Түркістан облысының орталығында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың ішінен алматылық Құрметжан Ербах бас жүлдені иемденді. Жүлдені Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тапсырды. Ал, салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасы байқаудың өту барысына тоқталып, пікірін білдірді.
Терме – халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгілерінің бірі деп айтуға болады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастаған бұл өнер – қазақ халқымен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылықтарында да кездеседі. Ал, әсіресе Қазақстанның батыс аймағы мен сыр бойында мол дамыған. Халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме, айтыс өнері қайтадан жаңғырып, жанданып келеді. Термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндікдіктер туғызып отыр.
«Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезінде жалғастығын таппаған дәстүр де жоғалады». Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай айтқандай, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып тәрбиелейтін, байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен тұратын жыр-толғау, терме жанрларын кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру өте маңызды істердің бірі. Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауының мақсат-міндеттері де: мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты қолдау, «жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен насихаттау, ұлттық жанрды жаңғырту және дамыту, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамыту, халық арасында ұлттық мұрамызға және рухани құндылықтарымызға деген қызығушылықты арттыру болды.
Екі кезеңнен тұратын байқауда 16 жыршы-термеші бақ сынады. Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушы оңтүстік өңірінің термелерінен ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде оңтүстік термелерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындауы тиіс.
Әуезді әуеннің, мағыналы мақамы мен сиқырлы сазды иірімдері ұлан-ғайыр даламыздың табиғаты мен тыныс тіршілігін, алуан түске бояп, түрленіп отырады. Қазылар алқасының құрамында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Елікбай Иса, термеші, ақын, сазгер Жәкен Омаров, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов бар.
Байқау жеңімпазын екі кезең нәтижесі бойынша қазылар алқасы анықтады. Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, ІІ орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан, Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысынан Байдос Қожасағиевке тапсырылды.
Елімізде, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұлттық өнерді, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту, дәріптеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі таңда, мектеп оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығы жарық көріп, орта білім жүйесіне қосымша пән ретінде енгізу мәселесі де басты назарға алынды. Бұл бастама күй өнеріне қоса текті сөздің төресі ретінде салт-санамызбен бірге жасасып келе жатқан жыр-толғау, терме дәстүрін де жандандырып, тәрбиенің бөлінбес бір бөлшегіне айналады деген үмітке жетелейді. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ өз заманының мұңын жырлаған Шернияз, Майлықожа, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты т.б. ақындарымыздың термелерімен сусындап, адамгершілік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен әдепті үйренеді. Сондықтан, өнер бұлағының көзін одан әрі жандандыра түсу және насихаттау маңызды.
Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың алар орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен насихатталып жүр. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, сонымен қатар рухани байлық пен денсаулық үшін де пайдасы орасан зор екені анық. Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен ерсі әрекеттерден алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіру, ұл-қыздардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс беру өте маңызды істердің бірі.
Дәл осындай бағытта, Келес ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты жас ұрпақты ауылдың тыныс тіршілігімен, негізгі кәсібі мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен таныстыру, қазақ халқының ауыл шарушалығына байланысты ұмыт қалған көне сөздерді жастардың жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау. Аталған шараны Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қала берсе ұлттық ойындарымызды насихаттайтын іс-шаралар ауданымызда көптеп ұйымдастырылса, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз қайта жанғырары сөзсіз— деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев.
Жалпы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі, дәстүрлі шаруашылық өмірінен бастау алады. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Яғни, ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына деуге болады. Яғни, ұлттық ойындар адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың қалыпты дамуына жол ашады. Әсіресе жастардың санасына ұлттық құндылықтардың тәрбиесін сіңіре отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарымен тәрбиелеу өте орынды. Келес ауданында ұйымдастырылған шара барысында ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерден жиналған 100ге жуық жастар өзара команда болып бөлініп қазақтың ұлттық ойындарынан белдесіп кіл мықтылардың арасынан шын мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, арқан тарту, садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу,сиыр сауу түрлерінен болған сайыс қызық әрі тартысты өтті.
