Архив рубрики: Ақпарат

ЖОСПАРДЫ ОРЫНДАМАҒАН БАСШЫЛАР ТӘРТІПТІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту, экономикалық көрсеткіштерді жоғарылату бағытындағы жоспарды орындай алмаған аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жыл бойынша қорытындылары және 2023 жылға арналған жоспары талқыланған аппарат мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді.
– Инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту бойынша бірнеше рет жиналыс өткізіп, нақты тапсырмалар бердік. Бірақ жұмыс ойдағыдай емес. Инвестиция тарту жөніндегі индикаторлар толық орындалуы тиіс. Сондықтан 2024 жылдың жоспарын орындау үшін қазірден дайындалуымыз керек. Бюджет қаражаты емес, жеке инвестицияға басымдық берілсін. Өңдеу өнеркәсібі төмендеп кеткен. Бәйдібек, Жетісай, Сайрам Келес, Созақ ауданында осы бағыт бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылмаған. Жауапты басқарма тарапынан да тиісті бақылау жүргізілмеген әрі инвестиция тарту сапасыз болды. Әкімдер бұл жұмысты төмен деңгейде атқарған. Бұл бойынша бірнеше рет жиын өткіздік. Сондықтан аудан, қала әкімдерінің инвестиция саласына жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көруді тапсырамын. Нақты жобалар аз. Орындалмайтын жобаларды да тізімге қосып қойғансыздар. Инвесторларға қажетті инфрақұрылымның дайындығы төмен. Осыған байланысты инвестиция тарту, өндірісті дамыту бойынша сапалы жоспар әзірленсін. Оған орындалатын әрі нақты жобалар енгізілсін. Аудан, қалалардың даму әлеуеті және мүмкіндігіне сәйкес бір салаларға мамандандырылуын қадағалаңыздар. Мәселен Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарында тігін фабрикалары, Келес, Сарыағаш, Қазығұртта жылыжай шаруашылығы кең қанат жаюы тиіс.
Осылай әр ауданның мүмкіндігіне сай жұмысты жоспарлау қажет. Инвестициялық штабтың жұмысын бастаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ҮШІН СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ ҚАЙ КҮНІ СОҒЫЛАДЫ?

Оқу-ағарту министрлігі мәжіліс депутаттарының мектептердегі соңғы қоңырау күнін кейінге шегеру мәселесіне байланысты үндеуіне жауап берді.
«Қазақстан мектептерінде оқу жылының ұзақтығы 36 аптаны құрайды. Баршамызға белгілі, оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Биылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады. 31 мамыр – мектеп күні, сабақтан басқа балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, сыныптан тыс шаралар өткізіледі. 1 маусымда балалар ресми түрде соңғы қоңырауға шығады. Бұл күн Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы мерекемен қатар соңғы қоңырау соғылады», деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Еске салайық, 18 қаңтарда Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай соңғы қоңырауды басқа күнге ауыстыруды ұсынып, депутаттық сауал жолдаған еді.

ТІК ТОК ҚОСЫМШАСЫНА ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚОСЫЛДЫ

Тік Ток қосымшасындағы интерфейс тілін кез келген уақытта ауыстыруға болады. Ол үшін қосымшаның төменгі оң жақ бөлігіндегі «кескінді» басыңыз. Сол кезде сіздің жеке мәліметтеріңіз сақталатын парақша ашылады.
Баптауға өту үшін дәл осы парақшаның оң жақ жоғары тұсындағы үш сызықпен бейнеленген белгіні басуыңыз қажет. Содан кейін «параметрлер мен құпиялылық» бөліміне өтіп, одан «тіл» деген сілтемеге кіресіз. Дәл осы жерден қазақ тілін таңдауыңызға болады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қазанында елордада Astana Media Week медиафорумы ұйымдастырылды. Осы іс-шараға қатысқан Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының басшысы Анастасия Панина қосымшаның қазақ тіліне аударылатынын растаған еді.

ТҮРКІСТАН: «I-QALA» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛУДА

Түркістан облысының 30-дан астам табиғи монополия субьектілерінің 250-ден астам қызметін біріктіретін «I-Qala» цифрлық коммуникация сервисі құрылды. Сервис арқылы жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ Түркістан облысының жеке кәсіпкерлері дербес шот ашуға, анықтама, техникалық шарт, су, электр, жылумен жабдықтау және су бұру секілді қызметтерге шарт жасауға өтінім бере алады.
Тұрғындар электрондық цифрлық қолтаңба немесе СМС арқылы өтінім беріп, қажетті қызмет түрін таңдап, мәліметтерді толтыру және өтінімді жіберу жеткілікті. Аталған жүйе қолданушыларға үйден шықпай қызмет алумен қатар, өз өтінішінің орындалуын онлайн режимде бақылай алады.
Осылайша аталған жоба кәсіпкерлік субъектілерін қоса алғанда, жеке және заңды тұлғалар үшін қызмет алудың ыңғайлы және жылдам тәсілін ұсына отырып, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» тәуекелдерін және әкімшілік кедергілерді жою арқылы бизнесті жүргізу мен дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Барлық қызмет түрлерін https://iturkistan.kz/ сайты арқылы біле аласыздар!

