Архив рубрики: Мәдениет

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ ЕСКІ ҚАЛАШЫҚТЫҢ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ

Келес ауданындағы Мыңтөбе қорымынан археологтар ежелгі қалашықтың орны тауып, қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар табылған дүниелерді құнды жәдігерге балап отыр.
— Келес ауданының аумағынан бірнеше қыш ыдыстар мен садақ жебесі табылды. 1800 жылдан астам тарихы бар киелі нысанда жүргізілген жұмыстар барысында сол дәуірдің мәдениетін анықтауға баса мән беріліп отыр. Бұл қаңлы дәуірі кезіндегі ежелгі діни наным-сенімдер туралы білуге мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сол маңнан Күлтөбе қалашығының орнын таптық, — дейді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жетекші ғылыми қызметкері, phd докторы Музаффар Гурсой.
Археологтардың айтуынша, Күлтөбе қалашығында алып құрылыс нысаны болған. Себебі қазба барысында кесектен салынған қабырғалар анықталған. Ол жерден шыққан қыш ыдыстар VIII-IX ғасырларға тән. Келес өзенінің Сырдарияға құяр тұсындағы бұл аймақта 600-ден аса қорым мен обалар бар. Сонымен қатар, археологтар қазба жұмыстарын жүргізу барысында ІІ-ІV ғасырға тиесілі жәдігерлерді тапты.
Жобаны іске асыру обалардың құрылымдық ерекшелігін, жерлеу дәстүрін, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын айқындауға мүмкіндік береді. Археологиялық қазба жұмыстары әрі қарай жалғасатын болады. Қалашық және қорым маңынан табылған жәдігерлер арнайы мамандардың зертханалық сараптамасынан өткен соң музей қорына тапсырылмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ОТАНДЫҚ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Оңтүстік өңірінің кино қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты.
«Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығындағы Kinoparkте «Шала бандиттер» шытырман оқиғалы фильмнің көрсетілімі өтті. Тұсаукесер алдында өткен баспасөз жиынында актерлік құрам мен түсірілім тобы бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа туынды жайлы баяндады.
– Түркістан қаласына 37 жылдан кейін келіп тұрмын. Қала мүлдем өзгеріп кеткен деуге болады. Зәулім әрі заманауи ғимараттар мен мәдени орталықтар мұнда құрылыстың қарқынды жүргенін көрсетеді. Нағыз туристік қалаға айналып келеді. Жаңа киноның алғашқы көрсетілімі де дәл осы жерден басталғанына қуаныштымын. Себебі бұл Түркістанның рухани-мәдени саласындағы басты жаңалық болады деп ойлаймын , – деді басты рөлді сомдаған Жан Байжанбаев.
«САҚ» киностудиясы түсірген фильмде Жан Байжанбаев, Ілияс Көпжасаров, Әшім Ахметов, Мәлік Абдраманов сынды танымал актерлар басты рөлді сомдаған. Фильм режиссері – Фурхат Саипов, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, продюсері – Нұриддин Паттеев, көркемдік жетекші – Батырхан Дәуренбеков.
Фильм желісі Серік атты дәрігердің отбасымен байланысты өрбиді. Бір күні күтпеген жерден Серіктің үйіне «маска» киген бандиттер басып кіріп, отбасы мүшелерін тұтқынға алады. Бас кейіпкер оларға бар ақшасын ұсынады. Бірақ олар ақшадан бас тартады. Бұл әрекеттеріне Серіктің отбасы мүшелері таң қалады. Сонда олар не үшін келді? Әрине, бұл сұрақтың жауабы тереңде жатыр еді.
«Маска» кигендер ақшадан бас тартқанымен әсте де «Шала бандиттер» емес! Олардың не үшін келгені, қандай құпияны жасырғаны фильмнің соңында белгілі болады. Фильм комедиялық жанрға бағытталғанымен, ондағы оқиғалар желісі жақсы мен жаманның, адалдық пен арамдықтың, махаббат пен жалған сезімнің ара жігін ажыратады. Ақиқат пен жұмбақтың күресі арқылы көрерменге ой салады.
Айта кетейік, көрерменге жол тартқан «Шала бандиттер» комедиялық мелодрамасы еліміздің барлық өңіріндегі кинозалдарда көрсетіледі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖЕТІСПЕЙДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің I — тоқсандық есебінің отырысы өтті. Қоғамдық кеңес отырысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасы Жантөреева Қалыйма Жантөреқызы ашып, жүргізді. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды:
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің құрамын сапалық тұрғыдан нығайтып, толықтыру және қоғамдық кеңес мүшелерін 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, бекіту, Республикалық сайлауалды қоғамдық штабының Түркістан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша мәселелер қаралды.