Жалпы, ұлттық ойындар педагогиканың дәстүрлі құралы болып саналады. Ол, бала өмірінің табиғи серігі, көңіл-күйінің бұлағы. Онда адам өмірінің бейнесі, тұрмысы, салт-дәстүрі, еңбегі, халықтық намыс, батылдық туралы көзқарастары, жылдамдық, шеберлік қимылдарды меңгеру, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ептілік пен тапқырлыққа деген талпыныс айқындалып жетіле түседі. Осылайша жасөспірімдер санасына жастайынан туған елдің мәдениетіне, әдет-ғұрпына деген қызығушылық, сүйіспеншілік және қадірлеу секілді сезімдер қалыптасады. “Ауылдағы бір күнім” іс шарасында осындай бағыттар басты назарға алынып, жастарға тағылым болсын деген мақсатпен арнайы қой сойылып, оны жік жікке бөліп жіліктеу де үйретілді.
Іс-шара барысында жастардың қызығушылығын арттырған ұлттық спорттың бірі садақ ату болды. Негізі садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылықтардың бірі. Қазақтың тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер де өте көп болған. Оған батырлық эпостар, хисса-дастандарда кездесетін деректерде дәлел. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым деуге де болады. Оны ата-бабаларымыз ертеде аң аулауға, кейін соғыс ісінде қару ретінде пайдаланды. Сәйгүлік мінген жау-жүрек батырлар қорамсаққа қол салып, кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер осының айғағы.
Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқан деген тарихи деректер де бар. Көшпенді өмір салтын осы уақытқа дейін ұмыт қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген қазақ халқы, ердің бес қаруының бірі саналатын садақты да көптеп насихаттап келеді. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін кеңінен дәріптеу және жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылған “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарада да дәл осы садақ ату өнерінің қыр сыры дәріптелді.
Сондай-ақ бұл күні жастар арқан тартудан өзара мықтыларын анықтады. Арқан тартыс ойынының бір өзінде көптеген тәрбиелік мән бар. Оның пайдасы өте көп. Арқан тартыс ойыны адамдарды шымырлыққа, ептілікке үйретеді. Дененің қимыл-қозғалысын ширатуда ешбір спорт түрінен кем түспейді. Сонымен бірге балалардың зердесін дүние-танымын кеңейтетін бірден-бір ойын. Қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс арқылы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туған елге, жерге, өз отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға да болады.
Айта кетейік, бұл күні қатысушылар кешкі алау аясындағы еркін форматтағы жүздесуге қатысып, өзара әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алды.
Түркістан облысында қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын барынша бейнелеп, мәдениетінен сыр шертетін музейлер жетерлік. Солардың бірі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы музейі. Бұл нысан 1994 жылы 12 сәуірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы мерейтойы құрметіне тарихи-танымдылық мақсатта ашылған. Музейді аптаның бес күнінде барып тамашалауға болады.
2021 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын-жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 3000-ға жуық жәдігер сақталған. Музей тек аудан тұрғындары келетін орын емес, басқа да туристер тамашалайтын орын. Сондықтан музейдің барлық бөлімдері эстетикалық және ғылыми талаптарға сай болу бағытында жасалған. Музей экспозициясы арқылы туристер өңір тарихымен, мәдениетімен танысуда.
Музей залдарын әрлеуші суретші-дизайнерлер экспозициялық кеңістікте неғұрлым айқын формадағы архитектуралық-көркемдік үйлесім таба білген. Жоғарғы ауқымдағы идеямен архитектуралық-көркемдік деңгейге ие, қазіргі кезеңдегі техналогияның мүмкіндіктерін экспозициялық кеңістікте кеңінен пайдаланып, кешендік шешім жасалған. Экспозициялық кеңістікте ауданның табиғат диорамасы көрнекті орналасқан. Кіріспе бөлімде Созақ ауданының табиғи картасы ұсынылған: климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі кең көлемде ұсынылып, келушілерге муляждар, суреттер түрінде мол мағлұмат береді.
Киелі орындары, кесенелер түсініктеме баннерлер, макет, фотолар арқылы кенінен сыр шертеді. Жарығы мол, кең залдың көрікті көрінісі келушіні бейжай қалдырмайды. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ғұмыр жолына арналған бас экспозицияда қайраткердің ғұмыр тарихы, көріністері айшықты ұсынылған.
Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов — 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде Марксизм-ленинизм курсын бітірген. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған қайраткер.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өлкеде кеңестік билік тұсында болған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес үкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Қайраткердің алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы да елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.
Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетеді. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізеді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.
«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан.
Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған. Сондай-ақ, бүгінде Созақ ауданында Сұлтанбек Қожанов атындағы музей де өз жұмысын атқарып келеді. Бұл музейде оның қайраткердің суреттері және құжаттарының көшірмелері қойылған. Шығармашылығына сөре арналған. Хаттары ілінген. «Шүлен көже таратуы» да тарихи маңызды екені ақиқат. Бұл да экспозициядан көрнекті орын алған.
Екінші қабатта қазақтың тарихи кезеңдері де лайықты шешімін тауып, келушіге мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған. Мемлекетіміздің қилы кезеңдері, өлкеміздің өсу, өркендеу жолы деректері де мол қамтылған. Осы қабатта өзге экспонаттармен әдемі үйлескен киіз үй көз тартар көрнекті орында орналасып, қазақ тұрмысынан мол мағлұмат береді.
Археология бөлімінде Созақ жерінен табылған балбалтастар, таңбалы тастар да өлке тарихынан сыр шертеді. Созақ елі ҰОС 1941-1945 жылдарында, өлке әдебиеті мен өнер саңлақтары, айтулы тұлғалар жайлы арнайы стенділер, тағы басқа бағалы дүниелер арнайы сөрелерде келушілер назарына ұсынылуда.
Келес ауданында айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында Келес аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.
– Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнерінде көптеген жетістікке жетіп, жиырмаға жуық бас жүлдені жеңіп алған. Бүгін біртуар азаматты еске алып, республикалық аламан айтыс өткізіп отырмыз. Ауданымызға арнайы келген жыр жампоздарына қош келдіңіздер демекпін. Барша тұрғындар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені сіздер Алла берген таланттарыңыздың арқасында, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрге тәрбиелеуге зор үлес қосып келесіздер, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев
Жалпы айтыс алуан қырлы өнер. Қоғамдық ойды қозғаушы күш деуге болады. Қазақ халқы үшін айтыс өнерінің орны бөлек. Кешегі қиын қыстау кезеңдерде де ұмыт болмай, талай ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан мәдени мұра, ата-бабадан аманат болған ұлттық өнердің мәңгілік екенін және оның алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі де дәлелдеп берді. Бүгінде айтыс өнерінің дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны халықты қуанышқа бөлейді. Сол арқылы өзекті мәселелер, елдің бірлігі мен ынтымағы, көкейде жүрген әрбір азаматтың айтары, мәдениет пен тарих, жалпы қоғамдағы шындық, бәрі де ақындардың жүрегінен елдің жадына жеткізіледі.
Келес ауданында ұйымдастырылған аламан айтыста да елімізге белгілі айтыскер ақындармен қатар, өңірдің жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.
Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Мұхтар Ниязов (Қызылорда) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Анар Жаппарқұлова (Шымкент), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан), Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдесі Қажымұхан Абзал (Түркістан), Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлдесі Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдесі Жақыпбек Нұрмаханға (Түркістан) бұйырды. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сырғалар жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға болып көптеген түрге бөлінеді. Бүгінде осындай сырғалардың бірнеше үлгісін Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан кездестіруге болады. Музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева қазақ халқының салт-дәстүрінде әшекейлердің өзіндік мәні мен маңызы бар екенін айтады.
«Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген. Салт-дәстүр бойынша қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Сондай-ақ, қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Мұндай ұғым басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, якуттарда сырғаны бесікті қорғау үшін ілетін болған. Ал қорым мен көктаста сырғаның бейнеленуі қайтыс болған адамның әйел екендігін білдіреді. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуіне деген ізгі тілек жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан. Ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген ізгі тілектен туындаса керек. Бұрын ер баласы тұрмай жүрген немесе баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп қартайғанда көрген осы ұлымыз тұрсын, тіл-көзден, әр түрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана оны құлағынан шешіп алған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғасырдың басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін де кездесіп қалып отырған», -дейді «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.
Деректерге сүйенсек, ең алғаш сырғалар Шығыс Европада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған екен. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да соның ішінде жауынгерлер мен батырлар бір сырға ғана тағатын болған. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшкен. Ал б.з.б. ІІ ғ -.б.з ІІ ғасырынан бастап алтын мен күміске асыл тас орнатылып, сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастапты.