Асқар Мамырбаев: Боқтауға тыйым салу — қазақты тағы бір дәстүрінен айыру

Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Келес ауданының «Құрметті азаматы» Асқар Мамырбаев елімізде боқтағандарға емес, керісінше  тілі мен дәстүрін ұмытқандарға айыппұл салу керек деп есептейді. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парашасында мәлімдеген.    

«Боқтауға тиым салу- қазақты тағы бір дәстүрінен айыру! Оңтүстікте, жалпы қазақта інілерін жөнге салу үшін, жеңгелерге қарата зілсіз боқтау салты бар еді. Оған да айыппұл салынады ма?Салт, дәстүрлерімізді біртіндеп жою жүріп жатқан жоқ па? Одан да тілі мен дәстүрін ұмытқандарға салыңдар айыппұлды! Анық қазынаның жыртығын жамауға қаражат қажет болып жатса!» -деп жазба қалдырған Асқар Мамырбаев.

Бұл пікірді әлеуметтік желіде талқылап, қолдау білдіріп жатқандар да аз емес. Алайда белгілі сәулетшінің сөзін құп көрмегендер де кездеседі. Олардың қатарында бұған дейін облыстың құрылыс, сәулет басқармасында басшы қызметтерін атқарған Құттыбек Жамашевта бар.

Құттыбек Жамашев керісінше «Салттың тозғанын» ұмытсақ, ештеңе жоғалмайтынын жазған. Осылайша, «боқтауға» келгенде  белгілі сәулетшілердің пікірі екіге бөлініп отыр.  Айта кетейік, елімізде былапыт сөзге — 69 мың теңге айыппұл салу мәселесі қаралуда.

Суреттер Асқар Мамырбайдың фейсбук парақшасынан алынды…

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІ ЕКІ ТӘСІЛМЕН КӨБЕЙТІЛЕДІ

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері екі тәсілмен көбейтілді:
— біріншісі, алып жүрген зейнетақылары 10,5%-ға көбейтілсе;
— екінші тәсіл бойынша, зейнеткерлердің орташа айлық табыстарына байланысты көбейтілді, яғни орташа айлық табыстары жоғары болса олардың зейнетақылары да көбірек болады.
Ал, жәрдемақылар жалпы 8,5%-ға өсті.

Бүгінгі таңда, балалы отбасыларды қолдаудың негізгілерінің бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайту.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап 5 жыл көлемінде әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде тоқтатыла тұрады. Яғни осы жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас.
Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданды. Келесі 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Бұл жүйенің негізгі мақсаты отбасының қандайда бір жәрдемақыға құқығы болған жағдайда СМС-хабарлама жіберіп, олардың келісімі алынғаннан кейін әлеуметтік төлемдерді тағайындауды автоматты түрде жүзеге асыру болып табылады.
Осы енгізілген өзгерістерге орай 2022 жылдың 20-30 желтоқсан аралығында облысымыздың барлық аудан, қалаларында «2023 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер, әлеуметтік төлемдерді арттырулар мен отбасының цифрлық картасы бойынша» ақпараттық-насихаттау жұмыстар жүргізілді.

ШАРДАРАДА ГАЗ БАЛЛОН ЖАРЫЛЫСЫНАН БІР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Түркістан облысы Шардара ауданында жеке тұрғын үйде жарылыс болды — деп хабарлайды «Хабар24» телеарнасы. Төтенше жағдай Министрлігінің мәліметінше оқыс оғиғадан әйел адам қаза тапқан. Мамандар марқұмның денесін қиранды астынан алып шыққан. Алдын ала болжам бойынша газ баллоны жарылып, үйдің шатыры опырылып түскен. Құтқарушылар келгенге дейін, көршілері қиранды астынан екі баланы алып шыққан. Олар ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында ТЖД мамандары арнайы техникамен жұмыс істеп жатыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ 85 ПАЙЫЗЫ АТТЕСТАТТАЛМАДЫ

Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне сол кездегі қолданыстағы «Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарының» талаптарына сәйкес 2022 жылы 365 білім беру ұйымдары өзін-өзі бағалау материалдарын ұсынып, оның ішінде 218 балабақша (59 мемелекеттік, 159 жекеменшік), 139 мектеп (137 мемлекеттік, 2 жекеменшік), 8 колледж (2 мемелекеттік, 6 жекеменшік) білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттау жүргізілген болатын.

