Архив рубрики: Қоғам

Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 280 адамды анықтады

Түркістан облысында полицейлер бір тәулік ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 280 адамды анықтады.

Түркістан облысының аумағында 14-18 қазан аралығында өткізіліп жатқан “Заңсыз келуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 280 адамды анықтады. Оның ішінде 229 шетел азаматы мен Қазақстан Республикасының 51 азаматы тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен ҚР Көші – қон заңнамасын бұза отырып, шетелдіктерге тұрғын үйді заңсыз бергені үшін 40 құқық бұзушы және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін-11 ҚР азаматына шара көрілді. Сайрам ауданында көші-қон саласының қызметкерлері ҚР Көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған жақын шетелден келген 4 азаматты анықтады, оларға қатысты жинақталған материалдар сотқа жіберілді.

Сондай-ақ халықтың көші-қоны туралы ҚР Заңының талаптарын өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен 60 шетелдік азамат елден шығарылды. Өз кезегінде полицейлер азаматтарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Түркістан облысында қар басу қаупі жоғары 22 аумақ бар

Түркістан облысында қар басу қаупі жоғары 22 аумақ бар. Оның 6-ы республикалық маңызы бар жолдар болса, 16-ы облыстық маңызы бар жолдар. Аталған аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қолға алынған шаралар жөнінде өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев брифингте мәлімдеді.
– Қазіргі таңда 2024-2025 жылдарға арнғалған қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары және облыстық жедел штабтың құрамы бекітілді. Бүгінде департаменттің төтенше жағдайларды жоюға арналған техникалары дайындыққа келтірілді. Қар құрсауында қалып, қиындыққа ұшырған азаматтарға көмектесуге 191 жеке құрам мен 25 техника қарастырылған. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда 9 шақырым жолға қар ұстағыш қалқандар орнатылған. Сондай-ақ, қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 11 жылыту пункттері есепке алынған,- деді Талғат Серікұлы.
Сондай-ақ, спикер облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеттері орналасқанын жеткізді. Аталған 4 жылыту бекеттерін 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз ету жоспарлануда және тәулік бойына жылы күйде ұстайтын кезекші ұйымдастырылған. Жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар, яғни төсек орынмен қамтамасыз етілген.
Таулы аудандарды аэровизуалды зерттеу нәтижесінде 50-ден астам биік таулы көл анықталған. Бұл жайында “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің филиалы Оңтүстік аумақтық пайдалану техникалық басқармасының басшысы Ербол Әлзақов мәлімдеді.

16 адам балық аулау кезінде қайтыс болған

Түркістан облысы аумағында жалпы 19 балық аулауға арналған су айдындары бар. Бүгінде елімізде шомылу маусымы аяқталып, балық аулау кезеңі жүріп жатыр. Осыған орай, өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті және оның аумақтық бөлімшелері құзырлы мекемелермен бірлесіп, тұрақты рейд және профилактикалық жұмыстарын жүргізуде. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен брифингте мәлімдеді.
– Жыл басынан бері 7 мыңнан аса рейдтік шаралар жүргізілді. Онда 202 рет халықпен кездесу өтіп, «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік іс-шаралары» тақырыбы бойынша әлеуметтік желілерде 13 бейнеролик орналастырылды. Сонымен қатар, аңшылық дүкендерде – 5 241, балық аулау орындарында – 9 550 нұсқаулықтар жүргізілді. Бұдан бөлек, 15 мыңға жуық үгіт-насихат материалдары таратылып, газет пен журналдарда – 49 мақала жарияланды. Профилактикалық іс-шараларға еріктілер тартылуда,- деді спикер.
Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл басынан бері өңірде 1 қайғылы жағдай орын алған. Жалпы, 2018 жылдан бері облыс аумағында 16 адам балық аулау кезінде қайтыс болған.

