Архив рубрики: Білім

«AMANAT»: БІЛІМ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ПАРТИЯЛЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы өңірдің білім саласындағы өзекті мәселелері бойынша партиялық тыңдау өткізді. Жиынды облыстық партия филиалының төрағасы Үмбеталиев Алтынсары Дүйсенбекұлы ашып, жүргізді.
Партиялық тыңдауға «AMANAT» партиясы Орталық апараты Партиялық бақылау департаментінің инспекторы В.Б.Есілбаева арнайы келіп қатысты.

 

Сонымен қатар, облыстық партиялық бақылау комиссиясы және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағаларымен, мүшелері, облыстық басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері, партияның аудандық, қалалық филиалдарының төрағалары, партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, техникалық байқаушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында облыстың білім саласында атқарылып жатқан жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Алматов және облыстық партия филиалының партиялық бақылау инспекторы А.Еркінбеков пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіпәлиев баяндама жасады.

 

Облысымызда Жол картасы аясында құрылысы жүргізіліп отырған 33 білім нысандарына мемлекет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ықпал ету мақсатында партиялық бақылау бекеттері қойылып, әр нысан құрылысының сапалы жүруіне мониторинг жүргізу бойынша сол ауылдық округтен сайланған депутаттар мен партияның белсенді мүшелері жауапты етіп бекітілген. Нәтижесінде 33 нысанның құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізілді.
Аталған жұмыстардың өз дәрежесінде орындалуын бақылау үшін, облыстық партия филиалы жанынан 9 кеңес құрылып, олардың құрамына облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғам белсенділері және зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар енгізіліп, олардың отырыстары өткізілуде.

 

Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселеге орай, аймақтың білім, құрылыс саласындағы қордаланған проблемаларын ортаға салып, өз ойларымен бөлісті. Нақтырақ айтсақ, халық қалаулылары облыс бойынша білім саласының жұмысы төмен екендігін жеткізді. Жалған әрі жаттанды ақпаратты тыңдауды доғару тиіс деді. Партиялық бақылау аясында депутаттар Төлеби,Сарыағаш,Келес,Қазығұрт сияқты бірнеше аудандардағы білім ошақтарын аралап, бүгінгі жәй-күйімен танысқан болатын. Аралау барысында, Құрылысы жүріп жатқан мектептерді ешкім бақылап, оның сапалы жүргізілуін қадағаламайтындарына көз жеткізген. Одан өзге аймақтардағы мектептерде сапалы интернет мәселесіде өзекті. Мәселен, бір ғана Төлеби ауданында инетернет желісі 30 пайызға жуық қамтылғандығы сөз болды. Осыған ұқсақ бірқатар өзге де мәселелерді облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Салимов басқарма басшыларынан сұрады.

Басқосу соңында, партия төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының «Сапалы білім беру үшін жағдай жасау» бөлімінде 5 жылға жоспарланған индикаторлардың сапалы және толық орындалуын тұрақты қатаң бақылауға алып, 18 күрделі жөндеуден өтіп жатқан және 738 ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан мектептің құрылыс сапасына, бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін ұсынды.

 

 

Жалпы, қорыта келгенде 2023-2027 жылдарға арналған Жол Картасы аясында 20 нысанның ішінде құрылысы биыл яғни 2023 жылға тапсырылатын 12 мектепте тиісті жұмыстар жүргізілгенімен, қалған 8 мектеп құрылысының 2023 жылға тапсырылуы бойынша мәселелер орын алып отыр. Оның ішінде тіптен 1-інің Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта мектеп құрылысын 2024 жылға өтпелі етіп ауыстырып жіберген. 2023 жылы бітуі тиіс бұл нысанның 2024 жылға өтпелі болуы қазірдің өзінде Жол Картасының 1 тармағының орындалмайтындығын көрсетіп отыр.
Одан бөлек, жоғарыда айтып өткендей егер алдын алмаса Жол Картасы бойынша құрылысы 2024 жылға өтпелі 13 мектептің 8-інде бірқатар мәселелер орын алып, Жол Картасы бойынша орындалмау қаупі бар тармақтардың саны артуына әкеліп соғуы мүмкін.
Осыған байланысты, облыстық құрылыс басқармасына баяндамада көрсетілген барлық кемшіліктер мен ескертулерді қатаң назарға алып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ұсыныс берілді.

ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА ТАРТЫСТЫ САЙЫС ӨТТІ

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубында білімгерлер арасында «3 colours» квест ойыны өтті. Спорттық сайыстарға қызығушылықты арттыру, жылдамдықты, зеректікті, дәлдік пен ептілікті дамыту, балаларды ұжымдық жұмысқа, бірге әрекет етуге үйрету, салауатты, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, жазғы демалысты қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылған бұл жарысқа үйірме білімгерлерінен құралған 3 команда қатысты.

 

 

 

Тиісінше, әрқайсысы 10 баладан тұратын қызыл, жасыл және сары топтар бастапқы кезеңде сарайдың әрбір бөлігіне жасырылған фигураларды тапты. Содан соң, логикалық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетсе, үшінші кезеңде қараңғы бөлмелердің біріне жасырылған қара қағазды іздеді.

 

 

 

Сайыс нәтижесі бойынша барлық кезеңнің қорытындысымен ең көп ұпай жинаған “жасылдар” командасы жеңімпаз атанып, арнайы диплом мен кубокқа ие болды. Ал, екінші орынға ие болған “қызылдар” тобы мен үшінші сатыдан көрінген “сарылар” командасы диплом алып, мен арнайы медальдарды тағынды.

 

 

 

Айта кетсек, оқушылардың белсенділігін арттыруға арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырыла бермек.

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ»

Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 60 млрд. теңгеден асыру жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
 
– Тарихы терең, табиғаты тамаша, ел арасында «Кіші Швейцария» атанып кеткен Түлкібас ауданында өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ауданда 447 млрд. теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн. тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлауда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд. теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд. теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 89 млрд. теңгені құраса, биыл 6 айда 36,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артты. Өнеркәсіп өнімі былтыр 16 млрд. теңгеге жетсе, Биыл 6 айда 7,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 20,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Түлкібас ауданының брендіне айналған 3 мың гектар алма баулары бар. Оның ішінде 664 гектар – қарқынды бау. Қарқынды бауды дамыту нәтижесінде былтыр 32 мың тонна өнім жиналса, биыл оның көлемі 33 мың тоннадан асады. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің өнім көлемін 51 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру көзделіп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.
Былтыр ауданда 2 жаңа мектеп салынды. 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше білім ұяларында жөнделіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылысы жүргізілуде. Түлкібас ауданы инфрақұрылымы толық дамыған аудандар қатарында. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл қолға алынды. Аудан тұрғындарының 99,8%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің осыған дейінгі түлкібастықтармен кездесуі кезінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда, Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн. теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Су құбырлары ауыстырылып, тасжолдар төселді. Ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізіліп, ішкі көшелер жөнделуде. Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралды. Спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалуда.
Кездесуде облыс әкіміне Түлкібас ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өз өтініштерін жеткізді. Түлкібастықтар өңір басшысынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алудың жолдарын сұрады. Мектеп, балабақша, спорт алаңын салып беру, ішкі жолдарды жөндеу, жайылым және жарықтандыру мәселелерін көтерді. Жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыш тапшылығы туралы айтты. Сонымен бірге тұрғындар қоқыс полигонынан зардап шегіп жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, аса қажетті деген салалардың ең бірінші кезекте қаржыландырылатынын атап өтті. Аудан әкіміне жекеменшік мектеп, спорт нысандарын салуда жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Барлық жұмыстар кешенді жоспар аясында жүзеге асатынын айтып, айтылған әр ұсыныс-талап бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ облыс әкімі жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Дархан Сатыбалдының халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

ТҮРКІСТАН: ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА «АКВАЧЕЛЛЕНДЖ» САЙЫСЫ ӨТТІ

Жаз – балалар асыға күтетін, түрлі қызыққа толы жыл мезгілі. Сондай-ақ, бұл демалыс маусымын бүлдіршіндер су қызықтарынсыз елестете алмайды. Осы орайда, бүгін «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубында «Аквачеллендж» су эстафета сайысы өтті. Мекеме директорының орынбасары Асылзат Ибраеваның сөзіне сүйенсек, бұл сайыстың балаларға берері мол.

