Архив рубрики: Мәдениет

Созақ ауданындағы тарихи мұра объектілері – рухани қазына.

Созақ ауданы – Қазақстан тарихында айрықша орны бар, көне өркениет пен ұлттық мемлекеттілік дәстүрі терең сақталған қасиетті өлке. Бұл өңір ежелден саяси, мәдени және рухани орталықтардың бірі болған. Созақ жерінде орналасқан тарихи мұра объектілері – халқымыздың бай тарихы мен рухани құндылықтарының жарқын куәсі. Созақ ауданы аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер көптеп кездеседі. Олардың басым бөлігі орта ғасырлардағы қалашықтар, кесенелер, қорымдар, мешіттер мен сәулет нысандары болып табылады.

Ауданның ең маңызды тарихи нысандарының бірі – Созақ қалашығы. Бұл көне қала XV–XVIII ғасырларда Қазақ хандығының маңызды саяси орталығы болған. Тарихи деректерге сүйенсек, Созақ қаласы Қазақ хандығының астанасы қызметін атқарған кезеңдер де болған. Мұнда хандыққа қатысты маңызды шешімдер қабылданып, ел тағдырына қатысты істер шешілген.

Сонымен қатар, Созақ ауданында ортағасырлық қорғандар мен қалашықтар көптеп сақталған. Олар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, мәдени және рухани байланыстардың дамығанын дәлелдейді. Бұл қалашықтар археологиялық тұрғыдан аса құнды және ғылыми зерттеулер үшін маңызды нысандар болып саналады. Созақ жеріндегі ерекше құрметке ие тарихи-рухани мұралардың бірі – Әулиелер мен әулие қорымдары. Бұл нысандар халқымыздың діни дүниетанымы мен рухани өмірінен сыр шертеді. Әулие орындар ғасырлар бойы халықтың тағзым ететін, тәрбие мен руханияттың символына айналған қасиетті мекендер болып келеді.

Ауданда сондай-ақ кесенелер мен көне мешіт орындары сақталған. Бұл ескерткіштер қазақ халқының ислам дінін қабылдағаннан кейінгі рухани дамуын, сәулет өнері мен діни мәдениетінің қалыптасуын көрсетеді. Кесенелердің архитектуралық ерекшеліктері ұлттық құрылыс өнерінің жоғары деңгейде дамығанын аңғартады. Созақ ауданындағы тарихи мұра объектілері – тек өткеннің естелігі ғана емес, ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды рухани қазына. Олар жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихты құрметтеуге тәрбиелейді және туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырады.

Бүгінгі таңда бұл тарихи нысандарды сақтау, қорғау және келер ұрпаққа жеткізу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Созақ ауданында тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, зерттеу және қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Созақ ауданындағы тарихи мұра объектілері – қазақ халқының мемлекеттілігі, руханияты мен мәдени дамуының айқын айғағы. Бұл қасиетті орындар өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа бағыт беретін ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі болып табылады

Сонымен қатар Ақсүмбе қалашығы – Созақ ауданындағы көне қорғаныс нысандарының бірі. Ақсүмбе бекінісі орта ғасырларда әскери-стратегиялық маңызға ие болып, аймақты қорғау қызметін атқарған. Қалашық атауы тарихи жазбаларда жиі кездеседі.

Одан бөлек Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі де ең танымал рухани-тарихи нысандардың бірі болып саналады. Бұл кесене түркі дүниесінде кеңінен танылған әулие Баба Түкті Шашты Әзізге арналған. Ғасырлар бойы халық тағзым етіп келген қасиетті орын рухани тәрбиенің символына айналған.

Ал, Қарабура әулие кесенесі – Созақ өңіріндегі тағы бір қасиетті мекен. Қарабура әулие – ел арасында құрметке ие тұлға. Кесене маңына зиярат етушілер көп келеді, бұл орын халықтың діни-рухани дүниетанымын айқындайды.

Созақ мешіті орындары мен көне қорымдар – аудан аумағында ислам мәдениетінің дамуын көрсететін бірқатар көне мешіт орындары мен тарихи қорымдар сақталған. Бұл нысандар қазақ халқының рухани тарихынан сыр шертеді.

Созақ ауданындағы тарихи мұра нысандары – тек сәулет немесе археологиялық ескерткіштер ғана емес, ұлттық тарихтың, мемлекеттілік дәстүрдің және рухани сабақтастықтың негізі. Бұл қасиетті орындар жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихты құрметтеуге тәрбиелейді. Бүгінгі таңда аталған тарихи нысандарды сақтау, қорғау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Олар – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа бағдар беретін баға жетпес ұлттық қазына.