Ал, жалпы қазақ халқының ұлттық әшекейлері күмістен, алтыннан, қоладан және мыстан жасалған. Қыздар мен әйелдер үшін бұл негізгі материалдар болды. Тастардың ішінде інжу, кәріптас, маржан, аметист, рубиндерге артықшылық берді. Негізгі сенімдер бойынша олар қиыншылықтар мен зұлымдықтардан қорғаған. Сондай-ақ, қазақ халқының танымал әшекейлері – алқалар мен салпыншақтар. Олар әлеуметтік-мәдени және діни маңызға баса назар аудару үшін ерекше формада жасалады. Мысалы мұндай зергерлік бұйымдарын үйленбеген қыздар, қалыңдықтар, жас әйелдер мен бала емізетін аналар кие алады. Бұл массивті әшекей және жақсы мүсінді қажет етеді. Наным бойынша, бұл әшекей зұлым көзден, зұлым рухтардан және аурулардан құтқарады.
Зергерлік бұйымдардың тағы бір нұсқасы ол — тұмарша (бойтұмар) және алқа. Бұл екі жағында тізбектерде орналасқан салмақты үшбұрышты салпыншақ. Төменгі жағында оны монеталар немесе қоңыраулар толықтыра алады. Олар жағымды әуен шығарады. Салпыншақтың беті күміс немесе алтын жалатылған. Көбінесе тұмарша былғарыдан немесе тығыз матадан жасалған. Қуыс үшбұрыштың ішіне құран парақтарын салуға болады. Бұл әшекейді Шығыс Түркістан қыздарының костюмдерінен жиі көруге болады.
Алқаның тағы бір түрі — омырауша. Ол доға түрінде жасалынады. Көнеден халқымызда әйелдің табиғи энергиясын арттыру үшін зергерлік бұйымдарды кигізген. Көбінесе мұндай бұйымдарды ақықпен жасаған, өйткені ол сәттілік сыйлап, денсаулығын қорғап, күш-қуатын арттырады деген сенім болған.
Сондай-ақ, түркі тілдес халықтардың әйелдері мен қыз-келіншектерінде болуы міндетті әшекей сырға екені белгілі. Олар да тұмар қызметін атқарған деген деректер бар. Олар әрбір ханымды зұлым рухтардан қорғайды деп сенген және сырғалардың көбісі арнайы өсімдік немесе жануарларға ұқсас ою-өрнекпен бейнеленген. Мұндай өнімдер сондай-ақ әйелдің мәртебесін, оның отбасылық жағдайын білдірген.
Қазақстанның мұндай ұлттық зергерлік бұйымдары пішіні мен дизайны бойынша бөлінеді. Олар: ай және айшықты, ай және ай тәрізді сырғалар; тұмарша үшбұрышты әшекейлер; салпыншақты сырғалар; астары бас әшекейлер, қаралы — қараға боялған; иықты- иыққа тиетін сырғалар; сояу-үшкір бұйымдар және күмбезді әшекейлер болып табылады. Қазіргі уақыттың өзінде еліміздегі үйлену тойларында сырға салу және сырға тағу рәсімдері бар. Яғни, қалыңдыққа көбіне алтын сырға тағады.
Ал, салт-дәстүрімізде күміс бас киімдерді жауынгер ер адамдар киген. Олардың дулығасы оюлармен безендірілген және нақышталған. Тиісінше әйелдері де бастарында күміс немесе алтын ою-өрнектері бар талғампаз зергерлік бұйымдарды киген.
Қазақ қыздары әрқашан ұзын және қалың шаштарымен ерекшеленген және танымал болған. Мысалы: сақиналармен жалғанған ұштарында салпыншақтары бар таспалар,яғни шашбау болған. Ол, нақыштармен, қоңыраулармен немесе монеталармен қосымша безендіріліп отырған. Сондай-ақ, шолпы — ол інжу, агат және маржан, алтын мен күміспен безендірілген қыздарға арналған арнайы бас киім. Қазақ қыздары оны кәмелетке толғанға дейін киген. Ал үкі аяқ дегеніміз, бөлшектерді тырнақ түрінде қолданатын бас киімге арналған салпыншақ. Қыздардың басына арналған мұндай зергерлік бұйымдар әшекейлер мен тұмарлардың рөлін атқарған. Мысалы, шолпы қыздарды тәрбиелеу үшін қажет болса, әшекейлер әуезді дыбыс шығарып, қыз баласының мүсінін көркейте түскен. Сонымен қатар елімізде ұлттық әшекейді әйелдер де, ерлер де тағатын сақина болды. Бүгінде жүзіктердің бірнеше түрі бар. Мысалы құдағи жүзік — бірден екі саусаққа тағылатын жүзік, қызды жақсы қабылдағаны үшін алғыс ретінде қалыңдықтың отбасынан қайын енесіне беріледі. Құстұмсық — қалыңдық үйлену тойына дейін киіп, туған ауылына күйеу жігіттің отбасында оны жақсы қабылдағанының белгісі ретінде беретін сақина. Тағы бірі жүзік — оны сиқыр мен дуадан қорғайтын тұмар деп білген. Жүзіктердің бөлшектерін құю және нақыштау арқылы жасаған. Қазақ дәстүрінде бұл зергерлік бұйым әрқашан салмақты болған, тастармен және ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген.