АБАЙ АУЫЛЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ 1600 КВТ ҚҰРАЙТЫН ҚОСАЛҚЫ ПОДСТАНЦИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Абай ауылында 35/10 кВ «Төртши» деп аталатын қосалқы подстанция іске қосылып, ауыл тұрғындары көптен көтеріп жүрген түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Жаңа станцияны іске қосу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа подстанцияны іске қосу арқылы Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің де электр энергиясы қуатын арттыру көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта ауданда халық сұранысына орай атқарылатын өзге де жобаларға жеке-жеке тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде сөз алған «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық қауіпсіздік қызметінің басшысы Мерей Төленбекұлы жаңа станцияның қуаттылығымен таныстырды.
Ауыл қариясы Өтелбай Шардарбеков
-«Біздің бірнеше жылдан бергі көтеріп келген мәселесіміз оңынан шешілді. Тұрғындардың уәжін тыңдап, халықпен етене жұмыс істейтін ашық үкімет осындай болар. Биылғы жылдың мамыр айында жаңадан қосалқы подстанция салу ісі қолға алынды дегенде қуанып едік. Міне енді қыс мезгілінің алдында қуанышымыз еселеніп, сапалы электр энергиясын тұтынатын болдық”,-деп өз қуанышын жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қаңтар айында Абай ауылына келетін 10 кВ құрайтын әуе желісі желдің өтіне қолайсыз орналасқанның салдарынан 13 шақырымдағы 200-ге жуық бағана құлап, тұрғындар бірнеше күн әуре-сарсаңға түсті. Орын алған жайттан соң тұрғындар электр желісін қолайлы бағытқа алмастыру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Бұған қоса Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде электр энергиясы қуатының жетіспеуі сынды мәселелер де айтылып келді. Бұл бойынша аудан басшысы құзырлы мекеме басшыларымен өзара келіссөздер жүргізді.
Нәтижесінде Абай ауылы Шолаққорған-Созақ бағытындағы 35 кВ жоғарғы кернеулі әуе желісіне қосылды. 9,5 шақырымды құрайтын қашықтыққа 84 дана СВ164 маркалы бағаналар тұрғызылды. Ауыл маңынан қуаттылығы 1600 кВА сыртқы үлгідегі қосалқы подстанция салынып, іске қосылды. Тұрғындар жаңа станцияны «Төртши» деп атау жөнінде де бірауыздан ұсыныс берген.

СОЗАҚТА 6 ЖЫЛДА 38 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫП, 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков өңір әкіміне ауданның 2024-2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Негізгі индикаторлар мен экономиканы алға сүйрейтін салалар сарапталып, терең талданды. Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.
– Бекітілген даму жоспарын орындау бойынша Жол картасы бекітіліп, ол тиянақты әрі сапалы орындалуы тиіс. Созақ ауданында өндірісті дамыту маңызды. Тау-кен саласында мүмкіндік мол. Туризмді дамытуға да күш салған жөн. Аудан әкімдігі мен басқармалар бірлесе жұмыс атқаруы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Аудан әкімінің айтуынша, Созақ ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 640 млрд. 757 млн. теңгеге 38 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орындары – 2 989 адам. Салықтық түсімдер 1 млрд 987 млн. теңге болады деп болжанып отыр. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 636,2 млрд. теңгеге 15 жоба жүзеге асып, 2 803 адам жұмыспен қамтылады. Салықтық түсімдер 1 млрд. 850 млн. теңге болады деп күтілуде.
Агроөнеркәсіп кешені саласында 19 жоба жүзеге асады. Жалпы құны 3,7 млрд. теңге, жұмыс орны – 151 адам. Туризм саласында жалпы құны 810 млн. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып, 35 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Барлық салада жұмыс күшейтіліп, нақты жоспарлар қойылады.
Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемін жыл сайын 6,8 пайызға өсіру арқылы 6 жылда 1,5 есеге арттыру көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 2030 жылға дейін жыл сайын 6,5 пайыз өсім беріп, 1,5 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайынғы өсімді 12,5 пайызға, яғни 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоспардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады.

ЫНТЫМАҒЫ АРТЫП, КӨРКЕЙГЕН КЕЛБЕТІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕН ЖАРТЫТӨБЕ АУЫЛЫ “ҮЛГІЛІ АУЫЛ” АТАНДЫ

«Үлгілі ауыл» конкурсының аудандық деңгейінің жеңімпазы анықталды. Конкурсқа әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылды.

Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілді. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.

Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылында стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.

Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергені анық.

Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.

Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.

СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ «ҮЛГІЛІ АУЫЛ» АТАНҒАН ЖАРТЫТӨБЕ ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА МҮЛДЕМ ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН

Созақ ауданында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы ретінде Жартытөбе ауылы үздік деп танылды. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталып, көше жарықшамдарымен қамтылған. Бұған қоса, толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке айналдырған.
Сонымен қатар, ауылда 69 алтын құрсақты батыр ана тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Сондай-ақ, округ бойынша 28 азамат «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОДАҚ ТАРАПЫНАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛУДА

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Бахыт Еркінбек мәлімдеді.

