Түркістан қаласында өтетін дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының өнерпаздары ұлттық салт дәстүрлері жоғарғы деңгейде насихаттай білді. Киіз үйлерде «Ордабасы – ұлы мұра» тақырыбында тойбастар айту, төс қою, байғазы сұрау, баланы ашамайға мінгізу, бата беру, сүйінші, бел көтерер, селт еткізер, азан шақырып ат қойдыру, төркіндеу сынды ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанып, ақындар айтысы ұйымдастырылған. Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, келуші қонақтарға ұлттық дәм ұсынылды. Сонымен қатар, садақ ату, халық күресі, арқан тарту, ауыр тас көтеру, мак рэслинг, арба сүйреу сынды спорттық ойындардан сайыстар өтті.
Алтыбақан жанында ұлттық ойындар да дәріптелді. Келген әрбір қонақ диірмен тарту, келі түю, таба нан жабу, күбі пісу, май алу, құрт жасау тәсілдерін үйреніп, Этноауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау, жүн бояу, ши тоқу секілді дамыған киіз жасау өнерін тамашалады. Этноауыл аумағында қара домбыраны жанына серік еткен өнерпаздар, тазы мен қыран ұстаған алып батырлар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Көше театрлар қойылымы мен аудандық «Өнер мектебінің» және әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ордабасы ауданының жетістіктерін таныстырды. Мұнда ауыл шруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен, «Ордабасы тартулары» атауымен ұлттық тағамдардан көрме жасақталды. Сонымен қатар Қажымұқан мен Өлкетану мұражайларының, «Ордабасы – ұлы мекен» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, ауданнан шыққан ақын-жазушылар және балалар кітапханасының көрмесі де қойылған.
Мәдени күндер аясында ұлттық ойындар, оның ішінде арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Ерекше айта кететін жайт, іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы қария 45 келілік бөренені он рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттыра түсті. Белсене атсалысып, жеңіп шыққан қатысушылар марапатталды.
Шара барысында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен және «Ордабасы тартулары» атты ұлттық тағам көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын паш етті. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» Республикалық этнофестивалі өтті. Орталықтың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған этнофестиваль жеті жанр бойынша өтті.
Салт-дәстүр, асыл қазынамызды бүгінгі заман ағымына сай қайта жаңғырту мақсатында, ұмыт болған әдет-ғұрыптар, қолөнер, дархан дала ұлттық ойындарын (көшпелілер ойыны) дәріптеу негізінде ұйымдастырылған ауқымды шараға республика көлемінен Өскемен, Қызылорда және Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан, сондай-ақ көрші Қырғызстан Республикасынан өнерпаздар қатысты. Қатысушы топтар ғұрыптық әндерден театрландырылған көрініс, келіндер сайысы, жілік шағу, қошқар көтеру, асық ату, бұқа тартыс, қол күрес сынды ойын түрлерінен сынға түсті. Қолөнер шеберлері мен әнші-жыршылар, кестешілер, ұлттық тағам жасау шеберлері белсене атсалысты.
Әділ қазылар шешімімен Түркістан облысынан қатысқан «Тұран» тобы аталған жанрлар бойынша үздік деп танылып, жүлделі I орынды қанжығасына байлады. Жүлделі II орынды Қызылорда облысы иеленсе, III орын иегері Шығыс Қазақстан облысының қатысушылары болды. Ал Шымкент қаласынан және Қырғызстан елінен келген қатысушы топтар арнайы жүлделермен марапатталды.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қасиетті Тайқазанның тарихи орнына оралғанына 35 жыл толуына орай, Түркістан облысы, Сауран ауданының жалпы білім беретін мектептерінде «Құт дарыған Тайқазан» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Атап айтқанда, көшпелі көрме Молда Мұса және Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін орта мектептерде өткізіліп, мектеп ұжымы мен оқушыларының зор қызығушылығын тудырды.
«Құт дарыған Тайқазан» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Тайқазанды қайтару туралы архивтік тарихи құжаттар, Тайқазанның макеттері, орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері бар.Көрменің мақсаты – ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық аса құнды жәдігер – қасиетті Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде, Қарнақ елді мекеніндегі ұстаханада құйылған. Алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдың қосындысынан құйылған Тайқазанды Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ұста Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи жасаған.Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен, 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Көрмеде Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлкен үлесі де тарихи құжаттармен нақтыланып, көрсетілді.
Расында ұлттық мәдениет майданындағы Өзбекәлі Жәнібековтің еңсерген еңбегін көзі қарақты ел біледі. Ол қазақтың мұрасын түгендеу жолында көп еңбек жасады. Оның жасаған істерінің ішіндегі бір шоқтығы – ұлы ойшыл, ақын, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауиге қатысты да болды. Бұл туралы саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір былай деп айтқан болатын.