– Бүгін сарайымыздағы үйірмелерге қатысатын балалар өзара сайысып жатыр. Бұл іс-шараның басты мақсаты – оқушыларымыздың, жалпы жасөспірімдердің спорттық ойындарға деген қызығушылығын, жылдамдығы, дәлдігі мен ептілігін арттыру. Балаларды ұжымдық жұмысқа, бірге әрекет етуге үйретіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы жарысқа қатысқан және көрермен болған барша бүлдіршіндер бүгін бір сергіп, серпіліп қалды деп ойлаймыз. Тағы бір айта кетерлігі – «Оқушылар сарайындағы» 60-тан астам үйірме жаз бойы балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қызмет етеді, – деді ол.

Атап өтер болсақ, жарысқа түрлі үйірме оқушыларынан құралған «Достық», «Бірлік», «Пантера», «Алаш», «Beeline» және «Болашақ», жалпы 6 топ қатысты. Ең белсенді 30 оқушы 6 кезең бойынша сайысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, «Пантера», «Алаш» және «Болашақ» топтары үшінші орынды місе тұтса, «Достық» және «Beeline» топтары екінші орынға ие болып, жас таекводошылардан құралған «Бірлік» командасы жеңімпаз атанды.

Тиісінше, жүлдегерлерге арнайы диплом мен медаль берілсе, бас бәйгені қажығалаған командаға кубок тапсырылды. Айта кетсек, мұндай көңілді сайыстар мен түрлі іс-шаралар жаз бойы жалғасатын болады

Сауран ауданында 12 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Сауран ауданының 12 мектеп басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Себебі, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзған, деп хабарлайды ТAQ.KZ ақпараттық агентігі
Айта кетейік, лауазымды тұлғалар мектептің атауы өзгергеннен бастап отыз күн ішінде лицензияны немесе лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуге өтінішті бермеген.
Осыған байланысты, Департамент Сауран ауданының 12 мектеп басшысына 1 млн 863 000 теңге көлемінде айыппұл салған.
Айта кетейік, “Лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынуы қажет” – дейді Департамент басшысы Ғалымжан Алматов
1) өтiнiш;
2) лицензиялық алым төлегенін растайтын құжат – 1 (бір) АЕК;
3) лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпарат қамтылған құжаттардың көшірмелері;
4) ҚР заңдарында көзделген өзге де құжаттар.
Лицензиаттың лицензия алған кезде көрінеу анық емес ақпарат беруі,
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзу, оның iшiнде лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеу;
әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік), сондай-ақ лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соққан;
лицензиялау нормаларын бұзушылықтарды жоймағаны үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетіндігін назарларыңызға салғымыз келеді.

Көші-қон мәселесі талқыланды

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішовтың төрағалығымен облысымыздан солтүстік өңірге қоныс аудару процесін ынталандыру мәселелері жөніндегі делегациямен жиын өтті. Делегация құрамында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ж.Ағабеков, «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Ә.Мыңбай, көші-қонмен айналысатын «TAUEKEL» ұйымының төрағасы Б.Даканов, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Баржанов болды.
  
Кездесу барысында делегация мүшелері өздерінің «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті азаматтармен кездесу бағдарламасымен таныстырып өтті. Солтүстіктен келген осы азаматтар бағдарламаға сәйкес бүгін Түркістан қаласы мен Сауран ауданының солтүстікке көшуге ниетті тұрғындарымен кездесіп, көші-қон саясатын түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтып өтті. Делегация мүшелері келесі осы сияқты кездесулер 23.05.2023 ж. – Жетісай қаласы мен Мақтаарал ауданында, 24.05.2023 ж. – Келес, Сарыағаш аудандарында, 25.05.2023 ж. – Қазығұрт, Төлеби аудандарында, 26.05.2023 ж. – Сайрам, Ордабасы аудандарында өтеді деп өз жоспарларымен бөлісті.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бұл игі бастаманы толық қолдайтындығын жеткізе келе, аталған көші-қон мәселесі бойынша Түркістан облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында меморандум түзу мәселесін пысықтау, сол өңірге мәслихат депутаттарының баруын ұйымдастыру жөнінде жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