Кеңесте сөз алған баяндамашы Облыстық мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы, бүгінгі күні облыс көлеміндегі мәдениет ошақтарының жоқтығын айтты. Рухани астана атанған Түркістан қаласының өзінде, жаңадан құрылған Сауран ауданында да мәдени шаралар ұйымдастыратын мәдениет үйі жоқ екендігі жөнінде айтып, Облыс мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбек өз ұсынысын білдірді.Бұдан өзге жиынға қатысушылар мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін қолдану аясын кеңейту мәселесінде қозғады. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықова, бала тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жұмыстарын барынша күшейту керектігін айтып, ақсап тұрған білім ошақтарының мәселесін кеңес мүшелерінің арасында талқыға салды. Сонымен қатар, өңірде көрнекті тұлғаларды жерлейтін арнайы пантеон салыну керектігі де ұмыт қалмады бұл жиында. Бүгінгі таңда сызбасы жасалып, жоспары жасалу үстінде.


Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев өңірде спортты дамыту үшін барлық аудандардағы спорт мектептерінің құрал-жабдықтармен толық қамту қажеттілігі бар екендігін айтып өз ұсынысын білдірді.
Айта кетейік, жиын соңынад Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары бекітіліп, құрамы жаңа азаматтармен толықты.

«AMANAT» партиясы Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНДА АЛҒАШ РЕТ МУЗЫКАЛЫҚ КОМЕДИЯ САХНАЛАНАДЫ

Бұл туралы бүгін Түркістан музыкалық драма театрында өткен баспасөз жиынында жаңа қойылым режиссері Олжас Жақыпбек мәлімдеді. Оның айтуынша жарты ғасыр бұрын жазылған шығарманы театрдың жас актерлары мен балет әртістері қайта жандандырады. Сонымен қатар басты рөлді сомдайтын өнер иелері мен шығармашылық топ журналистер сұрақтарына жауап берді.

Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы – Кеңес заманында Социалистік Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваға арнап жазылған шығарма. Заманауи өзгертілген «Беу, қыздар-ай! » спектаклінің көтерген тақырыбы әлеуметтік желінің белең алуы, ауылдағы білікті мамандар тапшылығы, қыздарға өзіне лайық теңін табудың қиындығы сияқты келелі мәселелер болып табылады.

Спектакльді замануи сахналаған талантты, жас режиссер және композитор – Олжас Жақыпбек, театрдың көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, балетмейстер – Мадина Мұратбекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова, қоюшы суретші – Нұрлан Төлешов. Әубәкір рөлін Данияс Нұрқабден мен Рамазан Өмірзақ сомдаса, композитор Сұлтан – Мұзафар Ғалымжанұлы мен Айбек Боранбаев және режиссер Хасен – Шерхан Саматұлы және Болатбек Оспан, Айсұлу рөлін Шұғыла Жәнібекова мен Ақбөпе Жеңсікбай ойнайды.

Айта кетейік, 1-2 және 7-8 мамыр күндері Түркістан музыкалық драма театры алғаш рет музыкалық комедия – «Беу, қыздар-ай!» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынбақ. Сахнаға шыққанына қанша уақыт өтсе де, «Беу, қыздар-ай!» көрермені көп, құндылығын жоғалтпаған туынды.

Қ.А.Ясауидің 930 жылдық мерейтойына орай халықаралық байқау өтті

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдық мерейтойына орай қылқалам шеберлері және кәсіби, әуесқой фотографтар арасында «Көне мен келешек көпірі» атты халықаралық байқауы жарияланған болатын. Бүгін Түркістандағы «Этноауыл» қалашығында сол өнер бәйгесінің қорытынды іс-шарасы өткізілді. Аталған байқауға түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның тарихы мен бүгінгі көрінісі бейнеленетін туындылар қабылданған.


