Архив рубрики: Жұмыс

Жұмысшы мамандықтары жылы: техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланды

Үкіметте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарды қолдау шараларын қабылдануда. 

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы Банкі «Наурыз жұмыскер»  жаңа бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланып, жұмысшы мамандарды баспанамен қамту мәселесі шешілді.

Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтиды.

Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр.

Өтінімдерді қабылдаудың басталуы 2025 жылдың 17 наурызына жоспарланған. «Наурыз жұмыскер» қазірдің өзінде белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болмақ.

Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.

Сондай-ақ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейтін болады, бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін білдіреді.

«Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.  Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер құюшылар ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді», — деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

САУРАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АЙЫНА 100 АДАМҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Сауран аудандағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық 2023 жылы пайдалануға беріліп, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытында белсенді қызмет атқарып жатыр.
Орталықтың жалпы алаңы 750 шаршы метрді құрайды және айына 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Күнделікті орталықта 25 адамға қызмет көрсетіледі. Бұл мекемеде 20 адам тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға түрлі әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Аталған маңызды нысанға Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов барып, әлеуметтік қызметтердің кешенді болуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Өңір басшысы орталықтың қызметкерлеріне халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты. Мұндай әлеуметтік жобалар, әсіресе мұқтаж азаматтарға, зейнеткерлер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына үлкен көмек көрсетеді.
Орталықтың құрамында бірнеше бөлімше бар: «Белсенді ұзақ өмір» бөлімінде 8 қызметкер жұмыс істесе, «Тең қоғам» бөлімінде де 8 маман, ал «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» бөлімінде 4 қызметкер қызмет етеді.

САУРАНДА ЖИҺАЗ КЛАСТЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Сауран ауданының өндірістік әлеуетімен танысу барысында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Фабриканың директоры Икбол Абишев кәсіпорынның жұмысын таныстырып, фабриканың қазіргі жағдайы мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда «EDEM MEBEL» фабрикасында 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 000 теңгені құрайды.
Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орны болып табылады.
Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы 10 000 дана түрлі жиһазды құрайды, бұл көрсеткіш аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов фабрика жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ БАҒДАР

Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыстар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Жұмыспен қамту – басты міндет екенін айтқан облыс әкімі осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.
– Аудан, қала әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде және сапалы орындауы қажет. Сондықтан шұғыл түрде нақты шаралар қабылдап, орталықтың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыспен қамту – басты бағдар. Тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту керек. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, 2021 – 2025 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы қамтамасыз етілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту және әділ төлемақы төлеу – мемлекеттің басты саясатының бірі. Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ҚҰНЫ 550 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 140-ҒА ЖУЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ ОРНАЛАСАДЫ

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Дәл осындай жобалардың бірқатары бүгін БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған пресс-тур аясында таныстырылды. Бүгінде арнайы аймақта инвестициялық құны 550 млрд теңгені құрайтын 137 жоба бар. Нәтижесінде 5000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тарқата айтсақ, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен-металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндіретін зауыт жұмысы таныстырылды. Бұл жобаның жалпы құны – 8,33 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, аймақта құны 6,7 млрд теңге болатын «Алтын дала мақта» ЖШС – ПВХ құбырларын өндіру зауыты және құны 147 млрд теңгені құрайтын «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ң мақта кластерін құру бойынша жобалары таныстырылды.

Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады. Сондай-ақ, жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. «TURAN» АЭА жалпы аумағы – 3 987 гектар. Жоспарланған жобалардың іске қосылуы арқылы аймақ Қазақстанның инновациялық және өндірістік хабына айналмақ.

ЖОЛДАУ: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАҒБАНДАР 30 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ АЛМА ЖИНАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі ауылшаруашылық саласына баса назар аударылуы қажеттігі тілге тиек етілген болатын. Аталған сала бойынша Түркістан облысы көш басындағы өңірлердің қатарында.

Тамаша табиғатымен ерекшеленетін Түлкібас ауданының бағбандары 30 мың тонна алма жинап үлгерген. Жалпы Түлкібас ауданында өнім беріп тұрған 3 062 гектар алма бағы болса, соның 700 гектарын қарқынды алма баулары құрайды. Бүгінде ауданда қарқынды бау көлемін ұлғайту мақсатында ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде аймақта қарқынды бау көлемі 55 гектарға ұлғайып отыр. Атап айтсақ, «Алмалы сай» АӨК 25 гектар жерге, «КенТау» ЖШС 30 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен алманың нарықтағы сұранысы жоғары голден және ред делишес сорттарын отырғызған.

Қарқынды алма бауларының бұрынғы дәстүрлі алма бауларынан артықшылығы өнімді 3-4 есе мол береді. Өйткені дәстүрлі алма баулардың түріне қарай 1 гектарға 500-1000 дана көшет отырғызылса, қарқынды алма бауында 1 гектарға 2000 дана көшеттен кем егілмейді. Сондай-ақ, қосымша тіреуіш бағаналар, тамшылатып суғару технологиясы орнатылады. Дәстүрлі алма бау гектарына 10-15 тонна өнім берсе, қарқынды алма бауы 30-40 тоннаға дейін өнім береді.

