Таукент кентінде тұрғындардың талап-тілектері негізінде тиісті жұмыстар атқарылуда

Созақ аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданның дамуындағы жетістіктер мен алдағы жоспарларды баяндады. Сондай-ақ Таукент кентінде биылғы жылы тұрғындардың талап-тілектері негізінде тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Биыл кенттегі «Шолаққорған-су» КММ мекемесінің орталықтандырылған жылу қазандықтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауыстырылды. Қазіргі уақытта Таукент кентіндегі жылу қазандығында 2275 тонна мазут қоры бар. Тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасуда деді аудан әкімі.

Еске сала кетсек, биылғы жылдан бастап, Таукент кентіндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауыстырылған болатын. Осыған дейін жылу трассасы мен жүйенің техникалық тексерісі жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кент ішіндегі ішкі орамдық жылу құбырының 1110 метрлік бөлігінің қайта жаңғыртылуы, қазандықтың жарамсыз қосалқы бөлшектерінің алмастырылуы, сондай-ақ задвижкалар мен сорғылардың жаңартылуы сығымдау жұмыстары арқылы тексерістен өткізілді. Қазіргі таңда кент тұрғындарына жылу температуралық кестемен тұрақты түрде берілуде.

Айта кетейік, ағымдағы жылдан бастап Таукент және Қыземшек кенттеріндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысып, өзекті болып тұрған мәселелер өз шешімін тапты. Бүгінге дейін Қыземшек кенті ішінде ішкі орамдық жылу құбырының 910 метр жылу трассасы мен жарамсыз қосалқы бөлшектері және 120 дана «задвижкалар» алмастырылып, сығымдау жұмыстарын жүргізу арқылы тексерістен өткізілді. Сондай-ақ жылу қазандығы ішіндегі сорғылар мен сұйық отынды айдайтын жүйесі толықтай жаңартылды. Ғимарат ішіндегі қабырғаларды әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар, тозығы жеткен есік, терезелер ауысып,  еденінің 1000 шаршы метріне бетон жаймасы төселген.

Сонымен қатар Таукент кенті тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау камералары орнатылды. Жыныс ата, Көкжиек, Тойшыұлы, Кіші коттедж, Мыңжылқы, Келіншектау, Байтерек және Кеңесбаев көшелері орташа жөндеуден өтуде. Бұған қоса, Тоқмағанбетов, Ш. Бекжанов, С. Тайшыұлы, І. Кеңесбаев және Жыныс ата көшелеріне көше жарықшамдарымен қамтылды. Демеушілердің қолдауымен Жыныс ата елді мекенінде балаларға арналған ойын алаңы салынып, жастарға қолайлы жағдай жасалуда.

Кездесу барысында тұрғындар ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, алдағы жоспарларды талқылады. Созақ ауданына тартылып жатқан инвестициялар туралы да айта өтсек. 2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды. Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінде іске асырылуда. 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 76 жоба мақұлданды. Бағдарламаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, сұрақтарын жолдады. Жиын соңында аудан басшысы бірқатар тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштерін мұқият тыңдады. Көтерілген мәселелердің шешу жолдары талқыланып, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*