«Байқаудың мақсаты – Түркістанның тарихи маңызын ашып, қатысушылардың ұлттық құндылықтарға деген ерекше құрметін, елжандылық, Отансүйгіштік сынды патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Сондай-ақ, дарынды жастар шығармашылығына және әуесқой фотограф мамандығына жол ашу. Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмады. Бүгін міне, ұсынған жұмыстары қазылар алқасының сұрыптауынан өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер қорытынды кешке шақырту алып, марапаттау салтанатына қатысып отыр. Рухани астананың мәртебесін асырып, тарихын жаңғыртуға үлес қосқан барша азаматқа алғыс білдіремін!», — деді ауқымды іс-шара жайлы айтқан «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова.


Атап өтсек, бұл байқауға Түркістан, Қызылорда облыстары мен Алматы, Орал, Атырау, Ақтау қалалаларынан 30-дан астам фотограф пен қылқалам шеберлері қатысқан. Ережеге сәйкес, байқаудың марапаттау салтанаты екі бағытта өткізілді. Біріншісі – көне және жаңа Түркістанның көрінісінен сыр шертетін фотосуреттер болса, екіншісі — рухани астананык келбеті бейнеленген қылқалам шеберлерінің картиналары.


Байқау нәтижесінде, «Фотосурет» номинациясы бойынша Серікболсын Шері бірінші, Жұмаханов Асыл екінші және Антон Лищенко мен Ұлпан Әбдірахман үшінші орынға ие болды. Ал, «Қылқалам шеберлері» номинациясы бойынша Темірбек Нұрмашев жеңімпаз атанса, Шаханбаев Мұрат екінші және Қинабаев Серік пен Рысымбетов Ержан үшінші орынды місе тұтты. Тиісінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хат және қаржылай сыйлықпен марапатталды

Түркістанда ІІІ Республикалық «JAS TALANT» байқауы өтеді

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы ІІІ Республикалық «JAS TALANT» онлайн байқауын өткізеді. Режиссерлік және актерлік қабілеттері бар дарынды жастарды анықтауға арналған бұл байқау мектеп бітіруші оқушылар мен колледж бітіруші студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыруға, өскелең ұрпақты көркем шығармашылық жанрға баулуға және еліміздегі жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған.

Бұл байқау Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттерімен өзара ынтымақтастық меморандум аясында өткізіледі.
Конкурс жеңімпаздарын анықтау «Өнерлі жас», «Бармақтар», «Өлкетану», «Хареография», «Жас дарын», «Мәдени-тынығу жұмысы», «Бейнелеу өнері», «Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн» номинациялары бойынша жүзеге асырылады. Әр номинация бойынша үш жүлделі орын болады. Сайыс жеңімпаздары аталған ЖОО-лардың грантына ие болады.

Байқауға Республика көлеміндегі ережеге сай келетін кез-келген өнерпаз қатыса алады. Олар орта мектептер мен мектеп-лицейлердің 11 сынып оқитын оқушылары немесе бітіруші колледж студенттері болуы қажет. Конкурс қатысушыларының қолөнер туындылары мен бұйымдары «Оқушылар сарайы» ғимаратына табысталады. Байқау материалдары сұраныс кестесімен бірге 2023 жылдың 10 мамырына дейін jastalant2022@gmail.com электрондық почтасына жолдануы қажет.

Мекен-жайы: Түркістан қаласы, 162 квартал, 387 телім. Қосымша ақпарат алу үшін +7 747 937 17 54 (Дощан Асел Бауыржанқызы) нөміріне хабарласуға болады.

Түркістанда қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

Түркістандағы «Этноауыл» қалашығында Наурыз мерекесі аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы және «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, салт-дәстүрге қатысты қойылымдар мен көрме-жәрмеңкені тамашалады.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова арнайы қатысып, көрмедегі бұйымдармен танысып шықты.

Іс-шара барысында «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубының директоры Индира Икапова да көрме-жәрмеңке қонақтарына жылы лебізін білдірді.