«Қожа Ахмет Ясауиді айтсаң, Өзбекәлі Жәнібеков бірден еске түседі. Ол – Ясауи кесенесінің жөндеуіне үлес қосып қана қоймай, ғұламаның ілімін зерттеуге де атсалысқан азаматтардың бірі. Кеңестік кезең тұсында күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшылдың мұралары біздің ұлттық мәдениетімізден ығыстырылғаны белгілі. Ал Өзбекәлі Жәнібековтың ең негізгі ұстанған ұстанымы ұлттық мәдениетімізді мыңжылдықтар тізбегіне қайта жалғау еді. Түптеп келгенде, мәдениет, тіпті ғылымның да бастауында тұру қажет. Өйткені ұлттық мәдениетке байланбаған ғылымның ұлтқа қызмет етуі неғайбыл. Осыны жақсы білген Өзбекәлі Жәнібеков министрлікте қызмет еткенде, Орталық комитетте идеология хатшысы болған кезінде ұлттық мұрамызды түгендеуге қатысты жүйелі жұмыстар жасады. Ол атақ-абыройдың соңынан қумай, Кеңестік идеологияға қарамастан, халқы үшін баға жетпес игі істерді жасады. Қазақты қиын қыстау заманның, зымиян саясаттың салдарынан қол үзіп қалған асыл-жақұтымен қайта қауыштырды. Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Музейлерді ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Соның ішінде, Тайқазанды тарихи Отанына қайтарғанының өзі мың іске татырлық. Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарына көп мән берді. Соның ішінде, жоғарыда айттық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру және оның мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады.
Бұған қоса «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына зор үлес қосты. Кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды.
Міне, сол тұста кесененің сән-салтанаты болған атақты тайқазанның орны бос тұрған болатын. Өйткені 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға әкетілген Тайқазан кері қайтарылмап еді. Сөйтіп, тарихи құтымыз жарты ғасырдай Эрмитаж музейінде тұрды. Ортағасырлық тайқазан 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде ғана тарихи Отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық күресінің нәтижесі. «Өзағаң болмаса, басқа адам қайтара алмас па еді..?» – деп ойлаймын. Ол бұл жөнінде бірінші болып бастама көтеріп, қаншама рет Ресейге қажетті дәлелдер мен құжаттарды жіберіп, өтініш жазды. Эрмитаж басшылары оңайлықпен тарихи жәдігерді бере қоймады. Бірақ Өзбекәлі Жәнібеков бұл істі орта жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізді. Бүкіл архивті көтертіп, Тайқазанның конференцияға уақытша ғана алынғанын дәлелдеп барып рұқсатқа қол жеткізді. Осылайша мәдениет майданы қаһарманының бар жігерін салуының арқасында ғана тайқазан өз орнына қондырылды. Біз Тайқазанның оралуын еліміздің ырысы оралғанға баладық.»
Сондай-ақ, профессор Әбдіжалел Бәкір Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің Ясауи тұрғысында атқарған ісін мәңгі жаңғырып тұратын айрықша қызмет деп атап өтіп, осы тұрғыда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының маңыздылығына да тоқталған болатын.
«Қожа Ахмет Ясауи имандылықты, адамгершілікті жырлады. Қара халыққа көмек көрсетуге шақырды. Адам үшін қызмет етуге үндеді. Біз Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, адамдардың бойындағы осы имандылықты, адамгершілікті жауапкершілікті күшейте түсуіміз керек. Ал оны дамыта түсуде Ясауидің ілімі үлкен құрал болар еді. Ясауи әлі зерттеле түсуі керек. Оның «Диуани Хикмет» еңбегінде айтылған мәселелер өте көп. Соны тарқату қажет. Онда не жазылғанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біз, Кеңестік кезеңде оқыған адамдар, бұл мәселелерден бейхабар болдық. Бұған дейін төркінсіз келе жатқан халық сияқты едік. Өйткені өткеніміздің бәрін жоққа шығардық. Енді сол асыл мұраларымыздың сынығын өзімізге қайтарып, әлі де түп-тұқиянына дейін зерттеуіміз қажет.» – деп мәлімдеген болатын саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір.
Түркістан облысында жыл сайын ұйымдастырылатын көрменің мақсаты да ел тарихын, рухани-мәдени құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттырып, елдік санаға, өткен тарихымызға деген құрметін арттыру екенін айта кеткен жөн.
Қазақ қолөнерінің туындауына, дамуына тұрмыстық қажеттілік тікелей ықпал етті. Сондықтан да бейнелеу өнерінің өзге салаларына қарағанда ұлттық қолөнер жақсы дамыған. Алғашқы кезде қолөнеріне үй кәсібі, қажеттілік негіз болса, келе-келе қолөнершілер қолөнер өнімдерін өз тұрмысының қажетін қамтудан, бірте-бірте малға, затқа айырбастап, оны кәсіп түріне айналдырды. Тапсырыс жасаушылар қолөнер бұйымдарының ақысына мал немесе басқадай заттар беріп, айырбастап, ұлттық қолөнер қоғамдық өндіріспен қатар дамыды.
Қолөнер бұйымдары тапсырыс бойынша өндіріліп, базар сұранысы да ескеріліп, халық арасынан небір керемет ісмер шеберлер шығып, халқымыздың ұлттық қолөнерін қалыптастырды.
Қазақтың күнделікті тұрмыста қолданатын заттарының барлығы көшпелі және жартылай көшпелі өміріне лайықталып жасалған. Көшпенді тіршілікте тіккенге де, жыққанға да өте жеңіл де, қолайлы киіз үйінен бастап, ішкі жасау-жиһаздары да жүннен тоқылған, мақта-матадан кестеленген бұйымдар болып келеді. Соның бірі – қазіргі кезде тек музейлерден ғана көре алатын, арнайы мамандардан өзге жалпы көпшілік ұмыта бастаған қазақтың құнды қолөнер туындысы – Тұскілем.
Тұскілем – көбінесе төсектің үстіңгі тұсына кілем орнына ілінетіндіктен оның аталуы «тұс» және «кілем» сөздерінің бірігуінен пайда болған. Тұскілемнің астыңғы етегі төсектен көрінбейтін болғандықтан қорғандалмайды, яғни жиектелмейді, бұйымның үстіңгі және екі қапталына терілетін қорған жиектемеге ою-өрнек желісі салынбайды. Тұскілемнің кез-келген түрінің етегі ашық қалдырылатындығы сондықтан (1 сурет ).
Тұскілемнің – пүліш немесе барқыт сияқты матадан тігіліп, өрнектеліп жасалатын түрі және киіздің арнайы басылған әрі тығыз, әрі жұқа киізден таңдалып жасалатын түрлері тұскиіз, сондай-ақ жылқы терісінен көн илеп теріден (2 сурет) де, терінің арнайы өңдеуден өткен күдері (күдері-замша) (3 сурет) деп аталатын түрінен немесе сатып алатын қалың былғарыдан бедерлі ою-өрнек жүргізілген тұскілем жасайтын шеберлер де болған. Әрине, мұндай бұйымдарды, көбінесе ауқатты адамдар сонау ХVIII-ХIХ ғасырларда жасатқан. Мұндай бұйымдарды жасау тәсілі қазіргі күнде ел арасынан мүлдем ізін жойған. Х.Арғынбаевтың Қазақ халқының қолөнері атты еңбегінде келтірілген осы үлгідегі ХIХ ғасырда жасалған былғары тұс кілемнің бір тамаша үлгісі Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақталған. (2-3 сурет. Қазақ кілемдері мен тоқыма бұйымдары. ғылыми каталогынан).
Тұскілем бұйымдардың ішіндегі ең көрнектісі болып табылатын, үйге сән беретін негізгі әшекейлік жасау болуымен бірге үй иелерінің ауқаттылығы мен дәрежесін білдірген. Ол қыз жасауына кіріп, кейде қыздың өзі тігетіндіктен оның шеберлігін, ісмерлігін көрсететін болған.
Ал, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорында сақталған тұскілемнің материалы мата, кесте жіп, өлшемі: 112х208 см. Тұскілем П-әрпі тәрізді болып келетін қарақаспен көмкеріліп, ортадағы ою мен қарақастың арасына ақ сұрып матадан сырылып су жүргізілген. Түрлі-түсті жіптермен кестеленген тұскиіз өрнектерінің негізгі көрінісі «Жұлдызгүл» ою-өрнегі бейнеленіп, ақ пен қызыл түсті жіпті кезек түсіріп айналдыра шеңбер жүргізілген. Шеңберлердің ішкі бөлігіне «қошқар мүйіз» оюы қарама-қарсы түскен де, арасына су жүргізіліп, ішкі бөлігі «бес жұлдыз» пішінді етіп бейнеленген. Жиектемеде оюлармен гүл тәрізді өрнектер кезектесіп түскен. П-әрпінің ішкі бөлігіне де тұскиіздің негізгі оюы орналасқан.
Оюы өте нәзік, дәлме-дәл дөңгелек шеңбер пішінді болып келіп, сыртқы бөлігі төртбұрышты болып біткен. Тұс киіздің өн бойына «Қошқар мүйіз», «құс қанаты», «гүл» ою-өрнектері түрлендіріліп түскен. Тұс киіздің барлық өрнектері «тышқан із» кесте, «біз кесте» тоқу әдісімен тоқылған. Ал осы өрнектер ойып жапсырған ою емес, асқан дәлдікпен тығыз тігілген кесте. Жасалуы үлкен шеберлік, ыждағаттылық пен төзімді талап ететін түскілем музейдің сирек кездесетін құнды жәдігері, бірегей өнер туындыларының қатарына жатады.
Халқымыздың ежелден қалыптасқан күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданылып келе жатқан көптеген әдет-ғұрыптарымыздың, салт-дәстүрлеріміздің және наным-сенімдеріміздің әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні өте зор. Осындай өнегелі тағылымдық маңызы зор әдет-ғұрыптардың бірі – «шырақ» ұғымына қатысты айтылатындығын айрықша атап кетуге болады.
Шырақ – бөлмені, ашық алаңдарды және жекелеген заттарды жарықтандырып тұратын май шам. Ол ілкі замандардан бері қолданылып келеді. Оны ортағасырлық қалалардың қазба жұмыстарынан көптеп табылған сан алуан түрлі шырағдан қалдықтары да айғақтайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әулие адамдардың моласында, қасиетті жерлерде шырақ жағу дәстүрі әлі күнге дейін сақталған.
«Шырақ» сөзі – халқымыздың наным-сенімі бойынша әрі қасиетті, әрі киелі ұғым мағынасында қолданылады. Өйткені «шырақ» деген сөз – «жарық», «нұр», «сәуле», «үміт оты» деген сөздермен мағыналас мазмұнда айтылатыны көпшілікке мәлім. Қазақ тілінде тікелей шыраққа қатысты тыйым сөздер, аңыз-әңгімелер, қанатты ойлар, даналық нақылдар, теңеу сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мысалы, «Шырағың өшпесін», «шырағың жанып тұрсын», «қыз – қырық шырақты», «шаңырақтың шырақшысы», «қауіпті төндіргенше, шырақты сөндірме», «көзің шырақтай ашылсын», «шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін», «шырағың өшпесін, бақытың көшпесін», «шырағы бар» (артында қалған ұрпағы бар), «шырағы жанды» (ұрпағы жалғасып, өсіп өнді), «шырағын сөндірмеді» (жақсылыққа жолықты, үмітін үзбеді), «шырақ көрмеді» (жақсылық көрмеді, көзі ашылмады), «шырағы сөнді» (үміті үзілді, өмірден озды) деген сияқты.
Біздің ойымызша, шырақтың материалдық емес, рухани маңызы терең сияқты. Шырақ, әулие, жарық. Адамзат баласы да білімсіз күнінің қараңғы екенін түсініп, ілім-білімді жарық сәулеге теңеп, қандайда бір наным – сеніміне қарамай жарық беруші күн, ай, жұлдыз, шырақ, шам, сәулені ілім – білімнің, ғылымның, даналықтың символы ретінде бейнелеген. Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар…», Ахмет Байтұрсынұлының «Даналық өшпес, жарық кетпес байлық…» деген өлеңдерінен және «Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы» секілді мақал-мәтелдерден оны анық көреміз. Көптеген ғұлама ғалымдар шырақ жарығының астында не бір ойлы түндер кезіп, артында өшпес мұра қалдырды. Пайғамбарымыз с.а.у. жасы 63-ке толып, оған көрсетілген құрмет ретінде қалған өмірін жер асты «Қылует» мешітінде өткізген Қожа Ахмет Ясауи бабамыз «Ғар» бөлмесінде шырақтың жарығымен отырып, бүкіл түркі халықтары арасында кеңінен тараған «Диуани хикмет» – Даналық кітабын жазғанын жақсы білеміз.
Ал, енді осы шырақты жағатын шырағдандарға келетін болсақ – олар бізге дейінгі мыңжылдықтардың қойнауына өз жарығын шашып, өз сәулесін сепкен асыл мұралардың бірі. Ол түрлі ғасырларда қолданылған мыңжылдықтар сәулесі. Ықылым заманда күндіз жарықты күн сәулесінен алатын болса, ал қараңғы түскенде үй ішіне жарық түсіру үшін адамдар шырағданға малдың тоңмайын ерітіп құйып, жүннен не мақтадан босаңдау есілген білтені сол майға батырады да, майға шыланған ұшына от тұтатып, қарапайым жарық көзін жасаған. Материалдық ерекшелігіне байланысты шырағдандар керамикадан немесе қоладан жасалған болып, екіге бөлінеді.
Осындай түрлі шырағдан нұсқалары археологиялық қазба жұмыстары кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар, Сайрам, ежелгі Түркістан қалаларынан көптеп табылған. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының қорында шырағдандар коллекциясы біршама жақсы жинақталған. Ежелгі Түркістан тарихынан сыр шертетін керамикалық шырағдандардан бастап XIV ғасырдағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Әмір Темірдің сыйға берген қола шырағдандары – қазақ қолөнерінің бірегей туындылары болып есептеледі. Музей-қорық шырағдандар коллекциясы бойынша соңғы жылдары «Шырағың сөнбесін», «Шырағың парласын», «Мыңжылдықтар сәулесі» тақырыптарында еліміздің бірнеше музейлерінде көрмелер ұйымдастырды.
Әсіресе, 2012жылы Астана қаласы, ҚР Тұңғыш Президенті музейінде өткізілген «Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесіне келушілердің саны мен сапасы жағынан көрсеткіштері барлық бұрын соңды өткізілген көрмелердің көрсеткіштерінен асып түсті. Көрменің ашылу салтанатына Астана қаласындағы бүкіл шетел елшіліктерінен, жалпы саны 27-28 елшілер мен салалық министрліктер өкілдері, мамандар, студент жастар қатысты. Ежелгі Түркістан тарихымен байланысты қыш шырағдандардан бастап, орта ғасырдағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Әмір Темірдің сыйға тартқан қола шырағдандары, яғни көрмеге шығарылған құнды түпнұсқа жәдігерлердің шығу тегі, жасалу технологиясы, мәні мен мағынасы және тарихтағы алатын орындары бойынша берілген көрме материалдары келушілердің зор қызығушылығын туғызды. Осы көрмеде алғаш рет ежелгі қыш шырағдандар мен XIVғасырдағы кесенеге Әмір Темір сыйлаған қола шырағдандарға өздерінің функциясын орындауға мүмкіндік жасалды.
Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған жәдігер 1978жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейлендіру барысында, Өзбекәлі Жәнібековтың, кесененің бар бөлмелеріне тұңғыш рет электр жарығы жүйесін жүргізу барысындағы, арнайы тапсырыспен сол кездегі Казмузейреставрация мекемесінің ұста-шілеңгіршісі Дәркембай Шоқпаровқа жасатқан аспалы шырағдандарының бірі. Бұл шырағдандар кезінде жәдігер ретінде емес, көне үлгі бойынша заманауи түрде жасалған электрлі жарық құрылғысы, яғни шам-люстра ретінде кесененің әр бөлмесіне қойылған болатын. Дегенмен сол кездің өзінде-ақ оларды музейдің ең кемінде көмекші қор есебіне алуға тұрарлықтай зат болатын. Бұл жерде біз, Өзбекәлі ағаның музей ашу ісімен айналысқан кезінде, оның тек музейлік экспозициялық құрылымының ғылыми негізделгеніне ғана баса назар аударып қоймай, сонымен қатар оның интерьерінің де тақырыпқа сай жабдықталуына көңіл бөлгендігін көреміз. Олар кесененің әр бөлмесінде, тіпті 1979 жылы ашылған Шығыс моншасы музейінің бөлмелерінде де жарық беріп тұрды. Бірақ, музейдің шаруашылық есебінде болғандықтан уақыт өткен соң есептен шығарылып жоғалып кеткенге ұқсайды. 2017 жылы қоймада сақталып қалған тек бір данасы музей-қорықтың ғылыми көмекші қорына 2121 нөмірімен қабылданған.
Шырағдан үш аяқты әсемделіп шекпеленген шынжыр бекітілген дөңестеу келген мыс табақша, бетінің орта тұсында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында әрбіріміздің үйімізде болған керосин майымен жанған шынылы май шамның білтесіне ұқсатып жасаған бөлшегі бар аспалы электр шамы болатын. Табақшасының төменгі бетіне Өзбекәлі Жәнібековтың кесенеге тапсырған және бір заты – қазақ батырларының қару-жарағы сериясынан КК 134 нөмірмен музей қорына тіркелген Қалқанның сырт бетіндегі шекімелі керемет ою-өрнегі түсірілген, яғни, бір шебердің қолынан шыққан өнер туындылары.
Мақаламызда, шырағданның тек материалдық құндылығына ғана емес сонымен қатар оның рухани мәні мен мағынасына, құндылығына келетін болсақ, мынадай ой-пікір түйіндеуге болады. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-бабаларымыз «шырақ» ұғымына өте зор мән-мағына беріп, өнегелі тағылымдық маңызы зор әдет-ғұрыптарымыздың бірі деп санағанын білеміз. Шырақты ілім-білімнің, ғылымның, даналықтың символы деп білген бабаларымыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, оның қабіртасы айналасына 6 дана алтынмен апталып, күміспен қапталған қола шырағдандарды Әмір Темір тектен-тек сыйламағанын белгілі. Бұдан кейін де ХVI ғасырда кесенеге арнайы пішіні құмыра тәрізді керемет аспалы қола шырағданды Сайрамдық Уаққас деген кісі жасатып, сыйға тартқанын және ол шырағдан сол уақыттан бері 1990 жылдарға дейін кесененің Қабырхана бөлмесінде орналасқан солтүстік ойығы аркасында ілулі тұрды. Сонымен қатар, қос құлақты қола шырағдан және басқа да кесенеде сақталған тұғырлы шырақтар Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы берілгендігінің айғағы. Бұл шырағдандар ұлы әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауи рухын нұрландырып тұрсын деген ниетпен жасалды деп ұғынатын болсақ, онда арада қанша уақыт өткеннен соң, 1978 жылы аяулы ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков те кесене бөлмелеріне алғаш рет электр жүйесін жүргізіп арнайы шырағдандар қою арқылы әулие бабаның рухын нұрландыратын шырақтарын жақты деп түсінгеніміз жөн.
Музей-қорықтың құрамына еретін «Түркістан тарихы» музейі ғимаратында 28 тамыз 2024 жылы ұйымдастырған «Өзбекәлі Жәнібеков және музей ісі» көрме экспозициясына Өзағаның өзі арнайы тапсырыспен жасатқан осы аспалы шырағданы, өз функциясын орындай отыра тұңғыш рет шығарылды. Мұндағы мақсатымыз, осы шырағдандарды қою арқылы Өзаға, бұдан 46 жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи әулие бабамыздың рухын сәулелендірген болса, қазір Өзіне арналған көрмеде Өзағаның рухын нұрландырып тұрсын деген ниетпен қойылды деп ұғамыз.
Қорыта келе айтарымыз, еліміздегі әрбір отбасының, әулие бабаларымыз бен отаны, халқы үшін аянбай еңбек еткен аяулы ағаларымыздың шырақтары мәңгігі өшпесін демекпіз.
Жылдық жоспарға сәйкес, қыркүйек айының 25-і күні Қожа Ахмет Ясауи мәдениетіне қатысты елдің аузында, қолында сақталған мұраларды іздестіру, жинақтау мақсатында Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы атынан ғылыми экспедициямен Қазығұрт ауданына барған болатынбыз. Аудан орталығы – Қазығұртта бізді өлкетанушы Кәрім Аппазов ағамыз қарсы алып, әуелі осы аудандағы Ясауи ілімінің көрнекті өкілдері әкелі-балалы Ыбырайым атаның ұлы Ысмайыл ата мен Ысмайыл атаның ұлы Ысхақ атаның кесенелеріне ертіп барды. Енді сіздерге сол Ысмайыл ата турасында қысқаша ақпарат беруді жөн санап отырмыз.
Бұл әулие атамыздың аты-жөні көне жазба деректерде шайх Ысмайыл ата ибн Ыбырайым ата Қазығұрти әт-Түркістани деп келеді.
Ысмайыл ата анадан тума әулие болған, ол кісінің туылуы рамазан айында болған, сол күні анасын ембеген, кеш батқасын емген, рамазанның соңына дейін солай болған, отыз күн таусылғасын күн бұлтты болғасын жұрт екі ойлы болып қалған, бүгін айт па жоқ па деп. Әзірет атаның анасы айтқан, «балам рамазан айы бойы ембеген еді, міне бүгін емді, ораза таусылған болар» деген соң жұрт таң қалып тұрығанда, басқа жақтан кісілер келіп, кеше айды көргендерін айтып жариялайды. Содан жұрт атаның кереметіне иман келтірген екен. Бұл дерек Ясауия мәдениетіндегі бірегей шығарма, өзінің ұлы Ысхақ Атаның «Хадиқат ул-арифин» атты еңбегінде, Маулана Лутфулла ибн Маулана Абдулфаттах әт-Түркістанидың еңбегінде, Маулана Мұхаммед Шәріптің «Хужжат уз-закиринінде» және т.б еңбектерде ерекше құрметпен айтылады.
Ысмайыл Атаны сәби кезінде Ұзын Хасан атаға апарған екен. Сонда Ұзын Хасан ата нәрестені омырауына алып, «бұл елдегі берекенің барлығы осы сәбидің шарапатынан екен» деп мейірін төге тамсанды дейді. Бұл хикая Хужжат уз-закиринде Ясауи мәдениетіндегі таңдаулы туындылардың бірі «Ламахат мин нафахат ил-қудстан» алынғаны айтылады.
Ысмайыл атаның әкесі Ыбырайым ата Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабаның халифаларынан болған. Кейіннен Ыбырайым ата Әзірет Йашлығ Жүніс атаның сұхбатында болады. Сол Йашлық Жүніс ата Ысмайыл атаның әкесі Ыбырайым атаға «Түпсіз құрмет, шексіз ұлылық сізге және сіздің әулетіңізге инаят етілді. Сіздің бір перзентіңізді таңдады. Оған шексіз мөлшерсіз бақыт берді. Қашан уақыты келіп шыққанда қадір-қасиеті шығыс пен батысқа тарайды. Сансыз мүриттері болады. Оның себебінен көпшілік бойларындағы мінінен құтылып өте жоғары дәрежелерге жетеді» деп осы Ысмайы ата жөнінде сүйінші хабар берген дейді. Сөйтіп, «ол үшін сіздер Баршыннан Сайрамға, менің бауырым Сүзік Атаға баруларыңыз керек» деп батасын береді дейді.
Қазіргі таңда екі жерде, Сайрамда, әрі Ташкенде қабірі бар, шын аты Мұстафақұл болған Ахмет Ясауи бабамыздың немересі Сүзік ата да осы Ысмайыл ата жөнінде оның әкесі Ыбырайым атаға «Жақында біз бұл дүниеден көшеміз, сонда сіздің перзенттеріңіздің бірі біздің орнымызды басады, даңқы бізден асады, есепсіз халайық ол кісінің ізінен ереді» деп сүйінші хабар берген.
Әзіреті Ысмайыл ата өз заманының Құтыбы, яғни сол кездегі барша әулиелердің Басшысы болған. Тұрбатта дүние салады. Әмір Темір көреген ол кісінің мазарының үстіне үлкен кесене тұрғызды. Атаның осы жерде медерсе ұстап, шәкірт тәрбиелегенін кесенесінің айналасындағы шілдехана, мешіт және әлі зерттеле қоймаған жер асты ғар, қылуеттерінен аңғаруға болады.
Әзірет Ысмайыл атадан он сегіз бала қалған. Әрқайсысы жарқыраған күндей, ізденушілерді мақсатқа жеткеріп, әлемге жол көрсеткен дейді. Сол ұлдарының бірі Ысхақ ата жөнінде келесі жазбамызда айтатын боламыз.
Тарихы бай, тағлымы терең Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері басталды.
Бүгін Этноауылда ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдар насихатталып, «Қаратау тәжі» ұлттық аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы көрмесі және шеберлік сағаттары көпшіліктің көзайымына айналса, «Қаратау жауһарлары» өлке тарихынан сыр шертетін көрме және фотоаймақ келген қонақтарға таныстырылды.
Одан бөлек, жастар сауық-сайран құрып «Алтыбақан» ойынын көрсетсе, жас ақындар айтыс өнерінен сынға түсті. Кентау қаласының халықтық атағы бар «Шапалақ» театры «Аңых астары» атты көріністер көрсетіп елдің ыстық-ықыласына бөленді. Кентау қаласынан шыққан қала мақтаныштарының «Аңыз адам» көрмесі мен «Дәстүрлер даналығы» ұрпақ тәрбиесіне терең мән берілетін салт-дәстүрлеріміздің ерекше түрлерінен қойылымдар көрерменге жол тартты.
Түркістан төрінде осылайша ашық аспан астында мәдени шараны барынша жан-жақты көрерменге ұсынған кентаулықтар «БауырсақFest» ұйымдастырып келген қонақтарға бір тонна бауырсақ таратты.
Айте кетейік, Кентау қаласының мәдени күндері 12 қыркүйекте сағат 10:00-ден ауылшаруашылық жәрмеңкесі, ұлттық ойындар, батпырауық ұшырудан сайыс басталады. Кешке танымал жарық жұлдыздары АқботаНұр Сейтмаханбетова, Kayl Рух лақап атымен танымал жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Кештің көркін ашатын жүргізушілер Түркістан театрының мықты майталмандары Ақсұлтан Әнуарбек, Гүлзада Айтбаева.
10 қыркүйек күні Астана қаласындағы Этноауылда Түркістан облысы өнерпаздарының мәдени-концерттік бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз:
сағат 11:00-16:00 аралығында Отырар халық театрының ұлттық салт-дәстүр қойылымдарынан көрініс (күнделікті)
сағат 11:00-16:00 аралығында «Арша» тобының дәстүрлі ән шашуы
сағат 12:00-де «Шаңырақ» этно шатырында «Дала сазы» концертінде Түркістан облысының «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.
сағат 14:00-де Ақмола, Түркістан облыстары мен Ұлытау айтыскерлері сайысқа түседі. Облыс құрамасында «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Нұрмахан Жақыпбек және Нұрдәулет Өмірбеков бар.
сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасы аясында Түркістан облысы өнерпаздарының гала-концерті өтеді. Кеш қонағы – Маржан Арапбаева.
Күні бойы Түркістан облысының қолөнер шеберлерінің өнімдері көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынылады. Үш бірдей киіз үйде өңірдің мәдени-туристік әлеуеті кеңінен таныстырылады.
Айта кетейік, Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. 8 мен 13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысуда. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Түркістан облысынан «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылып, түркістандық керуен елордаға аттанған болатын.
Ал, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.
«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері өтті. Этноауыл аумағында ауданнан шыққан танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі қойылып, жиылған қауым аудан мәдениетімен кеңінен танысты.
Бұдан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, ауылшаруашылық өнімдерінің және ұлттық тағамдардың көрме жəрмеңкесі халыққа ұсынылды. Қалаға келуші туристер ұлттық астан дәм татып, өз пікірлерін білдірді.
Шарада «Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді» атты салт-дəстүр, əдет-ғұрыптардан көріністер сахналанды. Көне салт-дәстүрлер дәріптелді. Қазақ руханиятының төл тұмары саналатын терме, халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламалар көрсетілді. Мархабат Байғұттың «Машаттағы махаббат» повестінен көше театры стилінде «Мақталы» халық театры музыкалық-сахналық қойылымды сомдады.
Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, бес асық, гір тасын көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрестен көрермендер мен спорт мектебінің мамандары арасында жарыстар ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Екі күнге созылған мәдени шара «Керуен сарай» алаңында өткен мерекелік гала-концертпен қорытындыланды. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов қатысып, ізгі лебізін арнады.
Мың жарым жылдан астам тарихы бар, қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған киелі Түркістан қаласының аспан астында аудан әншілері «Қызғалдақты –Түлкібас», «Саржайлауым», «Қазақстаным» атты әндерді шырқаса, бишілері «Айгөлек» сынды би қойылымдарын қалың жұртшылыққа паш етті.
Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібастықтар қазақы мәдениет пен көне салт-дәстүрлер дәріптеп, ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіп, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттай білді. Аудан өнерпаздары алаңды думанды ән-биге бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына көңілді кеш сыйлады.
“Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Мұражай қорында археологиялық қазбадан табылған алтын сырғалардың бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде ерекше үлгідегі сырғалардың бірі – сұрақ белгісі түріндегі сырға. Мерзімделулері ХІІІ-ХІVғғ. тән, Сауран, Күлтөбе қалаларынан табылған сырғалар. Жалпы сұрақ белгісі тәрізденген сырғалар негізгі бөліктен және сырғалықтан тұрады. Бірінің сырғалығы сым, пішіні ілмек тәрізді жұқа болса, келесісінің қимасы дөңгелек, жоғарғы ұшы бар сақина түрінде жасалып, жіңішке сымға 5 дана әр түрлі мөлшердегі ұсақ інжу тас ілінген. Ғылымда мұндай сырғаларды «қыпшақ» үлгісіндегі алтын сырғалар деп атаған.
Сұрақ белгісі тәрізді, бірақ мыстан жасалған сырғалар Отырар қазбаларынан да табылғандығын атағанымыз жөн. Осы тәрізді мыстан жасалынған сырғаларды Отырар халқының қарапайым тұрғындары таққан болуы керек деп болжауға болады. Жалпы, мұндай сырғалар кейінгі ортағасырлық қабаттардан жиі табылған. Мәселен, Тараз №3 рабадының ХІІІ – ХІVғғ. қабаттарынан да сұрақ белгісі тәрізді сырға табылған.
Зерттеуші ғалым Т.Н.Сенигова мұндай сырғалардың Орталық Қазақстан аймағындағы обалардан табылуын қалалықтарға қыпшақтардың ықпал етуімен түсіндіреді. Ендеше сұрақ белгісі үлгісіндегі алтын сырғалардың кездесулері қыпшақ және басқа да далалық тайпа өкілдерінің қала халқының құрамында болғанының айғағы деп түсінуіміз керек.
Тағы да айта кету керек, осындай сұрақ белгісіне ұқсас сырғалар Түркіменстанның Ташау облысындағы ортағасырлық Шехрлик қаласынан да табылғанын ғалымдардың еңбектерінен кездестіреміз.
Келесі ерекше үлгідегі сырғалар – Күлтөбе қаласынан табылған, III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған «калаш» түріндегі сырғаларға. Олардың пішіндері бір-бірін қайталайды, айырмашылығы тек өлшемдерінде және қондырылған көздер санында. Жалпы пішіні сопақша болып келген, сырты жұқа алтын фольгамен қапталған. Сырға беттерінде көздер қондыруға арналған сопақша немесе дөңгелек ұяшықтар орналастырылған. Сырғаның жоғарғы екі ұштарына қола ілмектері бекітілген.
Өкінішке қарай, ілмектері толығымен сақталмаған, тек бір сырғада ғана кішкене бөлшегі сақталған екен. Мұндай сырғаларды жасау технологиясының өзгешеліктері бар: бөлшектер бөлек немесе бірге құйылуы мүмкін, дәнекерленуі де мүмкін. Калачи сырғалары бүгінгі күнге дейін Азиядан Еуропаға дейінгі әртүрлі халықтардың мәдениеттерінде кездесетін сырғалардың ең көне түрлерінің бірі болып саналады.
Белгілі археолог, ғалым Е.Смағұлов, өз еңбегінде ресей ғалымы А.Торгоевтың Күлтөбеден табылған сырғалар жайында айтқан пікірін сүйеніп, «Сырғалар Күлтөбеде өмір сүрген зергерлердің қолынан шыққан” деп есептеуге болатынын айтқан. Музей қорындағы осындай «калаш» ,«сұрақ белгісі» тәрізді сырғалар сирек кездесетін ерекше сырғалар қатарына жататын құнды жәдігерлердің бірі болып саналады.
Ә.Егеубаева – “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.