Қазақ әйелдердің танымал әшекейлерінің бірі ол — білезіктер. Әйелдер оларды жас кезінен бастап киіеді, ал қартайған кезге әшекейлер көбейіп, олар үй иесінің білегін толығымен жауып тастайды. Кейбір дереккөздерде қыздың алғашқы білезігін күйеу жігіттен сыйлық ретінде алатыны айтылған. Бұл уәделесу сақинасының баламасы секілді болған. Атап өтетін болсақ бес білезік — қалыңдықтың киіміне кіреді, шынжыр баумен байланған сақиналар мен білезіктерден тұрады. Ал, тасты білезік — ұқыпты жақтаудағы асыл тастардан тұрған. Жұқа селдір білезіктің құрылымы да үлдір болып келген.
Қазақтың дәстүрлі әйелдер әшекейлері заманауи бейненің бір бөлігі бола алады. Зергерлік бұйымдар тек әдемі және қымбат бұйымдар емес. Бұл халықтың этникалық ерекшелігін сақтау тәсілі. Қазақтар мәдениетінің қалай дамығанын, ата-бабаларымыздың қандай дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болғанын, олардың ғасырлар бойғы тәжірибесінен не үйрене алатынымызды дәл зергерлік бұйымдар көрсете алады. Күнделікті көрініске шолпы, білезік немесе шашбау қосуға болады. Тәжірибе жасап, сақиналар, сырғалар және басқа да бұйымдарды қосудан қорықпаңыз. Ұлттық әшекейлер де заманауи қыздардың әшекейлер жиынтығында болуға лайық. Қазақ әшекейлерінің, соның ішінде сырғаның ғұрыптық мән-мағынасына тоқталсақ алғашқыда ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдірген. Мысалы, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар. Қазақтар мен түркімендердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмысын зерттеген неміс этнографы Карутц Рихард айтқандай: «Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген». Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей саналған. Сондықтан да, ел аузында құлақ тесу — қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген. Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін тақса, ал өзбектер үйленгенге дейін сырғасын алмаған.»,- дейді музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева
Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру адамгершілікке жетелейді. Кең байтақ өлкемізде буыннан-буынға жалғасып, әдептілік, имандылық, көрегенділік, мейірімділік, шарапаттылық ізетпен ілтипат танытып отыру – әдеп нормалары, ұлттық тәлімнің ең озық көріністері. Міне, сол қымбат қасиеттердің бәрі от басы, ошақ қасында басталады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қазақ атамыз. Жастарға рухани тәрбие беру құндылықтары – ар-ұят, адамгершілік, адамдық қасиеттерді ардақтау және сақтау. Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағындағы көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты. Жастар адамның рухын шыңдап, жігер беретін ортада ақыл-ойы ұшқыр, көргенді боп өседі.
Ізгілік – адамдықтың негізі, әрі адамгершілік қасиеттерінің жиынтығы. Құт пен ізгілік – егіз ұғым.
Ізгілік (латынша Нumanitas – адам табиғаты) – адамның еркін ойлауының әр түрлі көріністерімен байланысты, оған сәйкес еркіндікті, адамның индивидуалдық дамуын уағыздайды. Қоғамдық жағдайы мен өзінің шығармашылық күштерін еркін дамытатын жеке бас құқығына тәуелсіз түрде, адамның құндылығын, адамдардың арасындағы теңдік, әділеттілік, адамгершілік қатынастарды қуаттайтын көзқарастар мен идеялар жиынтығы. Сократ өзін-өзі тануды барлық ізгіліктердің алғышарты деп санаған, Лессинг өзін-өзі тануды ізгіліктің орталығы десе, Кант оны барлық адамдық даналықтың басы деп санайды.