Отырар ауданы – қоғамдық келісімнің берік үлгісі қалыптасқан қасиетті өңір.

Отырар ауданы – тарих пен тағылым тоғысқан, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік үлгісі қалыптасқан қасиетті өңір. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл өлке ежелден түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысқан мекені ретінде танылған. Сондықтан Отырар жерінде бейбіт өмір сүру, татулық пен өзара түсіністік – ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтына айналған. Бүгінгі таңда Отырар ауданының халқы бір мақсатқа жұмылған, ортақ жауапкершілікті терең сезінетін ынтымақты қауым болып отыр. Ауданда әртүрлі этнос өкілдері өмір сүріп, барлығы бір шаңырақтың астындағыдай тату-тәтті тіршілік етуде. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, барша тұрғынды біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар – туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, бейбіт өмірге ұмтылыс және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Отырар ауданындағы бірлік пен ынтымақтың негізінде қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық пен кеңпейілділік – аудан халқының күнделікті өмірінен айқын көрініс табады. Бұл құндылықтар өзге этнос өкілдерімен өзара үйлесім тауып, ортақ қоғамдық мәдениетті қалыптастырған. Ауданда қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуда мәдени-рухани іс-шаралардың маңызы ерекше. Мемлекеттік және ұлттық мерекелер, мәдени фестивальдер, концерттер, көрмелер мен спорттық жарыстар халықты ортақ алаңға жинап, достық пен ынтымақты бекемдей түседі. Мұндай шаралар адамдар арасындағы сенімді арттырып, өзара түсіністікті нығайтады. Сонымен қатар, Отырар ауданында бірлік пен ынтымақты сақтауда қоғамдық институттардың рөлі зор.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидаттары, қоғамдық кеңестер, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің өнегелі қызметі қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Ақсақалдардың ақылы мен өмірлік тәжірибесі, аналардың тәрбиелік өнегесі – жас ұрпақты адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеудің берік негізі. Бірлік пен ынтымақ еңбек саласында да айқын көрініс табады. Ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада әртүрлі ұлт өкілдері иық тірестіре еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Ортақ еңбек – ортақ жауапкершілік пен өзара сенімді қалыптастырып, қоғамды одан әрі біріктіре түседі.

Отырар ауданындағы бейбітшілік пен келісім – тек бүгінгі күннің жетістігі емес, бұл – болашаққа бағытталған берік негіз. Тұрақтылық пен татулық сақталған жерде даму болады, ал даму бар жерде халықтың тұрмыс сапасы артады. Сондықтан аудан тұрғындары үшін бірлік пен ынтымақ – ең қастерлі құндылықтардың бірі. Биыл Отырар ауданы өзінің құрылғанына 90 жыл толуын зор қуанышпен атап өтті. Бұл – аудан тарихындағы маңызды белес, өткенге тағзым жасап, бүгінгі жетістіктерді саралап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін мерейлі кезең. Тоқсан жыл – бір ғана уақыт өлшемі емес, бұл – қажырлы еңбекке, елдікке, бірлік пен ынтымаққа толы шежірелі тарих.

Отырар ауданы – сан ғасырлық өркениет ошағының мұрагері. Тарихи Отырар қаласының рухани жалғасы болып табылатын аудан өткен 90 жыл ішінде талай сындарлы кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінгі күнге дейін дамудың даңғыл жолына түсті. Осы уақыт аралығында ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмірінде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Мұның барлығы – ел бірлігінің, халық ынтымағының жемісі. Отырар ауданының басты байлығы – оның берекелі бірлігі мен татулығы. Ауданда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, барша тұрғынды ортақ мақсат – туған жерді дамыту, елдің тыныштығын сақтау біріктіреді. Бұл – Қазақстандағы ұлтаралық келісім саясатының нақты көрінісі.

90 жылдық мерейтой – тек мереке ғана емес, бірлік пен ынтымақты тағы бір мәрте айқындаған тағылымды кезең болды. Мерейтой аясында ұйымдастырылған мәдени-рухани, ғылыми-танымдық және спорттық іс-шаралар аудан халқын ортақ қуанышқа ұйыстырып, елдік рухты асқақтатты. Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптелді. Отырардағы бірлік пен ынтымақтың негізінде қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары жатыр. Қонақжайлық, кеңпейілділік, сабырлылық пен татулық – аудан халқының өмір салтына айналған. Бұл құндылықтар өзге этнос өкілдерімен өзара үйлесім тауып, ортақ қоғамдық мәдениетті қалыптастырды.

