Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы әзірленді, — деп хабарлайды Таq.kz тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған құжатқа сәйкес, алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласына тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге көбейту көзделіп отыр. Қосымша саладағы жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту керек.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, АӨК негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни, 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал АӨК қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы егіс көлемі 869,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 ж. 859,9 мың га), мақта дақылы 46,3 мың гектарға қысқартылып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Жылыжайлар көлемі 1569 гектардан 2118,6 гектарға ұлғаяды (+ 550 гектар), қарқынды баудың көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға арттыру жұмысы жүреді. 5 жылда 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу, мақта шаруашылықтарын 2027 жылдан бастап жергілікті элиталық тұқымдармен 100 % қамтамасыз ету жоспарланған. 5 жылда жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу үлесін 0,23 %-дан 10 %-ға, ет өнімдерін өңдеу үлесін 12,3 %-дан 34,0 %-ға, сүт өнімдерін өңдеу үлесін 13,6 %-дан 31 %-ға ұлғайту көзделген.
Аудан, қала әкімдіктерінен алдын ала 2023-2027 жылдарға жалпы құны 320 млрд. теңгені құрайтын 109 инвестициялық жоба тізімі анықталды. Оның ішінде биыл құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілген.
Төлеби ауданында құс фабрикасын салу жоспарын таныстырған жеке кәсіпкер Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан жер сұрады, — деп хабарлайды Таq.kz тілшісі.
Инвестициялық штабтың алғашқы отырысында бірнеше жоба талқыланып, инвесторлар облыс әкімімен тікелей диалог орнатып, біраз мәселені ашық талқылаған. Оның ішінде, «Аймар құс» ЖШС қаржылық директоры Жандос Сәбитұлы Төлеби ауданында құс фабрикасын салу жоспарын таныстырды. Жобаның бірінші кезеңіне 6,5 млрд. теңге инвестиция салынады. Қуаттылығы – жылына 200 млн. дана жұмыртқа шығару. Бір жылдай уақытта жүзеге асатын жоба арқылы 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестор облыс басшылығынан құрама жем цехын салу үшін жер сұрады. Жүгері және өзге де дақылдар өсіру үшін де жер қажет. Тұрғындардан сатып алуға мүдделі. Облыс әкімі аудан басшысы мен жауапты азаматтарға инвесторға қолдау көрсетуді тапсырды.
Сарыағаш ауданында көмір тапшылығын жою мақсатында біршама жұмыстар атқарылып, көмір қоры тұрақталған.
Желтоқсан – қаңтар айларында ауа райының күрт суытуына байланысты, жылыжай шаруашылығына біршама қауіп төнген болатын. Төтенше жағдайларға байланысты 2023 жылдың 1-27 қаңтар аралығында ауданға 481 вагон, яғни 33 мың 189 тонна көмір жеткізілді. Ал 27 қаңтарда ауданға қосымша 69 вагон көмір келіп, тағы 181 вагон ауданға бағыт алған.
Қазіргі таңда, жылыжайлардағы өнімдерді аман алып қалу үшін бірінші кезекте шаруашылықтарға көмір жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Темір жол тұйықтарына жеткілікті мөлшерде көмір келген. Бүгінде аудан шаруаларының жылыжайларға көшет отырғызу жұмыстарын бастауға негіз бар. Жалпы ауданда 683,2 га жылыжай орналасып, оның 400,0 га жуығы жылытылмақ.