Ізгілікке қарама-қарсы ұғым – зұлымдық. Нақ ненің бағамдалып отырғанына (жеке адамның қылығы, моральдық сапасы, адамдардың қарым-қатынастары не әлеуметтік қызметі) орай, ізгілік неғұрлым нақты– жақсылық, қайырымдылық, әділеттілік және т.б. ұғым нысанын алады.
Тарихи тұрғыда ізгілік адамдар арасындағы бытыраңқылық пен жатсынуды жеңуге, өзара түсіністікті, моральдық теңдік пен туысқандық бірлікті орнықтыруға жәрдемдесетін іс-қимылдар мен қоғамдық бастамаларды білдіреді. Ізгілікті бұлайша ұғыну – мұратқа ұмтылған адамның өз нәпсілерінен, материалдық мұқтаждықтан, жеке адамға жасалатын топтық және қоғамдық қысымнан тәуелсіз болуына себептесіп, ізгіліктің тарихи және жағдаяттық нақтылықтарына гуманистік тиянақтылық береді. Идеяда ізгілік адамның кемелділікке құлшынысын бейнелейді.
Зұлымдыққа қарсы қойылғанда ізгіліктің мазмұны іс жүзіндегі бағыттылыққа ие болады. Адам ізгілікті таңдағанда зұлымдыққа қатысып анықтап алуға, оны жою қажеттігін, ізгілік пен зұлымдықтың осы қарама-қарсылығын туғызған себептерді жеңу керектігін ұғынуға тиіс.
Жас өспірім тәлім-тәрбиені, ізгілік қасиеттерді үлкендерден, тәрбиешілерден насихат жолымен емес, тек шынайы көру, сезім қатынасында ғана алады. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзін- өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тәлім тәрбие берілуі керек. Жақсы ізгіліктің қасиеттердің түп негізі отбасында қалыптасатыны белгілі.
Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған.
Отбасында, балабақшада, қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі.
Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол ізгілікті, қайырымдылықты, мейірбандылықты дәріптейді. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, ізгілікке баулу ізгілік тәрбиесінің жемісі. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, ізгілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз.
Ізгілік – адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы ізгілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбилеуде қойылған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
Қазақ халқында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше. Жалпы, құндылықтар екіге бөлінеді: әуелгісі – ұлттық құндылық, екіншісі – діни құндылық. Ұлттық құндылықтар адамдардың табиғи, тарихи және әлеуметтік бірлігін қамтамасыз ететін этникалық кеңістікте қалыптасады. Ол сан алуан жолмен, әр түрлі формада көрініс тауып, адамдардың санасына, өмір салтына ерекше әсер ететіндігі айтылады. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық іс-әрекетінде ерекше көзге түсетінінен және осы көзқарастардың, іс-әрекеттердің, мақсаттардың, қажеттіліктер мен тілектердің адамгершілік негіздерінен байқауға әбден болады. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен олардың байланысының көрінісі болып табылатын әдет-ғұрып жүйесі халқымыздың тарихының, заман өзгерістерінің, түрлі қоғамдық-саяси процесстердің әсерінен қалыптасты.
Ұлттық құндылықтар шариғат талаптарына қайшы болмағандықтан дін оны жоққа шығармастан, бір-бірін қуаттап тұрады. Әрі қалыптасқан діннің де өркендеуіне қызмет етеді. Мәселен, Пайғамбар (с.а.с.) хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі»,- дейді. Адам баласы жас шағында үлкенге қалай қараса, қартайғанында жастар да оған дәл солай қарайтын болады делінген. Бұл тұрғыда Майлықожа ақын: «Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар. Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар»,- деп тәмсіл өлеңімен көрсеткен. Бұл дегеніміз – дін мен дәстүрдің біте қайнасқанының бір белгісі. Халқымыз өзге ұлт пен ұлыстармен бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Татулықты ту еткен халқымыздың мұндай даналық басқаруы да біздің құндылығымыз қатарында. Ал рухани байлыққа кенелудің жолы – әрбір адамның өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қастерлеп, оны өзгелер арасында көрсете отырып таратудан, құрмет көрсетуден бастау алады.
Ислам дінінің дәстүрімізді дамытудағы маңызы мен рөлі өте зор және ол рухани байлығымызды байыта түсті. Мәселен, дәстүрлі ислам діні әкелген гуманистік идеялар халқымыздың рухани құндылықтарының кемелденуіне орасан зор ықпал етті. Ислам діні келгеннен кейін Орталық Азия халықтарының өміріндегі діни құндылықтар жүйесі жаңарып, жерімізден көптеген ойшылдар мен энциклопедистер шықты. Сондай-ақ, сәулет ескерткіштері мен қалалардың пайда болуына себепші болды.