ҰБТ-ға еркін киімде қатысуға рұқсат етілді

Ұлттық бірыңғай тестілеуге еркін киімде қатысуға рұқсат етілді. Сондай-ақ, оқушыларға өзімен бірге су және шокалад алып кіруге болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz сайты

Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуі бойынша талапкерлерге бірқатар жеңілдіктер жасалды. Ереже-талапты орталық өзінің әлеуметтік парақшасында жариялаған. Онда тест тапсырушыларға еркін киімде келуге рұқсат етілген.

Құрметті талапкерлер! Сіздерге ҰБТ-ға мектеп формасымен келудің қажеті жоқ екенін айта кетейік. Яғни тестілеуге еркін киімде қатысуға болады. Бірақ этикаға сай, ұқыпты киініп келулеріңізді сұраймыз, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, биыл тестілеу сынағына талапкерлер өзімен бірге су және шоколад алып келуіне болады.

Айта кетейік биыл ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілде аралығында өткізіледі.

«Айғақ» телеарнасының «Turkistan TOURISM» атты тарихи-танымдық бағдарламасы насихатталды.

2 млн 116 мың халқы бар Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1780 тарихи және мәдени ескерткіші орналасқан. Оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 40 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1336 алдын ала тізімдегі нысан бар. Түркістан облысы орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тарихи маңыздылығына орай ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген халықаралық маңызы бар бірегей сәулет туындысы.

«Айғақ» телеарнасының «Turkistan TOURISM» атты тарихи-танымдық бағдарламасы 2 сағат бойы Түркістан облысының  білім ордаларында көрсетілді. Бағдарлама авторы, мемлекеттік «Дарын» жастар республикалық сыйлығының лауреаты, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің гуманитарлық ғылымдар бойынша Академиялық комиссияның мүшесі, «Айғақ» Телерадиокомпаниясының редактор-журналисі Салтанат Тойболова.

Шара барысында мектеп оқушыларына  туған жеріміздің туризм саласындағы жетістіктері кеңінен таныстырылып, ақпараттар берілді.

Түркістан облысының барлық аймақтары тарихи және мәдени нысандарға, табиғи демалыс орындарына бай. Айталық Түркістан мен Кентау қалалары және Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол болса, ал, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі өркендеген. Оған қоса Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Бағдарламаның түсірілімінде аталмыш нысандардың барлығы кеңінен қамтылып, маңыздылығы түсіндірілген.

Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» жобасын айтуға болады. «Қасқасу» тау-шаңғы базасы Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында салынып жатыр. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне енгізілген. Бұл жоба Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаның сыртқы инженерлік-инфрақұрылым соммасы – 3 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобаны іске асыру кезеңі 2021-2023 жылдарға арналған. Жоба толығымен жүзеге асырылып, тау-шаңғы базасы мен курорт іске қосылған кезде мұнда 5000-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Түркістан облысының туристік инфрақұрылымының қарқынды дамуы – мемлекеттік саясат пен жергілікті басқарудың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Жаңа жобалар, артқан туристік ағым және рекордтық инвестициялар өңірдің Қазақстандағы туризм орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан Түркістан облысындағы туризм саласын дамыту бағытында Жол картасы әзірленіп жатыр.  Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒАТЫН КҮНІ ӨЗГЕРДІ

2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы Оқу-ағарту министрінің бұйрығы қабылданды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook парақшасында жазды.
Бұйрыққа сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады. 9 (10) – сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында өткізіледі. Ал, 11 (12) – сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары – 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өткізіледі.
Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілген:
9 (10)-сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2023 жылғы 2 маусым;
2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2023 жылғы 6 маусым;
3) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2023 жылғы 9 маусым;
4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 13 маусым;
11 (12) – сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 5 маусым;
2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 8 маусым;
3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым;
4) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;
5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы
19 маусым.
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау бойынша тиісті шараларды ұйымдастырады.