Архив рубрики: Ақпарат

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ МАМАНДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін республикалық мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын 100%-ға көтеру туралы тапсырмасы аясында биыл 1 қаңтардан сала мамандарының айлығы орта есеппен тағы 22%-ға артты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы екі жылда 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 45%-ға көтерілді.
«2023 жылдың қаңтарынан барлық санаттағы қызметкерлердің айлығы өскенін атап өту керек. Бұл басшылар мен жетекшілер, негізгі персоналмен қатар, еден жуушы, күзетші, вахтер секілді жұмыскерлердің де еңбекақысы көтерілді», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Н. Дәуешов.
Мәдениет және спорт министрлігі сала мамандарының айлығын одан әрі ұлғайтуға бастамашы болады. Мәселен, шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлердің еңбекақысын көтеру жоспарда бар. Ол үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Бүгінде елімізде осы санатқа жататын 5 ұйым бар. Министрлік алдағы уақытта аталған нысандардың тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

18 мыңнан астам ер азамат әскерге шақырылады

Биыл көктемде 18 мыңнан астам ер азамат әскерге шақырылады. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов мәлімдеді,-деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі.

Әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар қарулы күштерге және басқа да әскери құрылымдарға шақырылады. Бұл шаралар 1 шілдеге дейін жалғасады.

Қарулы күштерге – 7 мыңнан астам адам;

Ұлттық ұланға – 6 мыңнан астам адам;

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 3 мыңнан астам адам;

Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300-ден астам адам;

Мемлекеттік күзет қызметіне – 80-нен астам адам;

«Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жеткізіледі. Осы жұмыс автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әскерге шақырушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету де жүргізілуде», — деді Бауыржан Артықов
Ал, әскерден босатылатын санаттарға студенттер; педагогтар; бір және одан көп баласы бар ер адамдар жатады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бестөбе шахтасында тағы да бір қызметкер қаза тапты

Бестөбедегі шахтада заңсыз алтын іздеуші көз жұмды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТAQ.KZ тілшісі.

27 ақпанда Степногорск полициясына «Центральная» шахтасының 520 көкжиегінде 1993 жылғы ер адамның көз жұмғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Қазіргі таңда мұны Ақмола полициясы тергеп жатыр екен.

«Бір топ ер адам алтынды заңсыз өндіру үшін шахтаның төменгі көкжиегіне түскені анықталған. Кеннің құлауы нәтижесінде ер адам жарақат алды. Үш алтын іздеуші жұмысшының денесін алып шықты», – деп хабарлады полиция.

ҚР ҚК 269-1-бабының 3-бөлігі бойынша «Қорғалатын объектіге заңсыз кіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін қаңтар айында Бестөбе кенішінің жұмыс істемейтін шахтасының аумағынан заңсыз алтын іздеушінің мәйіті табылғаны хабарланған болатын.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНДІ

Қазақстанда жастар саясаты жөніндегі заң күшіне енді, деп хабарлайды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Бұл заңға сәйкес кешеден бастап Қазақстанда жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды.
Яғни жастардың үлесі 3,7 млн-нан 6 млн-ға дейін көбейді.
Енді 35 жасқа дейінгі азаматтар жас отбасыларға арналған жеңілдіктерге, жеңілдетілген несие алу және басқа игіліктерге ие болады.
Сонымен қатар, жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман және жастардың еңбек жасағы ұғымдары ресми түрде қолданылады.

ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ЕКПЕ САЛДЫРУ ҚАЖЕТ

Жыл басынан бері республикада қызылша ауруымен 11 жағдай тіркелді. Оның төртеуі — 14 жасқа дейінгі екпе қабылдамаған балалар,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов өңірде әзірге жағдай тұрақты екенін айтады.  Аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханада екпе жасатуға болады.
«Қызылша — ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Қызылшаға шалдыққан адамда алғашқы кезеңде дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы, жөтелдің пайда болуы, ауыз қуысының бөртуі сынды белгілері пайда болады. Қызылша аурушаңдығының эпидемиялық маусымы — күз-көктем мезгілдері. Қызылшамен және қызамықпен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Ал, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қызылша аурының алдын алу бойынша былай деп кеңес береді.
«Аталған сырқатпен ауырмау үшін қызылшаға қарсы екпе алу керек, сондай-ақ бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Халық көп шоғырланған орындарда бетперде киіп жүрген дұрыс. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болған кезде дәрігерге қаралып, дәрігер нұсқауларын орындау ләзім. Ата-аналарға айтарымыз, 17 жасқа дейінгі балаларыңыз қандай да бір себеппен екпе қабылдамаған болса, қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алуға шақырамыз! Қызылша ауруы асқынған жағдайда бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалитке әкелуі мүмкін», — деді Салтанат Өсетілләқызы.

Қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр

Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам онкологиядан қайтыс болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр.

«Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ: бірінші орында – сүт безі обыры (13,2%), екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек обыры (10,6%),» — деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, өткен жылы еліміздің бірқатар облыстары республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған.

«2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары 5 көрсеткіштің үшеуі бойынша республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Мәселен, Қостанай облысы – өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностикалау 5 пайызға төмен, көзге көрінетін обыр 4 пайызға жоғары. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Ал ерте диагностикалау 6 пайызға төмен, елдегі көзге көрінетін обырдың ең жоғары көрсеткіші 27 пайызды құрады,» — деді Ажар Ғиният.

Генерал тоғыз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпараттық агентігіне сілтеме жасап.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Түркістан және Қызылорда облыстарының аумақтарын су басып қалуы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, жыл басынан бері Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттеуішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Бүгінде Шардара су қоймасын толтыру 5,1 млрд м3 немесе 98%-ды құрайды. Көксарай су реттеуішінде — 1,8 млрд м3, немесе 60%. Бұл ретте Су ресурстары комитетінің тапсырысы бойынша «Казгипроводхоз» институты тексеру жүргізіп, оның техникалық жай-күйі туралы қорытынды шығарылды, оған сәйкес жинақталған су 1,8 млрд м3 аспауы керек. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хабарлаған болатынбыз»,

«Қызылорда облысының солтүстік өңірлерінде мұздың түзілуі су ресурстары комитетімен төмен су ағындары кезінде белгіленді, бұл су ағындарын арттыруға мүмкіндік бермейді. Біздің ұсыныстарымыз ведомствоаралық жұмыс орнын құру», – деді Юрий Ильин.

Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында

Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында,-деп хабарлайды Таq.kz тілшісі.

Осыған байланысты Түркістан облысы мен Қарағанды облыстары әкімдіктері тарапынан жұмыспен қамту мәселелерін көздейтін өзара міндеттемелер жөнінде меморандумға қол қойылған.

Қарағанды облысында бүгінгі таңда, бос жұмыс орындарының басым бөлігі техникалық және өнеркәсіптік мамандықтар бойынша ұсынылып отыр. Тағылымдама негізінде баратын әйелдер және ер азаматтар үшін жұмыстардың түр-түрі қарастырылады. Мәселен, мекемелерге жүргізуші, күзетші, бақылаушы, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, инженер-технолог, электроника инженері, шебер, қазандық тазалаушы, жүк тиеуші, меңгеруші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, ТЖ логисті, геолог, шикізатты немесе жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді қабылдаушы, техникалық персонал маман иелеріне қажеттілік туындауда.

Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жалпы 112 азамат қатысса, оның 58-і жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Арасында мүгедектігі бар азаматтар, студенттер және көпбалалы отбасылар бар.

Түркістан облысында 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталған

Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы «Ғарыштық Сапары» АҚ-ның космос түсірілімдеріне сәйкес 2022 жылы 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталғанын айтты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдармен 404 орын тазаланып, 2 орын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, ал қалған 2-і жеке аймақтарда орналасқаны белгілі болды.
Сондай-ақ, Экология департаментінің тарапынан экологиялық талаптардың сақталуы бойынша 67 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, экологиялық талаптарды бұзудың 168 фактісі анықталды.
Заң бұзушылықтарға жол берген 253 жауапты тұлға айыппұл ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдын жалпы сомасы 1 млрд 669 млн теңгеден асты. Жыл қортындысымен мемлекеттік бюджетке 1 млрд 666 млн тенге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, экологиялық талаптарды өрескел бұзып жұмыстарын атқарған 8 субъектінің жұмыстары тоқтатылды.