— «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы біраз уақыт бұрын «Этноауыл» жобасын қолға алған болатын. Одан бөлек, «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Нәтижесінде бүгін Түркістандағы этно-қалашықта Әз Наурыз мерекесіне орай алғашқы іс-шарамыз өтіп жатыр. Бүгін сіздер үшін өңірдегі ең үздік қолөнер шеберлері өз бұйымдарын ұсынады. Мұндағы мақсат — ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыздың маңызын арттырып, кеңінен насихаттау. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып, Түркістандағы туризмді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да біз «Этноауыл» жобасын одан әрі дамытып, өңірімізді дамытуға үлес қосатын боламыз. Сіздерді Ұлыстың ұлы күні — Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ағайын тату, ұлыс оң, ақ мол болсын. Ынтымағы жарасқан еліміздің абыройы асқақтап, ұлттық құндылықтарымыз мәңгі жасай берсін!, — деді Индира Сарқытқызы.

Атап өтсек, көрме-жәрмеңке аясында өңірдің әр ауданынан келген қолөнершілердің және «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубында жасалған зергерлік, қолөнер, керамика, ағаш бұйымдарынан көрме жайылды. Сонымен бірге, іс-шара қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт көріп, салт-дәстүрлерге қатысты қойылымдарды тамашалады.

Түркістан облысында Наурыз мерекесіне орай білім беру мекемелеріне 71 автобус беріледі

Түркістан облысында 17 наурыз күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі.

«Мереке қарсаңында «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланады. 14 наурыз күні сағат 08.00-де «Наурыз – саулықтың кепілі» атты мерекелік жалпыұлттық жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Ал 17 наурыз күні «Наурыз — жаңару айы» атты барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады. Осы күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Сондай-ақ, 20 наурыз күні «Керуен сарай» кешенінде «Наурыз – жәрмеңке» атты I Халықаралық «Kazagro/kazfood» Turkistan сауда жәрмеңкесінің ашылуы өтеді», — деді Әзімхан Қойлыбаев.
Айта кетсек, өңірдегі мерекелік іс-шаралар ақсақалдар мен ардагерлердің, аға буынның ізгі тілектері, бата беруі — «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ МАМАНДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін республикалық мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын 100%-ға көтеру туралы тапсырмасы аясында биыл 1 қаңтардан сала мамандарының айлығы орта есеппен тағы 22%-ға артты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы екі жылда 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 45%-ға көтерілді.
«2023 жылдың қаңтарынан барлық санаттағы қызметкерлердің айлығы өскенін атап өту керек. Бұл басшылар мен жетекшілер, негізгі персоналмен қатар, еден жуушы, күзетші, вахтер секілді жұмыскерлердің де еңбекақысы көтерілді», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Н. Дәуешов.
Мәдениет және спорт министрлігі сала мамандарының айлығын одан әрі ұлғайтуға бастамашы болады. Мәселен, шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлердің еңбекақысын көтеру жоспарда бар. Ол үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Бүгінде елімізде осы санатқа жататын 5 ұйым бар. Министрлік алдағы уақытта аталған нысандардың тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ПАРА СПОРТШЫ БАӘ ЕЛІНДЕГІ САЙЫСТА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында пара жеңіл атлетикадан халықаралық ашық біріншілік өтті. Жарыста әлемнің 31 елінен келген 262 спортшы бақ сынады.
Осымен 11-рет ұйымдастырылған додада түркістандық Мұхан Айтмырзаевтың бағы жанды. 3 сайыс бойынша сынға түскен дарабоз найза лақтырудан алтын, диск лақтырудан күміс, ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды.
Облыстық мүгедектерге арналған “Сауран” спорт клубының спортшысы жеңіске жетуге бапкері Арыстанбек Отаубайұлының қосқан үлесі мол деген пікірде. Жетісай ауданының тумасы пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Айта кетейік, Мұқан Жұмабекұлы “Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы 2022 жылдың үздік спортшысы”. Пара жеңіл атлетикадан ҚР-ның чемпионы. Пара жеңіл атлетикадан Өзбекстан Республикасы ашық біріншілігінің чемпионы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Навигация по записям

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.