық технология ендіру, өндірісті дамытуға қызығушылық танытуда. Сондай-ақ жаңа технологияларды меңгеруде маман дайындауға ерекше назар аударуда. Соңғы уақыттарда кен, өңдеу саласы, фармацевтика салалары бойынша ұсыныстар да жан-жақты талқыланып жатыр. Кезекті сапардың да маңыздылығы айрықша. Себебі қос елдің кәсіпкерлері арасында қарым-қатынастар нығайып, жаңа идеялар мен тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер пайда болады.