Ауданның дамуына әр салада еңбек етіп жүрген азаматтардың үлесі зор. Ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларында қызмет ететін жандар ұлтқа бөлінбей, бір мақсат жолында еңбек етуде. Ортақ еңбек – ортақ жауапкершілікті қалыптастырып, қоғамды одан әрі ұйыстыра түседі. «Бірлік бар жерде – береке, ынтымақ бар жерде – ырыс» деген халық даналығы Отырар жұртының өмірлік ұстанымына айналған.

@Айдар Сейдазым – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облысындағы өкілі, Ақын

ҚҰМКЕНТТЕ КІШІ ЖАБЫҚ АЛАҢ МЕН «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Құмкент ауылында заманауи талаптарға сай салынған жабық үлгідегі кіші футбол алаңының құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылды. Жаңа спорт алаңы барлық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда ойыншыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, жарықтандыру жүйесі, жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Нысан аумағы толықтай асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, биылғы жылы Құмкент ауылдық округінде 5 балалар ойын алаңшасы мен 1 ересектерге арналған шынығу алаңы салынды. Жыл соңына дейін округке қарасты Қызылкөл елді мекенінде 2 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдарында да дәл осындай спорт нысандары бой көтеруде. Жақын күнде бұл нысандар да ел игілігіне табысталады.

Бұл күні тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ресми түрде есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жаңа орталықтың жұмысымен танысты.

«Әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар аудан дамуының басым бағыттарының бірі. Жаңа орталық ардагерлердің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, белсенді әрі мәнді өмір сүруіне жағдай жасайды. Осындағы ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз бейнетінің зейнетін көрер шақта қажетті қызметтерді жақыннан, қолжетімді түрде ала алады. Біздің мақсатымыз аға буынға құрмет көрсетіп, тәжірибесін қоғам өмірімен байланыстыру. Сондықтан бұл орталық тек қызмет көрсететін орын емес, ауылдың бірлігі, жылылығы мен қамқорлықтың ортасына айнады деп сенеміз», — деді аудан басшысы.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты. Жаңа орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл нысан зейнет жастағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қызылкөл елді мекенінің қариялары да осы орталықтың қызметін пайдалана алады.

Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар мен шәй ішіп, еркін демалуға арналған асүй жабдықтары қарастырылған.Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты және өз ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, биыл дәл осындай орталық аудан орталығынан бөлек, Созақ ауылында да ашылды. Бұл жұмыстар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтіп келеді.

80-90 ЖЫЛДАРДАҒЫ РЕТРО, ХИТ ӘУЕНДЕРДІ ҰЛТТЫҚ АСПАПТАР СҮЙЕМЕЛДЕДІ

Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының, «Жұбановтар әуені» байқауының жеңімпазы «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен естіні еске алған әсерлі кеш өтті.

Кештің ерекше тұсы 80-90 жылдары танымалдығы артқан ретро, хит әуендер шырқалды.

Әйгілі Досмұқасан, ABBA, Modern Talking, В. Цой, Ю. Шатунов сынды отандық және әлемдік танымал әртістер мен топтардың, әлемге танымал кинофильмдердің саундтрегі филармония әншілерінің орындауында көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ұлттық аспаптың дәрежесін көтерген концерттік жоба өнерсүйер қауымның өтінішімен келер жылы да жалғасын табатын болады.

МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті жұмыс жиыны өтті. Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өткен мәжіліске облыстық партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Еркебұлан Хандиллаев, комиссия мүшелері, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркін Забиров, Кентау қаласы және Сауран, Төлеби, Түлкібас аудандары әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті әкімдіктердің құрылыс бөлімдерінің басшылары, мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің өкілдері қатысты.

Мәжілісте сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы мәдениет саласын дамыту көрсеткіштері партияның Сайлауалды бағдарламасының маңызды тармақтары болып енгенін айтты.

«- 2025 жылғы 2 қазанда «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «MIRAS» республикалық кеңесінің отырысында еліміздегі мәдениет объектілерін салу, жөндеу жұмыстары және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында көтерген жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнерді дамыту жолдары талқыланды. Кеңес отырысында біздің облыста салынып жатқан мәдениет нысандарына қатысты мәселе көтерілді. Салынып жатқан мәдениет нысандарына мониторинг жүргізу, партиялық бақылау комиссиясының жұмыс жиынын өткізу және қорытындысы бойынша нақты ақпарат беру тапсырылды. Осыған байланысты, бүгінгі жиында Сайлауалды бағдарламаның орындалуы мен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылыстары жүргізіліп жатқан мәдениет нысандарындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылайтын боламыз», – деді.

Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша партияның Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков хабарлама жасады. Хабарламада облыстық, аудандық партиялық бақылау комиссиялары жүргізген мониторинг жұмыстарының қорытындысы жарияланды.

«- Жалпы, бізге берілген мәліметке сәйкес, 2023-2025 жылдары 20 мәдениет нысандарының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 2023 жылы 4 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 2024 жылға өтпелі болған, 2024 жылы барлығының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 2024 жылы 7 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 2025 жылға өтпелі болған. Биыл осы объектілердің ішінде Бәйдібек ауданында 1 нысан, Мақтаарал ауданында 2 нысан пайдалануға берілген. Қалған 4 нысанның: Кентау қаласындағы, Сауран, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы нысандардың құрылыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланғанымен, бірқатар өзекті мәселелер бар екені анықталып отыр», – деді Асқар Еркінбеков.

Жиын барысында Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылдық округі, Даубаба ауылындағы 100 орындық клубтың, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округіндегі 120 орындық мәдениет үйінің, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйінің және Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Киелітас ауылындағы 140 орындық мәдениет үйінің құрылыстарына қатысты өзекті мәселелелер көтерілді. Нысандардың құрылыстарына жауапты салалық басқармалар мен аудан әкімдері орынбасарларының жауаптары тыңдалды.

Түлкібас ауданындағы клуб құрылысы 90 пайызға аяқталғаны, құрылыс жұмыстарын толық көлемде атқару үшін 143,0 млн. теңге көлеміндегі қаржы мәселесін шұғыл шешу керектігі хабарланды. Сауран ауданындағы мәдениет үйінің құрылысы 70 пайызға орындалғаны, әрлеу және абаттандыру жұмыстарының сапасын қатаң қадағалауда ұстау керектігі айтылды. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс көлемі де 70 пайызға аяқталған, нысанды толық іске қосу үшін 377,0 млн. теңге керек екені жеткізілді.

Ал Төлеби ауданындағы мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылдан бері созылып келе жатқаны, мердігер ұйым мен авторлық қадағалаушы ұйым арасында техникалық келіспеушіліктер туындап, құрылыс процессі едәуір қиындықтарға тап болғаны мәлімделді. 2023 жылы жобаны жүзеге асыруға 305,9 миллион теңге бөлініп, оның 87,9 миллион теңгесі ғана игерілген. Құрылыс жұмыстары кеш басталуына байланысты уақтылы игерілмей қалған 217,9 миллион теңге республикалық бюджетке кері қайтарылған. 2024 жылы нысан құрылысын жалғастыруға облыстық бюджеттен 31,7 миллион теңге бөлініп, толық игерілген. Ал 2025 жылы облыстық бюджеттен 97,9 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі күнге дейін оның 30 миллион теңгесі ғана игерілген. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 100 миллион теңге қаржы қажет екені айтылды.

Сондай-ақ партиялық бақылау инспекторының хабарламасында 2025 жылы жаңадан 9 мәдениет нысанының құрылысы басталғаны хабарланып, олардың барлығы да 2026 жылға өтпелі екені айтылды. Аталған нысандар Сарыағаш ауданының – Жылға, Жонарық Мәдениет, Келетің – Карл Маркс ауылында, Жетісайдың – Жылы су, Ордабасының – Бадам, Түлкібастың – Ынтымақ, Т.Рысқұлов, Сауранның – Шорнақ елді мекендерінде салынып жатқаны мәлімделіп, олардың құрылыстарына қатаң қадағалау жүргізу тапсырылды.

Жиында қаралған мәселе бойынша Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында және жергілікті бюджеттен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мәдениет нысандары туралы есеп берді.

«- Биыл облыс көлемінде 16 мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде 6 құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Қалған 10-ы 2026 жылға өтпелі. Бүгінге дейін Бәйдібек ауданы, Амансай елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі, Мақтаарал ауданы, Ж.Қалшораев елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйі мен кітапханасы және Түркістан қалалық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Құрылысы жүріп жатқан 3 нысанның қатарында Мақтаарал ауданы, Ынталы елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйі мен кітапханасы, Түлкібас ауданы, Дәубаба ауылында 100 орындық мәдениет үйі, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылында 120 орындық мәдениет үйі бар», – деді Әзімхан Серікұлы.