Созақ ауданын дамытуға бағытталған жобалардың барысы бақылауға алынды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары және мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиын барысында аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланып, ауданның инфрақұрылымдық және әлеуметтік даму бағытында іске асып жатқан маңызды жобалар мұқият қаралды.

Ағымдағы жылы Созақ ауданында ауқымды істер атқарылып, жаңа жұмыстар да жүйелі түрде орындалып келеді. Айта кетейік , Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған өңір болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Одан бөлек шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, демеушілер есебінен де атқарылып жатқан істер жетіп артылады.

« – Аймақтың әлеуетін арттыра түсетін және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, инфрақұрылымдарды жақсартуңа себеп болатын инвестиция тарту бағыты да қарқынды орындалып жатыр. Мысалы, 2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде. Ауданның бірқатар маңызды мәселелері кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асып жатқаны тағы бар. Айталық, осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.» – деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков

Сонымен қатар, Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырды. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылып жатыр. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған – Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, аудандағы салалық бөлімдердің мәлімдеуінше келер жылы барлық ауылдардың ішкі көшелерін 100 пайыз жарықпен қамтамасыз ету қолға алынып, барлық округтерді тазалыққа қажетті техникалармен қамту жоспарланып отыр. Биыл, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру сынды жобалар іске асырылуда. Аудан орталығында және Жеткіншек елді мекенінде 16 көшеге асфальт жабындысы төселіп, 35 көшеге жаңа жарықшамдар орнатылды.

Сонымен қатар, биыл аудандағы ауқымды істердің бірі жеке инвесторлар арқылы екі пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыстың сәулеті мен сапасына аудан әкімі ерекше көңіл бөліп, аталған нысандардың уақытында аяқталуын басты назарға алып отыр. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Ішкі жұмыстардың қарқыны да арта түскен. Су және жылу жүйелері жүргізіліп, қабырғаларға түсқағаздар жабыстырылуда. Едендері төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне басымдық берілуде. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды. Бұл баспаналар көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қуанышқа бөлемек.

Сонымен қатар,  биыл 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын жаңа спорттық кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, тіпті халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік бермек. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды да басты назарға алып, мердігер мекеменің өкілдері мен жауапты сала мамандарына нақты тапсырмаларды уақытында жүзеге асыруды бақылап отыр.  Қазіргі таңда жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын спорт кешенінің металл құрылымдары орнатылған. Бұл жаңа кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Аудандағы тағы бір ауқымды жоба «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы. Бұл бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жұмыстарға баса мән беру керектігін де атап өтті. Сондай-ақ жұмыс барысын ширату, жоспарлар мен жобаларды уақытында және сапалы аяқтау керектігін ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ел Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керектігін тапсырған болатын. Осы ретте Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы өнеркәсіп саласында құны 30,8 млрд. теңге болатын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 390 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Тарқата айтсақ, ауданда «Асылбастау» ЖШС тарапынан «Суды автоматтандыру» және «Сүт өнімдерін өндіру» жобалары жүзеге асырылып, 15 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, ауданда биыл «БИЛОЛ» ЖК «Болат шарларының өндірісі» қолға алынып, 45 адам жұмыспен қамтылады деп көзделген. Сондай-ақ, «Masha Allah Rolling Metal Industris» компаниясы» «Алюминий қалдықтарын өңдеу» жобасын қолға алып, 50 адамға жұмыс беріледі. «Nise constructions» компаниясы тарапынан да «Бұрғылау қондырғыларын жасап шығару» іске асып, 10 адамға жұмыс беріледі.

Одан бөлек, ауданда «Al Riaz» ЖШС мекемесі «Тұздан емдік мүсіндер жасап шығару» жобасы қолға алынып, 10 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Smart Re Energy» ЖШС тарапынан «Гидротурбина шығаратын завод» жобасы іске асып, 15 адам жұмысқа қабылданады. OOO «GOLD STAR OIL» компаниясы тарапынан және Өзбекстан мемлекетінің иинвесторлары есебінен «Шифер зауытын салу» жобасы жүзеге асырылып, 20 адам жұмыспен қамтылмақ.

Созақ ауданы: Әлеуетін арттырған ауыл тұрғындары

Балық өсіру бойынша елімізде Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында Созақ ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алды. Бүгінде ауданда тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға кәсіпкерлердің қызығушылығы күн санап артып келеді. Соның бірі – «Бейбарыс» шаруа қожалығы. 2005 жылы ашылған шаруа қожалығы бұған дейін мал және егін шаруашылығымен айналысып келген. Соның ішінде асыл тұқымды ангус тұқымын өсірген. Бүгінде Жартытөбе ауылдық округі, Аққолтық елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Қайрат Байниев 15 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.