Ұлттық құндылықты дамытуда ерекше орын алатын бұл діннің идеялары мен нұсқаулары табиғи-тарихи дамуымен, қоғамдық өмірімен, тұрмысымен, өткенімен, болашағымен, мәдениетімен, руханиятымен, салт-дәстүрімен, тілімен тығыз байланысты. Ол халқымыздың дәстүрімен қарым-қатынаста түрлі формада көрініс тауып (біртұтас сенім, мәдени-рухани жақындық, мұралар және т.б), ұлттық құндылықтардың бірегей жүйесін қалыптастырды. Олар ұлтымыздың тарихи даму барысында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени ерекшеліктері мен қырларынан көрініс табады.
Сөзімізді қорытындылай келе, мұндай баға жетпес байлықты ешқандай күшпен, үгіт-насихатпен немесе тыйым салумен өзгерту мүмкін емес. Өйткені, олар ұлтымыздың ажырамас бір бөлігіне айналды. Елімізде қашанда кең көлемде аталып өтетін ұлттық мерекелер мен қатар діни екі айт мерекесі, қарияларға құрмет, кішіге ізеттілік таныту, жетім мен жесірге қамқорлық көрсету сынды іс-әрекеттер соның бір дәлелі іспеттес.
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы маманы: Б.Шаймерден
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласындағы Мақтаарал ауданының мәдениет күндері басталды. Шараның алғашқы күні Этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұмыр көріністері көрсетілді. Ұлттық тағам түрлері таныстырылды. Дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, айтыс және «Ақ алтын» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің концерті өткізілді. Ал дар ойыны көптің қызығушылығын тудырды. Мақтаарал ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Мақта шаруашылық тарихи музей көрмесі жасақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына таратылды.
Өткен аптада басталған фестиваль мақсаты ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады. Өнер байқауы жаз бойы өткізіліп, күз айларына дейін жалғасады. Аталған іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен Қырғызстан елінен келген ЮНЕСКО ұйымының өкілі қатысып, тамашалады.
Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Түркістан облысының әкімдігі «NAURYZFEST» мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысып, сәттілік тіледі. Концерт алаңына жиналған қауымға ұлттық тағамдар ұсынылып, өңірдің туристік әлеуеті қамтылған үнпарақтар таратылды.
Облыстың шығармашылық ұжымдары қазақ халқының таңдаулы ән-күйі мен биін көрермендерге паш етіп, қошеметке бөленді. Атап айтқанда, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы» би ансамблі, «Таңба» этноквартеті және әншілер Бейжің халқы мен Қытай қазақтарына рухани серпіліс сыйлады. «Шашу», «Гәкку», «Түркістан», «Сарыарқа», «Сүгірдің термесі», «Махамбет», «Отан» және тағы басқа үздік туындылар орындалып, театрландырылған қойылым сахналанды.
ҚР Қытайдағы Елшілігі мен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бірлесіп үйлестіруімен өткізілген «NAURYZFEST» іс-шарасына өңірдің өнерпаздары, туризм және мәдениет саласының өкілдері атсалысты.
Айта кетейік, биыл Қазақстан-Қытай арасындағы мәдени-рухани және туризм бағыттары бойынша қарым-қатынас одан әрі нығаяды. 2024 жыл — Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болып бекітілген. 28 наурыз күні Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстанның ресми ашылуы басталған болатын. Халықаралық туристік көрмеге Түркістан облысы белсене қатысып, өз өңірінің туристік өнімдерін жоғары деңгейде танытқаны үшін 2-орынды иемденді.
Кентау қаласында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде ұлттық ойындармен, түрлі қойылымдар және қызықты концерттік бағдарламалармен аталып өтті. Қаладағы Ынтымақ алаңына 10-ға жуық киіз үй тігіліп, әрбір киіз үйдің алдында мерекелік әуендер шырқалып, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар дәріптелді.
Одан бөлек ұлттық тағамдар байқауы өткізіліп, ұмыт болып бара жатқан тағамдардың түр-түрі әзірленді. Мерекеге арналған 1 тонна бауырсақ, 1 тонна наурыз көже әзірленіп, келген қонақтар мен қала тұрғындарына таратылды.