Мемлекеттік аттестаттау барысында 54 білім беру ұйымы (14,7%), оның ішінде 32 балабақша (14,6%), 22 мектеп (15,8%) мемлекеттік аттестаттаудан өтті.
Ал, 311 білім беру ұйымы (85,3%), оның ішінде 186 балабақша (85,3%), 117 мектеп (84,2%), 8 колледж (100,0%) бірінші ретте мемлекеттік аттестаттаудан өтпеді.
Қайта мемлекеттік аттестаттау барысында кемшіліктер толық жойылған 233 білім беру ұйымының есебі бойынша кемшіліктер жойылып, МЖМБС-ның талаптарына сәйкес деп танылып, қайта аттестатталды. Қосымша айта кететін болсақ, МЖМБС-ның талаптарына сәйкес келмеген, кемшіліктер толық жойылмаған 2 балабақша (Сарыағаш ауданы, «Нұр Эшан», «Нұр- Мамыр» бөбекжай-балабақшасы) аттестатталмады, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 59-бабы 8-4-тармағы бойынша хабарламалар тізілімінен алынды.
Бүгінгі күнде, 2022 жылғы тізбеде бекітілген 366 білім беру ұйымының 365 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп («Болашақ»колледжі Шымкент қаласына ауысып кетуіне байланысты жүргізілмеді), жоспар 98,3 пайыз орындалды.

Түркістан облысында оқушылар қашықтан оқытуға көшіріле ме?

Түркістан облыстық білім басқармасы ауа-райының күрт өзгеруіне және метеорологиялық жағдайға байланысты Түркістан облысы бойынша орта білім беру ұйымдарында оқу процесі қашықтан оқытуға көшіріліп жатқандығын мәлімдеді. Атап айтқанда Шардара, Сауран, Төлеби, Келес, Жетісай, Мақтарал аудандарындағы мектепке тасымалданып оқытылатын оқушылардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында қашықтан оқыту шешімі қабылданған.

Дегенмен, өзге аудандардың тұрғындары да ауа райының қолайсыздығына байланысты  ұл мен қыздарын оқуға жіберуге қорқып отыр. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар оқушыларды қашықтан оқыту керектігін айтып дабыл қағуда. Олардың айтуынша, күннің суығы мен жолдардың көк тайғаққа айналуы балалардың мектепке қатынауына қауіп төндіріп отыр.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова халықты сабыр сақтауға шақырып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын жазды.

«Сабыр сақтайық! Бізге ең бастысы балалардың қауіпсіздігі. Ауа райы қолайсыздық жағдайында әр аудан, елді мекендегі ахуалға байланысты шешім қабылданады. Бүгінге тек көлік жүру қиындығы туындауына байланысты тасымалданатын оқушылар қашықтықта оқытуға көшірілуде»- деді Ардақ Садықова.

«Түлкібаста техникалар оталмай жатыр»

Түлкібас ауданының әкімдігі әлеуметтік желіде хабарландыру жасады.

Құрметті Түлкібас ауданының тұрғындары!

Ауа райының қатты сууы салдарынан «Түркібасы коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-нің күл-қоқыс тасымалдайтын техникалары оталмай жатқандығын хабарлайды.
Осыған орай, күл-қоқыстарыңызды көшеге шығармай тұруларыңызды сұранамыз. Орын алған қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймыз» — делінген хабарламада.

Алайда, желі қолданушыларының арасында әкімдіктің жұмысын сынға алып, жолдың көк тайғаққа айналғанын және ауданда қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін жазғандар да болды.

Мысалы: «Түркібасы коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-нің күл-қоқыс тасымалдайтын техникаларын қыстық қарлы-боранды, сары шұнақ аязды қыс айларына неге тамыз,қыркүйек, қазан айларында дайындамаған?!
Аудан халқынан тұрмыстық қатты қалдықтар/қоқыстар үшін жыл он екі ай алып отырған қыруар қаражатты қайда жіберген?! Ауыл-ауылдардың, аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылының көшелерінде қап-қап қоқыстарды қаңғыбас ит-мысықтар мен қарғалар тарқылап-жыртып шашуынан ластануда!
Аудан аумағындағы облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарыну, ауылдық елді-мекендердің ішкі автомобиль жолдарын қардан тазартуға арнайы техникалардың ұзын саны мен сапасын неге Н.Байғұт қадағаламайды?!
Жауапты мекеме басшыларна неге тәртіптік шаралар көрмейсің?!

«Қоқысты қай күннен қай күндер аралығында шығармау керектігін жазбайсыңдар ?»
«Түлкібасқа тұз жетпеген бе? жолдары айна болып тұр»
«Күл қоқысты алып кету үшін бірінші жолдарды дұрыстап тазалап алу керек шығар»
«Енді тағы Әкімшілікке келіп тіреледі. Ит атқыштар жұмыс істеуді қойды ма? қаңғыбас иттер көбейіп кетті» — деген пікірлер айтылуда.