Үздік түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді

«Облыс ауданы немесе облыстық маңызы бар қала әкімі және мәслихат аппараттарының төменгі лауазымы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа); жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданының және облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшы емес лауазымы; аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшы емес лауазымы; орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің және оның ведомствосының облыстың ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) басшылық етпейтін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады, «- деп атап өтті агенттік басшысының орынбасары.

Қызметкерлеріне үй салып берген кәсіпкерге субсидия беріледі

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап Таq.kz тілшісі

» Заңда кондоминиум объектісін басқарудың жеке нысанын – тікелей бірлесіп басқару нысанын құру көзделеді. Бұл нысан пәтерлер саны он алтыдан аспайтын тұрғын үйге қатысты қолданылады. Жай серіктестік құру үшін де пәтерлер санын шектеу ұсынылады. Ол отыз пәтерден аспайтын тұрғын үйлерде құрылуы мүмкін. Қалған көппәтерлі тұрғын үйлер үшін мүліктің меншік иелері бірлестігі нысаны қолданылуы тиіс. Заңда ауылда, кентте өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылда жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігін ендіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді,» — деп атап өтті Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ МУЗЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

1963 жылы кірпіші қаланған Тұрар Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану музейі қайта жаңғырды. Соңғы рет 2004 жылы Тұрар Рысқұловтың 110 жылдық мерейтойына байланысты күрделі жөндеуден өткен болатын. Жиырма жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген ғимарат бүгінде толығымен рестоврациядан өтіп, іші жаңа жәдігерлермен толықты. Экспонаттар саны — 6692 бірлікке жетіп отыр.
    
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын аталған музейдің жаңа экспозияциясының ашылу салтанатты өтті. Жиынға Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі әрі ғалым Алаярбек Айдосов, аудан әкімі Нұрлан Байғұт, зиялы қауым өкілдері мен облыстық музей қызметкерлері қатысты. Жиылған қауым аудан жұртшылығын музейдің жаңа экспозициясының ашылуымен құттықтады.
— Былтыр музейге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы бөлінді. Осы экспозицияны жасауға бел буып, кіріскен едік. Нәтижесі бүгін көз алдарыңызда. Еңбек адамын бағалайтын қазіргі заманда музей қызметкерлері де ескеріліп, құрметтелуі керек. Мұражай тек мәдени нысан ғана емес, Италия еліндегі секілді білім алушылардың ошағы ретінде де қызмет атқаратын болса одан сайын жандана түспек, — деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен ұласып, қайта жаңғырған мұражайға экскурсия ұйымдастырылды. Музейде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әр салада атқарған қызметтері, еңбектері жайлы деректермен қамтитын шығармалар бар.
Тарихи-өлкетану музейі М.В.Симченко, Д.Сәлібеков, П.Н.Левченко, Н.Сарыбеков сынды азаматтардың бастамасымен ашылған. Мұражай 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болды. Ал, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұрайжайының бөлімшесі ретінде саналады.
Атап өтерлік, қазіргі таңда облыстағы 24 музейде жыл сайын орта есеппен 5 мыңнан аса жаңа жәдігерлер жинақталып, жалпы қоры 165 мың данадан асты. Соңғы жылдары Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, «Шәмші» музей үйі мен Сайрам ауданында «Ардақты Ана» музейі ашылды. Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген болатын.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.
Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды.
Тараптар талап-тілегін ортаға салды. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады.
  
— Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы — заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды, — деді ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
— Біздің өңірімізде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы индустриалды аймақта мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. Өңірлік бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Өйткені жеңіл өнеркәсіпті арттыру жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Мақта кластерін дамыту бойынша да жұмыс атқарылады, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Елде мақта талшығын терең өңдейтін тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан облыста өндірілген мақта талшығының небәрі 15 % ғана қайта өңделеді.
Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін алдағы 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.
Қазіргі таңда, жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаларды мемлекеттік жылдық
4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР АШМ ұсыныс енгізілді.
Арнайы делегация Мақтаарал индустриалды аймағында орналасқан «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты өткен жылы іске қосылған. Жоба құны — 2,5 млрд теңге. Жылына 65 мың тонна мақтаны қайта өңдеуге қауқарлы. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысында 126,3 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 360 мың тоннадан астам шитті мақта жиналды.
ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияға Түркістан облысында жүзеге асатын бірнеше ірі жобалар таныстырылды.
Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс — көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады. Мақтааралдағы индустриялды аймақта сондай-ақ,
тәулігіне 32 мың шұлық, 500 костюм тігілетін өндіріс орны ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ШАРУАЛАР ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРУДЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ

Келестік шаруалар құлпынай егіп, мол пайдаға кенелуде. Бірлесу ауылдық округіндегі «Бекзат» шаруа қожалығы 1,8 гектар аумақтағы ашық алқапқа былтыр құлпынай көшетін еккен. Биыл сәуір айында өнім алуды жоспарлаған шаруалар былтыр өнім алудан Оңтүстік Корея мемлекетінің рекордын жаңартқан.
 
— Екі жылдан бері құлпынай егумен айналасып келеміз. Жеріміздің құнарлылығы мен ағын суымыздың сапалылығы осы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Құлпынай егуді Сарыағаш ауданындағы азаматтардың қолдауымен бастадық. Ондағы агромамандар 10 жылдан астам уақыттан бері осы құлпынай өсірудің қыр-сырын жетік меңгеріп келеді. Олардың айтуынша, былтыр еккен құлпынайымыздан алынған өнім Оңтүстік Корея мемлекетінің өнімділігінен асып жығылған, — дейді «Бекзат» шаруа қожалығының төрағасы Марат Оралов.
Былтыр қожалық 1 гектардан 25 тонна өнім алған. Құлпынайдың әр келісін 1 700 теңгеден саудалап, 15 млн. теңге таза табыс тапқан.
Қазіргі таңда еліміздің ірі қалалалары және өзіміздің облыс аумағындағы аудандардан өнімге сұраныс түсіп жатыр.

ТҮЛКІБАСТА АСЫҚ АТУ ЖӘНЕ БЕС АСЫҚТАН ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ

Түлкібас ауданында асық ату және бес асықтан жастар мен жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты басталды. Сайысқа 9 ауданнан 100-ден аса спортшы қатысты.
Түркістан облысының асық ату федерациясының президенті және облыстың аға бапкері Оралхан Айдарханұлының айтуынша, спорттық жарыс сәуір айында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктеп, облыс құрамасын жасақтау мақсатында ұйымдастырылды.
 
«Қазір өңірімізде асық ату спортын жандандыру мақсатында бірқатар игілікті істер атқарылып жатыр. Десек те, атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл спорт жастар арасында ұмыт бола бастағаны рас. Бұрынғыдай ауылда балалар асық ойнамайды. Осы ретте, спорт мамандары көне спортымызды қайта өркендету үшін жаңаша бағытта жұмыс атқарып келеді», деді спорттық сайыстың бас хатшысы Фариза Мамихова.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы тағайындалған медальдар және грамоталармен марапатталады.