“Облыстық кәсіподақ комитеті мүшелерінің хаттары мен арыз-шағымдарын қарауға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы бес жылдағы атқарылған жұмыстар нәтижесінде 111 қызметкер жұмысқа қайта алынған. Сонымен қатар, 94 қызметкердің заңсыз жұмыстан босатылуына жол берілмеді. Сотта 58 рет өз мүшелеріне өкілдік етсе, 9 686 құқықтық кеңес берілген. Осы ретте биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында түскен 275 арыз-шағым бойынша да тиісті жұмыстар атқарылды. Бүгінде педагог қызметкерлерге коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджеттен өтемақының берілуі кәсіподақ комитеттерінің бақылауында. Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасы тарапынан медициналық сақтандыру жарнасының аударылуына өз ықпалын жасады. Кәсіподақ тарапынан өз мүшелерін сауықтыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, 5 жыл ішінде 24 682 адамға сауықтыру орындарына жолдамалар берілсе, оның 4 353-і балалар. Сондай-ақ, кәсіподақ комитеттері жыл сайын республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысып келеді. Соңғы 5 жылда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасында өмір сүретін 15 мың балаға көмек көрсетілді. 2024 жылы 2400-ден астам балаға 18 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, оқу құралдары мен мектеп формасы сатып алынды”,- деді спикер.

Бахыт Сейітжаппарұлының сөзінше, өңірдегі аудандық, қалалық және облыстық кәсіподақ ұйымдары тарапынан Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендерге 14,2 млн.теңге көмек көрсетілген. Одан бөлек, Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 13 млн.теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданында апаттан зардап шеккен мектептерге 100 ноутбук пен сауықтыру орындарына 100 жолдама берілген.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды.
Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау.
Іс-шараның ашылуында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай биылғы форумның Түркістан жерінде өтуінің өзіндік символдық мазмұны бар екеніне тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы осы киелі мекенде өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын Адал азамат идеалдарына сай ілгерілету Агенттіктің үнемі назарында.
Агенттік төрағасы форум аясында келесі мәселелерге баса назар аударудың маңыздылығын айтты. Біріншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру жұмыстарын жалғастыру. Бұл жай ғана ресми стандарттар емес – халыққа қызмет ету идеясына негізделген философия болуы тиіс. Оның мақсаты – қоғамға үлгі бола алатын тиімді мемлекеттік аппаратты құру.

Екіншіден, антқа адалдықтың маңыздылығын басты назарда ұстау. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғамға адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді.
Үшіншіден, халық сеніміне ие болу, заң үстемдігін орнықтыру. Әділдік, ашықтық және әдептілік қағидаттарына сай қызмет ету қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін орнықтырады. Мемлекеттік қызметшілер барлық азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, объективті шешімдер қабылдауға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын жетілдірудің жаңа тәсілдері мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып отыр. Оларды жүзеге асыруда Әдеп жөніндегі уәкілдер институтына маңызды міндет жүктеледі.
Қатысушылар әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларды бағалау мен бақылаудың неғұрлым тиімді тетіктерін енгізуге қатысты ойларын да ортаға салды.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік әдеп стандарттарының сақталуының кепілі болуға, өздері үлгі көрсетуге және мемлекеттік органдарда ұжымдық мәдениеттің нығаюына ықпал етуі тиіс.
Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы анықталған бұзушылықтарды зерделеп, олардың себептерін талдау және алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Өткен жылдың өзінде Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін 30 мыңға жуық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды.
Атап өту керек, бүгінде республика бойынша мемлекеттік органдарда 713 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.

Тарихи деректер: Кесене тарихы

Қожа Ахмет Ясауи қабірінің үстіне Әмір Темір тарапынан тұрғызылған теңдесіз ғимарат БАҚ-тарда, оқулықтарда және де ғылыми әдебиеттерде де осы күні кесене атауымен беріліп жүр. Бірақ бұл шартты атау ғана екендігін ескеру қажет.

Жалпы қабір үстіне зиярат үшін тұрғызылған құрылыс “кесене” деп аталады, ал батыс терминологиясында бұл ұғым “мавзолей” деген атаумен беріледі. Бауырлас түрік халқы “түрбе” деп атайды. Қазақтың да кей жыр-дастандарында “дүрбе” деп келеді. Этимологиясына тоқталсақ, кесене – парсының “кашане” сөзінен шығып, зәулім сарай деген мағына береді. Қабір үстіне тұрғызылған құрылысты қазақтар “бейіт” деп те атайды. Арап тіліндегі “бәйт” сөзі үй мағынасын береді. Еліміздің кей аймақтарында қабір үстіндегі құрылыстар “там” деп те аталады. Қазақ халқының мазар үстіне түрғызылған ескерткішті үй мағынасын білдіретін “там”, “кесене”, “бейіт” сөздерімен атауы қызық құбылыс. Қабырғалары мен шатыры болғандығы үшін ғана осылай атады ма, әлде басқа да себептер бар ма, бұл әрине басқа зерттеу жұмысының тақырыбы.