Жиында мәдениет нысандарының сапалы әрі уақтылы салынуына қатысты мәселелер көтеріліп, тиісті мекемелерге және аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді, құрылыс барысын жеделдету және сапаны арттыру бойынша ұсыныстар айтылды. Партия бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі қадағалап, әрбір ауылдағы мәдениет нысандарының тұрғындарға қолжетімді болуын басты назарда ұстайтын болады.

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ДОМБЫРА – ДАСТАН» ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.

– Ұлттық мұраны ұлықтайтын бүгінгі шараның руханиятты дамытуға қосар үлесі мол. Домбыра – ұлттық аспап қана емес, елдің болмысын, жан-дүниесін айшықтайтын ұлы мұра. Осы құндылығымызды қастерлеп, жанын серік еткен барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Кеш барысында Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғрыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты ұлттық күйлері орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігімен көзге түсті. Сондай-ақ, «Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің билері сахнаның көркін аша түсті. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды шығармалар ұлттық мұраның ұлағатын сездірді.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындады. Айта кетейік, Түркістан облысында «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай бірқатар шара өтті. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Фараб» кітапханасында дәстүрлі «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылып, республиканың әр аймағынан келген 25 өнерпаз бақ сынады. Аудан-қалаларда 100-ге тарта мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN – 2025» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Киелі шаһарда халықаралық «Voice of Turan – 2025»қазақ әндері фестивалі басталды. Фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және шетелден келген өзге де меймандар қатысты.

«Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Конкурс қатысушылары таныстырған бейнеролик көрсетілді. Биылғы ән додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртсан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис және Индонезия елдерінен кәсіби әншілер қатысып жатыр.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан фестиваль мақсаты – қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Сонымен қатар Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды таныта түсу.

Айта кетейік, 21 маусым күні фестиваль қатысушылары қазақ әндерін орындаудан бақ сынайды. Сонымен қатар еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров, Ерген Айтымбетов бар. Фестиваль қонақтары ретінде Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков және португалиялық әнші Лара Алейшо өнер көрсетеді.

Төлеби ауданында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.

Түркістан облысы Төлеби ауданы орталық «Нұр» мешітінде құрбан айт мерекесіне орай, аудан тұрғындарының қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында ұлттық спорттық ойындары – «Қазақша күрес», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Гір тасын көтеру», «Садақ ату», «Арқан тарту» сынды жарыстарда оқ бойы озып шыққандарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Мерекелік шараға келген көпшілікті қазақтың ұлттық спорты қазақша күрес қызықтыра түсті. Боз кілемде өзара мықтыларын анықтаған балуандарға тамашалауға келген тұрғындар қолдау білдірді. Ауданның бас имамы Үсен Сәуірбаев ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні жөнінде насихат айтып, мешіт қызметкерлерімен бірге шараға белсене қатысты.

 

 

« – Жалпы, қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп. Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар тағы басқа осындай алып балуандар болды. Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды. Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек. Жалпы белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе және қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді. Бұрын белдесу барысында тең түсу немесе ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен, міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жеткен. Жоғарыда баяндалғанның бәрі сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының ерекшеліктері саналады.» – деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сәуірбаев

Сондай-ақ, бұл күні балалар асық ойындарынан мықтыларын анықтады. Бұл ойынға Кеңес заманында шектеулер болып, ұмытылып, бүгінгі таңда қайтадан түлеп, мемлекет қолдауына ие болып отырғаны – үлкен жетістік. Атап айтқанда, елімізде асық атудан жарыстар ел біріншіліктері өтуде. Ұлт жанашырлары бұл ойынның кең көлемде дамуына зейін танытуда. Ұлттық ойынды насихаттау барысында көптеген сайыстар өткізілуде.

 

 

«Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Халқымыз «Қой асығы демей-ақ, қолыңа түссе сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуінде асық ойынының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын байқатады. Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Жақсы көрген жас буынға «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр бол» деп сипаттау тегіннен тегін туындамаған. Өйткені осы ойын арқылы бабаларымыз жас ұрпақты жастайынан жүйке жүйесін шыңдауға, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеген.» – деді мерекелік жиындағы ел ағалары.

Осы тұста асықтың түрлерін атап өтсек, асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан немесе қошқар-текеден алынады. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы. Қойлық – қойдың асығы. Ешкімек – ешкінің асығы. Құлжа – құлжаның асығы. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Топай – сиырдың асығы. Жабай – ірі асықты айтады. Қолқар – арқардың асығы.