Ол мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алып, былтыр көктем айында өз ісін бастаған болатын. Кәсіпкер өзінің жеке тоғанына 15 мың форель шабақтарын жіберіп, өсіріп жатыр. Кәсіп иесі алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда өңірімізде балық шаруашылығымен айналысу тиімді кәсіптердің бірі және оған мемлекет тарапынан қолдауларда көрсетіліп жатыр.

Жалпы Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша 7 кәсіпкер 56 млн теңге несие алған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 232 жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылыпты.  Айта кетейік, облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкер 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашқан.

Осылайша Созақта ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған “Ауыл аманаты” жобасы аясында өз кәсібін ашқан азаматтардың саны арта түскен деп айтуға болады. Жобаны ұтымды пайдаланған, өз кәсібін өркендеткендердің тағы бірі – Жартытөбе ауылының тұрғыны Жамал Балакүл. Ол 6 млн теңге несие алып, жаңа жылыжайды іске қосты.Диқандықты қолға алған кәсіп иесі бұл бастамасын одан әрі өркендеткісі келеді. Кәсіпкердің айтуынша қазіргі таңда ондағы бір гектар жерге қызанақ пен қияр егіліп, жылына екі рет өнім алуды қолға алған.

Жалпы Созақ ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биылғы жылы Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылған болатын. Бүгінгі таңға Қарақұр ауылдық округінен «Ran Agro», Сызған ауылдық округінен «Қайнар 1», Шолаққорған ауылдық округінен «Игібай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ашылды. Несие қаржы алуға Сызған ауылдық округінен «Қайнар 1» АӨК құжаттарын «ЫРЫС» МҚҰ» ЖШС-не тапсырды. Қарақұр ауылдық округінен «Ran Agro» АӨК-і құжаттарын әзірлеп, өз ісін бастауды қолға алды.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тигізеді. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ, дейді мамандар. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес беріледі. Себебі, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.

Тиісінше «ауыл аманаты» жобасы өңірлердегі тұрғындардың әлеуетін арттырумен қатар, ауылшаруашылығы өнімдерінің еселенуіне де септігін тигізеді. Өнімді арттыра түседі. Мысалы, Созақ ауданында ағымдағы жылдың сегіз ай қорытындысымен ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 332,4 млн. теңге инвестиция тартылған, ал тамақ өндірісі негізгі капиталына 67,6 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Сонымен қатар, егістік жер көлемі 14 638 гектарға игеріліп,  20 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару әдісі 201 гектар жерге ендірілген.Есепті кезеңнің сегіз айдағы қорытындысымен 4 731,4 тонна ет,  4 747,2 тонна сүт, 1 243,8 мың дана жұмыртқа өндірілген. Жалпы мүйізді ірі қара 39 745 бас, қой 263 254 бас, ешкі 26 290 бас, жылқы 33 842 бас, түйе 16 639 бас, құс 28 692 басты құраған.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп­сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақса­тында жобаланып, жүзеге асыры­лып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына барша бұ­қа­ра қатты мүдделілік танытып отыр.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бастапқыда жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі. Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі. Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб­ликалық бюджетте 52,4 млрд теңге, яғни 11 мыңнан астам шағын несие беру жүзеге асырылды. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз­ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат­тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме­лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл­дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито­рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай та­бы­сының айырмашылығы 38%-ды құ­раған екен. «Ауыл аманаты» жобасы осы ол­қы­лықтың орнын толтыруды көздеді.  Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Яғни, ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртарап­тандыруға көмектескен жоба болды. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң­гелетіп отырған шаруасы бар көп­теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытқаны айқын. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған созақтықтар арасында Құрманбек Маюсов та бар. Жартытөбе ауылының тұрғыны жоба құны 5 миллион теңгені құрайтын термопанель өндірісін қолға алған. Қазіргі уақытта алғашқы тапсырыстарын алып үлгерген кәсіпкер 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ, Қызылкөл ауылының тұрғыны Бақытхан Ердешұлы да жоба көмегімен тігін шеберханасын ашқан. Ол 7 300 000 теңге көлемінде несие алып, тігін цехын ашқан. Бүгінде цех ауылда ғана емес, аудан көлемінде тапсырыс қабылдап келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды да көздеп отыр.
Қазіргі таңда облыс көлемінде балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылар саны да артып келеді. Осындай кәсіпкерлер қатарында Шолаққорған елді мекенінің тұрғыны Ержан Асқаров та бар. Ол бағдарлама аясында 8 500 000 теңге несие алып, аудандағы балық шаруашылығын дамытуда. Қазіргі уақытта оның шаруашылығында 10 мыңнан астам сазан балығы өсіріледі.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауылының тағы бір тұрғыны Әлішер Отаров жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, өз кәсібін дамытып келеді. Кәсіпкер мемлекеттен алған қаржыға «DAMIR & AIA» атты балаларға арналған гидромассаж орталығын ашқан. Гидромассаж – балалардың қан айналымын жақсартуға, тері түсін және бұлшықет тонусын жақсартуға көмектеседі.