Қызығы жергілікті тұрғындар аталмыш таңғажайып тарихи ескеркішті көбіне “мешіт”деп атайды. Түркістан жұрты «мешіт» дегенде бірден Ясауи кесенесін меңзеп тұрғандығын біле қоясыз. Қарапайым халық діни құрылыстың бәрін жалпылама мешіт деп атай берген секілді (мысалы, сопылық құрылым саналатын қылуетханалардың жер асты мешіті деп аталуы. Ал қылуетхана мен мешіт мүлдем екі бөлек нәрсе). Осыған сүйенген болса керек, көптеген зерттеушілер мен саяхатшылар да жазбаларында аталмыш кешенді “мешіт” деп береді. Мысалы, Ж.Аймауытов «Әзірет Сұлтан» мақаласында Ясауи кесенесін “мешіт” деп атаған, А.Л.Кун «Түркістан альбомында» Ясауи кесенесін – “мечеть Азрета Яссави” деп белгілеген (сондай-ақ Ахмеров П. “Надписи мечети Ахмеда Ясави”, Бекчурин М. “Описание мечети Азрета”). Хазрат Султан емес, қазақшаланған нұсқасы бойынша “Әзірет Сұлтан” (“Азрет Султан”) деп берілуі сол кезде де қалада басым ұлттың кім болғандығын айғақтайды.

Асылында Ясауи кесенесін мешіт деуге келмейді. Кесене атауы да функцияналдық қырын толық аша алмайды. Бұл тұрғыдан Көреген Темірден алдын Қарахандықтар тұсында Әзірет қабіріне тұрғызылған құрылысты нақты кесене деп есептеуге келеді. Әмір Темірден мирас қалған бұл теңдесіз ескеркеткіш кесене, мешіт (намазхана), кітапхана, жамағатхана мен бірнеше құжыраны қамтиды. Мұсылман елдерінде бұл тип құрылыстар “куллия” деп аталады. Бұл атау XIX ғ. Османлыда қолданысқа енген. Батыс терминологиясындағы баламасы “комплекс”, қазақшаласақ “кешен” болады. Кейбір куллиялардың хамамы мен базары қоса болған. Бірақ куллия негізінен жекелеген ғимараттардан құралады. Ал Ясауи кесенесінде мұның барлығы бір шатырдың астына жинақталумен ерекшеленеді.

Көреген Темір тарапынан кесенеге сыйға берілген тудың лаухасында, мұның Ясауи ханакасына сыйға берілгендігі жайында жазу бар. Демек бұл құрылыс әу баста ханака ретінде салынғандығын айғақтайды. Ханака – сопылық құрылым (ханакалардың қалыптасуы мен дамуы, Түркістан мен Хорасан аймағы ханакаларының ерекшелігі өз алдына бөлек тақырып). Бірақ белгілі бір кезең ғана ханака қызметін атқарып, әр кезеңде тарихи себептерге байланысты функциясы ауысып отырған.

Кейінірек Әзірет Сұлтанның жанына қожалар мен діни тұлғалар, қазақтың ел билеген хандары мен сұлтандар, билер, ел қорғаған батырлар жерленіп, кесене іші мен айналасы үлкен мазарға айналды. Бұл тұрғыдан кесене ұлттық пантеонға айналды десе де болады. Дегенмен кесене орны Ясауи бабамыз жерленбей тұрып-ақ мазар орны болғандығы зерттеулер мен қазба жұмыстарынан белгілі. Әмір Темірдің Ясауиден алдын өмір сүрген Ілияс хан, Қоқырас хан, Шорнағат хан, Жолбарыс хан (Сағд әулие) рухтарына құрмет білдіріп, кесене құрылысында олардың мазарлары орнына арнайы ойық-ниша қалдыруы да соның айғағы.

Кесененің бір кезеңдері қазақ хандарының резиденциясы қызметін атқарғандығы турасында тезис тағы бар. Десе де бұған қатысты тарихи деректер бұлыңғыр, іргелі зерттеуді қажет етеді. Хан Ордасы Жеті Ата магистралі бойында болғандығы қазба жұмыстарынан мәлім. Дегенмен кесененің үлкен және кіші ақсарай бөлмелерінің қазақ хандарына қатыстылығын мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Пайымдауымызша мұнда хандарымыз белгілі бір рәсімдер өткізіп тұрған болса керек.

Әулиелердің Сұлтаны болған Ахмет Ясауи бабамызға құрмет ретінде салынған бұл ғимаратты қалай атасақ та әлемде теңдесі жоқ, бірегей, уникалды тарихи ескерткіш болғандығымен ерекшеленеді.

Шыңғыс Жүнісбаев, «Әзірет Сұлтан»

музей-қорығы экскурсоводы.