 

Төлеби ауданында өткен ұлттық ойындар сайысында жастар қошқар көтеруден және садақ атудан да бақтарын сынады. Білектегі және аяқтағы күшті талап ететін қошқар көтеру ойыны қазақтың төзімділігін, қайсарлығын дәріптесе, садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі. Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқаны тарихи деректерде бар.

 

Міне, осындай ұлтымыздың ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті, ойындары насихатталған мерекеде Төлеби ауданы, орталық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Төлеби ауданының әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлының бастамасы негізінде, Ленгір қалалық автобус паркі басшылығы Ғалымжан Жұматұлының тікелей демеушілік жасауымен қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында аудан жұртына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында, халықты тегін тасымалдау шарасы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балаларға арналған арнайы ойын алаңы құрылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

 

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан облысы, Созақ ауданында «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тағылымды жиында еліміздің тарихында өзіндік орны бар өңір – Созақтың өткен тарихы мен бүгінгі келбеті, мәдениеті және тарихи орындарының ғылыми негізі кеңінен талқыланды.

Басқосуға отандық және шетелдік белгілі тарихшылар, археологтар, өнертанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Өзбекстан, Қырғызстан секілді бауырлас елдердің ғалымдары да рухани байланыстың тамырын сөз етті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі модераторлық етті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деген сөздеріне ерекше тоқталып, Созақтың көне және орта ғасырлардағы, Қазақ хандығы тұсындағы тарихы жайында ғалымдардың ой-тұжырымдарына негізделу керектігін атап өтті. Сондай-ақ Созақтың сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының тағдырында ерекше орын алатын қасиетті мекен екенін айтып, басқосудың ғылыми тұрғыдағы мән-маңызына тоқталды.

Ал аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков алғаш рет өткен ғылыми-практикалық конференцияның аудан үшін үлкен мәртебе екенін жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференция қарарымен қатысушыларды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев таныстырды.

Маңызды шарада сондай-ақ, Созақтың киелі орындарын Түркістан облысының туризм картасына енгізу, инфрақұрылымын қалыптастыру, Созақтағы мәдени мұраларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Қ.А.Ясауи даналығы – ұрпаққа мұра.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында:  «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет»,- деген болатын.

Осыған орай, киелі Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өтті.

Симпозиумға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және еліміз бен Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен келген жүзге жуық белгілі ғалымдар қатысты.

Өз кезегінде, Ерлан Қарин Мемлекет басшысының симпозиумға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып беріп, симпозиумның Ясауи мұраларын терең зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті.

Ия, расында бұл жиынның маңыздылығы өте ерекше. Көпшілік әсер алған симпозиумда XII ғасырдағы ұлы ойшыл, түркі сопылық мектебінің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түрлі қырлары қамтылған  ғылыми баяндамалар жасалып, қызықты пікірлер айтылды. Соның бірі, ұлт әдебиетінің ұлы классигі Абайдың Қожа Ахмет Ясауи ілімін оқығандығы және Абайдың шығармаларындағы көзқарасы, идеялық мазмұны Ясауи ілімімен үндесетіндігі айтылды.

Жалпы, Қожа Ахмет Ясауи ілімі – бірлікке, жеке адам мен қоғамды тұтастыққа, жалпы жаратылыстың гармониясы мен діндер арасындағы төзімділікке бағытталған. Данышпан бабамыздың мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік көзқарастары бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамға берері мол. Әсіресе жастарды имандылық пен ізгілікке, адалдық пен тазалыққа, отансүйгіштікке, төзімділікке шақыруда рөлі зор.

Ахмет Ясауи даналығы мың жылдар бойына ұрпақтан-ұрпаққа мұра. Оның «Хикметтер жинағы», «Диуани хикмет», «Пақырнама және тағы да басқа еңбектерінің жүздеген елдің тілдеріне аударылуы – оның маңыздылығын көрсетеді.

Сондықтан, Ясауи жолын, оның ислам мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесін тануда осындай халықаралық шаралардың өткізілуі өте құптарлық іс.

Өйткені, Ясауи мұрасының ой толғамдарында көрсетілген адамдардың ғылым мен білімді меңгеруі, қоғам болып дамуы туралы өсиеті осы заманның ырғағына орамдас жазылғандай.

Ғұлама Ясауидің нақыл сөздерін оқып қараған әрбір оқырман бұл еңбектердің ешқашан мағынасын жоғалтпайтын, әлі талай ғасыр адамзаттың рухани қазынасы болатын дүние екендігіне көз жеткізеді деп ойлаймын.  

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов