Архив рубрики: AQJOL партиясы

Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай «Ақ жол» Демократиялық партиясының мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгін Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл оқиға еліміздің тарихындағы жаңа кезеңнің бастауын айқындап, ауқымды саяси, экономикалық және қоғамдық жаңғыруларға жол ашады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы барша Республика азаматтарын осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтайды.

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік дамуындағы маңызды белеске айналып, еліміздің алдағы стратегиялық бағытын айқындады. Бүгіннен бастап бұл тарихи таңдау нақты жүзеге аса бастайды. Конституция күшіне енген сәттен мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі басталып, оның қағидаттары мемлекеттік шешімдердің де, жүргізілетін саясаттың да берік негізіне айналуға тиіс.

Конституция мемлекеттің құрылымдық негіздерін ғана емес, оның стратегиялық даму бағдарын да белгілейді. Осы конституциялық нормаларды іс жүзінде іске асыру Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі басты міндеттердің бірі болмақ.

«Ақ жол» демократиялық партиясы үшін Жаңа Конституцияның парламентаризмді, саяси бәсекелестікті, тәуелсіз сотты, жеке меншіктің қорғалуын, экономикалық еркіндікті және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін одан әрі нығайтуға берік негіз қалауы айрықша маңызды. Бұл қағидаттар партиямыздың ұзақ жылдар бойғы басты басымдықтарының бірі болып келді және Конституциялық комиссия жұмысының барысында көрініс тапты.

Демократиялық институттарды нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, Заң үстемдігі қағидатын мүлтіксіз сақтамайынша еліміздің одан әрі өркендеуі мүмкін емес екеніне сенімдіміз.

Қоғамдық санадағы өзгерістердің де маңызы бұдан кем емес. Әділдік, жауапкершілік, заңдылық, жасампаз еңбек пен отаншылдық қағидаттары ел дамуының берік рухани тірегіне айналуы қажет. Сонда ғана жүргізіліп жатқан реформалар қайтымсыз сипат алып, Қазақстанның тұрақты әрі ілгері дамуына жол ашады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы бұдан былай да заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен отандық кәсіпкерлікті қорғауға белсенді атсалысып, конституциялық қағидаттардың өмірде толық жүзеге асуына және Қазақстан Республикасының одан әрі дамуына өз үлесін қоса береді.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі әділетті, құқықтық әрі қуатты Қазақстанды қалыптастыру жолындағы, Тәуелсіздігімізді нығайтудағы, ұлттық экономиканы дамытудағы және қоғам бірлігін бекемдеудегі маңызды қадам болатынына кәміл сенеміз.
Барша Қазақстан Республикасы азаматтарын Жаңа Конституцияның күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймыз!

Елімізге бейбітшілік, бақ-береке, бірлік, сенімді дамуды, бүгінгі әрі болашақ ұрпақтың игілігі жолындағы толайым табыстарды тілейміз.

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА 150 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында 264 мәдениет үйі мен клуб қызмет көрсетеді. Мәдениет саласындағы инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы тапсырмаға сәйкес, өңірде мәдени ошақтар бой көтеріп жатыр. Осы ретте Отырар ауданында орналасқан М. Шойманов атындағы 150 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа мәдени ошақтың ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарын заман талабына сай бой көтерген мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.

– Отырарды білмейтін қазақ жоқ. Осындай қасиетті топырақтан болашақта әлемге танымал өнерпаздар шыға берсін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда мектеп салынды. Өндіріс дамып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік нысандар құрылысы ел игілі үшін жүзеге асуда. Инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмайды, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекеде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағының жалпы алаңы – 76 гектар. Мұнда білікті мәдениет өкілдері еңбек етеді.

Заманауи үлгіде салынған рухани ордада кітапхана, үлкен зал және би залы орналасқан. Хореография, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру және жуыну бөлмелер бар. Қызметкерлерге арналған кабинеттер барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған.

Қ.Нышанов: Ауыл тұрғындарының талап-тілегі басты назарда

Елімізде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы  Заңына сәйкес  мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді. Осыған сәйкес, Төлеби аудандық Мәдениет үйінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Нұрлан Қозыбақов, Ханай Әшірбеков және Ғалымжан Елшібаймен бірге халықпен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап бердік.
Басқосуда тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен талап-тілектер айтылды.  Солардың қатарында Зағамбар ауылының тұрғыны Мәдениет үйінің  құрылысын жүргізуді, Бейнеткеш елді мекенінің көшесін асфальттауды өтінді. Қасқасу ауылының тұрғыны оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі мен ауыл жастарынан құрылған воллейбол командасын қаржылай қолдауды сұрады. Сондай-ақ, Ленгір қаласы №8 колледжінің  ұстаздары спорт зал мен шеберхана қажеттігін, бұған қоса білім ошағының ғимараты апатты жағдайда тұрғанын жеткізді.
Аудандағы тағы бір өзекті мәселе мамандандырылған Дарын мектебіне қосымша ғимарат құрылысын жүрізу болса, Кемеқалған елді мекенінің зейнеткері Абай шағын жинақты мектебінің ғимаратын жаңартуға көмек сұрады. Ал, Екпінді мен Қосағаш елді мекенінің халқы ауылға спорт кешенінің қажет екенін айтты.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелері қашанда басты назарда болады. Тиісінше, халықтың өтініштеріне сәйкес аудағы уақытта, тұрақты комиссия отырыстарында жауапты сала басшыларына сауалдар жолданып, облыстық деңгейде шешімін қарастыру, бюджетке енгізу шаралары жүргізіледі.
@Қанат Нышанов – Түркістан облысы мәслихатының депутаты